• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Қаңтар, 2022

Тарихи жолдаманың тарихы

2878 рет
көрсетілді

Бірер күннен соң Қытай астанасы Бейжіңде 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойындарының алауы жағылады. Биылғы ақ қар, көк мұз үстіндегі бәсекеде Қазақстан құрамасы сапынан 34 спортшы спорттың 8 түрінен бақ сынайды. Әсіресе шаңғы қоссайысында өнер көрсететін спортшымыздың жолына ерекше үңілеміз. Өйткені Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бергі Қысқы Олимпиада тарихында биыл тұңғыш рет дәл осы спорт түрінен бақ сынауға мүмкіндік алды. Тарихи жолдаманың иегері – 26 жастағы алматылық Шыңғыс Ракпаров. Жерлесіміз үш мәрте әлем біріншілігінде бақ сынаған.

«Халықаралық жарыстарда жиған ұпайымыз бойынша Олимпиадаға жолдама берілді. Шыңғыс үшін бұл Олим­пиа­да үлкен тәжірибе болары анық. Екінші жолдама алатын мүмкіндігіміз де болған. Алайда ұпай санының аздығы­на байланысты ол жолдамадан қағыл­дық», деді команданың бас бапкері Ділшат Мираев.

Шыңғыс Ракпаров Алматы қаласында дүниеге келген. Боз­бала шағында елішілік жарыстарда тәуір нәтижеге ие бол­ған ол 2013 жылдан бастап ха­­лық­аралық ареналарда бой көр­­сете бастады. Ол сол жылы Поль­шаның Щирк қала­сында ұйым­дастырылған FIS ку­бо­гында бақ сынап, мәре сы­зы­ғын небәрі 91-ші болып кескен еді. Бұл оның шетелдегі алғаш­қы ең ірі жарысы болатын. Кейін­нен ол түрлі байрақты бәсе­ке­лер­де ел намысын қорғады. 2017 жылы Алматы мен Аста­нада ұйымдастырылған қыс­­қы Азиадада Қазақстан құра­ма­сы­ның ең үздік нәтижесін көрсетті.

«Олимпия ойындарына дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Карантин кезінде жат­тығу жасауға әбден үйрен­дім. Ал іріктеу кезеңдеріне тоқ­талар болсам, жарыстар өте қиын болды. Пандемияға байланысты көптеген жарыс­тан қалып қойдық. Әрине, бұл өз кезегінде спорттық ба­бы­­мыз­ды сақтап тұруға кері әсе­рін тигізді. Дегенмен алға қой­ған мақ­сатымызды орын­да­­дық. Олим­пиадада шаңғы қос­са­йы­сынан ел намысын алғаш болып қорғаймын. Бұл – мен үшін үлкен абырой», дейді Ш.Ракпаров.

Аталған спорт түрінің тарихына үңілетін болсақ, елімізде шаң­ғымен трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы спорты­ның дамуы Қадыр Нү­кин, Александр Степанов, Сергей Гиржен және Павел Чулок секілді спортшылардың есім­дерімен тығыз байланысты. Олар Алматы маңайында К-20, K-25 санаттағы трамплин салып, жергілікті тұрғындардың осы спорт түрімен жаттығуына зор мүмкіндік жасады. Екін­ші дүниежүзілік соғыс аяқтал­ған­нан кейін А.Степанов шекара училищесінің курсанттарымен бірге Алматының ірге­сін­дегі «Таулы қырат»  мекені аумағында 50 метрлік трамплин салды.

Ал 1956 жылдың жазында де­не шынықтыру институтының оқы­ту­шысы Эдуард Чупровтың бас­тамасымен 55 метрлік трамплин бой көтерді. Арада бір жыл өткенде бұл жерде шаңғымен трамп­линнен секіру және шаң­ғы қоссайысы бойынша бірін­ші республикалық жарыс ұйым­дастырылды.

1959 жылы Қазақстанда осы спорт түрінен тағы ауқым­­ды жа­рыстың жалауы желбіре­ді. Яғни КСРО құрамын­дағы 9 рес­­­пуб­­ликаның ең үздік спортшы­лары бас қосып, өзара кім мықтыны анықтады. Арада үш жыл өткеннен кейін, яғни 1962 жылы шаңғымен трамплиннен секіру және шаңғы қос­са­йы­сынан Қазақстан құра­ма­сының спортшылары Баку­риа­ниде (Грузия) өткен КСРО Спар­такиадасында жал­пы­ко­мандалық есепте бесінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ дәл сол жылы Қазақ КСР-нің 14 дүркін чемпионы Александр Чивжель қазақстандық спортшылар арасында ең бірінші болып «Спорт шебері» деген атаққа ие болды.

1964 жылы елімізде жасан­ды жабыны бар трамплин пай­далануға беріліп, спортшы­ларымызға жыл бойы жаттығу жасауға мүмкіндік пайда болды. Бұл өз кезегінде қазақ­стандық спортшылардың КСРО бірін­шіліктеріндегі жаңа табыстарға қол жеткізуіне септігін тигізді.

1966 жылы Қазақстанда шаң­ғы­мен трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы бо­йынша мамандандырылған алғашқы мектеп ашылды. Оны 1970-1990 жылдар аралығында Қазақ КСР-нің бірнеше дүр­кін чемпионы Қадыр Нүкин бас­қарды. Аталған мектеп сол жыл­­­дары көптеген жоғары дә­ре­­­желі спорт шеберін тәр­бие­леп шығарды.

Міне, аталған спорт түрі­нің Қазақстанда кең етек жаюы­ның қысқаша тарихы осындай. Алдағы уақытта бұл спорт түрі бұдан да жақсырақ танылып, алдағы Олимпия ойындарында жолдама саны бірнеше есеге артады деп үміттенеміз.

Айта кетейік, Бейжің Олим­пиадасында шаңғы қоссайы­сынан үш жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Бір қызығы, шаңғы қоссайысы – биылғы Олимпиадада тек қана ерлер бақ сынайтын жалғыз спорт түрі.