Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған тағылым берер шаралар Астанада апта бойы жүрді. “АЛЖИР” музей-мемориалдық кешенінің базасында “Тарих пен тағдырлар ортақтығы Еуразия кеңістігі халықтарын ұйыстыру факторы” атты халықаралық “дөңгелек үстел” отырысы өткізілді.
Талай арулардың көз жасымен суарылған, олардың басынан кешкен қасіретінің куәсі “АЛЖИР” маңайы үнсіз жатыр. Еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қоюға келе жатып, қаншама жылдар өтсе де маңайыңа сескене көз тастайсың. Құрбандарды еске алған митингте, үнсіздік минуты кезінде жазықсыз жапа шеккен аналарымыз бен апаларымыздың рухы сезіп жатыр ма екен деп толғанасың. Ақмола жерінде, Қарлагтың 26-шы нүктесінде 62 ұлт өкілдерінің 146-сы грузин, 44-і әзірбайжан, 393-і еврей, 173-і поляк ұлтының әйелдері, не керек, 20 мыңға жуық әйелдің көзінің жасы тамған топырақ зілмауыр қайғы салмағын қалай көтерген десеңізші!?
“Дөңгелек үстел” барысында ТМД-ға қатысушы елдердің мемлекетаралық гуманитарлық әріптестік қорының қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясы және “АЛЖИР” музейі дайындаған “Тағдырларды біріктірген Қазақстан” атты кітаптың тұсаукесері өткізілді. Шараға қатысушылар мен қонақтар музей-мемориалдық кешенді аралады. Жалпы, “АЛЖИР” мұражайы “Қасірет қақпасы монументінен”, “Күрес және үміт”, “Түңілу мен әлсіздік” деп аталатын мүсін композициялардан, сонымен бірге, “Еске алу қабырғасынан” және сталиндік вагоннан тұрады. Мұндағы жинақталған шежіре шындығы жаныңызды тітіркендіреді. “Тергеуші бөлмесі”, “Тұтқындар барағы”, “Тігіншілер жатағы” жадау, жабырқау тұтқындар тірлігінен мол хабар береді. Ал 30 мамырда “дөңгелек үстелге” қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Қарағанды облысы Спасск ауылындағы мемориалдық кешенге барып, онда жазықсыздан жазықсыз жастық ғұмырларын темір тордың ар жағында өткізіп, жазалау мен куғынның құрбандары болған аға буын рухына тағзым етті.
Жиналғандар назарына ұсынылған қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстанға жер аударылған азаматтардың ұрпақтары айтқан естеліктер мен отандық және шетелдік ғалымдар мен зерттеушілердің пайымдаулары жиналған жұртқа ой тастады. Соңынан қатысушылар мен қонақтарға арналып, мемориалдық кешенмен танысқаннан кейін “АЛЖИРДІҢ” ызғарлы суығы” атты фильмнің көрсетілімі ұйымдастырылды. Ауыр ой құшағында отырып фильмді көрген көпшілік осыдан кейін Ақмол ауылындағы Мәдениет сарайында “Ниет байланыстырған тағдырлар” тақырыбында қуғын-сүргін құрбандарымен кездесуге барды.
Көпшілігі лагерьдің ауыр азабынан, аурудан сол жылдары-ақ бақиға аттанса, “Жылымық” соққанда олардың біразы бостандыққа шықты. Бірақ, бәрібір “халық жауы” деген жаманат жамылған жандардың назарлары пәс болатын. Соңдарындағы аңду мен үнемі көрсетілетін сенімсіздік олардың өздеріне ғана емес, ұрпақтарына да тиесілі еді. Кездесуде 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған Төреқұл Айтматовтың қызы Розетта Төреқұлқызы Айтматова (Қырғызстан), қуғын-сүргін құрбаны Унден Хванның қызы Раиса Ундеевна Хван, “АЛЖИР” тұтқыны Френкель Лидия Михайловнаның немересі, “РИСК” кинокомпаниясының креативтік продюсері Дарья Виолина (Ресей) сөз сөйледі. Сондай-ақ шараға қатысушыларға “Оқиға қалай болды” тақырыбындағы театрландырылған қойылым көрсетіліп, жанарлар жасқа шыланды.
Форум барысында журналдар мен кітаптардың тұсаукесерлері өткізіліп, көпшілікке түрлі ұлттардың Қазақстанға жер аударылу тарихы туралы деректі фильмдер көрсетіліп, ғылыми қауымдастық өкілдері және қуғын-сүргін құрбандарымен тағылымы мен сабағы мол кездесулер өтіп, сонымен қатар, Достастық елдері тарихшылары мен зерттеушілерінің ғылыми еңбектерінің және қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің көрмелері ұйымдастырылып, ауқымды мәдени бағдарлама жоспарланғаны, осы шараға мұрындық болып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Білім және ғылым министрлігінің, оның құрамындағы Мемлекет тарихы институтының біраз еңбектенгенін көрсетті. Қай шараның да көтерер жүгі, беретін ғибраты мол.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.