Өткен сенбіде “Астана” алаңында Алматы қаласы мен облысы тауар өндірушілерінің кең ауқымды ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Үлкен ассортименттегі ет пен көкөніс өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен сатылып, тұтынушылар көңілінен шыққан жәрмеңкені Алматы қаласы мен облысының басшылары А.Есімов пен С.Үмбетов және Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев аралап көрді. Ал арнайы өткен кеңесте шаһар басшысы “ҚазАгро” ұлттық холдингін өткір сынға алды.
Оңтүстік астанада сауда көрігін қыздырған жәрмеңкеге ұйымдастырушылардың тиянақты дайындалғаны бірден-ақ көзге ұрып тұрды. Әр ауданның аты жазылып, бірыңғай тігілген шатырлар, түрлі-түсті шарлармен көмкерілген сөрелердің сатушыларға да, сатып алушыларға ыңғайлылығы өз алдына, өнімдердің бағасына да жұртшылық дән риза. Мәселен, еттің килосы – 600-700, қазы-қарта – 1100, картоп – 70, балық – 400, тауық 360 теңге аралығында. Қаладан шалғайлығына қарамастан Райымбек ауданының бір ғана ауылы 150 мың теңгенің тауарын әкелген еңбегін де ескеруіміз керек сияқты.
Журналистік қызығушылықпен екі қолындағы сөмкесі лық толған ағайды сөзге тарттық. Өзін Алматы темір жол академиясының доценті Қазбек Тұрғазинов деп таныстырған ол қаланың орталығында тұратындықтан мұндай жәрмеңкелерді жібермейтінін, әрі мұнда келген сайын, тек арзан бағаға сауда жасап қана емес, концерт тыңдап демалып қайтатынын айта келе, мал да, көкөніс те өздігінен өспейді, ауыл адамдарының еңбегін де адал бағалау керектігін ескерте кетті.
Біз де тұтынушы ретінде өз қажетімізді сатып ала жүріп, қазақтың ұмытылып кеткен әуес тамағы үйітілген қой етінің сатылып жатқанын көріп, сол араға тоқтадық. Сөйтсек, мұндай етті Жамбыл ауданының жігіттері әкелген екен.
– Бүгінгі жәрмеңкеге 6 млн. теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынып отырмыз, – деді бізге Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев. – Мәселен, аудандағы жылыжайларда өсетін көкөністің барлық түрі, жылқы, сиыр, түйе, тіпті үйітілген қой еті, сүт, ірімшік, құрт, әйтеуір ауылда қандай өнім өндіріледі, солардың бәрі бар. Әкелінген барлық тауарлар арнаулы тексеруден өтіп, сертификатталған. Мұнда да ешқандай мекемелердің кедергісінсіз сатамыз. Орын мәселесі шешіліп, барлық жағдай жасалған. Бәрі тегін. Егер өндірушілер осы заттарын базарға апарып сататын болса, таңғы бестен тұрып, орын алып, оған ақша төлеп әуреге түсер еді. Біздер Әуезов ауданына бекітілгендіктен, сенбі, жексенбі күндері барлық өнімімізді алып, сол ауданға да апарамыз. Меніңше, мұндай жәрмеңкелер қалаға да, шаруа қожалықтарына да өте тиімді.
Іле аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Асқар Юсупов та жәрмеңкеге жалпы сомасы 5 млн. аса теңгенің өнімін әкелгенін, әсіресе, аудандағы “РайымбекАгросүт” “Меркури”, шұбат өндіретін “Бекет-Дәулет”, “Первомайский деликатес”, “Сарыбұлақ” фирмаларының өнімдері үлкен сұранысқа ие болғанын жеткізді.
Жәрмеңкеде жедел сұхбат берген қала басшысы алматылықтарға жылына 2,5 млрд. доллардың тағамы қажет болса, соның 1,5 миллиардын Алматы облысынан алатынын, бұл өте үлкен көлем екенін, бірақ, әлі де оны көбейтуге, ұлғайтуға мүмкіндік барлығын жеткізсе, Алматы облысының басшысы ұйымдастырылып отырған шараға облыстың тауар өндірушілері 45 азық-түлік өнімдері бойынша 105 млн. теңгенің тауарын әкеліп отырғанын, бұл үрдіс ағымдағы жылы да жалғасын табатын жеткізді.
Бұл мәселе одан әрі Алматы әкімдігінде Алматы қаласы мен облыс аудандарының әкімдері, Ауыл шаруашылығы министрлігі департаменттерінің басшылары, ірі кәсіпорын жетекшілері бас қосқан кеңейтілген кеңесте жалғасты. Онда Ауыл шаруашылығы министрі, Алматы қаласы мен облыс басшыларының қатысуымен “2010-2014 жылдары Алматы қаласы төңірегіндегі азық-түлік белдеуі бағдарламасының дамуы” жобасы талқыланып, кеңінен сөз болды.
Жиынды ашқан Ахметжан Смағұлұлы жалпы Алматы облысының қаладағы өткізіп келе жатқан жәрмеңкелері азық-түлік бағасын көтермей ұстап тұрудың үлкен тетігі екендігін көрсетіп отырғанын, биылғы жылдың өзінде тауар айналымы жарты млрд. теңгеге жуық қаржыны құраған 28 жәрмеңке өткізілгенін, бұл сөз жоқ, қала тұрғындарына қыс пен көктемгі мезгілде үлкен демеу болғанын атап өтсе, облыс әкімі Серік Әбікенұлы бүгінде Елбасының тапсырмасымен және қолдауымен Алматы қаласының айналасында толымды азық-түлік белдеуін құру мәселесі жүзеге асырылып жатқанына, бұл оңтүстік астананың рыногына жұмыс істейтіне және оның негізгі азық-түлік тауарларына деген қажеттілігін толық қамтамасыз ететініне, осы заманға лайық өндірістік инфрақұрылымдардың қалыптасуына ықпал жасайтынына тоқтала келіп, облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2008 жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға артып, 219,8 млрд. теңгені құрағанынан хабардар етті.
– Біз былтыр қазақтың ежелгі ұлттық сусыны шұбат пен қымызға субсидия беру туралы мәселе көтергенбіз. Биыл шұбатқа 45 млн., қымызға 12 млн. теңге бөлініп отыр, ол үшін министрлікке рахмет. Алдағы уақытта Алматы облысының өндірушілері қалада да қымызхана ашулары керек деп ойлаймын. Оған біздің қаланы да, даланы да қамтамасыз ететін жағдайымыз бар, – дей келе, облыс басшысы өз ойын жәрмеңкенің негізі – нарықтағы бағадан 15-20 пайыз төмен болуы керек, егер жоғары болса, одан келіп-кетер пайда жоқ, өйткені, базарлардан көтерме бағамен сатып алып, өз бағасын қойып отыратын делдалдардан сақтану үшін бақылауды дұрыс ұйымдастыру қажет деп қорытты.
Өз кезегінде сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты құрал елдің ірі қалаларының, атап айтқанда, Алматының және Астананың төңірегінде орнықты жұмыс істейтін өндірістік белдеуді дамыту екендігіне екпін түсірді.
– Елбасының биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ірі ауқымды міндеттері белгіленді, – дей келе министр, бұл міндеттер Ауыл шаруашылығы министрлігі жасаған 2010-2014 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасының негізіне алынғанын, оны жүзеге асыруда, біріншіден, ішкі, сондай-ақ, сыртқы рыноктар қажетсінетін өнімдер өндірісін, екіншіден, заманауи технологияларды өндіріске енгізу үрдісін ынталандыру үшін қолдаудың ықтимал шараларын барынша пайдалану, үшіншіден, жүзеге асырылатын шараларды айқын нақтылай түсу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басымдық сегіз шеберлік-жоспарын жасау керектігіне тоқталды.
Жиын соңында тараптар қыркүйек айында Талдықорғанда тағы да бас қосатын болып уағдаласты. Онда Алматы қаласының алдағы бесжылдықта өсу деңгейін есептеп, соған лайықталған азық-түлік бағдарламасы талқыланбақ. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қала аудандарында қарашаның алғашқы сенбісіне дейін апта сайын өтіп тұрмақ.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.