• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2010

ҚАҚПАҚЫЛ

711 рет
көрсетілді

Біз төменде тоқтағалы отырған шаруашылық дауына төрт жылдан асып барады. Осы уақыттан бері ол Қарағандыдағы, Астанадағы құзырлы құқық органдарының біразына таныс. Ақмола облысының Қор­ғал­жын ауданындағы “Хамыстханов” ЖШС (Шах Эйр авиа­ком­па­ния­сы) мен “Алнет”, “Мелеард”, “Тұран Мүслім” ЖШС және “Әлиев” ЖК арасында 2005 жылдың қарашасынан созылып келе жатқан тартыстың әлі бітер түрі жоқ. Жапа шегуші ретінде арызданушы “Хамыстханов” ЖШС атап өтілген төртеудің заңсыз әрекеттері әшкереленуін қуынумен келеді. Анықтай айтсақ, бұлардың оның жетекшісі ке­лісімінсіз жоғарыда аталған аудан аумағындағы 9 мың гектар егістік алқапты “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорына кепілзат ретінде сырттай салып жіберуі кикіл­жің­нің басты түйткілі. Сөйтілген қулық арқылы қордан 30 миллион теңге несие алынуға қоса үлкен сомаға лизингке шетелдік ком­бай­ндар мен тракторлар ием­деледі. Айта кету керек, осынау оқиға ортасындағылар бір-біріне таныс жандар. Аралары ашыл­ған­ша іс ортақтастырғандай біреуі Ұлытау ауданының тумасы Батыр Серік деген азамат болса, екіншісі сол өңірде жеке шаруашылық құрып, танымал фермер атанған Богдан Хамыстханов еді. Марқұм болған бұл кісінің жоғын бүгінде құ­рылтайшылары жоқтап, әділ­дік­ке жетуге тартысып бағуда. Ол­ардың дәйектері бойынша, 2004 жылдың 30 сәуіріндегі бірлескен қызмет туралы шарт мәтініне өзгерістер енгізіліп, жоғарыда аталған серіктестіктер өкілдері Хамыстхановтың атынан жалған қол қоюмен бірге басқаруындағы кәсіпорын мөрін қолдан жасаған. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғау туралы 2006 жылдың 6 ақпанында экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық департаментке шағым түсіріледі. Неге екені белгісіз, ол үш жыл бойында жабулы қазан күйінде қалады. Қаралудан қысқартылған материал облыстық прокуратура тарапынан тексерілу барысында Қылмыстық кодекстің 2-бөлімі, 325-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуға жататын­дығы анықталып, соған сәйкес 2009 жылдың 3 шілдесінде қаулы қабылданады. Оған негіз етілген Әділет министрлігі өңірлік соттық сараптама ғылыми-өндірістік зертханасының 2007 жылдың 25 наурызындағы, 16 және 20 тамызындағы 0867, 0-36211 , 36201.2 қорытындылары бойынша Б. Хамыстхановтың атынан “Алнет”, “Мелеард” ЖШС мен “Әлиев” ЖК арасында 2004 жылдың 30 сәуірінде бірлескен қызмет туралы шартқа қойылған қолды басқа біреу жасағандығы, онда бейнеленген дөңгелек мөрдің электрографиялық құралдар арқылы түсірілгендігі айғақталған. Егер прокуратура қадағалап, қарауға қайта жібермесе бұл істің ізі құмға сіңіп кетуі де мүмкін екен. Ал оған дейін қулықты жалғастырған үш серіктестік мұнымен қоймай, 2005-2006 жылы бірінен соң бірі жоғарыда айтылып өткендей, өздері “Даму” қорынан алдаумен алған ақшаның, тех­ни­каның “Ха­мыстханов” ЖШС-інен өндірілуі жөнінде Қарағанды облысының мамандан­ды­рылған ауданаралық эко­­но­ми­калық со­тына талап-арыз түсіреді. Ендігі бір ғажабы, ол аталған соттың аумақтық өкілет­тігіне жатпай­тын­дығына қарамастан өндіріске қабылданып, “Хамыст­ханов” ЖШС-нің мүлдем белгісіз, шын мәнінде жоқ қарыздары өндіріліп алынуы жөнінде әрқайсысы пайдасына шешім шығарылады. Соған қоса арада екі жыл өткен соң олар сол соттың шешімі бо­йынша банкроттыққа ұшы­ра­тылады. Әлбетте, әдетте істің мәні сотқа айқынырақ. Алайда, мә­селенің екінші жағын ескергенде, “Хамыстханов” ЖШС құқын қорғаушылардың жазбаша арыз-өтініштерінің бірде-біреуіне құлақ асылмауы неге деген дүдәмал ой оралады. Алдында баяндалғандай, сот қарауының аумақтық өкі­леттігіне жатпауымен бірге бір жарым жыл бойында қолтаңбалық сараптау жасау талап етілмей, соған сүйенбей шешім шығарыла салуы қалай? Солай болғанда бәлкім іс мәнісі бастапқыда басқаша анықталар ма еді. Өйткені, оны өкілеттігіне сай 2009 жылдың 21 сәуірінде қайта қараған Астана қаласының Алматы аудандық соты “Хамыстханов” ЖШС құрылтай­шысының 2004 жылдың 28 мау­сымындағы “Алнет”, “Мелеард” ЖШС пен “Әлиев” ЖК тарап­тарына қатысты жер телімдерін кепілдіккке беру туралы үш ше­шімін заңсыз деп тапты. Со­нымен қатар, Ақмола облы­сының Қорғ­ал­жын аудандық соты да 2009 жылдың 28 қазанындағы шеші­мі­мен “Хамыстханов” ЖШС-ге сырт­тай жабыстырған аталған серіктестердің кепілдік туралы шарттарын солай таныды. Қитұрқылықты ұйым­дас­ты­ру­шы, сондықтан соған жауап­кер­шілікке тартылу жөніндегі Батыр Серікке қуыным талап қанағат­танды­рыл­ды. Ал Ақмола облы­сының азаматтық істер жөнін­дегі алқасы осы соттың шешімін өзгертусіз қалдырды. Сондай-ақ, “Мелеорд” ЖШС конкурстық басқару­шы­сының төрелікке жүгінген шағымын да қанағат­тандырмады. Сөйтіп, бірнеше жыл қақпақылға салынып, әрі-бері итерілген бұл шытырман тартыстың ақыры осылай аяқталды. Түбін қотарып жаза берсе таусылмастай істің мән-жайын қысқа қайырып түсіндіріп-тү­йін­дегенде осындай. Кім біледі, талапкерлер табандылық таныт­па­ғанда бұрмаланған күйінде, біржақты қалпында қалар ма еді. Біздің негізгі мақ­сатымыз, мақала желісінен аңғары­ла­тын­дай, жауапты салада орын алып отырған келеңсіз жайттерге назар аударту ғана болып отыр. Азаматтардың құқын қорғауда мұндай самарқаулықтың зардабы қашанда ауыр. Оны қандай жағдайда да ұмытпасқа болмай­тындығын жөн екенін айтып жату әсіресе, сот жүйесі өкілдеріне артық, әрине. Үш жыл бойы әуре-сарсаңға салған істің соңынан шырақ алып түскен заңгер Теміржан Дыбысов “ Дауды бас кезінде-ақ басып тастауға болатын-ды. Өкінішке қарай, олай болмады. “ Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры несиені бөлу кезінде жер телімдерінің мемлекеттік тір­кеу­ге алынуын тексеріп, жерді пай­далануға ұзақ мерзімді актілерді талап еткенде шаруашылықты алаяқтықпен шатаққа киліктіріп, қолындағысын тартып алуды көздеушілердің заңсыз әре­кеттері басында-ақ әш­ке­рі­ленер еді. Одан кейін де нақты айғақтарды алға тартып бақ­қа­ны­мызбен елеусіз қалды. Әйт­кен­мен де әділдікке жетерімізге сендік. Ол ақталды. Егер күреспесек ше? Көнсек ше? Ке­зекті бір қулықтың жолы болып кетердей екен. Басымыздан өткендей оған мүмкіндік бар екен”, – дейді. Сонымен, төрт жылға жуық созылған осы бір дау-дамайдың ақыры осындай. Соттардың кейінгі шешімдері мәселенің анық-қанығын тайға таңба бас­қандай еткенмен, әзірге та­лапқа мойынсұну сезіле қоймауда. Ендігі тығырық соған келіп тіреліп тұр. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.