• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2010

ҰШҚАН ҰЯ

1163 рет
көрсетілді

Өнегемен өрілген өмірбаян Адам баласының бір тұтам шолақ өміріндегі ең бір сәулелі, жаныңа соншалықты ыстық, қимас сезімдегі періште кездері – балалық дәурені мен мектеп қабырғасындағы тезірек ержетуге, бойжетуге ұмтылған   шақтары екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Бәріміз де сол бір сағым жылдардағы алып ұшқан балаң көңілдің, тәтті қиялдың жетегінде жүріп, ат жалын тарттық. Ол кездері, тіпті, киген киіміміз де, түр-тұрпатымыз да, тәлім-тәрбиеміз де, армандарымыз да ұқсас еді ғой. Әсіресе, балалық тұңғыш таңырқау, таңдану – алғашқы мектеп, алғашқы қоңырау, алғашқы ұстаз – еш ұмытылмайтын сәттерді айтсаңызшы. Бағамдап қарасаңыз, осы бір алаңсыз бақытты шақ – бүкіл адам затына ортақтығымен де қымбат. Тарихтан ұққанымыздай, ұлы адамдардың, белгілі тұлғалардың, кемеңгер ойшылдардың негізі, зерделік санасы, сана құдіреті осынау балалық кезде қалыптасып, байқалатын көрінеді. Ендеше, егемендіктің қиын кезеңдерінде сабырлы да салиқалы саясатымен, жанкешті еңбегімен туған халқының аяғын үзеңгіге салып, атқа қондырған, бүгінде тұлпар шабыспен қарыштап алға басқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та дәл осындай күйді бастан өткізіп, оқушы болып партада отырған, мұғалімнің алдын көрген кешегі шәкірттің бірі. Осы реттен келгенде Президентіміздің ұстазы кім болған, қандай оқушы болған деген сауал бәрімізді қызықтырса керек. “Егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттері мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз” деген екен ұлы ағартушы К.Д.Ушинский. Ендеше, Елбасына дәріс берген сондай кемел ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, “Парасат” орденінің иегері, соғыс және еңбек ардагері, Алматы облысы, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, бүгінде тоқсанның төрінен асқан абыз ақсақалымыз – Сейітхан ИСАЕВ. – Сейітхан аға, бәріміз де бір-бір ұс­таз­­дың шәкіртіміз. Бірақ, Нұрағаңдай шә­кі­рт әр ұстаздың пешенесіне жазыла бер­мей­тін Алланың сыйы, бағы болар. Қан­шама уақыттың жүзі өтіпті десек те, сонау жылдарғы оқушы Нұрсұлтанды бір сәт көз алдыңызға әкеліп көріңізші... – Нұрсұлтанның балалық шағы, жас­өспірім болып бой түзей бастаған кезі әлі көз алдымда. Сұңғақ бойлы, аққұба, са-бырлы, сөзін ойлап, салмақтап жеткізетін және оны асырып, әсірелеп сөйлемейтін бала жадымда жақсы сақталған. Әсіресе, Нұрсұлтанды басқа мұғалімдерден гөрі жа­қынырақ білуіме, сол кездегі қызмет жағ­дайым себеп болды. Мен қазіргі Қара­сай ауданының орталығы Қаскелеңдегі Абай атындағы мектеп-гимназияда 53 жылдай сабақ берсем, соның 37 жылында мектеп директорының орынбасары бол­дым, ол кезде завуч дейтін, сол қызметті атқардым. Оған қосымша мектептегі партия ұйымының хатшысы болдым. Мектеп директоры Әбдірахман Байжанов нағыз ұлағатты ұстаз, мықты ұйым­дас­ты­ру­шы еді. Тіпті, А.Байтұрсынов, Ы.Ал­тын­сарин сияқты демократшыл, ағартушы дәрежесіндегі ұстаз болды десем, артық емес. Сол кісінің арқасында 50-80-ші жылдар аралығында мемлекеттік жауапты қызмет атқарған бірқатар азаматтармен таныс болдым. Соның бірі Ә.Байжа­нов­тың курстасы, қазіргі Абай атындағы ұлт­тық университеттің ең алғашқы түлегінің бірі, он бес жылдай республика оқу-ағарту министрлігін басқарған, педагогика ғы­лымдарының докторы, профессор Әбді­хамит Сембаев еді. Қазақстанға Мәскеу жіберген басшылар бірінен соң бірі келіп, бірқатар жауапты қызметтегі қазақ азаматтары жұ­мыстан ығыстырылғанда, ол кісі КазГУ-дің (ҚазМУ) проректоры болып, біздің мектепке педпрактикаға студенттерін әке­ліп, сабақтарына қатысып, соны талдап, біздерге ақыл-кеңесін айтып кететін. Осын­дай ұлағатты ұстаздармен қызмет жа­сауым, олардың ақыл-кеңесі, үлгі-өне­гесі менің педагог мамандығын сүюіме, басқа салаға ауыспай, ұзақ жылдар қызмет іс­теуіме әсер етті. Міне, осындай жағ­дайда Алла тағала Нұрсұлтан екеуімізді кездестірді. 1957 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Ша­мал­ғандағы Фурманов атындағы қазақ-орыс мектебінің тоғызыншы класын бітір­генмен, ол кездері қазақ мектебіне деген көзқарас, көңіл бөлу кемшіндеу, соған байланысты болар, бұлар оқитын оныншы класта жеті-ақ бала қалады. Әри­не, бір класта санаулы ғана бала ұс­тау­дың мемлекетке пайдасы шамалы. Содан оқу жылы басталғанда жеті бала Қас­келеңдегі Абай атындағы орта мек­теп­тің жанындағы интернатқа орналас­ты­ры­латын болып шешіледі. Әрине, мектепке жаңадан бала келгенде, ішінде тентегі, дұ­рысы бар ма деп сын көзбен қарау – мұғалімдерге де, оқушыларға да тән нәрсе ғой. Байқаймыз, Шамалғаннан өзімен бірге келген тұрғыластарының ішінде осы аққұба оқушы бойы жағынан да, ойы жа­ғынан да ерекшелеу болып көрінді. “Япыр­мау, мынау бір дұрыс бала ғой” деген пікір менде де болды. Ол баланың киген киімінен, жүріс-тұрысынан бірден аңғарылды. Жоғарыда айттым ғой, пар­торг әрі завуч болғандықтан, мектептің оқу үрдісі, сабақтан, мектептен тыс жұ­мыс­тың барлығы маған жүктелген. Өйт­кені, ол кезде завуч біреу ғана. Сондықтан мектептегі көмекшілерім – оқушылардың пионер, комсомол ұйымдары, оқушылар ко­митеті. Осы үшеуі. Жалғыз өзім үлгер­мейтіндіктен, сабақтан, мектептен тыс өтетін түрлі шаралар, ойын-сауық кеш­тері, болмаса спорттық жарыстар, т.б. жұмыстарды ұйымдастыруға соларды жұ­мыл­дырамын. Мұндағы мақсатымыз, бірін­шіден, сол ұйымдардың жұмысын жақ­сарту арқылы балаларды оқуға ғана емес, қоғамда, мектеп, аудан көлемінде бо­лып жатқан жаңалықтармен қызық­ты­ру, олардың ой-санасын, көзқарасын сая­сатқа, өмірге бейімдеп баулу. Байқаймын, Шамалғаннан келген баланың қоғамдық жұмыстарға ебі бар сияқты. Сосын үлге­рі­мі қалай екен деген ниетпен, сабақ­та­рына қатысып, зейінін, мұғалімнің берген сауалына жауаптарын тыңдап әрі сыни көз­қараспен қарап жүрдім. Бала өзім сабақ беретін шәкірттерімнен де, жаңадан келген кластастарынан да өзгеше. Содан бұл баланың маған нағыз көмекші бола­тындай икемі барлығына көзім жете түсті. Біртіндеп өзіне де, класс жетекшісіне де тапсырма беріп, бақылап жүрдім. Ол уақыттағы тәртіп бойынша қыркүйектің соңында бүкіл аудан бойынша комсомол ұйымдарының жылдық есебі тыңдалады. Сол жағдайды ойластыра келе, бұрынғы комсомол комитеті хатшысының орнына Нұрсұлтанды ұсынуды жөн көрдім. Ди­рек­тор, ұстаздар ұжымы үш канди­да­тураны талқылағанда, таңдау Нұрсұлтанға түсті. Сөйтіп, аз уақытта өзін жан-жақты танытқан Нұрекеңді қазан айының бас кезінде мектеп комсомол ұйымының есеп беру жиналысында бірауыздан сайладық. Бүгінде сол кездегі бала Нұрсұлтанға де­ген сенімім алдамағанын, ал шәкіртімнің соны ақтай білгенін ерекше мақтаныш етемін. – Жаңа сөзіңізде Нұрағаны басқа ба­лаларға қарағанда ерекше оқушы болды де­діңіз. Мектептегі ондай зерек, алғыр шәкірт­ті өзге мұғалімдердің байқамауы, ол туралы сөз етпеуі мүмкін емес. Ойланып көріңізші... – Оның рас, Нұрсұлтанның қоғамдық жұмысқа бейімділігін, өз құралыптас­та­ры­ның арасындағы беделі мен ықпалын, сөзінің өтімділігін жалғыз мен емес, басқа мұ­ғалімдер де байқаған. Үзілісте мұғалім­дер бөлмесіне жиналады емес пе. Ал менің қызмет орным сол бөлмеде бол­ған­дықтан, мұғалімдердің әңгімесіне құлағың қа­лайда түрік отырады. Сондайда мұға­лім­дердің: “Анау Шамалғаннан келген аққұба бала ерекше, өзі сыпайы, оқуға зейіні де басқалардан ерек. Оның үстіне сұрақ қоюы қандай!” дейтін әңгімелеріне қанық едім. Ұстаздар арасында жасы алпысқа таянған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетов ағайдың мінезі қаталдау, онша көп ешкімді жақтыра қоймайтын, кеудесі бар адам еді. Бірде Ғабекеңнің әңгімесін құ­ла­ғым шалып қалды. “Ой, ана Шамал­ған­нан келген Нұрсұлтан деген оқушы мені ұятқа қалдыра жаздады. Сендер де сақ болыңдар. Біз кейде аңғармай аузымызға келген сөзді соғып жібереміз”, деді. Сосын мұғалімдер “айтыңызшының” астына алды. “Класта жаңа сабақ өтіп, “Сұлушаш” романын талдап тұрғанмын. Бір жерінде қыз бен жігіттің көлеңкеде әңгімелесіп тұрғанда ағаштың бұтағына қонған торғайдың саңғытып жіберетіні бар. Соған келгенде “саңғытты” деген сөз аузыма түспей, “нетіп кетті” деппін. Және бір рет емес, үш рет қайталасам керек. Со­дан шығарманы талдап бітіп: “Ал ба­ла­лар, жаңа сабақ бойынша сұрақтарың бар ма?” десем, әлгі бала: “Ағай, менің бір сұрағым бар еді”, деп қолын көтерді. Ойымда ештеңе жоқ: “Айта ғой” дедім. “Ағай, ол қызды торғай неге “нете” бере­ді?”, дегені. “Өзіңіз бүлдіріпсіз ғой” деп мұғалімдер күліп жатыр. “Иә, өзім бүл­дір­дім. Сонан кейін ғой сендерге “абай бо­лыңдар, оқушыларға бала деп қарай бер­мейік” деп айтып отырғаным ғой”, – деді. Нұрсұлтан 1993 жылы Абай мекте­бі­нің 55 жылдық тойына келгенде алды­мен ұстаздарын ойына түсіріп, артынан осы әңгімені айтып, жұртты күлдіргені бар. Ол кезде сабақ берген көзі тірі үш мұ­ғалімі бар едік, Нұрсұлтанның осы жағдайды ұмытпағанына таңғалдық. Онымен бірге химия-биология пәндері мұғалімдерінің: “Анау Шамалғаннан кел­ген бала оқу бағдарламасына қатысты сұ­рақтарды басқа материалдармен байла­ныс­тырып қояды” дегені де есімде қалып­ты. Нұрсұлтанға тарих пәнінен сабақ беріп жүргенімде, өзіме де сан рет сұрақ қойғаны бар. Ол кезде Қазақ КСР тарихы жеке пән болып оқытылмайтын. Бағдар­ла­ма бойынша Қазақстан туралы КСРО тарихында небәрі он үш-ақ сағат берілген. Ал КСРО тарихында Ресейдің мемлекет­тік құрылысы, экономикасы мен мәде­ниетінің дамуы, басқарған патшалары, батырлары түгелімен айтылады. Бірде Нұрсұлтан: “Ағай, сіз ылғи Ресейдің та­рихын түп-тамырымен айтасыз да, Қазақ­станға келгенде ол жайларға тоқталмай кетесіз? Орыстың патшасын, батырларын айтқанда неге қазақтың басшылары, ба­тыр­ларымен байланыстырмайсыз?” деге­ні. Сасып қалдым. Көрдіңіз бе, оқушы осы нәзік жайды аңғарып қойған. Бүкіл кластың көзінше “оқу бағдарламасы осылай, оған рұқсат жоқ” деп айтуға бол­май­ды, өзім бір жағынан партия ұйы­мының хатшысымын, екіншіден, мұғалім ретінде “оқу бағдарламасында ұлттық жағ­дайлар ескерілмеген” деп айтуға ха­қым жоқ. Сосын: “Қазақ КСР-ін өтуге сағат аз бөлінген, кейін көбейген кезде тал­дап оқимыз. Ал егер кейбір түсініктер қажет болса, сабақтан кейін қал, жауап бе­рейін”, дедім. Содан артынан оқу бағ­дарламасының жоғары жақтан осылай бекітіліп берілгенін айттым да: “Ал мұның бәрін қайдан оқып, біліп жүрсің?” деп сұрағанымда: “Ағай, пәлен жазушының кітабында пәлен деген хан, би, пәленбай деген батырды оқығанмын” дей келе, сол замандағы мемлекетті басқару тәртібі, халықтың бірлігі сияқты әңгімені айтып бала сай­рап тұр. Со­сын ауылдағы үлкен кі­сілер­ден, әке­сі­нен ес­тігенін де жеткізді. Онысы рас. Мен де оны өз әкемнен, атам­нан бі­ле­мін. Бала кезі­міз­де күн ыстығы қай­тып, түс ауа үлкен үй­дің кө­лең­ке жа­ғына ауыл адам­дары жи­на­лып, қариялар әңгіме-дүкен құратын. Сонда ел билеген билер, ру­дың ақылды адамдары, батыр, күрескерлер жай­­ын­да біз де қи­сайып жа­тып тың­дай­тынбыз. Ме­нің тарих­шы болуыма осы жағ­дай­лар әсер етті ме деп ойлаймын. Сізге бір қызық ай­тайын, Нұрсұлтан 10-шы класта оқып жүр­ген­де КазГУ-дің фи­ло­ло­гия факультетінің бір топ сту­дент­тері – Мырзатай Жолдас­бе­ков, Әбіш Ке­кіл­баев, Қадыр Мыр­залиев, Дүкенбай Дос­жа­нов, Мұхтар Мағауин, ЖенПИ-дің ректоры бол­ған, марқұм С.Исаев біз­дің мектепке педпрак­ти­кадан өтуге келді. Қадыр сол жылы мек­теп бітіре­тін оқу­шы­мызды жақсы көріп, кейін Салтанат де­ген сол қызымызға үй­лен­ді. Ал Мырзатай бірге оқи­тын Мәрия келін­мен үйленген екен, бір­ге кел­ді, өзі маған кө­мекші бол­ды. Мә­рия оныншы класқа сабақ беруге бар­са, Нұрсұлтан сұрақтың астына алатын көрінеді. “Оныншы кластағы Нұрсұлтан деген бала сұрақты көп қояды, баруға жүрексінемін”, деп жұбайына айтатын көрінеді. Сөйтіп, Мырзекең келіншегінің орнына өзі барып, сабақ беріп жүрді. – Шәкіртіңіздің тағы да қандай қасиеттерін бөле-жара айтқан болар едіңіз... – 53 жылда алдымнан талай шәкірт өтті. Көпшілігінде жақсы оқитын, көш­бас­шылық қабілеті бар оқушылар жастық­тың әсері ме, өзін білгіш санап, кеуде көтеріп, яки, білгенін мақтан еткісі келіп тұрады. Ал Нұрсұлтанда ондай мінез жоқ еді. Интернатта жетпістей бала жатып оқи­ды. Бір бөлмеде 7-8, кейбірінде он­шақ­ты баладан тұратындықтан, ол жерде отырып үй тапсырмасын орындауға еш мүмкіндік жоқ. Сондықтан интернат бала­лары дайындалуға кешкілік мектепке келетін. Нұрсұлтан комсомол ұйымының жетекшісі ретінде соны ұйымдастырып, ба­қылайтын. Ол кездері қазіргідей мұға­лім­дер оқушының соңынан салпақтап жүр­мейді. Оларға сенетінбіз. Нұрсұлтан үл­герімі нашар оқушыларға үй тапсыр­ма­сын орындауға көмектесіп жүретінін бай­қаймын. Бүгінде зейнеткер, ұзақ жыл мұ­ғалім, мектеп директоры болған кластасы Күләштің: “Ағай, мен өзі математикадан онша тәуір емес едім. Кейде кеңесін пайдалансам, кейде үй тапсырмасын тексеріп беретін Нұрсұлтан”, дегені бар. Қарап отырсам, Нұрсұлтанның бо­ла­шақта үлкен ой азаматы болатындығы, келешекке қарай ұмтылу, талаптануға бейім­ділік қасиеті сол жас кезінен қалып­тасқан екен. Аудан орталығындағы екі мектеп – бірі орыс, бірі біздің қазақ мек­тебі бәсекеде болдық. Қашанда аудандағы мереке, митингілерде екі мектеп оқу­шыларының колоннасын алдыға салатын. Колонналарды безендіру, оқушылар мен мұғалімдердің аяқ алып жүрісін реттеу менің мойнымда. Жалғыз адам не істесін, мұндайда көмекшілерім – военрук, комсомол комитетінің жетекшілері. Сонда Нұрсұлтанға тапсырма берсең жауап­кершілікпен қарап, тиянақты істей­ді. Еш жағымпаздық, жалпаңдау жоқ. Мек­теп намысын қорғап тұрғаны бай­қалатын. Кейде тапсырманы алып тұрып: “Ағай, мына жерін былай жасасақ қай­теді?” деп маған ақыл тастағандай болады. Шынында да, кейбір келіңкіремей, жет­пей тұрған жерін дөп басып айтып тұр. “Ой, айналайын Нұрсұлтан, мына айт­қаның дұрыс болды, осылай жасайық” деп оқушыма иланатынмын. Сондайда Нұрсұлтанды сүйікті шәкіртім ғана емес, жас көмекшім санап риза болатынмын. Көрдіңіз бе, сол кезде балада үлкен келе­шек, тұлғалық негіздің ізі болған. Тағы бір қасиеті – реті келгенде әзіл-қалжыңның да түбін түсіретін. Әсіресе, бірге жүрген ұл-қыздарды қайран қалдыратын ақжар­қын, ақтарыла салатын әдемі бір күлкісі болушы еді. Және бір жақсы қасиеті –жас­тайынан спортпен шұғылданып, шы­мыр балаларды ұйымдастырып, өзі төреші болып жүретін. Қыста жоғары класс оқушылары арасынан шаңғышылар тобын құрып, өзі басқарды. Ол кісінің шаңғыға әуестігі сол бала кезден қалыптасқан. – Сонда Нұрағаң да интернатта жа­тып оқыған ба? – Жоқ. Шамалғаннан келетін 7 балаға орын болғанмен, Нұрсұлтанды әкесі ин­тернатқа жатқызбады. Сосын Әбіш ақса­қал­ға: “Сіз жасалған жеңілдіктен қашқа­ны­ңыз қалай, үйіңізде басқа балаларыңыз бар, ауыртпалық түседі ғой” деген ақы­лымызға: “Интернатта жатса, көпшіліктің арасында ойынға айналып, оқуын на­шар­ла­тып алады. Бір туысымыздың үйіне азық-түлігін беретін болып келістім”, – деді. Міне, көрдіңіз бе, сол кезді ғана ой­лай­тын ата-ана болса “жұрттың баласы­мен бірге жат, үкіметтің берген дайын тамағын іш” десе болар еді ғой. Бұл жерде баласының келешегін, жақсы білім алуын ойлаған әкенің де көзі ашық, көкірегі ояулығын айтсаңызшы. “Келешегін ойлады” дегенге тағы бір дә­лелім бар. Балам тіл үйренсін деп орыс­тар көп тұратын көшеге көшіп келгені. Екіншісі, Нұрсұлтан ойнап жүргенде көрші орыстың баласы қолындағы гар­мо­нын ұстап көруге бермесе керек, келіп әке­сіне шағымданады. Содан әкесі бала­сының бұл аспапқа қызығушылығын бай­қағаны ма, әлде қатарынан қалмасын деге­ні ме, сол жылы біреудің үйінің сама­нын құйып, соның ақысына қымбат та болса сырнай сатып әпереді. Сөйтіп, Нұр­сұлтан сырнай тартуды үйренеді. Мен сол гармошкасын көрдім. Мектепте өтетін кештерде гармошкасын тартып, әдемі қоңыр дауысымен қосылып ән салатын. Кейін Әбекең, гармонға қосымша, қолдан домбыра жасатып береді. Жетінші класқа дейін ол домбыра шертіп, мандолин, сырнай тартып, қазақтың халық әндерін, орыстың частушкаларын нақышына кел­тіре орындайтын. Әсіресе, домбы­рамен қоңыр дауысқа салып, жүректі қозғайтын әндерін айтсаңшы... – Сейітхан аға, сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының әкесін қанша рет көрдіңіз, ол кісі қандай еді? – Жаңа айттым ғой, алғаш рет бала­сын оқуға әкелгенде кездестім деп, екінші рет Шамалғандағы ол кезде школ десят­ни­ков дейтінбіз, кейін құрылысшы ма­ман­дарын даярлайтын училище болды, соның директоры марқұм Ғазиз Жапа­ров­тың үйінде қонақта көрдім. Әбекеңнің қан­дай жақындығы барын сұрастырсам, зайыбы Гүбүйра ол кісінің немере қарын­дасы екен. Сол жолы ол кісіні жақынырақ тануға мүмкіндік туды. Сонда ғой, әңгі­меміз құрылысшылар жағына ауысқанда Әбіш ақсақал директор күйеу баласына мастерлік мамандық алатындарға өз ақыл-кеңесін айтып, құрылыс ісін жақсы біле­тін­дігін аңғартты. Осылайша, менің есімде Әбіш ақсақал көреген, көзі ашық, көкірегі ояу жан ретінде сақтаулы. Әсі­ресе, өзі оқымаса да адамның баласының табиғат дарытқан талантын сезіп, ерте бастан байқағаны, соны дамытуға мүм­кіндік жасағаны қатты таңғалдырады. Сол жолы анасы Әлжанның қайын сіңлісі Гүбүйрамен қосылып ән салғаны да есімде қалыпты. –­ Нұрсұлтан Әбішұлы он жыл бойы оқу озаты болып, алтын медальға ұсыныл­ғанмен, оны алмаған екен. Неге?.. – Ол рас. Директорымыз Ә.Байжанов пен орыс тілі пәнінің мұғалімі Юлия Сер­геев­на Байер баланың обалына қалмайық деп шырылдап министрлікке дейін бар­ды. Ондағылар: “Бұл мәселені қайте­сің­дер, қойыңдар. Бала орыс тілінен жазған шығармасында бір үтір артық қойған”, деп шығарып салған. Содан директорды қайта-қайта шақыртып жүріп, аяғында бала алтын медаль алмады. Сөйтсек, Нұрсұлтанның медалі бір бастықтың баласына керек болған екен. – Мектеп бітіруші Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның металлург мамандығын қалауына 1958 жылы Қазақстан Магниткасына жас­тар­ды шақырған үндеуді Абай атындағы орта мектеп оқушыларының қолдауы әсер еткен бе? – 1958 жылы елімізде металлургия зауыты салынатын болып, Қазақстан Ком­партиясының нұсқауымен Қазақстан Орталық комсомол комитетінде оған онын­шы класты бітірген жастардың баруы үшін республика бойынша үндеу қабылдау жөнінде келісімге келеді. Үндеу тастауға министрлік біздің мектепті ұсы­нады. Өйткені, Ә.Байжанов басқарған 1950-1960-шы жылдары мектебіміз респуб­ликада алдыңғы қатардан түспеген. Әбе­кеңнің мықты ұйымдастырушылық қа­бі­леті ғой, ол кісі мектептегі Отан соғысына қатысқан, бейбіт уақытта қиыншылықты көрген сақадай сай мұғалімдерді жақсы пай­даланды. Мені де Есік қаласында мек­теп директоры болып тұрған жерімнен за­вуч­тық қызметке аттай қалап алып келді. Осылайша, мектебіміз үндеуді жария­лады да жіберді. Міне, осы кезде мек­тептің комсомол ұйымына жетекшілік жа­сайтын Нұрсұлтанның беделі зор болды. Енді аудандық қана емес, облыстық, республикалық комсомол комитеттерімен байланысы күшейді. Содан мемлекеттік емтихан аяқталып, үндеудің шешімін орындайтын уақыт та жетеді. ОК, обком комсомолдың өкілдері “үндеу қабылдан­ды, барлық жерде қолдау тауып жатыр, балалардың ата-аналарымен сөйлесейік” деді. Ал біз бұл жағдайды ата-аналармен келіспеген екенбіз. Содан ата-аналарды ша­қырып, түсінік жұмысын жүргізге­ні­мізді қайтейік, бір ата-ана тұрып: “Оу, мұғалімдер, бұларың қалай? Әбеке, өзіңіз жөн-жосықты білетін адамсыз, бізбен неге келіспегенсіздер. Қарағанды шахтерлер мен кілең сотталғандардың баратын жері. Оған балаларды қалай жібереміз?” дегені сол екен, басқа ата-аналар шулап шыға кел­сін. Қысқасы, бастама көтерген мек­теп­тен Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған 7-8 бала ғана Теміртауға аттанды. Міне, зауыт­тың іргетасын солар қаласты. Қо­наев ақсақалдың зауыт ашудағы мақсаты елімізде ауыр өнеркәсіпті дамыту болса, екіншіден, қазақ жастарынан металлург мамандарын дайындау еді. Украинаның Днепродзержинск металлургия зауытына практикаға жіберілген 200 баланың біразы тауқыметіне, біразы орыс тілін білмеген­дік­тен тастап кеткен. Ал орыс тілін біле­тін, жұмыс істеп шыныққан Нұрсұлтан басқа да республикадан келген жастармен танысып, әрі кешкі училищеде оқып, әрі практикадан өтіп келеді. Сөйтіп, Теміртаудың алғашқы болатын қорытқан қазақ жігіттерінің бірі Нұрсұлтан болды. – Сейітхан аға, Елбасы мектептен кейін КазГУ-дың химфагіне құжат тапсырған ғой. Сонда қалай? – Ол рас. Ата-аналардың жаңағындай әңгімесінен кейін бағымды сынап көрсем деп, КазГУ-дың химфагіне құжатын тапсырады. Абитуриент ретінде жатақ­хана­ға жатып, таңертеңнен кешке дейін бас алмай сабаққа дайындалады. Бірақ, бөлмедегі қалған үш бала сабақтың бетін ашпайды, күнде қыдырыс. Олар емти­хан­нан кілең төрт пен бес алса, Нұрсұлтан екі төрт алады. Сөйтсе олар таныстықпен келген дөкейлердің балалары болып шы­ғады. Жас жігіт осы әділетсіздікке қат­ты налып, әрі қарай емтиханды жалғастыр­сам ба, жалғастырмасам ба деп, Пан­фи­лов паркінің төңірегі болуы керек, се­руенге шығады. Байқайды, ұшқыш киімін киген сымбатты үш жігіт көшедегі жүр­гін­шілермен алма-кезек сөйлеседі. Жаны­нан өте бере әңгімелеріне құлақ түрсе, ұмытпасам Тамбов қаласындағы ұшқыш­тар даярлайтын училищеге талапкер жи­науға келгендер екен. Сөйлеседі. Учили­щеге орта мектепті жақсы бітірген, ден­саулығы мықты жігіттердің алынатынын айтады. Нұрсұлтанға бұл мүмкіндік ұнай­ды. Арманшыл жас олардың да көңілінен шығады: келбет-көркі келіскен, орысша сайрап тұр, тұлғалы да тұрпатты. Құжат­та­рын сұрайды. Ол КазГУ-ге тапсыр­ғанын айтады. “Олай болса, ата-анаңмен келісіп, құжаттарыңды әкеліп көрсет” деп өздері тоқтаған жердің мекен-жайын береді. Содан алып ұшып Шамалғанға келіп, ата-анасына: “КазГУ-ден конкурс­тан өтпейтін түрім бар, одан да ұшқыш болсам” дейді. Әкесі пікірін ашық айт­пағанмен, анасы Әлжан: “Айналайын балам-ау, жер жетпе­гендей аспанда нең бар? Екінші, Украина дегенің қай жақ...”, – деп рұқсатын бермейді. Міне, Нұ­ре­кең­нің жолы Теміртау жаққа ашылуының бір сыры осындай. – Сейітхан аға, өзіңіз білесіз, ауызбен айтқанға болмаса, ел басқару оңай емес. Қашанда Мемлекет басшысының уақыты шектеулі, есептеулі. Дегенмен, оқу бітіргеннен кейін пешенелі шәкіртіңізбен қанша рет кездесудің сәті түсті?.. – 7-8 рет шығар. Мектеп бітіргеннен кейінгі ең алғашқы жүздесуіміз Алма­тыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға келгенде. Екеуміз Алматының авто­бе­кетінде жолығып қалдық. Жанында екі жолдасы бар, Шамалғаннан келе жатыр екен. Мен Қаскелеңге жүргелі тұрғанмын. Құшақтасып, қауыша кетті. “Аға, жолай Қаскелеңге соғып, мына жігіттерді оқыған мектебіме апардым. Мектеп жабық болған соң, оқыған класымды терезеден көр­сет­тім”, деді. “Ой, айналайын-ай, мектептің жабық болғаны бүгін демалыс қой. Келетініңді білгенде бір амалын жасар едім ғой”, дедім. Осылай қош айтыстық. Екінші рет Қазақстан Орталық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болғанда қызметімен құттықтап бардым. 1988 жылы Нұрекең Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қарасай аудандық партия конференциясына келіп қатысып, сөз сөйледі. Сонда кездескенде екеуіміздің ескерткішке суретке түскеніміз бар. Бұл үшінші кездесуіміз еді. Мектептің 55 жылдығына ол кісіні шақыруды ұжым маған жүктеді. Шақыру билетін алып, резиденцияға келдім. Сол кездегі Нұрекеңнің көмекшісі Ақан Бижанов кездесуге көмегін берді. Кірдім. Сондай үлкен қошеметпен қарсы алады деп ойламаған едім. Орнынан тұрып келіп қарсы алып, өз орынтағына отырмай, қап­талдағы креслоларға жайғасып, алды­мен мұғалімдерді, шәкірттерді, ел-жұртты, сосын жағдайымды сұрады. Қандай ізет­тілік! Үлкенді сыйлап, ұстазын құрметтеп тұрған шәкіртіңе қалай жүрегің елжіре­ме­сін!? Ондай шәкірттен қалай айналмасқа!? Төртінші рет осылай кездестік. Одан соң мектептің 55 жылдық тойы­на қатысуға келгенде тағы жүздестік. Бағ­дарламада көрсетілген екі сағаттың орны­на, емін-еркін 4-5 сағат әңгімелесті. Мұны ол кісінің ұшқан ұясын, ұстаз­дарын құрметтегені деп білдік. Сол жолы: “Осында менімен оқыған жігіттер, қыздар бар ма?” дегенде, қатысып отырғандар­дың 15-16-сы орындарынан тұрды. 34 жылдан кейінгі кездесуде олардың әрқай­сысының атын атап: “Мен сендерді ұмыт­қан жоқпын”, – деп жұртты ду күлдірді. Сосын кластағы өжет, пысық қыз Күләш­ті іздеп, оның қызықтарын айтты. Отыз-қырық жыл өтсе де балалық дәуренді ұмыт­пай, ойға түсірудің өзі қандай ғанибет. Нұрекең 55 жылдыққа қатысып кеткен соң, Президенттің оқыған мектебін көреміз деп тек ауыл арасы емес, облыс, көрші республика, тіпті шетелдерден келушілер көбейе бастағанда, бір класқа орналасқан мұражайымыз тарлық етті. Ол кезде Нұрекең оқыған мектеп үйі интер­наттың жатақханасына беріліп, жаңадан екі қабатты мектеп ғимараты бой көтер­ген. Кейін интернат таратылғанда бір бөлігі жас мұғалімдерге пәтерге берілді де, бір жағы бос тұрған. Ауданның мұражайы да жоқ еді, осы мәселені ойластыра бас­тадық. Оның үстіне 55 жылдыққа кел­ген­де үлкен кісі кетерінде: “Егер мектепке қа­тысты мәселе болып жатса, ұялмай ке­ліп хабарласыңдар” деген сөзі түрткі бо­лып, мектеп директоры Мәрия Хамзина екеуміз Нұрекеңе бізді қабылдауын өтініп хат жаздық. 1998 жылы 15 мамырда ол кісіден шақырту алдық. Бізді Президент аппараты кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков қарсы алып, “Сіздер үшін белгіленіп қойылған кестені бұзып отыр­мыз, сондықтан ол кісінің уақытын көп алмаңыздар”, деп ескертті. Содан Нұре­кең қабылдап, жағдайымызды, шәкірт­тер­дің үлгерімін сұрады, келешекте білім са­ласында үлкен реформа болатынын, жаңа типті мектептер салынатынынан да хабар­дар ете кетті. Іле Нұрекеңе келген шаруа­мызды айттық. “Мұражай жасақтайтын ғимараттарыңыз бар ма?” деп сұрай келе: “Ойларыңыз дұрыс екен. Оған қаражат керек, қазір жағдай қиындау. Ақсақал­дарыңызды, бизнесмендеріңізді жинап, аудан басшыларымен ақылдасыңыздар. Олар қолдап жатса, біз де қарап қалмас­пыз”, деп жөнін айтты. Көрдіңіз бе, қандай орынды шешім. Ал біз: “Ақша береді, сосын жасай қоямыз” деп бар­ған­быз. Ол кезде аудан әкімі Ә.Тойбаев еді, сол айтылған жоспар бойынша жұмыс жасап, аудандық өлкетану мұражайын ауданның 70 жылдығына тарту еттік. 2000 жылы бір жолы түскенде Нұрекең мұра­жайға келіп, аралап көріп кетті. Бұдан екі жыл бұрын 1958 жылғы мектеп бітіру­ші­лердің 50 жылдығына Нұрекең тағы келе алмады. Бірақ облыс әкімі С.Үмбетов Нұрекеңнің сәлем-сауқатын ала келіп, мектепке автобус және өзімен бірге бітір­ген кластастарына алтын сағаттан сый­лады. Содан бір айдан кейін кіші қызы Әлиямен келіп кетті. Байқадыңыз ба, менің шәкіртіммен кездесуім жиі болып тұрады. Тағы да Астанада бес рет, Тал­ды­қорғанда екі рет жолыққанымыз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Жеңістің 60 жыл­дығында “Парасат” орденімен марапаттап тұрған сәттегі суретті “Мұғаліміме жібе­рер­сіңдер” деп тапсырыпты. Онысына қатты риза болдым. Әрине, ол мен үшін ең қымбат сурет. – “Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты, ұстазы ақылды болса, шәкірті дана болады” деген. Сізбен әңгіме барысында осы қағида еске оралғандай. – Оның рас. Нұрсұлтан Әбішұлы Алланың берген қабілет-қарымын, тала­бын, дарынын аңғара білген, оны қателес­пей бағдарлай, бағамдай, бағалай білумен бірге, өмірлік мұратында дұрыс пайдалана білген, сонымен қатар аңғарымпаздықпен ары қарай дамытуға орасан қызмет жасаған. Айтады емес пе, “Басыңа келген бақты ұстай алмасаң, ол құс сияқты ұшып кетеді” деп. Сол үшін де Алла тағала оған ақ жолын берді. Соның арқасында бүгінгі жетістігіне, жеңісіне жетіп отыр. Мүмкін ол Президент боламын деп те ойламаған шығар, бірақ келешекте осы жолмен жүрсе, адал еңбегімен қызмет етсе, әй­теуір қатарынан кем қалмайтынын білген. Мен мектепте жүргенде Нұрсұлтан үлкен ғалым болады деп ойлайтынмын. Әл-Фараби бабамыз айтқан емес пе, қанша оқып, білгеніңмен, тәрбиең, адамгершілі­гің болмаса, онда өзіңе де, халқыңа да пайдаң шамалы деп. Байқасаңыз, Нұре­кең­нің өсу, даму жолында тәрбие мен ұлағат қатар жүріп отырған. Яғни, адами парасат болмаса мұндайлық биікке шық­пас еді. Ақ тілегін, ақ жүрегін құдайым қолдап, бүгінде халқы, елі, жұрты, көп ұлт­ты Қазақстан, дүние жүзі таныған көшбасшы дәрежесіне жетті. Ал ол лидерлігі қара басы үшін емес, өзі туып өскен елінің атын шығаруға, қаншама кездескен қиындықтарды жеңе білуге, халқының жарқын болашағын, кемел келешегін қамдауға қызмет жасап жатыр. Лайым тіл-көзден аман болсын. – Сейітхан аға, әңгімеңізге рахмет. Шәкіртіңіздің жетістігіне қуанып, жақсылықтарына куә бола беріңіз... *** Құрметті ардагер ұстаз Сейітхан аға! Торқалы тоқсан жасқа толған үл­кен мерейтойыңыз құтты болсын. Өмір бойы ең қастерлі мамандық иесі – ұс­таз болып еңбек етіп, мыңдаған оқу­шы­лардың көзін ашып, жүректеріне бі­лім нәрін құю үлкен бақыт деп білемін. Сізден білім алып, тәлім-тәрбиеңізді көрген жандардың қатарында өзімнің де бар екенімді әркез мақтан тұтып, алғыс сезіммен еске алып жүремін. Зей­нет­керлікке шыққан соң да ұзақ та мәнді ғұмыр кешіп, бала-шағаңыздың қызығын көріп, еліміз бен шәкірт­те­рі­ңіздің құрмет-қошеметіне бөленіп жүр­геніңізге қуанамын. Осы бақыты­ңыз баянды болып, еңбегіңіздің зейнетін ұзағынан көре беріңіз. Зор денсаулық, әулетіңізге амандық пен береке тілеймін. Қазақстан Республикасының Президенті Н. НАЗАРБАЕВ. Астана қаласы, 7 мамыр 2008 жыл. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.