• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2010

КӨҢІЛ КӨЗІН АШАДЫ

531 рет
көрсетілді

Бәрекелді! Өзгенің көңілін аулап, сойылын соғып жүргенде кеткен есемізді қай­­тару үшін қимыл-қарекет жа­сай­тын уақыт осы кезең. Бұл жолда қаны бар әр қазақ Әлихан Бөкей­ха­нов сияқты “Тірі болсам, хан ба­ласында қазақтың қақысы бар еді, халқыма қызмет етпей қоймай­мын”, деген байламмен іс тын­ды­руы керек. Күнделікті күйбең тір­лік­тің құлы болып, құлқынның қа­мымен жүре берсең онда есең қайт­пайды. Жылдар жылжып, ғасырлар өте береді. Ел тарихы, ұлтыңның ұлы­ларынан үйренер тағылым, бал­таласаң да бұза алмайтын тұғырын мәңгілік етіп бекіткен алыптардың үлгі-өнегесі көмескі тартып, арты жоғалып тынбақ. Міне, осыған жол бермеймін деп көптен бері тәуелсіз елдің ар­ғы-бергі кезеңдерін тереңнен қоз­ғап, зерде-зейінімен зерттеп мөлдір құдыққа орнатқан шегендей шеге­леп жүрген белгілі журналист, жа­зу­шы, әріптесіміз Жақсыбай Сам­рат десек, асырып айтқандық емес. Соның дәлелі, қаламгердің таяуда ғана жарық көрген, әлі бояуы кебе қоймаған “Абылайдың Ақ үйі”, атты кітабы дер едік. Абылайдың құт мекені жер бе­тінен жойылып кетпес үшін жан­кеш­ті әрекеттер жасап, ел басын ұс­таған ханын қадір тұтып, ақ үйін қай­та “тірілткен” Жақсыбай Сам­рат­тың бұл ісін ерлікке пара-пар десе де болады. Үш бөлімнен тұра­тын ең­бекті қарап отырғанда тың тұжы­рымдар, өзімдік байламдар бүкпесіз айтылады. Тіпті кейбір тұстарда бұ­рынғы кейбір пікірлерге өзінің уәжін айтады. Оқымыс­ты­лардың еңбек­теріне сүйеніп осы тұсты ойласып көрсек қалай болар екен, дейді. Бірінші бөлімде Әз Тәукеден та­мыр тартып, үш бидің ұлағатын ал­дыңа жайып салады. Олардың “Мен боламын дегендер, ақтамады сенімді”, деп түңілетін жерін Қо­жаберген жыраудың “Хан деуге ау­зың бармайды”, Тәукенің ұлы Бо­лат­ты. Неге десең ол сұлтан, өз­бек­ше тілді қалапты” деп ел билігінде отырғандардың кері ісіне білдірген кейісімен ұштастырады. Одан кейін Жоңғар шабуы­лы­нан басталған ауыр кезеңді тарихи деректерге сүйене отырып баян­дай­ды. Абылай ханның өміріне тоқ­талып, заманына шолу жасайды. Екінші бөлімде Қызылжар ша­һа­рының аумағын атам қазақ ежел­ден-ақ қоныс еткеніне, сақ-скиф және сармат тайпаларының өмір кешкеніне нақты дәлел-дәйектер кел­тіреді. Сөйтіп, атажұрт, атақо­ныс­тың тайға таңба басқандай хал­қымыздың еншісі, қазынасы екенін саф ауадай санаңа құяды. Петро­павл­дан құтылып, қазақ атауының жаңғыратын уақыттың жеткенін қойып, асып бара жатқанын естір құ­лаққа наз ретінде жеткізеді. Абылайдың ақ үйі қалпына кел­­тір­ілгенін, оны ашу салта­на­тына Ел­басының қатысқанын тілге тиек етеді. Бұл үй ұлтымыздың ұйыт­қы­сы, халқымыздың атбасын тірер алтын діңгегі, оны көздің қа­рашы­ғындай сақтап қана қой­май, кейінгі ұрпаққа сенің ата-бабаңнан қалған мұра деп ойына орнықтыратын кие­лі орын, дейді. Шынында, тәу­ел­сіз еліміздің тари­хын байытып, елдік мәртебесін арт­тыратын, жоқ­тан бар жасап отыр­маған жұрт еке­німізді осын­дай құндылықтарымыз дәйектері анық. Дерек көздеріне бай, танымдық, тағылымдық жағы мол, көңіл көзін ашатын кітапты оқ­ып қана қой­май, тарихи тың тұ­жырымдар туралы ой бөлісіп, сөйтіп, ортақ арнада елдік істі түй­індесек, нұр үстіне нұр болмақ. Сүлеймен МӘМЕТ.