Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесімен бірлесіп өткізілетін саммит Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен ашылды.
Елбасы саммитке қатысушыларды құттықтай отырып, бұл форум Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысының қарсаңында өтіп отырғанын атады.
– Жиын аясында өтетін пікірталас пен жүздесулер өз жемісін береді деген сенімдемін. Мен шетелдік инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс істеуге, Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсартуға қатысты барлық мәселелерді ашық талқылауға үнемі көңіл бөліп келемін, – деді Елбасы.
– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына 108 миллиард доллар инвестиция тартылды. Бұл тұтастай алғанда Орталық Азия өңіріндегі елдерге тартылған барлық шетел инвестициясының 80 пайызы. Бүгінде Қазақстанда шетел капиталының қатысуымен 20 мың кәсіпорын, соның ішінде экономиканың шикізаттық емес секторында 7 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында “Дженерал Электрик”, “Арселор Миттал”, “Метро”, “Телиасонера”, “Шеврон” және өзге де әлемдік ірі кәсіпорындар бар. Олардың жемісті жұмысы – бұл Қазақстанның ұзақ мерзімді орнықтылығы мен тұрақты дамуының нақты көрсеткіші, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
– Біз биыл индустриялық-инновациялық дамудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын іске асыруға кірістік. Мен Қазақстан Үкіметінің алдына еліміздің экономикасын әртараптандыруды, оны дамудың инновациялық жолына көшіруді қамтамасыз ету міндетін қойдым. Бұл істе Қазақстанға шетелдік инвесторларды көптеп тартуға ерекше мән беріледі, – деді саммитте Мемлекет басшысы.
Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында елді индустрияландыру картасы дайындалғанын, оған жалпы құны 45 миллиардтан астам доллар болатын республикалық және аймақтық мәні бар 100 жоба енгізілгенін атады.
– Қазақстанның жаңа индустрияландыру жөніндегі жоспарын табысты жүзеге асыру үшін экономиканың 12 басым саласы анықталды. Бұл – металлургия, мұнай өңдеу және химия өнеркәсіптері, агроөнеркәсіп кешені, мәшине жасау саласы, құрылыс индустриясы, көлік және телекоммуникациялық инфрақұрылым, сондай-ақ өзге де салалар, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
– Қазақстан – әлемдегі инвесторлар үшін ең тартымды елдің бірі. Халықтың жан басына шаққанда инвестиция тарту жөнінде біздің еліміз соңғы он жыл бедерінде әлемнің алғашқы үштігіне тұрақты еніп отыр, – деген Қазақстан Президенті Лозаннадағы Халықаралық менедменттік даму институтының бағалауынша, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік рейтингі 2008 жылы 3 сатыға, 2009 жылы тағы да 3 сатыға көтерілгенін жеткізді.
– Осылайша қазіргі уақытта Қазақстан әлемде 33-ші позицияны иеленіп отыр, ТМД-ның ірі елдерінен де едәуір алға озды, – деген Елбасы БТА қарыздарын қайта құрылымдау жөніндегі ақтық шешіммен бірге елдегі банк жүйесі дағдарыстан ес жиып, қалпына келгенін кезекті рет мәлім етті.
Қазақстан Президенті елімізде қаржысын тек жаңа өндіріс ошағын тұрғызуға салып қана қоймай, экономикамызға жаңа технологиялар әкелетін, қазақстандық мамандарды озық технологияларға баулитын инвесторлардың ынталандырылатынын атап өтті.
Елбасы сөз соңында “Интернэшнл Геральд Трибьюн” басылымының саммитті өткізу туралы бастамасына өз ризашылығын білдірді.
– Қазақстанның экономикалық даму қарқыны мені әрдайым қайран қалдырып келе жатыр, – деді саммитте сөз алған “Интернэшнл Геральд Трибьюн” газетінің президенті әрі шығарушысы Стивен Данбар-Джонсон.
Осы арада аса ауқымды жиынды өткізуге мұрындық болып жүрген аталмыш басылымның қоғамдық пікір қалыптастырып және әлемнің әр түкпіріндегі шешім қабылдай алатын жандарға арналған белді газет екендігін айта кетуге болар еді.
– Қазақстанда соңғы он жылдың ішінде кемінде 9-10 рет болдым. Әр жолы мен ел экономикасындағы ілгерілеушіліктерге қайран қалумен келемін. 1998 жылы алғаш келген кезде барлық батыстықтар сияқты бұрынғы посткеңестік республиканы көремін деп ойлағанмын. Келесі сапарымда Қазақстанға қатысты көзқарасым нығая түсті. Сондай-ақ, әрбір сапарда үлкен өзгерістерді өз көзіммен көрдім. Нұрсұлтан Назарбаевты шын мәнінде “ел экономикасының әкесі” деуге болады, деген Стивен Данбар-Джонсонның айтуынша, Қазақстандағы тұрақтылық – экономикалық дамудың негізі болып отыр. ЕҚЫҰ төрағалығында да үлкен табыстарға қол жеткізуде. Қазақстанның бүкіл жетістіктері Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асқан.
Саммит барысында кең көлемді мәселелер қатары талқыланып, инвестицияларды заңмен қорғау, мұнай-газ өнеркәсібіне инвестиция салудың жаңа мүмкіндіктері спикерлер мен қатысушылар арасында сұхбат түрінде өрбіп жатты.
Саммиттің алқалы мәжілістері “Самұрық-Қазына: индустриялық-инновациялық даму жолында”, “Инвестицияны қолдау үшін индустриялық базаны құруды заңдық қорғау”, “Мұнай-газ өнеркәсібі: инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер мен заңнамалық өзгерістерге көзқарас”, “Тау-кен өндіріс кешені, дайын металл өнімдері”, “Қазақстанның қаржы секторы: тұрақты рынок және шетелдік инвесторлар үшін мүмкіндіктер”, “Қазақстанға инвестиция салудың тәуекелі мен пайдасы” тақырыптарында ниеттестік, мүдделестік тұрғыда жалғасын тауып отырды.
– Қазақстанда ойдағыдай жұмыс жасау үшін ел Үкіметімен әріптестік өте маңызды, – деді саммитте “ДжейТиАй” компаниясының ТМД елдеріндегі аймақтық президенті және “ДжейТиАй” атқару комитетінің ресми мүшесі Мартин Брэддок.
Мартин Брэддок компанияның Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс жасап жатқанын атап өтіп, біздің бизнес үшін пайдалы екенін елге келген сәттен бастап түсіндік. Қазақстан рыногы біздің компанияның стратегиялық басымдығы болып табылады, сондай-ақ ол экспорт есебінен игеруге да ыңғайлы. Біз Қазақстанды экспорттық база және аймақтық экспорттық торап ретінде қарастырамыз, деді.
– Қазақстан қаржы жүйесін тұрақтандыруда дағдарысқа қарсы икемді менеджмент көрсетті, деді ІV Қазақстандық инвестициялық саммитте Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Томас Мироу.
Ол ел Үкіметі мен Ұлттық банктің дағдарыс кезінде банктік-қаржы секторын тұрақтандыруға мүмкіндік берген күш-жігерін оң бағалады. Сондай-ақ ЕҚДБ басшысы қаржы мен корпоративтік секторлар арасында саламатты қарым-қатынас орнатудың уақыты келгендігін атап өтті.
– Енді алда тұрған міндеттерді орындау керек. Оған экономиканың нақты секторы үшін банктік несиелеу жеткілікті ме деген мәселе кіреді. Сондай-ақ корпоративтік секторда үлкен қарыздары бар, бірақ жетпейтін акционерлік қаржыға ие болып отырған компанияларға қатысты мәселелерді шешу үшін не істеу керек екенін де ойлану қажет. Бұл кестелер жүзеге асуы үшін әрі қарай қадамдар жасау керек, – деп Томас Мироу өз ұсынысын ортаға салды.
– Мемлекет болашақта елдегі жүйе құраушы банктердің капиталынан шығатын болады. Бұл шаралар уақытша болып табылады, – деп мәлімдеді, Қазақстанның қаржы саласына қатысты спикерлер қатарында сөз алған ҚР Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова.
Алдыңғы қатарлы банктер ісіне мемлекеттің араласуы уақытша және қаржы секторының тұрақтануына қажетті болған соң жасалғанын алға тартқан Бахмутова ханым біз алдағы уақытта, мемлекет жүйе құраушы банктердің капиталынан шыққан соң, бұл сала бойынша нарық ұстанымдары мен жеке меншікке деген құрмет негізінде құрылатын жеке меншік қалыптасатын болады деп үміттенеміз, деп атап өтті. Бахмутова шетел инвесторлары Қазақстанның қаржы секторының дамуына түсіністікпен қарайтынын және инвестициялар алда өсетін болады деген болжамды баяндай отырып, қазір еліміздегі инвестициялар банк капиталының үштен бір бөлігін құрайтындығын атады.
Жалпы, саммитте мұнан да өзге, ірі инвесторлар мен ел экономикасына жауапты тұлғалар тарапынан айтылған пайымдар, қаперге алар ұсыныстар аз болған жоқ.
Алматыда өтіп жатқан ІV Қазақстандық инвестициялық саммиттің алғашқы күні Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен бірқатар келісім-шарттар мен меморандумдарға қол қою рәсімімен тәмамдалды.
Қол қойылған мәмілелер қатарында KCM (Kazyna Capіtal Management), EBRD және ADM Capіtal арасында “Kazakhstan Capіtal Restructurіng Fond C.V.” қорын құру туралы келісім жасалу көзделген болатын. Бұл келісімге де қол жеткізілді.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен “Korea Elektrіc Power Corporatіon” және “Samsung C&T Corporatіon” арасында жаңғырмалы қуат көздері саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
“Қазақстан темір жолы” “Alstom” және “Тransmashholdіng” компаниялары мен Қазақстан аумағында бірлесіп қазіргі заманғы магистральдық электровоздар шығару саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға, “Patentes Talgo S.A” компаниясы мен Астана қаласында бірлескен жолаушылар вагонын шығару мен техникалық қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын құрудың негізгі талаптары тізімін бекіту мен өзара түсіністік меморандумына, EBRD компаниясы мен Қазақстанның темір жол көлігі саласындағы стратегиялық бастамаларын бірлесіп жүзеге асырудағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, “Kazakhstan Ansaldo JSC”-пен “Қорғас-Жетіген теміржол желісі құрылысы” жобасын жүзеге асырудың аясында құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алу туралы келісім жасалады.
– Бұл келісім-шарттар мен меморандумдардың басты ерекшелігі – олар Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жасалып отыр. Оның жалпы құны 1 миллиард доллардан асады. Жалпы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 46 миллиард доллардың 200-ден астам жобасы жүзеге асырылмақ, – деді “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов журналистерге берген сұхбатында. Оның айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асырудың жаңа кезеңі болмақ.
Қол қойылған 9 келісім-шарт пен меморандумдар әзірлеуге 1 жылдай уақыт жұмсалған. Жалпы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында жоспарлаған 21 жобаны ұлттық әл-ауқат қоры жүзеге асырады. Бұл жобалардың жалпы құны 26 миллиард долларды құрайды.
Айнаш ЕСАЛИ.
АЛМАТЫ.