Адамдық айнасы
Төңірегіңе көз салсаң, бір жылың, бір жылыңа ұқсамайды. Заман өзгеріп, қоғам жаңарып, ұрпақ алмасып жатыр. Осы қым-қуыт тірлік құлан қуғандай күй кештіріп, кейде жан-жағыңды барлата бермейтіні бар. Жас дегенің жасамыс тартып, жасамысың бір белестен асып, шіркін уақыт-ай, деп отыратынын қайтерсің. Мұндайда тақыл-тұқыл емес, жаныңды түсінетін жақсы адамның қасында жүрсең, ел бірлігін, ағайын татулығын, сөздің бүтіндігін ойлайтын көңілі кең, ойы тұнық ондай кемел адамның көлеңкесінің өзі жүрегіңе жылу, жаныңа сәуле құяры анық. Ондайда өкінішің кем, жүрер жолың кең болады екен.
Тіпті ақыл айтар ағаның, мейірімі мол ананың, ізеті ерен інінің жөн-жосығы бөлек тұратыны рас. Кейде сондай жанды ауылдан, қаладан іздеп сабылатынымыз бар. Көре алсақ, тап басып бағалай білсек ондай дарақы емес, дарқандар төңірегімізде баршылық-ау! Тек қай-қайсымызда қамшының сабындай қысқа өмірге қонақ екенімізді ұғып, пенделіктен арылып, жақсылыққа бой алдырсақ, ойлы-қырлы тірлік түзең жолға ұласпақ. Арғы-бергі тарихқа қарап отырсаң, ата-бабаларымыз кеңдіктен кең болмапты. Қырық құбылған дүниенің толқыған көлін де, кенезені кептірген шөлін де, құйын үйірген желін де көріпті. Бірақ қырмызы қызығы, жияр дәулеті азаймапты.
“Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер” деп Абай айтпақшы, осы мақалаға арқау етіп алып отырғанымыз, бір әулеттің, яғни әкелі-балалы азаматтардың өткен жолы, кешкен өмірі еді. Әкесі өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы алапатты, одан кейінгі сұрапыл соғысты бастан кешірсе, баласы одан кейінгі жылымық кезеңдерде, ту көтеріп ел болған, еңсе тіктеген қазақтың дамуына өз үлесін қосып келеді.
Алғашқы сөзді әкеден бастар болсақ, Жұман Қожағапанов әкеден ерте айырылыпты. Қаршадайынан еңбекке араласыпты. Қарағанды шахталарында жұмыс істеп, қуғын-сүргін басталғанда байдың тұқымы деген атты арқалап, біраз жұрттың көзіне түрткі, кеңірдегіне тас болып тығылыпты. Ендігі жерде бұл азаптан құтылудың бір жолы – елден кету деп түйген ол, анасы Көшжанды ертіп, Қарқаралы, Шұбартау арқылы Аягөзге бет түзейді. Жаттың өзін жақын, алысты бауыр ететін қазақы қасиет ана мен баланы пана көріп келген жұрт құшағына басады. Қағылез жігітті Аягөз аудандық халық депутаттары атқару комитеті қызметке алады. Аумалы-төкпелі дәуірдің құйыны мен желін, құйқылжыған демін, мың құбылған түрін барлап қалған жігіт тура жолдан таймай, әділдікті темірқазық етіп ұстайды. Өзінен бұрын халықтың қамын, жұрттың жағдайын ойлап, қиналғандардың қасынан табылады. Жылағанды жұбатып, құлағанды орнынан тұрғызады. Ойы зерек, көңілінің көкжиегі кең Жұман солайша еліне қалтқысыз қызмет етуге талпынады. Бірте-бірте Аягөз аудандық халық депутаттары атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Аудандағы биліктен ауылдағы тірлікті жұртпен тікелей араласып жүріп атқаруды қолайлы көрген Жұман “Орақ-балға” колхозын басқаруға бел буады. Зұлмат жылдардың ызғары енді-енді сейіле бастаған еді. Халық үрейден ес жиіп, ортақ іске ден қоя бастаған. Бірақ әлемге өз билігін жүргізуге ұмтылған арам пиғыл, бақастық, бақталастық, кім күшті деген кісімсіну сол әдемі шуақты көп көргендей сұрапыл соғысты бастап, ел тағы үрей құшағында қалады. Отан деген рухты сөз – үрейді үмітке жеңдіреді. Ер азамат майданға аттанып, қалған жұрт жігерін жанып, тыл тірлігін қолға алады. “Намыс ерлікке жеткізеді, ерлік елдікке жеткізеді” деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, намысты ту етіп, елдікті ерлікпен сақтап қалуға ұмтылған миллиондардың бәрі де қаһарман еді. Бейбіт күннің дәмін татып, жақсылығын көріп жүрген біздер олардың алдында қарыздармыз. Рухына дақ салмай, атын әспеттеу борышымыз.
Жұман Қожағапанұлы Свердлов қаласындағы әскери-саяси мектепте соғыс тәсілдерін меңгеріп, екі жыл майдан шебінде болады. Жан алып, жан беріп жүргенде ауыр жараланып, 1943 жылдың аяғында елге оралады. Колхоз төрағасы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарады. 12 жыл бойы “Таңсық” мәшине-трактор стансасының директорлығы қызметі жүктелгеннен кейін ол қызу жұмысқа кіріседі. Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы К.Пономаренкоға, Үкімет төрағасы Е.Тайбековке, Ауыл шаруашылығы министрі Г.Мельникке арнайы хат жазып, өзі басқарып отырған шаруашылықтың ауданнан 120 шақырым, облыс орталығынан 450 шақырым екенін айтып, жол жөндеу, құрылыс салу, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарға қамқорлық көрсету мәселесін қозғайды. Іскер басшының бұл тілегіне жоғарыдағылар назар аударады. Өстіп жүріп соғыстан кейінгі ауыр кезеңде ауылдың өрісін кеңейтіп, өркенін өсіреді. Оның майдандағы ерлігі, бейбіт күндегі еңбегі туралы онымен тай-құлындай тең өскен замандастары ағынан жарылып, әңгімелейді екен. Біз Жұманның атын тура атамай Жүкең, Жүке деуші едік. Ол ауылымыздың ұйытқысы, ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрдің алтын діңгегі еді. Еңбегіңді бағалап, еңсеңді көтеретін. Жүкең басшылықта жүргенде механизатор Б.Қалдыбекова Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Облыс дәрежесіндегі құрметке бөленгендер тіпті көп еді. Б.Әбжанов Еңбек Ері атанып, абыройымызды асырды, дейді Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері А.Құлшанов. Ал тағы бір соғыс ардагері Иген Саметеев те Жұманның жақсы істерін алға тартқан. Есіл ердің сұрапыл соғыстағы ерлігі үшін алған атақ абыройы, бас қолбасшыдан көрген сый-сияпаты, бейбіт күндегі адал еңбегі еленіп, “Еңбек қызыл ту”, “Құрмет белгісі” ордендерін омырауына тағуының өзі неге тұрады, дейді ақсақал жүрекжарды сөзін бүкпей ортаға салып.
Осы арада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты таңсықтықтар Жұман Қожағапановтың атын есте қалдыру мақсатында бір игілікті іске ұйытқы болып отырғанын айта кетуіміз керек. Ол бүкіл саналы ғұмырын осы ауылдың өсіп-өркендеуіне арнаған Жұман Қожағапановтың атын жаңғырту, яғни Қожағапанов атындағы Таңсық ауылы деп атау туралы байламдары бар. Ауылдастары мынандай уәжді алға тартады. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары құрылған МТС-тың атауы Таңсық болыпты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Тарлаулы елді мекені делініп келген. Тарлаулы ауылдық округі атын өзінде қалдырып, ұмытылып бара жатқан Таңсықты жаңғырту жөніндегі жұрттың пікірін аудандық мәслихат қолдап, Шығыс Қазақтан облыстық мәслихаты мен әкімдігіне ұсыныпты. Бұл оң шешілсе, Отан соғысына қатысушы бір ғана ардагерге емес, оның өзге де замандастарына көрсетілген құрмет болар еді, дейді Таңсық жұрты.
Таңсық ауылының азаматтары “Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады, қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады”, деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, береке бірлігі жарасқан ауылына Жұманның ұлы Тоқтарханның жасаған қамқорлығына ерекше риза. Шынында, әркімнің туған жері алтын бесік. Жасыраты жоқ нарық заманы кімге де болса ауыр тиді, әсіресе ауылдың жағдайын қиындатып жіберді. Жабайы жекешелендіру кезінде небір ғимараттар қирап, мал басы құлдырап кетті. Бірте-бірте ел есін жиған тұста бойында ұлтым деген қаны шырылдаған шыбын жаны бар қазақ баласы кіндік қаны тамған ауылына ат басын бұрды. Біз осы мақаланы жазу барысында сондай қадамға алғаш барып, ауылының ажарын кіргізген Тоқтарханның жақсы істеріне куә болдық. Жекешелендірудің “құрбаны” – төрт қабырғасы қаңқиып қалған мәдениет үйін жекеменшіктен ол қайта сатып алып, кейбір аудан орталықтарында жоқ керемет ғимарат тұрғызып, ішін қажетті дүниеге толтырып, бұған қоса 3 мың кітап жинақталған кітапхананы, өнерлі жастар пайдаланатын музыкалық құрал-жабдықтарды халық меншігіне беріпті. Таңсық ауылының үлкендері Тоқтархан Жұманұлына Алла үйін салып беруге тілек етіпті. Пайғамбар жасынан асып, имандылыққа иек артқан меценат бұл игілікті істі осыдан екі жыл бұрын мүлтіксіз жүзеге асырып, Құдайға құлшылық үйін пайдалануға беріпті.
Таңсық елді мекенінің тұрғындары Тоқтархан Қожағапановтың тағы бір жақсы іске бастамашы болып жүргенін сүйсіне айтады. Ол ұлтымыздың тарихи жәдігері, 1500 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өткен “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” мазарына баратын 13 шақырым жолды, Аягөз өзенінің үстінен өтетін 50 метрлік аспалы көпірді, шырақшы отыратын үйді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен орындалып жатқан “Жол картасы” бағдарламасы аясында іске асыру еді. Мұны ол тиісті орындарға жеткізіп, Үкімет алдына қойып, ауқымды жұмысқа жұмсалатын 500 миллионнан аса қаржы қажеттігін дәйектесе, бұл қазір оң шешімін тапты деуге болатын секілді. Қазірдің өзінде жобалау жұмыстары басталған көрінеді.
– Данышпан Абайдан қалған: “Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің” деген бір аталы сөз бар еді. Ата-анам өмір бойы еңбек етіп, тер төккен, өмірден озған соң мәңгілік жәй тапқан, кіндік қаным тамып, қанатымды қатайтқан Таңсық ауылынан тартынатын мен емеспін. Қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Бар мақсатым, елімнің береке бірлігін, ынтымақты тірлігін сақтай отырып, үлкен-кішіге құрмет көрсету. Біздің әкелеріміз болаттай мықты, шегедей шымыр болды. Әкем әркез Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен мысал келтіріп әкеңнің емес, адамның баласы бол дейтін. Ол аз десең, ұлы ақын сияқты артыңа жақсы сөз, өнегелі іс қалдыр, сонда ғана өмірің ұзарады. Елің қадірлеп, ұрпағың мақтан етеді деп отыратын. Дәулет бітсе, айналаңды ұмытып аспанға қарама, адамдарға қарайлас дейтін. Мен ауылыма иненің жасуындай жақсылық жасасам, әкемнің аманатын орындадым деп ойлаймын. Ұл-қызыма әке сөзін жаңғыртып айтып, саналарына құюмен келемін. Әр әке өз үлгісін солай жалғастырса, ұлтымыз да, ұрпағымыз да азып-тозбайды, – деген Тоқтархан Қожағапанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылға қамқорлық жасау жөніндегі идеясына қуат күші барда үлесін қоса беретінін жеткізді.
Осы арада біз Тоқтархан Жұманұлы туралы оқырмандарға айта кетсек, артық бола қоймас дейміз. Ол мектеп бітіргеннен кейін ауылындағы мәшине-трактор стансасында темір жонушы, “Прибалхаш” тіресінде тас қалаушы, ағаш шебері болып жұмыс істепті. Еңбекте шыңдалған жас білімсіз алға ұмтыла алмайтынына көзі жеткен соң, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетке оқуға түсіп, инженер, бұрынғы КСРО Министрлер кеңесі жанындағы халық шаруашылығы академиясында білімін жетілдіріп экономист мамандығын алады. Осыдан кейін ұзақ жылдар банк саласында, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған. “Қазақалтын” тау-кен металлургия” ААҚ директорлар кеңесі төрағасы болса, қазір “Кредит Алтын банк” АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі. Тоқтархан Қожағапанов экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі, тәуелсіз Отанымыздың “Құрмет”, “Парасат”, сонымен қатар, халықаралық дәрежедегі “Сократ” ордендерінің иегері, Аягөз ауданының құрметті азаматы. Бұл оның ел алдындағы еңбегінің бағалануы десек, орынды болар.
Иә, еліне, одан кейін туған ауылына еңбек сіңірген өресі биік әкемен, заман қанша құбылып жатса да адамдық қасиетінен жаңылмай, ел-жұртын ұмытпай, оған қамқорлық жасап келе жатқан кешегі бала, бүгінгі ел ағасының жақсылығын айтқанда тіл ұшына Абайдың: “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол”, деген екі жол өлеңі оралады.
Сүлеймен МӘМЕТ.