Бас-басына би болған өңкей қиқым...
Абай.
Дүние базарының төрт бұрышының тынымсыз тіршілігінің тарылған тамырының соғысы осы күні жиілеп тұр. Адам баласы тойымсыз дүниенің қызығына түсіп, өз ақыл-ойымен де және өз қолымен де жасаған қызылды-жасылды, әлем-жәлем сол опасыз дүние үшін таласып, бірін-бірі орға да жығып, оққа да байлап, жан алысып, жан беріскен күй кешуде. Адам баласы дүниеге келгеннен кейін, ол мәңгілік пе, ол мәңгі өмір сүре ме?! Әрине, жоқ! Міне, осыны біле тұра, ұғына тұра жалған дүниенің бір сәттік қызығы мен рахаты үшін адам баласының сол опасыз дүниенің құрбаны болып жатқандығына алаңдай түсесің. Және де бұл алаңдаушылығымызға негіз де, себеп те бар ғой деп ойлаймын.
Дүние арсызданып барады. Бәлкім, бұған адам баласының өзі де кінәлі болар. Иә – кінәлі Адам! Бүгінгі күннің үрейлі дүниесінің бишігін үйірген барлар мен байлар және де бүгінгі күннің саясатын пәлсапасымен бірге қоса соғып жүргендер аралығындағы тіршіліктің ынсабы жоғалып кеткендігінен араны ашылған дүние адамы қалыптасып, ол тойымсыз күйге жетті. Әр халықтың бойындағы жаратылысымен жаратылған ар мен ұяттың өзегіне әр дәуірдің саясаты жегіқұрт болып түсті. Сол жегіқұрт кез келген халықтың өзіне ғана тән не бір асыл қасиеттерін жеп, жойып, тауысқан сыңайлы. Ең әуелі тіл кетті! Тіл кеткеннен кейін ұлттық сана кетті. Сана кеткеннен кейін ой тоқырады. Ой тоқырағаннан кейін адам баласы дүниенің жақсысы мен жаманына, асылы мен жасығына, өрі мен көріне тереңірек үңіліп, кеңінен байыпты ой көзін жіберуден қалып, қызығары жоқ қызыл дүниенің қызығын қуып кете барды.
Қазақта “дүние пәле” деген бір ауыз сөз бар. Сол өзіміз қуып жүрген дүние пәле адам баласының басына не бір зобалаң сойқанының сойылын да соғып-ақ жатыр. Шекемізден қан шығып, жағамыз жыртылып жатса да жалған дүниенің бір ақиқатын мойындағымыз келмейтіндігі тағы да бар. Дүниенің мәңгілік еместігін мойындамайынша, адам баласының ашылып кеткен аранын жабу да мүмкін емес. “Көз топыраққа ғана тояды”, – деген қазақы ой-пәлсапаның осы арадағы ақиқаттығын мойындамай көріңіз, кәне!
Адам баласы және дүние жайлы осы бір ой жетегінде жүріп, бүгінгі күні әлемнің тұс-тұсында, соның ішінде өзіміздің ежелгі қоңсыласымыз, былайша айтқанда бір ауыл, бір бауыр болып кеткен қырғыз халқының қазіргі ауыр жағдайын сана елегінен өткізгенді жөн санадық. Өз елінің, өз мемлекетінің билігіне бір емес, екінші қайтара риза болмаған қырғыздардың көшеге шығып, жолында кездескеннің бәріне тас атып, қиратып, өртегенінен кім ұтты, кім ұтылды?! Меніңше, қазір Мәскеуде жүрген Ақаев та, Минскіде жан сақтап отырған Бәкиев те ұтылған жоқ, ұтылған қырғыз халқының өзі! Және де ойсырап ұтылған қарапайым қырғыз халқының тағы да өзі! Бұл арада халықты қырғыз елінің билігіне қарсы алып шыққан саясатшылар да, “оппозиционерлер” де, түрлі партиялардың жетекшілері де ұтылған жоқ. Қазір әлем назары ауып отырған қырғыз еліндегі не бір сойқанды жағдайдан жапа шеккен, болмаса ажалын тапқан саясатшылардың, оппозиционерлердің, түрлі партиялардың жетекшілерінің, болмаса не өздерінің, не балалары мен туған-туысқандарының есімдерінің аталғанын естігеніңіз бар ма? Халықты көшеге шығуға итермелеп, жанып тұрған отқа май құйғандардың бәрі де дін аман. Әрине, аман болсын! Алайда, атылған оқ кімге тиді?! Атылған оқ қарапайым қырғыз баласының жүрегіне қадалды. Бұл қадалған оқ жалпы қырғыз халқының жүрегін қансыратып отыр. Мемлекетінің тағдырын қылға байлап қойды.
Қырғыздағы қырғын және осы елдің қасіретті жағдайы ең әуелі қазақ баласы – біздің өзімізге сабақ болуы керек. Тәуелсіз Қазақстанның әр жерінде болсын халықты көтергісі келіп, халықты көшеге шығарғысы келіп жүрген топтардың бар екендігі де осы күні жасырын емес.Тіпті, қырғыздардың көшеге шығып, қырғын салғандарына риза болып, сүйсініп жүргендер де кездесіп қалады. Былайша айтқанда, қазір қазақты да қырғыздың синдромы билеп бара жатқандай. Бұл біздің еліміз бен мемлекетіміз және халқымыз үшін аса қауіпті ой, ажалды синдром екендігін ұмытпағанымыз жөн. Халықты көшеге шығаруға үндеу, соған шақыру, сол әрекетке итермелеу қоғамға жасалып жатқан қылмыстың бір түрі деп бағалануы керек. Қарсылық, наразылық митингілерін өткізудің белгіленген заңдық тәртібі де бар. Алайда, наразы болудың және наразылық білдірудің соңы халыққа, мемлекетімізге, еліміздің тәуелсіздігіне зиянын тигізіп жүрмей ме деген мәселе барлық мүдделерден жоғары әрі биік тұруға тиісті. Қазір кез келген адамның, кез келген қоғамдық ұйымдар мен түрлі партиялардың сөзін де, ой-пікірлерін де тыңдап, елеп-ескеріп отырудың түрлі тетіктері бар екендігі де әркімге белгілі жағдай. Бірден ұрандап, көшеге шықпас бұрын, айтар ойың мен айтар сөзіңді билікке жеткізіп, ортақ бір мәмілеге келудің жағдайын ойласқаннан артық абзал іс бола қояр ма екен?! “Ашу соңыңда, ақыл алдыңда” жүрсін деген халқымыздың бір даналығына жүгінер тұс та, міне, осы! Көңіліміздегі алаң бір осы ойымызды айта отырып, тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңында Қазақстандағы барлық қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдарды, барлық қозғалыстар мен партияларды, этномәдени бірлестіктерді еліміздегі қалыптасып отырған тыныштықты, бірлік пен ынтымақты сақтау жөнінде ортақ бір мәмілесі бар меморандум жасауға шақырғым келеді. Бұл біздің түрлі көзқарастарымызға қарамастан, ел мен халық, мемлекет пен оның тәуелсіздігі алдындағы ұлы жауапкершілігімізді сезінгендік болар еді.
Қазақ елінің тәуелсіздігінің жиырма жылға жетер-жетпес кезеңінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған қазақстандық қоғам әлемдік аренадан өзінің абыройлы орнын ала білгендігі дау тудырмайтын ақиқат нәрсе. Қазақстанның бұл күндері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырғандығының өзі біздің осы айтқанымыздың нақты бір мысалы болса керек. Ендігі арада тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі абыройын төгіп, басымызға қонған бақты үркітіп алып жүрмейік. Ел мен мемлекеттің абыройы және Қазақстанды мекендеп отырған барша ұлттар мен ұлыстардың, соның ішінде қазақ деген қаймана халықтың бақыты өз қолымызда екендігін ұғына білейік. Олай болса, абыройымызды өзіміз шашпайық, басымыздағы бақты да өзіміз теппейік! Киесі атар!
Маған азамат және ұрпақ өсіріп отырған адам ретінде елімнің тыныштығы дүниенің барлық байлығынан да артық әрі қымбат екендігін айтқым келеді. Осы күні аштан өліп, көштен қалып жатқан ешкім жоқ. “Кедей бай боламын, бай құдай боламын”, деген арсыз заманның тойымсыз құлқынының құлы болғандар бар болса, тәубесіне келсін, шүкіршілік етсін, дүние байлығын жинап та, жеп те тауыса алмайсың және ежелден бергі ақиқат өзіңмен бірге еш нәрсені ала да кетпейсің дегенді осы арада айтқанды жөн санадық.
Абай хакімше “Түбін ойлап, уайым жеп айтамын”, дей отырып, осы күні көрші қырғыздағы қырғынға қызығып, еліріп жүргендерден сақ болайық және мұндай елірме есерлерге қазақ қоғамы жаппай қарсы тұруымыз керек. Тыйым салуға тиістіміз. Тіпті, мұндай пиғылдағыларға заң жүзінде тосқауыл қойғанның да артықшылығы болмас еді. Әрине, сөз бен әрекеттің бостандығы қымбат шығар, бірақ бәрінен бұрын елдің бірлігі, халқымыздың тыныш та алаңсыз өмір сүрері бәрінен артық, бәрінен де қымбат болуға тиісті. Осыны ойлайық!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты.
КӨКШЕТАУ.