Әңгіменің ашығын айтсақ, еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін тіктегелі халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс-тіршіліктері жыл санап жақсарып-ақ келеді. Елбасының тікелей нұсқауымен халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру күн тәртібінен түскен емес. Айтқандай, Сыр аймағының әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарып, сырбойылықтардың тұрмыс деңгейі де жоғарылап барады. Десе де, еліміздің қайсыбір аймағында болмасын тұрмыс тауқыметін тартып отырған тұрмысы төмен отбасылар да жоқ емес. Содан да осындай аз қамтамасыз етілген отбасыларына көмек қолын созу, қайырымдылық шараларын жасау қажеттілікке айналып отыр. Бізге түскен деректерге жүгінер болсақ, Қызылорда қаласында әлеуметтік жағдайлары аз қамтамасыз етілген 208 жалғызбастылар мен мүгедектер есепке алынған.
Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың тікелей бастамасымен республикалық “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы аясында “Сыр мейірімі” атты жоба шұғыл қолға алына бастады. Бұл жоба аясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанындағы “Ардагерлер үйі” мемлекеттік мекемесі мен “Тұрмысы төмен отбасыларын қолдау жөніндегі аймақтық қор” аз қамтылған мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстарды жоспарлы жүргізуді межелеп отыр. Атап айтар болсақ, “Сыр мейірімі” жобасы аясында жалғызбастылар мен мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандар мен төсек тартып жатқандарға күн сайын ыстық тамақ беруді ұйымдастыру, жоғарыда айтқандай, төсек тартып жатқандарға, болмаса жүріп-тұруында қиындығы бар азаматтардың үйіне де ыстық тамақтарды жеткізіп беру, “Бір отбасы – екінші отбасына” атты қайырымдылық акциясын өткізіп, оларды қажетті киім-кешекпен қамтамасыз ету қарастырылған. Осы қайырымдылық акциясы аясында қаладағы 150 жалғызбастылар мен мүгедектерге екі ай бойы түскі ас берілмек. Түскі ас Қызылорда қаласының 3 аймағында, атап айтар болсақ, Тасбөгет, Титов, Шанхай кенттеріндегі “Болашақ”, “Бақыт”, “Арман” атты мейрамханалардың әрқайсысында 50 адамға беріледі. Ал, қимыл-қозғалыстары өте нашар 90 азаматтың үйіне ас-ауқат жеткізіп берілмек. Сондай-ақ, ай сайын “Бір отбасы – екінші отбасына” атты қайырымдылық акциясы өткізіліп, тұрмысы аса төмен отбасыларын киім-кешекпен қамтамасыз ету де қолға алынып жатыр.
Күні кеше облыс әкімі Б. Қуандықовтың қатысуымен Тасбөгет кентіндегі “Арман” мейрамханасында “Сыр мейірімі” жобасы аясындағы әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген азаматтарға берілген түскі астың куәсі болдық. Сол күні үйіне кіріп-шыға алмайтын 90 азаматқа да ыстықты сақтайтын ыдысқа құйылған түскі тамақ жіберілді. Түскі асқа келген тұрмысы төмен отбасыларының әлжуаз жандары көздеріне жас алып, қамқор қолдарын созып жатқандарға деген жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
– Елбасымыздың басты бақылауында тұрған “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы аясындағы “Сыр мейірімі” жобасы ай өткен сайын аясын кеңейте бермек. Сыр аймағындағы тұрмысы төмен отбасыларын әлі де анықтау, олардың бірде-біреуін назардан тыс қалдырмау – біздің басты борышымыз, – дейді облыс әкімі Б.Қуандықов.
Еркін ӘБІЛ. ҚЫЗЫЛОРДА.
“ВИДЕРГЕБУРТ” – БАУЫРЛАСТЫҚ БАСЫНДА
Қарағанды аймағында құрылған ұлттық-мәдени орталықтардың алғашқысы саналатын бұл қоғамдық бірлестікке былтыр 20 жыл толды. 10 мыңнан астам жергілікті неміс отбасылары ынтымағын көрші-қолаңдарымен, ұжымдастарымен, тілектестерімен ұйыстырып, тілі мен мәдениетінің, өнері мен салт-дәстүрінің жаңғыруына, өсіп-өркендеуіне ұйытқы болып жүрген оның қанаттас буындары барлық аудандарда, қалаларда ұдайы белсенді іс-қызметі арқылы көзге түсіп келеді. Биыл Германияның Қазақстандағы жылына байланысты мақсат ортақ, мүдде бір тағдырлас отандастарға арналған қызғылықты шаралар одан сайын көп белгіленген. Осы орайда “Видергебурт” мәдени-қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Ирина Кениг ханыммен тілдескенімізде былай деп әңгімені жалғастырып әкеткен-ді.
Жақында К.С.Станиславский атындағы орыс драма театрында өндірісті өңірде орнығу, жерсіну, байырғы тұрғылықты халықпен туыстасып, бауырласып кеткен өмір, еңбек жолдары, өзіндік ұлттық ерекшелікті сақтап қалу туралы ұйымдастырылған кітаптар, фотосуреттер, деректі құжаттар көрмесін көрушілер біраз жайға қанықты. Шығармашылық топтардың өнері неміс этносының мәдениеті мәуелілігін көрсетті. Ол бір жағынан екі жыл сайын өткізіліп тұратын “Неміс мәдениеті күндері” фестиваліне жақсы дайындық болды. Осының алдында Павлодарда өткен аталған шарада біздің бірлестік бірінші орынды иемденген еді, – деген Ирина Густавовна ұлттық үрдісті дамытуға барлық жағдай жасалып отырғандығына разылық білдірді.
Сонымен қатар сөз орайында ортаға салғанындай, қарағандылық немістердің кезінде тарихи отандарына көптеп оралуына сәйкес сандары азайып, қатарлары сиреп қалғанымен, еңбекқор, тәртіпті, міндетке берік жұрттың беделі еш олқы тартқан жоқ. Аймақтың мәдениетін, экономикасын өрлетушілердің сапында немістер қалыптағыдай бас шепте. Мәселен, олар басымырақ шоғырланған Саран қаласындағы екі фольклорлық ансамбль өнері алысқа мәлім. Ал теміртаулық, жезқазғандық, балқаштық немістер арасынан қашанғыдай өндіріс майталмандары, білгірлері көп шығып, жұмысқа ыждағаттылықтың үлгі-өнегесі болып отыр.
“Видергебурт” қазақшалағанда қайта өрлеу деген мағынаны білдіреді. Шынында атына заты сәйкестей. Әнебір уақытта жоғалып кете жаздаған тіл, әдет-ғұрып, мәдениеттің бүгінгі бүр жаруын өткендегімен еш салыстыруға келмейді. Балдырғандардың алдымен тілдерін ана тілінде сындыруына жол ашық, мүмкіндік кең. Германия мен Қазақстан арасында тамыр жайған екіжақты ынтымақтастық ниет ізгілігін тереңдете түсуде.
Бұл күнде облыстағы этно-мәдени бірлестіктің бәрі “Видергебурт” тәжірибесін тәлім тұтады. Еліміздің туысқандықты, тұтастықты ұстанған саясатын әу бастан қолдап, нығайтуға үлесін аянбай қосып келе жатқан бірлестік белсенділігі Германияның Қазақстандағы жылында жаңа қырынан жарқырай таныла түсуде.
Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.