• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2010

“СЫР МЕЙІРІМІ” – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БАСТАУЫ

759 рет
көрсетілді

Әңгіменің ашығын айтсақ, еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін тіктегелі халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс-тіршіліктері жыл санап жақсарып-ақ келеді. Елба­сы­ның тікелей нұсқауымен ха­лық­тың әлеуметтік жағдайын арттыру күн тәртібінен түскен емес. Айт­қан­дай, Сыр аймағының әлеумет­тік-экономикалық жағдайы да жақ­сарып, сырбойылықтардың тұр­мыс деңгейі де жоғарылап бара­ды. Десе де, еліміздің қайсыбір ай­мағында болмасын тұрмыс тау­қы­ме­тін тартып отырған тұрмысы төмен отбасылар да жоқ емес. Содан да осындай аз қамтамасыз етілген отбасыларына көмек қол­ын созу, қайырымдылық шара­ла­рын жасау қажеттілікке айналып отыр. Бізге түскен деректерге жү­гінер болсақ, Қызылорда қала­сын­да әлеуметтік жағдайлары аз қам­тамасыз етілген 208 жалғыз­бас­тылар мен мүгедектер есепке алынған. Облыс әкімі Болатбек Қуанды­қов­тың тікелей бастамасымен рес­публикалық “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы аясында “Сыр мейірімі” атты жоба шұғыл қолға алына бас­тады. Бұл жоба аясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы жанындағы “Ардагерлер үйі” мем­лекеттік мекемесі мен “Тұр­мы­сы төмен отбасыларын қолдау жөніндегі аймақтық қор” аз қам­тылған мұқтаж жандарға әлеу­мет­тік қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстарды жоспарлы жүргізуді межелеп отыр. Атап айтар болсақ, “Сыр мейірімі” жобасы аясында жалғызбастылар мен мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандар мен төсек тартып жатқандарға күн сай­ын ыстық тамақ беруді ұйым­дас­тыру, жоғарыда  айтқандай, төсек тартып жатқандарға, болмаса жү­ріп-тұруында қиындығы бар аза­маттардың үйіне де ыстық тамақ­тарды жеткізіп беру, “Бір отбасы – екінші отбасына” атты қайы­рым­дылық акциясын өткізіп, оларды қажетті киім-кешекпен қам­тамасыз ету қарастырылған. Осы қайырымдылық акциясы ая­сында қаладағы 150 жалғыз­бас­ты­лар мен мүгедектерге екі ай бойы түскі ас берілмек. Түскі ас Қы­зыл­орда қаласының 3 аймағында, атап айтар болсақ, Тасбөгет, Титов, Шанхай кенттеріндегі “Болашақ”, “Бақыт”, “Арман” атты мейрам­ха­налардың әрқайсысында 50 адамға беріледі. Ал, қимыл-қозғалыстары өте нашар 90 азаматтың үйіне ас-ауқат жеткізіп берілмек. Сондай-ақ, ай сайын “Бір отбасы – екінші отбасына” атты қайырымдылық ак­циясы өткізіліп, тұрмысы аса тө­мен отбасыларын киім-кешекпен қамтамасыз ету де қолға алынып жатыр. Күні кеше облыс әкімі Б. Қуандықовтың қатысуымен Тас­бө­гет кентіндегі “Арман” мейрам­ха­насында “Сыр мейірімі” жобасы аясындағы әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген азаматтарға бе­рілген түскі астың куәсі болдық. Сол күні үйіне кіріп-шыға алмай­тын 90 азаматқа да ыстықты сақ­тай­тын ыдысқа құйылған түскі та­мақ жіберілді. Түскі асқа келген тұр­мысы төмен отбасыларының әлжуаз жандары көздеріне жас алып, қамқор қолдарын созып жат­қандарға деген жүрекжарды лебіздерін жеткізді. – Елбасымыздың басты бақы­лауында тұрған “Бірлігіміз жарас­қан!” акциясы аясындағы “Сыр мейірімі” жобасы ай өткен сайын аясын кеңейте бермек. Сыр айма­ғындағы тұрмысы төмен отба­сы­ларын әлі де анықтау, олардың бір­де-біреуін назардан тыс қал­дыр­мау – біздің басты борышы­мыз, – дейді облыс әкімі Б.Қуандықов. Еркін ӘБІЛ. ҚЫЗЫЛОРДА. “ВИДЕРГЕБУРТ”  – БАУЫРЛАСТЫҚ БАСЫНДА Қарағанды аймағында құрыл­ған ұлттық-мәдени орталықтардың алғашқысы саналатын  бұл қоғам­дық бірлестікке былтыр 20 жыл толды. 10 мыңнан астам жергілікті неміс отбасылары ынтымағын көр­ші-қолаңдарымен, ұжымдас­тары­мен, тілектестерімен ұйысты­рып, тілі мен мәдениетінің, өнері мен салт-дәстүрінің жаңғыруына, өсіп-өркендеуіне ұйытқы болып жүрген оның қанаттас буындары барлық аудандарда, қалаларда ұдайы белсенді іс-қызметі арқылы көзге түсіп келеді. Биыл Герма­ния­ның Қазақстандағы жылына байланысты мақсат ортақ, мүдде бір тағдырлас отандастарға арнал­ған қызғылықты шаралар одан сай­ын көп белгіленген. Осы орай­да “Видергебурт” мәдени-қоғам­дық бірлестігінің үйлестірушісі Ирина Кениг ханыммен тілдес­ке­ні­мізде былай деп әңгімені жал­ғастырып әкеткен-ді. Жақында К.С.Станиславский атындағы орыс драма театрында өндірісті өңірде  орнығу, жерсіну, байырғы тұрғылықты халықпен туыстасып, бауырласып кеткен өмір, еңбек жолдары, өзіндік ұлт­тық ерекшелікті сақтап қалу ту­ра­лы ұйымдастырылған  кітаптар, фотосуреттер, деректі құжаттар көрмесін көрушілер біраз жайға қанықты. Шығармашылық топтар­дың өнері неміс этносының  мәде­ниеті мәуелілігін көрсетті. Ол бір жағынан екі жыл сайын өткізіліп тұратын “Неміс мәдениеті күн­дері” фестиваліне жақсы дайын­дық болды. Осының алдында Пав­ло­дарда өткен аталған шарада біз­дің бірлестік бірінші орынды ием­денген еді, – деген Ирина Гус­та­во­вна ұлттық үрдісті дамытуға  барлық жағдай жасалып отырған­дығына разылық білдірді. Сонымен қатар сөз орайында ортаға салғанындай, қарағандылық немістердің кезінде тарихи отан­дарына көптеп оралуына сәйкес сандары азайып, қатарлары сиреп қалғанымен, еңбекқор, тәртіпті, міндетке берік жұрттың беделі еш олқы тартқан жоқ. Аймақтың мә­дениетін, экономикасын өрлетуші­лер­дің сапында немістер қалып­та­ғыдай бас шепте. Мәселен,  олар басымырақ шоғырланған  Саран қаласындағы екі фольклорлық ансамбль өнері алысқа мәлім. Ал теміртаулық, жезқазғандық, бал­қаш­тық немістер арасынан қашан­ғыдай өндіріс майталмандары, біл­гірлері көп шығып,  жұмысқа ыж­дағаттылықтың үлгі-өнегесі болып отыр. “Видергебурт” қазақшалағанда қайта өрлеу деген мағынаны біл­діреді. Шынында атына заты сәй­кестей. Әнебір уақытта жоғалып кете жаздаған  тіл, әдет-ғұрып, мә­де­ниеттің бүгінгі бүр жаруын өт­кендегімен еш салыстыруға кел­мей­ді. Балдырғандардың алдымен тілдерін ана тілінде сындыруына жол ашық, мүмкіндік кең. Гер­ма­ния мен Қазақстан арасында та­мыр жайған екіжақты ынтымақ­тас­тық ниет ізгілігін тереңдете түсуде. Бұл күнде облыстағы этно-мәдени бірлестіктің бәрі “Видер­гебурт” тәжірибесін тәлім тұтады. Еліміздің туысқандықты, тұтас­тықты ұстанған саясатын әу бастан қолдап, нығайтуға үлесін аянбай қосып келе жатқан бірлестік бел­сенділігі Германияның Қазақ­стандағы жылында жаңа қырынан жарқырай таныла түсуде. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.