Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзі ықшамдалып беріліп отыр
...Біз дағдарыс кезеңінде Елбасының қойған міндеттерін Үкіметтің орындап шыққанын және ол өз қызметінде экономиканың осал секторларын дамытуға баса назар аударғанын атап өтеміз. Бұл ретте, атқарушы билік тұрғын үй құрылысында және жұмыспен қамту саласында жағдайдың күрт төмендеуіне жол бермей, банк секторындағы проблемаларды шешіп, елімізде белгілі бір дәрежеде макроэкономикалық тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етті. Әрине, бұған республикалық бюджеттің Ұлттық қордан қосымша алған 1 трлн. 105 млрд. теңгенің ықпалының бар екенін айта кету керек, деп бастады сөзін О.Өксікбаев.
Әлемдегі қаржы саласындағы және экономикадағы дағдарыстың әсері еліміздің бюджетін атқарудың қорытындысына ықпалын тигізбей қойған жоқ. Дегенмен, осы жағдайда Үкімет есепті жылы Республикалық бюджет туралы заңды іске асыру кезінде бірқатар кемшіліктер мен олқылықтарға жол берді, соның салдарынан бар резервтердің көзі ашылмай қалды. Біздің пікірімізше, бұл, жекелеген салалардың одан әрі дамуына және әлеуметтік міндеттерді сапалы шешуге теріс ықпалын тигізді. Аталмыш мәселелер түпкілікті нәтижеге бағдарланған бюджетті қалыптастыру және атқару кезінде ескерілуі тиіс деп ойлаймыз. Сондықтан, баяндамамда бюджеттің атқарылуы жөніндегі жекелеген проблемалық мәселелер бойынша біздің түбегейлі көзқарасымызды айқындап өтуге рұқсат етіңіздер.
Атап айтқанда, бюджеттің кіріс бөлігінің түсімі жаңа Салық кодексінің нормалары алғаш іске асырылған жылы қалыптасып отыр, деп жалғады сөзін О.Өксікбаев. Аталған заңнамада салықтардың негізгі түрлерінің ставкалары төмендетілген. Бастапқы бекітілген көрсеткіштің төмендеуіне байланысты, кірістердің нақтыланған жоспары нөл бүтін оннан төрт пайызға, салық түсімдерінің болжамдық көрсеткіштері 5%-ға артық орындалды. Алайда, есепті жылы бюджеттің екі мәрте нақтыланып, 19 рет түзетілгеніне қарамастан, болжамдық көрсеткіштер корпоративтік табыс салығында – екі бүтін оннан төрт пайызға, әкелінген тауарларға кедендік баж салығында – бес бүтін оннан бір пайызға, импортталатын тауарларға жекелеген акциз түрлерінде он алты бүтін оннан сегіз пайызға орындалмай қалды.
Салық түсімдеріне, бір жағынан, шаруашылық субъектілерінің іскерлік белсенділіктерінің төмендеуі, екінші жағынан, салық ставкаларының төмендетілуі әсер еткені бәрімізге белгілі жәйт. Әрине, Үкіметтің дағдарыс жағдайындағы негізгі шараларының бірі салық ставкаларын төмендету болды. Біріншіден, салық міндеттемесінен босатылған қаражатты өз бизнесін дамытуға бағыттау арқылы шикізаттық емес сектор кәсіпорындарының қызметін ынталандыруы қажет еді. Екіншіден, ең бастысы, көлеңкелі нарыққа қатысушыларды өз қызметін заңды негізде жүргізіп жатқан “адал” бизнеске шығарып, республиканың салық базасын ұлғайту көзделген болатын. Алайда, біздің талдауларымыз көрсеткендей, шаруашылық субъектілерін “көлеңкеден” шығару үшін қолданылып жатқан шаралар әлі де жеткіліксіз болып отыр.
Жалған кәсіпкерлік қызметі артып, бюджеттің шеккен шығыны ұлғая түсуде, деп бір қайырды сөзін О.Өксікбаев.
Мәселен, 2008 жылы ол 81 млрд.теңге болса, 2009 жылы 25%-ға өсіп, 101,2 млрд. теңгені құрады. Ал бұл тек тексерулермен ғана анықталған. Салық органдары осы шығындардың тек бір бөлігін, яғни 21,3 млрд.теңгесін ғана қалпына келтірген. Түсімдерде пайдалана алмаған мүмкіндіктерді көрсететін факторлардың бірі – салық төлеушілердің берешегі. Берешектерді бюджетке өндіріп алу жөнінде тиімсіз шаралар қолданылуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда, 2010 жылдың басына бересі 24 пайызға артып, 100 млрд.-тан астам теңгені құрады. Бұл ретте берешегі бар салық төлеушілердің саны 38 пайызға артып, 288 мың субъектіге жеткен. Салық органдарының қосымша есептелген салықтарды бюджетке өндіріп алуы төмен деңгейде. 250 млрд.-тан астам теңге қосымша есептеліп, соның 7,4 млрд. теңгесі немесе 3 пайызға жуығы ғана бюджетке өндіріп алынған.
Ал енді республикалық бюджеттің шығысына келсек, Үкімет есепті жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің шығыс бөлігін 98,2%-ға орындаған, 60 млрд.теңгені игермегендігін атап өтеміз. Республикалық бюджеттің 510,9 млрд. теңгелік тапшылығын өтеу үшін 609,8 млрд. теңге мемлекеттік қарыз тартылса, Үкіметтің осы жылғы сыртқы қарызына қызмет көрсетуге 69 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған. Мәселен, есепті кезеңде 39,7 млрд. теңге нысаналы трансферт игерілмеген, бұл өткен жылдың деңгейінен 4 есе көп.
О.Өксікбаев баяндамасында өткен жылдың бюджетіне қатысты басқа да бірқатар проблемалы мәселелер орын алғанын атап көрсетіп, қорытындылар негізінде бюджет үдерісін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар кешені әзірленгенін жеткізді. Депутаттардан оларды қолдауды сұрады.