• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2010

ӘЛЕМДІ ӨНЕРІМЕН ӘЛДИЛЕГЕН

671 рет
көрсетілді

АЙМАННЫҢ ШЕБЕРЛІГІНЕ ЕУРОПА ТАҒЫ ДА ТӘНТІ БОЛДЫ Биыл еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Осы айтулы оқиғаға орай жуырда “Вена-Рим-Париж-Москва” Еуропалық концерттік туры болып өтті. Үлкен табыспен өткен осынау жобаның бастамашысы Қазақстанның халық әртісі, ҚазҰӨУ ректоры Айман Мұсақожаева болатын. Айманның орындаушылық шеберлігі мен өнері тек республикамызға ғана емес, шетел­дерге де кеңінен танымал. Үлкен табыспен өткен турда Қазақ ұлттық өнер университетінде өзі негізін қалаған Еуразиялық симфониялық оркестр Ресей Федерациясы, Қазақстан Рес­публикасы және Татарстан Республикасының халық әртісі Фуат Мансуровтың дирижерлік етуімен өнер көрсетті. Орайы келгенде айта кетсек, 2008 жылдың сәуір айында Қа­зақ ұлттық музыка академия­сы­ның 10 жылдығына орай, “Ве­на-Прага-Будапешт” халық­ара­лық туры жобасы аясында осы оқу орнының негізін қалаған А.Мұсақожаеваның қаты­суы­мен және КСРО халық әртісі Сау­люса Сондецкистің дири­жер­лік етуімен студенттік сим­фо­ния­лық оркестр концерт бер­ген бо­­ла­тын. Ал биыл ол өзінің сту­денттік ұжымымен бірге Вена (Musіkvereіn, Golden Saal кон­церт залы), Рим (“Santa – Ce­cіlіa” консерватория­сы­ның кон­церт залы), Париж (“Gaveau” концерт залы), Мәскеу (П.И.Чай­ковский атындағы мемлекеттік консерваториясының үлкен залы) сияқты қалаларда өнер көрсетті. Елбасы бас­тамашы бол­­­ған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарла­ма­сының іске асырылуы Қазақстан музыкант­тарының Еуропалық турына сәйкес келіп отыр деп нақты айта аламыз. Қазақ ұлт­тық өнер университеті студенттерінің Еура­зия­лық симфониялық оркестрінің осылайша тамаша өнер көрсетуі классикалық музыканы сүйсіне тыңдаушылар мен шынайы бағалау­шы­лардың, Қазақстанның Австралиядағы, Ита­лия­дағы, Франциядағы және Ресейдегі елші­лігінің қолдауымен өткізілгенін айта кеткен жөн. Айман Қожабекқызы және Фуат Ман­су­ров сынды тұлғалардың жетекшілігімен өткен Еу­разиялық симфониялық оркестрдің кон­церт­теріне қатысқандар үшін бұл кештер ұмы­тыл­мастай әсер қалдырды. Оған бұл концерттердің аншлагпен өткені толық дәлел бола алады. А.Мұсақожаева зор шығармашылық дары­ны­мен, жарқын әртістік ерекшелігімен П.И.Чай­ковский, К.Сен-Санс, А.И.Хача­ту­рян­ның скрипкаға арналған шығармаларын орын­даумен қатар, еліміздің еңбек сіңірген қай­рат­кері Серік Еркімбековтің симфониялық ор­кестр мен домбырашылар ансамбліне, скрипка­ға арналған шығармаларын да талғампаз қауым назарына ұсынды. Орындаушылық шеберлі­гімен қатар ол жоғары оқу орнының ректоры ретінде де батыс пен шығыс арасындағы шы­ғар­машылық қарым-қатынастарды, халық­ара­лық байланыстарды жетілдіруде орасан зор мін­деттер атқарып жүр. Оны мемлекеттер ара­сын­дағы қарым-қатынастардың нығаюына сү­б­елі үлес қосып жүрген мәдениет елшісі десек те болады. Осы орайда шетелдік музыканттар қауымы оның Қазақстандағы музыкалық мә­дениетті дамытудың жаңа бағыттарын анық­таудағы батыл қадамдары мен ерекше дарынын ізгі ниетпен және құрметпен атап өтті. Еуропаның төрт қаласы мен Ресейде өткі­зілген кең ауқымдағы концерттік бағдарлама бір-біріне ұқсамайды. Айман өз репертуарына әлемдік классикалық шығармаларды ғана емес, әр кезеңде өмір сүрген Қазақстан компози­тор­ларының туындыларын да енгізген десек, Венаның Musіkvereіn, Golden Saal концерт залында А.Мұсақожаеваның қатысуымен Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразиялық сим­фо­ниялық ор­­­­­кестрі берген (ди­рижері Ф.Ман­сұров) концерттің бірінші бө­лі­мінде Е.Бруси­лов­скийдің “Ду­дарай” операсынан увер­тюра, С.Еркімбековтің “Ал­тын-Арқа” оркестрлік ал­ле­гро­сы, Ж.Би­зе­нің “Воспоминание о Риме” шы­ғармалары орын­дал­­са, екін­ші бөлімінен П.И.Чай­­­­ков­­ский­дің оркестр мен скрип­каға ар­нал­ған концерті және “Италь­ян­ское каприччио” сын­ды та­ны­мал шығармасын да өнер­­сүйер қауым жылы қабыл­дады. Венадағы концертке ЕҚЫҰ өкіл­­дері қатысты, сон­дай-ақ танымал музыканттар – Вена университеті консервато­рия­сы­ның ректоры Ранко Мар­кович, профес­сор Г. Виниш­хо­фер, Л.Со­роков және тағы бас­қа­лар арнайы келді. Олар қазақ­стан­­дық музы­кант­тардың орын­дау­шылық ше­бер­лігінің же­тістіктері туралы ерекше шабытпен әңгімеледі. Концерт одан әрі Рим қаласында өз жал­ға­сын тапты. Осы шығармашылық кештен кейін “Santa-Cecіlіa” консерваториясының ректоры Едда Силвестри (Италия) және ҚазҰӨУ ректоры А.Мұсақожаева екі оқу ор­ны­ның шығармашылық және мәдени қарым-қатынасы туралы меморандумға қол қойды. Соған орай, “Santa-Cecіlіa” консер­ва­то­риясының концерт залында университеттің жас­тар шығармашылық ұжымының концерті бо­л­ды. Сондай-ақ фольклорлық ансамбль ор­ындаушыларының сүйемелдеуімен өнер шебері Лейла Махаттың кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнер көрмесінің тұсаукесері өт­кізілді. Концерт Қазақстан композитор­ла­ры­ның шығармаларымен ашылды. Қазақстандық музыканттардың кәсіби шеберлігіне ТМД ел­дерінің (Белоруссия, Өзбекстан) дипломатия­лық корпусының қызметкерлері, шетелдік қонақтар, Италияда тұратын қазақ азаматттары, консерватория студенттері, өнерсүйер қауым тәнті болып, концертті ерекше сүйсіне тың­дады. Айта кететін бір жәйт, Айман Қожа­бекқызының орындауындағы Е.Рахмадиевтің “Дайрабай” симфониялық күйі, “Шат” дом­бырашылар ансамблі мен Еуразиялық сим­фониялық оркестрінің орындаушылық ше­бер­ліктері де жұртшылықты таңдандырып, үлкен әсерде қалдырды. Концерттің екінші бөлімінде жоғары кәсіптік деңгейде “Валенсианская вдова” Лопе де Вега пьесасының музыкасына сюита және А.Хачатурянның оркестр мен скрип­каға арналған концерті А.Мұсақожае­ва­ның өңдеуінде орындалды. Одан әрі сұлулық астанасы Париждің “Gaveau” концерт залы біздің музыканттарға өз есігін айқара ашты. Бұл концерттер Франция мәдениет министрлігі және Париждің 8 округ мэрінің көмегімен атқарылды. Бірқатар белгілі шығармалармен қатар, осында алғаш рет С.Еркімбековтің “Минарет” атты симфония­лық туындысы ойналды. Оны қылқобызда халықаралық байқаулардың лауреаты Г.Сар­ғызова орындаса, концерттің екінші бөлімі А.Ха­чатурянның аспаптық музыкасына арнал­ды. Оның скрипкалық концертін орындаған А.Мұсақожаева бұл жолы да өзінің орындау­шылық биік деңгейін көрсете білді. Еуропалық турдың соңғы ноталары П.И.Чай­ковский атындағы Мәскеу мемлекеттік кон­­серваториясының Үлкен залында қалық­тады. 1976 жылы да осы сахнада скрипкашы Айман Қожабекқызы Фуат Мансуровтың дирижерлік етуімен П.И.Чайковскийдің скрип­калық концертін ойдағыдай орындаған бола­тын. Ол кезде мен бірінші скрипка партиясын орындаған едім. Ал КСРО халық әртісі Ғазиза Жұбанова консерватория ректоры болған-тын. Енді, міне, араға 34 жыл салып, П.И.Чай­ков­скийдің оркестр мен скрипкаға арналған ең сүйікті концертін ор­ындай отырып, өнердің хас шебері А.Мұса­қожаева басқаратын консерва­тория ұжымы сол оқиғаны қайталады. Бір айырмашылығы, атақты дирижер Ф.Мансу­ровтың басқаруымен Қазақ ұлттық өнер уни­верситеті Еуразиялық симфониялық оркес­трімен бірге Айманның өзінің ойнағандығы. Скрипкашының айтуынша, Мәскеудегі Үлкен зал ол үшін өте қымбат. Өйткені, 1986 жылы осы залда өнер көрсеткен ол П.И.Чайковский атындағы халықаралық скрипкашылар бай­қауының лауреаты атанған еді. Ал сол жолғы орындау Мәскеу консер­ва­то­рия­сының профессорлық-оқытушылар құрамының алдындағы ерекше есебі іспеттес болды. П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консер­ваториясының Үлкен залында Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің орындауын­дағы шығармаларды тыңдаған жұртшылық мен қонақтардың айтуынша, бұл жеңіске пара-пар музыкалық кеш болды. Көрермендер ұзақ уақыт бойы біздің орындаушыларды қоше­метпен сахнадан жібермеді. Осы сапар барысында Мәскеудегі М.С.Щеп­кин атындағы Жоғары театр училищесі, В.И.Су­риков атындағы Мәскеу мемлекеттік акаде­миялық көркем институты және Қазақ ұлттық өнер университеті арасында мәдени ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойылды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Ресейдегі Қазақстан елшілігінің шақыруы бойынша елімізге еңбегі сіңген қайраткер А.Мұхитдинов пен Ресейдің халық әртісі Ф.Мансуровтың ди­рижерлік етуімен Зеленоград қаласы, Крюково селосында симфониялық оркестр концерт берді. Бұл концерт соғыста өлген жауынгер­лер­ді мәңгі есте сақтауға, халықтардың достығына арналуымен ерекшеленді. Дәл осы жерде біздің жерлестеріміз генерал Панфиловтың басқаруы­мен шабуылға шыққан болатын. 1941 жылы Фуат Шәкірұлы Үлкен театрдың дирижері ретінде үрлемелі оркестрінде ойнаған екен. Ол Агапкиннің маршы “Прощание славянкиді” орындауымен жауынгерлерді майданға шыға­рып салыпты. Осы концертте маэстро өз дири­жерлігімен сол жылдардың үнін қайта жаңғыр­тып, маршты ойнады. Соғыс жылдарының әні халықаралық байқаулардың лауреаты Азамат Жылтыркөзовтың орындауында да айтылды. “Вена-Рим-Париж-Мәскеу” Еуропалық кон­церттік турын еліміздің классикалық му­зыка саласында халықаралық деңгейге шығып, үлкен құрметке ие болуының бір дәлелі ретінде айтуымызға әбден болады. Дана ЖҰМАБЕКОВА, өнертану ғылымының кандидаты, доцент.