Алматыда еліміздің білім беру жүйесін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылаған кеңес болып өтті.
Жиында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бұл жобаның республиканың білім беру жүйесінде осыншалықты ұзақ мерзімге арналған бірінші стратегиялық құжат екендігін атап көрсетті. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы білім берудің бүкіл жүйесін жетілдіре жаңаландыруды көздейді. Ол жаңашылдық үдерістері қаржыландыру саласын да, сондай-ақ мұғалімнің мәртебесін көтеруге, басқаруға, ақпараттандыруға, білім мазмұнына байланысты толып жатқан басқа мәселелерді де қамтиды.
Айталық, білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлеу педагог біліктілігін көтеру ісіне ваучерлік қаржыландыруды енгізуді қарастырады. Бағдарлама қабылданғаннан кейін мұғалімдер өзінің кәсіби деңгейін жетілдіретін оқу немесе ғылым мекемесін өздері таңдайды.
Мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру жайына келсек, Ж.Түймебаев бұл орайда педагогтардың орташа жалақысын еліміздегі орта жалақы деңгейіне жеткізу жоспарланып отырғандығын мәлім етті. Сондай-ақ оқыту кезінде ағылшын тілін пайдаланатын пән мұғалімдерінің санын көбейту көзделуде. 2015 жылға дейін оларды мұғалімдердің жалпы санының 15 пайызына, 2020 жылға қарай 30 пайызына дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Министр Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кешегі Шетел инвесторлары кеңесінің отырысында соңғы 15 жылда қазақстандық рынокта әлемнің ең белгілі компаниялары белсенді жұмыс істеп жатқандығы айтылғандығын еске салды. Бірақ олар дәл бүгінгі күнге дейін кадр мәселесінде үлкен қиыншылықтарды бастан кешіруде. Өкінішке орай, біздің жоғары оқу орындарымыздың, кәсіптік лицейлер мен колледждеріміздің көпшілігі оларды халықаралық стандарттарға жауап бере алатын деңгейдегі мамандармен қамтамасыз етерлік жағдайда емес. Бұл жайларды Ж.Түймебаев қынжыла тілге тиек етті.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы кеңесте келелі талқыға түскеннен кейін Білім және ғылым министрі жиынға қатысқан барлық жоо-лардың, облыстық және аудандық оқу бөлімдерінің басшыларын, атақты ғалымдар мен жаңашыл ұстаздарды осынау құжатты өз ұжымдарында талқылап, оны жақсарту үшін нақты ұсыныстар беруге шақырды. Министрдің сөзіне жүгінсек, білім беру саласын дамыту жалпы қоғамды дамыту деген сөз. Сондықтан, талқылау неғұрлым салиқалы болса, жаңа бағдарлама қоғамның арман-үмітіне соғұрлым сай келіп, жас ұрпақты білімнің жаңа белесіне жетелемек.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.