Көкшеде Қазақстан халқының бірлігі мерекесін Тәуелсіздік алаңында қарсы алу дәстүрі қалыптасқан. Биылғы мереке “Біз – Қазақстан халқымыз” атты хореографиялық кіріспемен басталғаны, көк төсінде қуанышты көңілдердің жаршысындай, ақ қанат көбелектер қалықтағаны өзіндік бір әдемі жарасып тапқан-тын.
Қуанатын да жайымыз бар еді. Жылымыз жақсы басталды. Облыста жаңадан 1640 жұмыс орны құрылып, еңбекақының жалпы көлемі 10,8 пайызға артты. Бұқараны қозғалысқа түсірген шағын және орта бизнес нысанында 35 мың адам тұрақты табыс табуда. Елбасы Жолдауымен жігерленген өңір биыл 5634 миллион теңгенің 135 инновациялық жобасын жүзеге асыруға кірісті. Өндіріс орындарында 129 тендерлік байқау өткізіліп, 105 өзара тиімді келісім-шарттар түзілді. Қарымы өскен облыс үстіміздегі жылы негізгі капиталға 12,9 миллиард теңге инвестиция жұмылдыратын болады. Бұл былтырғыдан 4,3 миллиард теңгеге көп. Көктемгі дала жұмыстары да қарқынды басталып кетті. Мұның барлығы жақсы үмітке жетелейді. Бәрінен де елімізде тыныштық, бейбіт өмір, алаңсыз тіршілік қамтамасыз етілген. Міне, халқымыз достық, ынтымақ тойын осындай сырнай сезіммен өткізген болатын. Бәрінің жүздері жарқын, құшақтары ыстық еді.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко құттықтау сөзін: “Біздің күшіміз – бірлікте!” деп қазақ тілінде бастап, толғанысты ойлар өрбіткені де көңіл өсірген-тін. Өйткені, бірлігі бар елдің жүрегі де бірге соғады. Тыныштық пен ауызбірліктің түп тамыры Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі деген түйін жасалған болатын. Шындығында, тәуелсіздікке қол жеткізген 19 жыл ішінде қоғамды демократияландыру, этносаралық келісімді нығайту бағытындағы барлық бастамалар Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Халқымыз мүлдем жаңа тұрпаттағы Ел бірлігі доктринасын ту етіп көтерді. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік” дегенде, алдағы жауапкершіліктің зорлығын меңзегені анық. Сол алақай мерекенің өн бойында осынау салмақты сезім мен сенім айқын байқалып тұрғанына масаттанған едік.
Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қоянбекұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Мәскеуде өткен биылғы Жеңіс шеруіне қатысушы Балташ Сейітов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, “Истоки” славьян мәдени-ағарту қоғамының төрайымы Галина Булычева жерлестерін жалынды сөздерімен, ақ жарылқап тілектерімен құттықтаған болатын.
Бүгінгі күні облыс аумағында 38 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар көктемнің жарқын мерекесінде этносаралық қарым-қатынас пен еліміздегі тұрақтылықтың ұйтқысы болып отырғандығын өнерімен де, көл-көсір дастарқан мәзірімен де, кіршіксіз көңілімен де дәлелдеп бергенін ғанибет санағанбыз.
Көкшетау – өнер өлкесі. Осындай мейрамдарда Тәуелсіздік алаңының сахнасы жүз ұлттың жарасымды әуезімен, отты да нәзік би нақыштарымен биіктеп тұрады. Мұнда қалалықтармен бірге, аудандардың таңдаулы өнерпаздары көпшіліктің көңілін асқақтата көтеріп жүргенін айтқымыз келеді.
Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.