• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

ҰЛТТЫҚ ПАРКТІҢ КЕЛЕШЕГІ МОЛ

620 рет
көрсетілді

Іле және Жоңғар Алатауы­ның жер бедері мен Алакөл, Бал­қаш көлдері, Қапшағай су қой­ма­сы, Іле өзені, тағы басқа тірі та­биғат ескерткіштері, қайта­лан­байтын флорасы мен фауна­сы, ашық аспан астындағы кесе­нелер туризмді дамытуға қолай­лы­лығымен көпшілік назарын аударады. Осы құндылықтар қа­тарында Шарын мемлекеттік ұлт­тық табиғат паркі ел Үкіме­ті­нің қаулысымен 6 жылдан бері өз жұмысын жалғастырып келе­ді. Ұлттық табиғат паркі ту­ризм­ді дамыту мен ғылыми жұ­мыс жүр­гізуде де маңыздылы­ғы­мен ерекшеленеді. Демек, оны жүйелеу мен пайдалану – аса қажет үдеріс. Табиғат паркінің бүгіні мен ертеңі  және жоғарыдағы мәселелердің қолға алынуы кімді болса да ойландыратыны анық. “Егемен Қазақстанның” Алматы облысындағы тілшісі Күмісжан Байжан осы мәселеге орай аталған ұлттық табиғат паркінің бас директоры Тоқтам Бектемісовке: – Сіз бұған не дейсіз? – Шарын мемлекеттік ұлт­тық табиғат паркінің аумағы 127 050 гектар жерді алып жатса, оның 5 014 гектарын Сартоғай, Ерен­тоғай ерекше қорғалатын табиғат ескерткіші құрайды. Парк аумағын сирек кездесетін елік, қасқыр, түлкі, борсық, қабан тәрізді сүт қоректілердің 24 түрі мекендейді. Сондай-ақ, еліміздегі “Қызыл кітапқа” енген бүркіт, ителгі, енбеген қырғауыл, кекілік, шіл, тағы басқа аңдар мен құстар, тіпті бауырымен жорғалаушылардың ондаған түрі бар. Шарын шатқалының, ясен тоғайының, Бұғыты тауының алатын орны мен ерекшеліктері осындай құндылықтарымен та­нымал. Мұнда туризм жақсы да­мы­ғандықтан, осынау ел байлы­ғын дұрыс пайдаланып, қорғау, ең бастысы заңнама шеңберінде әрекет ету ұжымнан жауапкер­ші­лікті талап ететіні айтпаса да түсінікті. Ұлттық бақ аумағындағы та­биғат-ананың таңғажайып ес­керт­кішін, оның байлығын қор­ғап қана қоймай, зерттеуді жал­ғас­тыру мақсатындағы ғалым­дар­дың ғылыми жұмыс жүргі­зуі­не де кеңінен жол ашылған. Осылайша қазір болмаса да ара­ға біраз жыл салып, жоғалып кету қаупі бар өсімдіктерді, жануарлар­ды, құстарды сақтап қалуда, бөле-жара күтімге алуда 46 қызметкер уақытпен санаспай еңбек етіп, байланыстарын ны­ғайта түсуде. Ғалымдар Ерен­то­ғай­дың өзгеріс­тері тақыры­бын­дағы жұмыс ауқымын кеңейтуде. Табиғатпен сырласа біліп, бақтағы аң мен жануарлардың та­биғи жолмен өсіп-өркендеуіне мүмкіндік тудырылған. Жаз ай­ларында ұлттық табиғат бағына келіп, оның әсемдігінен нәр алатын туристер қатары да өсіп отыр. Тек өткен жылы  мұнда 3000-нан астам саяхатшылар мен табиғат жанашырлары келіп, табиғаттың әсемдігімен нәр­лен­ді. Бардың бағасын біліп, оның байлығын келгендердің назары­на ұсыну да ұжымдағы қыз­мет­керлердің кәсіби біліктілігіне байланысты десек, жыл сайын Шарын шатқалына, ясен то­ғайы­на атбасын бұратындар қатары молығуда. Экскурсиялар, турлар өткізіліп, тауға шығу, мәдени-танымдық сапарлар жал­ғастырылып, табиғат паркінің келешегіне деген сенім қалып­тасқанын айтуға болады. Алматы облысы.