“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ орталық және өңірлік БАҚ өкілдері үшін ашық есік күнін өткізді
“ҚМГ БӨ АҚ” – “қара алтын” өндіру деңгейі бойынша елімізде екінші орын алатын Қазақстанның жетекші мұнай-газ операторы өзіндік ашық есік күндерін ұйымдастырды. Оның барысында компанияның топ-менеджерлері мен сарапшылары кәсіпорын қызметінің негізгі аспектілері бойынша таныстырылымдар өткізіп, өндірістік және қаржылық-экономикалық мәселелер, геологиялық барлау, әлеуметтік және кадр саясаты мәселелері, экологиялық жобалары жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
“ҚМГ БӨ” АҚ бас директоры Кенжебек Ибрашев өз сөзінде компанияның бүгінгі даму стратегиясы жөнінде айта келе, оның негізгі мақсат-міндеті ең алдымен, ресурстық базаны кеңейтуге, жаңа заманға сай озық технологиялар арқылы мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға, мұнай-газ активтерін сатып алуға, геологиялық барлауға мейлінше қол жеткізуге бағытталатынын атап өтті.
Былтыр әлем бойынша мұнай бағасының күрт арзандауына байланысты өндіру жоспарының орындалу көрсеткіші де төмендеген болатын. Алайда, бағаның күрт төмендеуіне қарамастан, тиімділікті сақтап қалу – компанияның негізгі міндетіне айналған еді. Бір атап өтерлігі, мұндай қиын-қыстау кезеңдерде кәсіпорынның ешбір жұмысшысы қысқармаған және кәсіпорын жұмысына компания құрамындағы барлық мердігерлер түгелдей жұмылдырылған. Мәселен, 2009 жылы 8 962 мың тонна мұнай өндірілсе, биылғы жылы бұл көрсеткішті 9 082 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Бұл – мұнай бағасының соңғы екі жыл ішінде тұрақсыз күйде болуына қарамастан, компанияның жақсы қаржылық көрсеткішті сақтап тұрғандығын айғақтайды. Өткен жылы мұнайды экспортқа шығарудан түскен түсім 436 млрд, ал оны ішкі нарыққа сатудан түскен түсім 37 млрд. теңгені құрады.
“ҚМГ БӨ” АҚ басшысы ашық есік күні 2006 жылғы қыркүйектегі жас компанияның қаржылық нарық сахнасына шығуы жөнінде де әңгімелеп берді. Дәл сол уақытта сала мамандары сыртқы нарықтың қаражатын тиімді тарту арқылы ғана компанияның ауқымды жобаларын жүзеге асыруға және оның ресурстық базасын нығайтуға болатындығына айқын көз жеткізген еді. Міне, компания сол кезеңнен бері жүйелі жұмыстар атқарып келеді. “ҚМГ БӨ” АҚ акцияларының Қазақстан қор биржасы мен Лондон қор биржасында листингтен өткендігі – соның айғағы. Бұл компания ІPO кезінде 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын отандық және шетелдік инвестицияны тартқан. Бүгінде “ҚМГ БӨ” АҚ акционерлерінің қатарын қазақстандық зейнетақы қорлары, инвестициялық компаниялар және шетелдік инвесторлардың қалың шоғыры толықтырды.
Мұндай жетістіктердің барлығы компанияның жедел даму стартегиясын басшылыққа алуына сеп болды. Бұл – бірінші кезекте мұнай активтерін көптеп шоғырландыру мен оларды сатып алу негізінде жүзеге асты. Қазіргі таңда нарық сахнасындағы бәсекелестік қарқынының күн өткен сайын арта түскендігі белгілі. Соған қарамастан, компания өзінің жүйелі қызметін еш төмендетпей келеді. Мәселен, 2007 жылы “ҚМГ БӨ” АҚ “Қазгермұнай” және “Қаражанбасмұнай” компанияларының 50 пайыздық акциясын, ал өткен жылдың соңында “ПетроҚазақстанның” 33 пайыз акциясын сатып алып, иелік етуде. Бұл акциялар компанияда шоғырланған қорды 33 пайызға көтеруге, ал шоғырланған өнімді 47 пайызға өсіруге мүмкіндік берді. Ал бұл өз кезегінде компанияның еліміздегі мұнай-газ саласындағы компаниялардың арасынан 2 орынға көтерілуіне сеп болды.
Тағы бір атап өтерлігі, “ҚМГ БӨ” АҚ “Маңғыстаумұнайгаз”, “ҚазақойлАқтөбе” және “Қазақтүрікмұнай” секілді ауқымды компаниялардан белгілі бір мөлшердегі үлесті сатып алу бағытында тиісті келісім-шарттарға қол жеткізуде. Бұған қоса, елімізде мұнай-газ өндіру бағытында жұмыс атқаратын орта және шағын компанияларды сатып алу төңірегінде жұмыс атқаруда.
“Қазіргі таңда “ҚМГ БӨ” АҚ компанияның 2020 жылдарға дейінгі дамуын көздейтін жаңа стратегиясын әзірлеуде. Бұл стратегияның негізгі өзегі – сатып алулар арқылы компанияны жүйелі дамыту болмақ. Ал жалпы стратегия 3 бөліктен тұрады. Олар: Қазақстан құрлығындағы активтерді шоғырландыру, Каспийдегі жобаларды жүзеге асыруға қатысу және әлемдік нарық сахнасына орнығу бағыттарын негізге алмақ”, дейді “ҚМГ БӨ” АҚ бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Дастан Абдулғафаров.
Бүгінде компания қызметінің негізгі бағыты – ол геологиялық барлау. Бұл ретте компания өзінің мұнай-газ саласындағы әлеуетін түрлі деңгейдегі геологиялық барлау жұмыстарын кең көлемде енгізу арқылы көтеруге мүдделілік танытып отыр. Мәселен, мұнай-газ саласындағы негізгі өндіруші активтер – Ембі және Өзен ежелден қалыптасқан мұнай кен орындары болғандықтан, бұл жерлерде мұнай өндірудің ең оңтайлы деңгейін ұстап тұру өте қиын. Сол себепті, соңғы уақытта күрделі және операциялық шығындар көлемінің өскендігі, пайдалы өсім көрсеткіші деңгейінің едәуір төмендегендігі байқалды. Бірақ, сала мамандары, еліміздегі ең көне мұнай-кен орындарында мұнайдың белгілі бір мөлшердегі қорының әлі де сақталып отырғанын айтады.
“ҚМГ БӨ” АҚ өзінің қызметін жүйелі жолға қою үшін отандық өндірушілермен тиімді әріптестік байланыс орнатып, олармен қоян-қолтық жұмыс атқаруды да басшылыққа алуда. Бұл ретте компания өздерінің келісім-шарттары мен сатып алуларында қазақстандық үлестің барынша мол болғандығына айрықша мән беруде.
“Компания жұмысының нәтижелілігі мен тиімділігі бізге, яғни менеджерлерге ғана емес, бұл барлық қазақстандықтар үшін маңызды. Себебі, компания жұмысынан қызметкерлер де, өңір тұрғындары да және қазақстандық өндірушілер де пайда табады. Ал компания жұмысының нәтижелі болуы – ең алдымен мемлекеттің өзіне пайдалы әрі тиімді”, – дейді “ҚМГ БӨ” АҚ жетекшісі.
Қазіргі таңда жетекші мұнай-газ компаниясы Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің бірі ретінде белгілі. Мәселен, соңғы 4 жыл ішінде компаниядан мемлекет қоржынына құйылған салық мөлшері 700 млрд. теңгеден астам қаржыны құраған екен. Бұған қоса, компания өзінің акционерлері – мемлекетке, зейнетақы салымшыларына тұрақты түрде дивидендтер төлеп тұрады. Бұған қоса, бүгінде мемлекеттік акциялар пакетінің құны 350 млрд. теңгеге артқан. Компанияның қаржылық қорының ауқымды бөлігі екінші деңгейлі қазақстандық банктерге орналастырылған. Ал бұл әлемдік қаржы дағдарысы кезінде “ҚМГ БӨ” компаниясының еліміздегі қаржылық жүйе тұрақтылығының негізгі факторына айналуына сеп болды.
“ҚМГ БӨ” АҚ – еліміздегі ең жетекші жұмыс беруші және өз саласындағы әлеуметтік бағдарламалардың демеушісі. Бүгінде өндірілген бір тонна мұнайға кететін әлеуметтік шығындар мөлшерінің күн сайын өсіп жатқаны белгілі. Мәселен, соңғы 4 жыл ішінде осындай шығындар көлемі екі есеге дейін ұлғайған. Қазіргі таңда “ҚМГ БӨ” АҚ Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында қордаланған осындай әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысуда.
“Біз өзіміз қызмет ететін өңірлердің барлығында да сол жерлердегі тұрғындардың, сондай-ақ, компания жұмысының жандануына үлес қосып жүрген азаматтардың өмір сапасын арттыруға айрықша мән береміз. Бұл ретте компанияның жеткен жетістігін оның қызметкерлерімен тікелей байланысты қарауымыз керек. Біздің қызметкерлердің жоғары кәсібилігі мен қауырт жұмысы компанияның бүгінгі беделіне үлкен үлес қосты. Сол себепті, соңғы уақытта компанияның барлық құрылымдық бөлімшелеріне әлеуметтік жауапкершілікке толы басқарушылық үдерістерді енгізуге барынша күш салып келеміз”, – дейді Кенжебек Ибрашев.
Серік ДҮЙСЕНОВ.