• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

БАЛАЛАР ҮЙІ ДОСТАРЫМЕН БАЗАРЛЫ

527 рет
көрсетілді

Федоров ауданындағы балалар үй­інде абыр-сабыр да­йын­­дық. Ди­ректор Наталья Ермоленко мен тәрбиешілер балаларға “дос­та­рымыз келеді” дегенді естіртсе бол­ды, үлкен-кішісі бірдей дайын­дала бастайды. Үлкен қыздар кіші­ле­рі­нің шашын өреді, ересек балалар кіш­кентайлардың киімін дұ­рыст­ай­ды. Ал тәрбиешілер олардың ара­сында жүріп, бәрін де балалардың өз­дері істегенін қадағалайды. Ата-анасының қарауынсыз қалған тірі жетімдердің тәрбиесімен қанша жылдан бері айналысып келе жатқан тәрбиешілер олардың біреу келеді десе қуанатынын жақсы біледі. Баланың аты – бала, адам­нан жылу іздеп тұрады. Алға­бас­тық­тар мен эребуниліктерді өз­дерінің туысындай, жақынындай көреді. Өйткені, облыс орта­лы­ғы­нан жүз шақырымдай жердегі Фе­доров ауданының орта­лы­ғын­дағы балалар үйіне Қостанайдағы “Алғабас” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен армян этносының “Эребуни” қауымдастығының ұжымы жиі келіп тұрады. Балалар оларды жақсы таниды. Армян қо­ғам­дас­ты­ғына мүше қыздар Армене мен Вика келе балалардан оқу жы­лын қалай аяқтағандарын сұрас­тырып жатыр. Ал “Алғабас” ЖШС-ның ат­қа­рушы директоры Динара Өте­баева балалар үйінің директоры Наталья Ермоленкодан Дима деген баланың денсаулығын сұрастырды. Мұнда қазір 34 бала тәрбие­ле­неді. Солардың барлығы да осы аудан­ның елді мекендерінен кел­ген. Арасында тағдырдың жаз­мышы­мен ата-анасынан тұл жетім қал­ған 7 бала ғана бар. Ал қал­ған­дарының барлығын да тірі жетім деп атаған дұрыс болар. Өйт­кені, соттың шешімімен ата-ана­лық құқынан айырылған жан­дар­дың қараусыз қалған балалары осы үйден келіп пана тапқан. – Биылғы оқу жылын төрт оқу­шы “жақсы” деген бағамен аяқтап отыр. Бұл – балалар үйі үшін жақсы көрсеткіш. Өйткені, біздегі айнал­дырған 34 баланың 28-і түзеу сыныптарына барады. Содан-ақ бағамдай беріңіз,– дейді балалар үйінің директоры Наталья Ивановна. Қазір бұл үйден тәрбие­лен­ген­дердің біразы мектеп бітіріп, негі­зінен осы аудандағы кәсіптік-тех­никалық лицейден түрлі маман­дық­тар алып шықты. Тіпті Люда Пуцко деген қыз Алматыдағы меди­цина академиясының бесінші кур­сында облыс әкімі Сергей Кула­гиннің грантымен оқып жүр. “Алғабас” ЖШС Людаға ай сайынғы пәтерақысына төлейтін қаражатты салып тұрады. Жұмағали Арыстанов – облыстың бизнес саласындағы белгілі есім. Бұрнағы жылдары оның шаруашылығы осы Федоров ауданында болған. Кәсіп­кер­дің ісі оралымға келісімен-ақ осы балалар үйіне қараса бастады. Бұл балалар үйінде “Арыстанов сыйлығы” деген ұғым бар. Ол тәрбиеленушілердің арасындағы жарысқа, шынайы білім, өнер жарысына негізделген. Балалардың барлығына да банктен шот ашылған, бірақ олардағы ақшаның саны бірдей емес. – Жұмағали Ерсұлтанұлы “ба­ла­­ның қолына балық берме, қармақ бер” деген ұстанымды ұста­на­тын кісі. Балалар “Арыстанов сый­лы­ғын” өздері бөліседі. Кімнің тәртібі жақсы, кім жақсы оқиды, кімнің спорттан көрсеткіші бар, кімнің өнері бар, міне, балалар дауыс беріп, солардың шотына ақшаның көп үлесін салады. Сонда әркімнің еңбегіне қарай шоттарындағы ақша жинағының көлемі де әртүрлі,–дейді “Алғабас” ЖШС-ның атқа­ру­шы директоры Динара Өтебаева. Динара Қайырбекқызы осы келісінде Жұмағали Ерсұлтанұлы атынан биылғы оқу жылын жақсы бітіргендерге “Озат оқығаны үшін”, “Ең еңбекқор бала”, “Тазалық сақ­шысы”, “Ең тәртіпті бала” сияқты бірнеше аталым бойынша “Мақтау қағазы” мен сыйлықтар тапсырды. Осыдан екі жыл бұрын серіктестік осы үйге еуростильмен жөндеу жүргізіп берді. Балалардың жатын бөлмесі де, ойын бөлмесі де кірсең шыққысыз. Жұмсақ төсек, құс жастық. Ал ойын бөлмесінде балаға керекті телевизор, магнитофон, компьютер, түрлі ойыншықтың барлығы да бар. Кір жуатын мә­шине, тоңазытқыш сияқты тұр­мыстық заттарды да алып берген. “Эребуни” қауымдастығы да осында жылына кемінде үш рет соғып отырады. Олар бұл жолы да әдеттегідей құрқол келмепті. Тәтті тағамын, ойыншығын, кітабын келе балаларға таратып жатыр. – Біздегі қаржы қауым­дас­тық­тың мүшелік жарнасынан, кәсіпкер армяндардың ара-тұра көмегінен түседі. Соны үнемдеп, осындай шараларға жеткізіп отырамыз. Қарап отырсам, осы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандардың ішкен шырыны мен жеген жемісі ата-аналарының бауырында өсіп жат­қан олардың құрбыларына да күн­делікті бұйыра бермеуі мүмкін. Пре­зидентіміздің арқасында, мем­лекетіміздің күш-қуатының ар­қа­сында қазір мұндай мекемелерге жасалып жатқан қамқорлықтың жөні бөлек. Мұндағы балаға адам­дардың шуағы жетпейді. Біздің “Эребуни” қауымдастығының бел­сен­ділері осы үшін ғана Федоров балалар үйіне келіп тұрамыз. Әйт­песе, біздің әкелген торт пен конфетімізге балалар тым зәру емес,– дейді облыстағы армян қауым­дастығының вице-президенті Сергур Шакарян. Расында, Сергур мырза бұл сөзді жүрегінен ақтарыла айтқан еді. Олар балалардың ән-биін тың­дап, олармен әңгімелесіп бол­ған­нан кейін, тәрбиешілер, директор, демеушілер өзара отырыс жасады. Қостанайда алдағы күзде “Эре­бу­ни” ұйымдастыратын шеберқолдар көр­месіне Федоров балалар үйінің де қатысуы керектігін айтты. Ол үшін алдымен тәрбиешілерді үй­ре­тіп алу керек. Федоров ауыл­дық жер болғандықтан онда қала­да­ғыдай мүмкіндік аз, тәрбиешілер балаларға өздері білетін тоқуды немесе кесте тігуді ғана үйрете алады. Сол үшін мұнда қыркүйек айынан бастап мамандар әкеліп, “шеберлік мектебін” ұйымдас­ты­ра­ды. Тіпті С.Шакарян ер балаларға аяқ киім, сағат жөндеуді үйретуді де ұсынды. Міне, “Эребуни” мү­ше­лерінің бұл бастамасын “Ал­ға­бас” ЖШС ұжымы әбден қолдайды. – Бұл мен күтпеген бастама болды,– деді балалар үйінің дирек­торы Наталья Ивановна. – Өзіміз­дің мүмкіндігімізше балаларды өмірге бейімдеу жұмыстарын жүр­гіземіз. Бірақ солардың барлығы да жетімсіз екенін сеземін. Балалар есейгенде бір үзім нанын ешкімнен ұрламай, тіленбей өз еңбегімен тауып жеуі керек. Наталья Ивановна балалар үй­ін­дегі қызметкерлер мен тәр­бие­шілердің барлығы да тәрбие­лену­шілердің көңілін бағып, лажынша отбасындағы қарым-қатынасқа жақындатуға тырысатынын айтады. Мұндағы балалар тәрбиешілерді “мама” немесе “әже” деп атайды. Олар­ды таңертең сабаққа арқа­сынан қағып шығарып салады, кешке басынан сипап, құшақтап қарсы алу дәстүрге енген. Тіпті бұрынғы тәрбиеленушілер де ара-ара­сында балалар үйіне соғып кетеді, оларға да ақыл-кеңестерін айтып отырады. – Демеушілердің арқасында Фе­до­ров балалар үйі ешнәрсеге мұқ­таж емес. Біз оларды балаларға “де­меуші” емес, “достарымыз” деп ай­тып үй­реттік. Достар келетін күні біз­дің үйде мейрам,– дейді Наталья Ермоленко. Міне, ынтымақ, бірлік деген осы. Директор да, үкіметтік емес ұйым мүшелері де, кәсіпкер де жетімді жебеп, демеп жіберуді ойлайды. Балалар жақсы болып өссе, өмірден орнын тауып кетсе, елдің болашағы да жарқын емес пе? Ертеңін ойлаған тек озады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.