• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

507 рет
көрсетілді

ЖАПОНИЯДА ­­– ЖАҢА ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ Соңғы уақытта Жапонияда үкімет құтаймай тұр – төрт жылда бес премьер-министр ауысты. Өткен аптаның аяғында Юкио Хатояма қызметінен кетті де, сол сәтте оның орнына Демократиялық партияның жаңа лидері Наото Кан сайланды. Бұл елде үкімет дағдарысы қата­ры­нан үш мерзім билік тізгінін ұс­таған Дзюнъитиро Коидзуми қыз­ме­тінен кетісімен-ақ басталған. Одан кейін Либерал-демократиялық партияның жаңа лидерлері үкімет басында жылға жетпейтін уақыт отырып, түрлі себептермен бірінен соң бірі кетіп, ол ақыр соңында 55 жыл билікте болған партияның же­ңілісіне апарып соқтырған. Былтыр ғана жеңіске жеткен Демократиялық партия, оның лидерлері билікке жаңалық әке­лер, үкіметтегі дағдарысты тоқ­татар деген ой әркімде-ақ болды. Оған демократтардың алғашқы үкімет басшысы Хатояманың мәлімде­мелері де сендіргендей еді. “Мен тарихты өзгертемін” деп нық сеніммен айтты. Жапон­дар оған сенді, басқалар да сенді. Бұл елдегі биліктің өзгеруін АҚШ-тағы биліктің өзгеруімен салыстырды. АҚШ-та Обама, Жапонияда Хатояма өмірге жаңалық әкеледі, өз елдерін жаңа жеңістерге бастайды деген сөздер де шыққан. Обаманы америка­лық­тар әзірге құп көріп отыр, ал Хатояма сүрінді. Көп ретте үкімет басшы­ларының парламентте сенімсіздік білдіргенше, кетпеуге тырысаты­ны бар. Хатояма неге асықты? Ол өзінен бұрын партиясын ойлады. Биыл парламент сайлауы өтеді. Сонда партиясы жеңілмесін деп, бар кінәні өз мойнына алып, өзін құрбандыққа шалғандай болды. Кінәні мойындау да ерлік, ол – ары таза адамдардың әрекеті. Кет дегеннен соң кеткеннен гөрі өзі кеткен әлдеқайда жақсы. Уәдемді орындай алмадым дегенде, бір жылға толмайтын уақытта Жапо­ниядай алыпты жаңа арнаға салу қиын. Тек нақты бір іс – АҚШ теңіз жаяу әскерінің базасын Окинавадан алып кетуді орындай алмадым дегені де күйіп бара жатқан нәрсе емес, биыл кетпесе, келесі жылы кетер еді. Әңгіменің түйіні – АҚШ бұл елге бас­қыншы емес, одақтас. Сірә, Ха­тоя­маның кетуіне бұл жай желеу ғана. Жаңа пре­мьерді таңдау да, сайлау да қиынға соққан жоқ. Демо­краттар солай шешкен соң, оңай ғана жүзеге асты. Наото Кан­ды төменгі пала­та­дағы 480 депутат­тың 313-і, ал жо­ғарғы палатадағы 242 депутаттың 123-і қолдады. Бұ­рынғы вице-пре­мьер және қаржы министрі Жа­пония­ның 94-ші премьер-министрі болып сайланды. Наото Кан бұрынғы үкімет басшысы Хатоямадан күштірек деп тұжырымдау қиын. Өткен сайлауда Хатояма партия көсемі болып, тарихи жеңіске жеткен. Бұл жолғы ауыс-түйісті тактика­лық қадам деген де жөн болар. Партиядағы сайлауда Кан өзінің Юкио Хатояма жүргізген саяси бағытты жалғастыратынын да мәлімдеді. Сөйтсе де оның елдегі қазіргі  жағдайға берген бағасы барынша қатқыл болды, одан Хатоямаға қаратылып айтылған сын да аңғарылғандай. “Ең алды­мен, халықтың сенімін қайтару керек. Содан кейінгі басты бағыт ­– экономика, қаржы саясаты және әлеуметтік мәселе. Соңғы 20 жылда Жапония экономикасы және қоғам тұйыққа тіреліп тұр”, деді ол. Оның ойынша, тек күшті экономика, күшті қаржылық жүйе және әлеуметтік кепілдік қана өсуге жол ашады. Өзі кетер алдында Хатояма орнын басатын Канға жапон-америка, жапон-қытай және жапон-корей (Оңтүстік Корея) қарым-қатынасына қамқор бол деп тап­сы­рыпты. Ол алдағы уа­қытта демо­кра­тиялық партияның да, Кан үкіме­тінің де бағдары болары анық. Екі ұлы держава­мен қарым-қатынасты тереңдету, экономикалық кірігу Жапония үшін айрықша қажет. Хатояманың кетуі де, Канның жаңа бағдарламасын жариялауы да ең алдымен алдағы парламент сайлауының қамы. Қалайда да, кеше ғана жеңіске жеткен Демо­кратиялық партия билік тізгінін біраз ұстауы үшін оның көсемдері неден болса да тайынар емес. Біздің еліміз Жапониямен байсалды қарым-қатынаста. Билік ба­сына кім келсе де, оған нұқсан келе қоймайтыны белгілі. Бізге бұл ел­дің саяси ахуалының тыныш бол­ғаны, экономикасы­ның қарқынды дамығаны керек. ШАХМАТ ҚАШАН ДА САЯСАТҚА ЖАҚЫН ОЙЫН Биылғы жылғы қыркүйекте Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президентін сайлау өтеді. Бұл жай бір спорт түрінің басшылығын сайлау ғана емес, саясатқа да қатысы бар шара болатын түрі бар. Президенттікке үміткерлердің күресі, әсіресе, Ресейде саяси сипат алып бара жатыр. Жалпы, спорт­тың бұл түрі әуел бастан-ақ саясатқа жақын болды. Өйт­кені, ол ең алды­мен елдің атын шы­ғарды. Спорт­тың басқа түріндей емес, шахматтан үлкен жетістікке жет­кендерге ай­рық­ша құрмет те көрсетілді. Бәлкім ол шахматты көп адам ойнайтынынан да шығар. Әлемдік деңгейге жеткендер әр елдің ұлттық тұлғаларына айналды. Сірә, шын мәнінде спорт арқылы елді таныту осы шах­мат­тан басталғандай. Капабланка әлемге Куба дейтін елді танытты. Орыстар Алехинге қарыздар. Тіпті ол отанынан кетіп қалса да, жұрт оны орыс деп таныды. Кешегі кеңестік дәуірде КСРО осы шах­матшыларымен танылды, Ботвин­ник бастаған гроссмейстерлермен мақтанды. Елден кеткен Корчной мен кеңестік Карповтың ойынына ел басшылығы мән беріп, қада­ға­лап отырды. Шағын ғана дат елі Ларсенмен мақтанды. Кейін Фишер шығып, АҚШ-тай алып елдің мерейін көтерді. Содан да халықаралық шахмат ұйымының басында кімнің болғаны және болатындығы айтарлықтай саясат. Бұл, әсіресе, Ресейде ерекше сипатқа ие болып отыр. Көп жылдан бері Ресейдегі Қалмақ автономиясының прези­денті Кирсан Илюмжинов сол Ха­лықаралық шахмат федерация­сы­ның президенті болып келді. Бизнестік үлкен қабілеті бар қалмақ жігіті бұл халықаралық ұйымды да әжептәуір шыр айнал­дырып, біраз беделге ие болған. Бұдан бұрынғы қайта сайлауда да қарсыластарын жеңіп шыққан. Енді, міне, тағы да сайланғысы келіп еді, негізгі қарсыласы да өз елі­нен, Ресейден шығып отыр. Шахматтан әлем чемпионы, атақ­ты гроссмейстер Анатолий Карпов та сол лауазымға ие болғысы келеді. Әрине, күрес жақсы, бәсекеде қабілетті адам жеңіп шығады дей­міз. Бірақ мұндағы бір келіспейтін жай: бір елден шық­қан екі адам­ның халықаралық спорт ұйымына басшы болуға талас­қаны. Ресейдегі шах­мат сүйер қауым, өз елдерінің беде­лін ойлайтын жұрт дәл қазір дал күй­де. Карпов та атақты шахматшы, жақсы ұйымдастырушы, ал Илюмжинов болса, өз қабілетін ісімен көрсетіп келе жатқан қай­раткер. Ең жаманы – қазір бұлар бірін-бірі жамандап, бір-бірінің абыройын төгіп жатыр. Тіпті Илюмжинов Карповты сотқа беріп отыр. Карпов ФИДЕ-ні сыбайлас жемқорлық жайлаған деп сын айтқан еді, енді соны сотта дәлелдесін дейді. Сонымен қоймай, Карпов пен Каспаров (бұрын қас болған бұл екеуі қазір дос) шахматшы ретінде тоқыраған адамдар, олардың мақсаты – өздеріне жұрттың назарын аудару дейді. Әрине, бұл жерде Илюм­жиновпен келісу қиын. Карпов Илюмжиновтің ФИДЕ-дегі сыбайластық әрекет­тері шах­мат жарыстарын өткізуге де­меушілер табуда кесірін тигізеді, жағдайды түзету үшін ФИДЕ бас­шылығын түгел жаңарту қажет дейді. Сонда бұларға ел басшы­лы­ғы болмағанымен, спорт бас­шы­лығы тоқтау айтып, әлемге күлкі болмаса қайтеді, дейсің-ау. Сөйт­сек, осы даудың ортасында сол биліктің адамы жүр екен. Ресей президентінің көмекшісі Аркадий Дворкович Ресей Шахмат феде­рациясы бақылау кеңесінің төр­аға­сы екен де, Илюмжиновті қол­дайды екен. Бір қызығы – сол Дворкович басқаратын кеңес Карповтың кандидатурасын қол­даған көрінеді. Сонда Дворкович Илюмжиновті федерацияның жалпы жиналысында өткізіпті. Карповтың кандидатурасын басқа біраз елде де қолдап үлгеріпті. Бір жағымсыз дау туып отыр. Оған билік өкілдерінің де қатысуы ырың-жырыңды өршіте түсетіні анық.