• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

ЕЛДІКТІҢ ҮНІ

498 рет
көрсетілді

Жасампаздық Жолдауы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы таяу онжылдыққа, яғни еліміздің 2020 жылға дейінгі cтратегиялық дамуы мен әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрғыдағы маңызды бағдарламаларды нақтылауымен ерекшеленеді. Әсия АХМЕТОВА, “Нұр Отан” ХДП Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – Елбасының Қазақстан хал­­қы­на биылғы Жолдауы әрқай­сы­мыздың елжандылық сезіміміздің отын үр­леп, желпіндірді. “Ер айтса ел айт­қаны, көптің қамын жеп айт­қа­ны” деген тәмсіл сөз бар. Пре­зи­денттің жалпы жұрттың қамы мен бақытты өміріне бағытталған Жол­дауы – болашаққа бағдар, іл­гері басуымыздың қозғаушы күші еке­ні анық. Маңызды құжат – ын­тымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, рух беретін, жүрегі елім деген қазақстандықтарға жол сіл­теп, бағыт беретін бағдаршам де­сек, қателеспейтініміз тағы күмәнсіз. Жолдау – елдіктің үні. Бүгінгі таңда саяси сахнада өзіндік орны бар нағыз халықтық партия – “Нұр Отан” жер-жерде 2020 бағ­дар­ламасын орындау жолындағы жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс. Ешкім сыртта тұрмауы керек, өйткені,  тек осылай ғана біз Қа­зақ­станның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз етеміз. Ең бастысы – бүкіл аза­маттық қоғамды партия­ның тө­ңі­регіне топтастыру арқылы ұлттар арасындағы келісім мен этнос­ара­лық достықты сақтап, елдікті ту етіп ұстаған еліміздің тұ­рақты­лы­ғын нығайту. Өзім ұйғыр қызы болғаныммен, қазақтың ке­лінімін. Ұрпақ өсіріп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге күш салудамын. Партияның жа­ны­нан жас саясаткерлер клубын ашып, соған жетекшілік жасап, ұрпақ белсенділігін арттыруды алға қой­дым. Осылайша Жолдауды қуаттап, оған өзіндік үлесімді қосудамын. Самат СҮЛЕЙМЕНОВ, І.Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік университеті гумани­тарлық факультетінің студенті: – “Қазақстан-2030” Стратегия­сын­да еліміздің ұзақ мерзімді даму бағыты, мақсаты мен басым­дық­тары белгіленді. Сонымен қатар ал­ғашқы онжылдықта осы бағыт­тағы жоспарымыз қисынды даму жолына түскені де атап өтілді. Әлем­дік қаржы дағдарысынан әлеу­меттік ауыртпалықсыз өтуіміз Ел­ба­сы ұстанған саяси бағыттың дұ­рыс­тығын дәлелдеуімен де ерек­шеленді. Жолдауда білім және ғылым саласын дамытуда мемлекет тара­пынан ауқымды шаралардың жүзеге асырылып жатқаны атап көрсетілді. Бүгінде ел дамуының бірден-бір даңғыл жолы  білім мен ғылымға деген қамқорлықты нақты шаралар мен атқарылған жұмыс­тардан анық көруге болады. Елбасы жоғары білім беру  жүйесінің стратегиялық міндетте­рін де  көрсетіп берді. Астана қа­ла­сын­да салынып жатқан Жаңа халық­ара­лық университеттің маусым айын­да ашылатындығы, оның дарынды, талантты жастар үшін қолжетімділігі бізді қуантады. Облыс орталық­та­рын­дағы интел­лек­туалды мектеп­тердің ашылуы интеллектуал­ды ұлт құруға ба­ғытталған шара деп ойлаймыз. Жастардың бәсекеге қабілетті білім алуы Елбасы назарында. Мәселен, шілде айында көтерілуі тиіс болған шәкіртақының, бюд­жеттік сала қызметкерлері жал­ақы­сының сәуір айынан 25 пайыз­ға көтерілуі қуанышты жәйт. Мына жолдарды да бейжай оқи алмайсың. Онда: “Біздің жас­тарымыз жаңа асулар мен шың­дарды бағындыруда, мақсатына жетелейтін елеусіз, бірақ сенімді соқпақтарды іздестіруде табанды да бірбеткей болуы тиіс”, делінген. Бұдан кейін өміріңді өзгертпеуге тырыспай көр. Тек, уақыттан ұтыл­май алға басу, сенімді соқ­паққа түсу қажет. Бағдат ҚАРАСАЕВ, Алакөл ауданының әкімі: – Дәстүрлі Жолдауды Алакөл жұртшылығы ыстық ықыласпен қабылдады. Өйткені, Елбасының өткен жылғы Жолдауында дағда­рыс­қа қарсы шараларды іске асы­ру атқарушы органдардың басты бағыты болды. Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары бекітіліп, “Жол картасы” бағдарламасы жүзеге асы­рылса, 2010 жылы “Жол кар­тасы – 2009” жоспары бойынша басталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық нысандарын қайта жаңғыртуды жалғастыру, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты ең ауқымды жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі жоспарын жасау міндеті жүктеліп отыр. Еліміздегі дағдарысқа қарсы іс-шаралардың бірі “Жол картасы” бағдарламасы аясында ауданға барлығы 210 млн. теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы 230 млн. теңге бөлу жоспарланған. Өткен жыл құ­рылыс саласы үшін жемісті болып, аудан бойынша 4097 шар­шы метрді құрайтын тұрғын үй салынды. Сонымен қатар, Үшарал қаласында 7 жалдық тұрғын үй құрылысы аяқталса,  биыл Достық кентінде 20 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне ұсынылмақшы. Өңірлік “Ауыз су” бағдарла­ма­сы­мен Қабанбай, Ақжар ауыл­дары­ның су жүйелері жөндеуден өткізілсе, Теректі ауылында су жүйесінің жөндеу жұмыстары басталды.  Аталған шараға 30 млн. теңге қаражат бөлінді. Автомобиль жолдарын күтіп, жөндеуге 10 млрд. теңге бөлініп, 478 шақырым және 1214,5 мың шаршы метр жалпы пайдаланымдағы жол жөн­делсе, Үшарал қаласы мен Қабан­бай ауылында көшелерді абат­тан­дыру және “Қабанбай-Көктұма” жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Елбасы Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, үстіміздегі жыл­дың бірінші жартысында-ақ бала­ларды мектеп жасына дейінгі оқы­тумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Ба­ла­пан” арнайы бағдарламасын әзір­леп, іске асыруды тапсырды. Білім саласы бойынша мектепке дейінгі мекеме­лер­дің жүйесі кеңею­де. Осы мақ­сатта Достық кентінде 280 орындық балабақша құрылысы жүргізілсе, биыл аудан орталығы Үшарал қаласында 100 орындық және Қабанбай ауылын­да 140 орындық балабақша салу көзделген. Аталған балабақша­лар­ға 520 бүлдіршін қамтылады деп күтілуде. Жазып алған Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.