Астана медициналық университетінен оқудан шығып қалған студенттердің бірінің айтуынша, университет мемлекет грантын пайдаланғаны үшін 5 миллион теңге қарызды мойнына іліп берген. Бірақ ол осы былықтың бәріне білім мекемесінің өзін айыптайды.
"2017 жылдың қыркүйектің 26-сы күні деканаттан қоңырау шалып, IELTS сертификат жалған екенін айтты. Бірақ құжат тапсырған кезде қабылдау комиссиясы қайда қарады? Неге сол кезде жалған екенін тексеріп, бізге айтқан жоқ", дейді ол.
Резидентура ғана емес, миллиондаған қарызды грантта оқыған қалған 116 магистрант пен докторанттардың бәрі де өтеу керек.
"Ай сайын резидентура, магистратура бойынша білім алушыларға 61 561 шәкіртақы төленеді. Доктарантурада оқитын білім алушыларға 81 998 теңге шәкіртақы төленеді. Одан бөлек, ай сайын оқуға магистратураға 65 мың теңге, резидентурада 67 мың теңге және доктарантурада 120 мың теңге тұрады", - дейді жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру деканы Ернар Тұрсынбет.
Ал полиция бұл былыққа қатысты екі күдіктіні анықтапты. Бұлардың арасында медициналық университеттің оқытушылары да болуы әбден мүмкін. Өйткені, университеттің магистратурасына түсуге көмектесетіндерін айтып, талапкерлерге өздері хабарласқан. Ал оқу орны басшылары бұл жайттан хабары жоқ екенін айтып отыр. "Бір әйел деп айтты. Ол қандай әйел, неғылған әйел? Біреулері көшеде жолықтырдым дейді, біреулеріне өздері хабарласқан. Менің ойымша, студенттер бәрін ашып айтпай отыр", - дейді Астана медициналық университетінің ректоры Мәжит Шайдаров.
Әзірге Астана қаласының Ішкі Істер департаменті тергеу құпиялығына байланысты күдіктілердің есімдерін атаған жоқ.
Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігі 117 студенттің жалған құжатпен оқуға түскенін анықтаған. Олардың университетке тапсырған ағылшын тілінен халықаралық IELTS сертификаттары жалған болып шыққан.