Ұстаз • 05 Қыркүйек, 2023

Жас ұстаздар форумы

404 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығында «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты ІІ республикалық форум өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген 180-нен астам жас мұғалім қатысты.

Жас ұстаздар форумы

Биылғы форумның бас­ты ерекшелігі – ауылда табыс­ты еңбек етіп жүрген жас педагог­тер­дің бас қосуы. Олардың бәрі ауылдағы білім берудің әлеуе­тін дамыту аясындағы жоба­ға қаты­сып жатқан тірек мек­тептер­де жұ­мыс істейді. Білім беру жө­нін­­дегі жаһандық комиссияның Азия хабы бойынша комиссары Күләш Шәмшидинованың ай­туынша, ауыл мектебінде жұмыс істеу – абыройлы міндет. Ал «Жас ұстаз» бағдарламасы кәсіби дамудың жаңа кезеңіне жолдама беріп отыр.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев форумға келген жас ұстаздармен бейресми кездесу өткізіп, еркін пікір алмасты. Ол мұғалім мәртебелі мамандық екенін атап өтті. Сондай-ақ ми­нистрліктің ауылдағы жас мұ­ғалімдерге арналған «Болашақ» тағылымдама бағдарламасы туралы айтып берді. Бұған қоса шалғай елді мекендердегі мұға­лім­дерге халықаралық платформаларда жұмыс істеуге жағдай жасалатынын жеткізді. Биылдан бастап ауыл мектептері мен ша­ғын жинақты білім беру ұйым­дарын қолдау бойынша қанат­қақты жоба іске қосылмақ.

Сонымен қатар «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин де жас әріптестеріне қарата салмақты ой қозғап, мұғалімдердің ынта-жі­гері жоғары болса, соғұрлым оң нәтижеге қол жеткізе алатынын айтты. Сөзінің соңын «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген мақалмен түйіндеді.

Форумның екінші күні де маз­мұнды танымдық іс-шара­лар­мен басталды. «Aitas KZ» хол­дингінің бас директоры, Білім беру­ді тұрақты дамыту қо­ры­ның негізін қалаушы Се­рік То­лықпаев пен «Qazaqstan Team» рес­публикалық қоғамдық бірлес­тігінің жетекшісі Олжас Сү­лей­менов табысқа жетудегі өз тә­жіри­белерімен бөлісті. Сондай-ақ форум делегаттары суда жүзу­ден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасын­дағы алғашқы Азия паралимпиада ойындарының жүл­де­гері Азамат Оразбекпен, ға­лым-зерттеуші, «Mbionics» ком­па­ниясының негізін қалаушы Мәу­лен Бектұрғановпен, бокс­тан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, халықаралық жа­рыстардың жеңімпазы Мұхит Амантаевпен жүздесіп, пікірлесті.

Жиында жас ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдау ба­ғытында тиімді жоспарлау, функ­­ционалдық сауаттылықты қа­лыптастыру, эмоционалды интел­лектіні дамыту, мұғалім жұмы­сындағы зерттеулер, оқыту­да­­ғы саралау және бағалау та­қы­­рыптарына құрылған алаң­дар жұмыс істеді. Мәселен, «Мұғалім жұмысындағы зерт­теу­лер» тақырыбы киіз үй­мен ұштастырылды. Қатысу­шы­лар соның үлгісінде зерттеу сабағының жоспарын құрас­тыр­ды.­ Шұғыла Қалиханова мен Күнсая Өтешеваның шеберлік сабағында жас мұғалімдер зерттеу жұмысын дайындау үдерісімен танысты. «Функционалдық сауат­тылықты арттыру» тақы­рыбы алаңының бапкерлері Қа­ламқас Әбдікәрімова мен Тал­ғат Мукутовтың пікірінше, педа­гогтің басты мақсаты – білім­ді тәжірибеде емес, өмірде қол­да­нуы. Бүгінде функционалдық сауат­тылық анықтамасына дағ­ды мен тәжірибе, талдау және тү­сіну, стандартты емес өмірлік жағдайлар мен сыни тұрғыдан ой­лау ұғымдары кіреді.

Мазмұнды іс-шара «Сәттілік­ке ие бол!» бірегей лотереясымен қорытындыланды. Бірегейлігі сол, барлық жеңімпазға Педагоги­калық шеберлік орталығынан вебинарларға сертификаттар мен еліміздегі мұғалімдер армандайтын «Lesson box» қорапшасы табыс етілді.

Бүгінгі таңда Педагогикалық шеберлік орталығы еңбек жолын­ енді бастаған мұғалімдердің кәсі­би дамуы бойынша ауқымды жо­баны жалғастырып отыр. Орталықтың online.cpm.kz плат­­фор­масында «Жас ұстаз мек­тебі» атты ашық онлайн-кур­с әзірленіп, әр өңірде «Жа­сампаз жас ұстаз» клубтары құ­рыл­ды. «Шамшырақ» алаңы арқылы үздік жас педагогтердің тәжірибесі таратылады. «Бұл форум жас әріптестеріміздің әр мек­тептің стратегиялық ресурсы еке­нін дәлелдеді. Олар қазір­гі таңдағы білім беруге жаңа идея­лар мен жаңа шешімдерді енгі­зеді, балаға қолайлы атмосфера мен цифрлық білім беру ортасын­ қалыптастырады. Сонымен қа­тар форум табысқа жету жолын­да ең креативті және табыс­ты мұ­ғалімдерді біріктіреді», деді Пе­дагогикалық шеберлік орта­лығының директоры Жанбота Қабдыкәрімова.

Айта кетейік, бұл форум былтыр елордада алғаш өтіп, оның жалғасы барлық өңірдегі аймақ­тық жиындарға ұласқан еді.