Астана экономикалық форумы өз мәресіне жетті
Тізгін ұстаушы алқалы жиынды бастаған сөзінде Астана экономикалық форумының дәстүрлі сипатқа еніп, халықаралық кеңістікте өзіндік беделге ие болғандығын, оған 150-ден астам елден келген әлемге танымал экономистер, ғалымдар, жаһандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысып отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін адамзат қауымы басшылыққа алып келген дәстүрлі құндылықтардың іргесі босаңсығандығын, кейінгі кезде инновациялық дүниелердің алға шыққандығын айтып өтті. Қазіргі уақыттарда, міне, осы инновациялық бағыттағы ақыл-ой мен технологиялар негізгі өсімді қамтамасыз етуге кірісті. Модератор осы тұрғыда Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарып жатқан істерін айта келе, алғашқы сөзді Елбасына берді. Бүгінгі форумға қатысу үшін баршаларыңыздың уақыт бөліп, біздің елді құрметтеп, қонақжай қазақ жеріне келгендеріңіз үшін шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін, деп бастады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Астана экономикалық форумы сан түрлі мәселелерді талқылап, нақты шешімдерді қарастыратын маңызды шараға айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты жаһандық халықаралық ұйымдар мен Дүниежүзілік банк, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері – форумның тұрақты қонақтары. Биыл қатысушылар қатарын Халықаралық валюта қоры, Боао экономикалық форумы сияқты беделді ұйымдар толықтырды. Сондай-ақ, The Economist, Financial Times сияқты әлемге әйгілі экономикалық басылымдар өкілдері де келіп отыр. Дүниежүзіне танымал ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемдік инвесторлар, Американың, Еуропа мен Азияның ірі корпорациялары қызметкерлері де форумға қатысуда. Қазақстан экономикалық және әлеуметтік даму туралы, өңірдің және тұтас әлемнің әл-ауқаты мен өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі сындарлы идеялар мен көзқарастарды талқылауға әрдайым әзір, деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы. Биыл біз іргелі тақырып – жаңа экономикалық нақты ахуалды қарастырамыз. Жаңа нақты ахуалдың қандай болатыны біздің таңдауымыз бен әрекетімізге тікелей байланысты. Бұл күндері мен осы форумның аясында дүниежүзінің көп ғалымдарымен, саясаткерлер және экономистермен кездестім. Қазақстандағы жағдай, біздің ұстанымды шараларымызды қалай бағалайтыны, қандай кеңес беретіндері туралы пікір алмастық. Бұл біз үшін өте пайдалы және маңызды мәселелер еді. Дағдарысқа қарсы біз жүргізіп жатқан жұмыстардың барлығына дұрыс баға беріп, қолдағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біздің бәрімізді жаһандық экономикада не болып жатқаны қызықтырады. Әлемнің жаңа экономикалық циклға еніп келе жатқанымен сіздердің көпшілігіңіз келісетін шығарсыздар деп ойлаймын. Біз жаһандық экономикаға тұрақты даму үшін берік негіз табудың сәті келмей отырғанын көріп отырмыз. Өсу қарқыны бірнеше жылдан бері баяулау үстінде. 2015 жылы әлемдік ІЖӨ небәрі 3,5%-ға ғана ұлғайды, бұл – дағдарыстан кейінгі ең нашар көрсеткіш. Шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы экспорттаушы елдердің табысын төмендетті және, сонымен бір мезгілде, импорттаушы елдерге дефляциялық қысымды күшейтті. Нәтижесінде бәрі де ұтылысқа шықты, деп атап өтті Елбасы. 2015 жылы дамушы рыноктардан капиталдың кері қайтуы 750 миллиард доллардан асты. Нәтижесінде бұл елдердегі өсім айтарлықтай баяулады. Сонымен бірге, дамыған елдерге капиталдың келуі қосымша өсімді қамтамасыз еткен жоқ. Бұл капиталдың елеулі бөлігі жаңа өнімді инвестициялауға емес, бір-біріне қосылу мен бір-бірін жұтып қою мәмілелеріне бағытталды. Бұл тепе-теңсіздіктердің кенеттен пайда болмағанын, ұзақ жылдар бойы қордаланып келгенін түсінудің маңызы зор. 2008 жылы жаһандық қаржы көбігі жарылғаннан кейін олар киіп-жарып сыртқа шықты. Проблеманың мәніне назар аударуды ұсынамын. Соңғы 30 жыл бойына біз бұрын-соңды болмаған жаңғырулардың куәгерлері болдық. Әлемдік экономика шапшаң қарқынмен өсті және жаһанданудың арқасында ол өсім іс жүзінде бүкіл әлемге тарады. Тарихта алғаш рет дамушы рыноктар бірінші кезекке шықты. Тек соңғы 15 жылда ғана дамушы елдердің жиынтық ІЖӨ-сі 4 еседен астамға артты, олардың жаһандық экономикадағы үлесі екі еселенді және 2015 жылы шамамен 40%-ды құрады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы айырмашылық 20-дан 9 есеге дейін қысқарды. Бұл елдерде 6 миллиардтан астам адам өмір сүретінін ескергенде, бұл өте маңызды жетістік. Дегенмен, әлемдік экономиканың ырғақты өсімі толыққанды дамуға трансформацияланған жоқ. Экономикалық тиімділіктер тепе-тең тараған жоқ. Қаржының үлкен көлемі дамушы елдерден шығарылды да, олар қайта инвестицияланған жоқ. Табыстарды бөлудегі теңсіздік орасан зор қарқынмен өсті. Неғұрлым ауқатты азаматтар өз дәулеттерін еселеп ұлғайтып жатқанда, орта таптың тұрмыс деңгейі іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Кедей елдердегі адам капиталының дамуы жаңа экономика талаптарынан айтарлықтай артта қалып қойды, деді одан әрі Н.Назарбаев. Мәселен, бұл өңірлерде бүкіл әлем балаларының 45%-ы өмір сүретініне қарамастан Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканың дамушы елдеріне әлемдік білім беру шығындарының тек 3,5%-ы ғана тиесілі. Бұл мемлекеттерде 50 миллиондай бала мүлде мектептерге бармайды, 250 миллион оқушы қарапайым сауаттылықтан ада. Тиімді нарық институттарын құруға бағытталған құрылымдық реформалар мейлінше баяу жүргізілді. Бүгінде әлемді, сарапшылардың пайымдауынша, төртінші өнеркәсіптік революцияға бастайтын терең технологиялық жаңғырулар қамтып отыр. Экономикалық дамудың негізінің өзі түбірлі түрде өзгеруде. Біз «ресурстар экономикасынан» «білімдер мен инновациялар экономикасына» түпкілікті көшудеміз. Сонымен бірге, көптеген дамушы елдерде өсім үшін ішкі әлеует қалыптасқан жоқ. Бұл, менің пайымдауымша, жаһандық экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығына нұқсан келтіретін іргелі проблема. Біз бүгінде әлдебір жолайрықта тұрмыз және одан арғы жаһандық дамудың қандай жолмен жүзеге асатындығы көбіне-көп бүкіл әлем қоғамдастығының үйлесімді іс-қимылына байланысты болмақ. Оқиғалардың әрі қарай дамуы мүмкін деген сценарийлердің бірі – ол әлемдік экономиканы фрагменттеу. Қазіргі уақытта үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыру үшін мүмкіндіктер барған сайын азая түсуде. Мұндай жағдайда протекционизмге салынып, сыртқы әлемнен бой тасалауға қарай елігушілік өте зор. Біз қазірдің өзінде мұндай саясаттың көптеген жекелеген мысалдарын көріп отырмыз. Ол жеке сауда блоктарын құруға, капиталдың қозғалуына шектеулер енгізуге, өзара санкцияларға, сауда үшін кедергілерді ұлғайтуға қатысты. Менің пайымдауымша, бұл – ұзақ мерзімді тұрғыда бүкіл елдерге нұқсан келтіретін, ал өзінің радикалдық фазасында бүкіл әлемдегі текетірестердің ұлғаюына соқтыратын тұйық жол, деп атап көрсетті Қазақстан басшысы. Барлығы да әскери, экономикалық және саяси блоктарға бөлінген «қырғи-қабақ соғыс» кезеңі күні бүгінге дейін менің есімде. Онда саламатты бәсекелестік идеологиясы, яғни «өзің үшін жақсы жасау» идеясы «көршіңе жамандық жасау» текетіресімен алмастырылды. Тек «темір перде» құлағаннан кейін ғана әлем еркін тыныс алып, халықаралық экономика өсе түсті. Кейін шегінуге және осы жетістіктерді жоғалтуға жол беруге болмайды. Жаһандану табиғи және бұлжымас үдеріске айналды. Қазіргі заманғы әлемде сенің төңірегіңде тұрақсыздық, соғыстар мен күйзелістер болған жағдайда елдердің әл-ауқатын қамтамасыз етуге болмайтынын Еуропалық одақтағы босқындарға қатысты дағдарыс іс жүзінде көрсетіп берді. Мен бізге басқа жолды – экономикалық өсім әр елдің дамуына және тұрғындарының әл-ауқатының артуына тиімді трансформацияланатын «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажет деп есептеймін. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана тұрақты бола алады және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігерді және ұлттық экономикалар деңгейінде іс-қимылдарды үйлестіруді талап ететін трансформацияланудың ұзақ, күрделі және ауыртпалықты жолы. Мен өсім әлеуетін қалыптастыруы мүмкін бірқатар жаһандық бастамаларды көріп тұрмын, дей келіп Елбасы өз ойын төмендегіше өрбітті. Біріншіден, біз дамушы және ең кедей елдердегі адам капиталының дамуына басты назар аударуымыз керек. Ешқандай мемлекет сауатты, білімді, дені сау және іскер адамдарсыз дами алмайды. Біз білім беру мен денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құрудың қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз – бұл шыдамдылықты, білімді және үлкен инвестицияларды қажет етеді. Мен Қазақстан бұл салаларда жақсы алға басты деп есептеймін. Дегенмен, бұл істің сәті түспеген көптеген елдер де бар. Осы проблеманы шешу үшін БҰҰ қолдауымен Адам капиталын дамыту қорын құруды ұсынамын. Ең кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту оның басты міндеті болуы тиіс. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша, кедей елдердегі жалпыға бірдей базалық білім беруді қамтамасыз ету үшін жылына шамамен 50 млрд. доллар қажет. Бұл проблеманы тек халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерлері арқылы ғана шешуге болады. Екіншіден, экономикалық өсім қайта қорланып отыруы үшін, яғни алыпсатар қаржы құралдарына аударылып кетпей немесе оффшорлық аймақтарда қалып қоймай, табыстар жаңа өндірістерге, білім беруді, денсаулық сақтау мен инфрақұрылымды дамытуға қайта инвестициялануы үшін барлық жағдайларды жасау керек. Бүгінде, сарапшылардың бағалауынша, оффшорлық есеп-шоттарда 30-дан 40 триллион долларға дейін сақталуда. Осы активтерге жаһандық салықтың бір пайызын ғана енгізудің өзі дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтауды жаңа сапалы деңгейге шығаруға жағдай жасар еді. Ол салықтан түсетін қаржыны жоғарыда аталған Адам капиталын дамыту қорына бағыттауға болады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы оффшорсыздандыру бойынша ықпалды шаралар ұсынуы керек. Үшіншіден, деп жалғады сөзін Президент, бүгінде экономикалық пайданың артынан қуғандықтан, қоршаған ортаның кешенді мәселелері қолдан шығарылып алуда. Климаттық өзгерістерге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаһандық бастаманың маңызы да өте зор, бірақ, басқа да проблемалар туралы ұмытуға болмайды. Париж келісімінің базасында «Жасыл» экономиканы дамыту бойынша Жол картасы мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі келісімшарт жасауды ұсынамын. Ол ауаға зиянды қалдықтарды шығаруды қысқартып қана қоймай, сондай-ақ, жерді, ауыз суды, биоортаны сақтау бойынша шараларды қарастыруы қажет. Оның үстіне, өздеріне міндеттемелерді тек елдер ғана емес, сондай-ақ, жаһандық корпорациялар да алулары тиіс. Өткен жылы оның орнына келген Киото хаттамасы мен Париж келісімі елдерге СО2 шығарындыларын қысқарту бойынша міндеттемелер қалыптастырады. Сонымен бір мезгілде, су ресурстары, биоортаны сақтау, жердің азуына жол бермеу, табиғатты тиімді пайдалану мәселелері тек ұлттық және өңірлік деңгейлерде шешілуде. Осы мәселелер бойынша жаһандық диалог жоқ. Бұдан бөлек, қолданыстағы барлық пішімдер елдердің қатысуын қарастырғанымен, ТҰК-те ірі табиғат пайдаланушы болып табылады. Төртіншіден, әр елдің ұлттық деңгейде ауқымды құрылымдық реформалар жүргізгені маңызды, деп қайырды сөзін Қазақстан басшысы. Мемлекет басшысы келесі кезекте Қазақстанның жас мемлекет екенін, үстіміздегі жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтетінімізді айтып өтті. Ширек ғасыр бедерінде біз картада жоқ мемлекеттен табысы орташа деңгейлі, әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 50 елдің құрамына енген мемлекеттің жолын жүріп өттік. Осы кезеңде біз әкімшіл-әміршіл басқарудағы мешеу қалған экономикадан ашық нарықтық экономикаға өтуге толық қол жеткізе алдық. Қайта жаңғыртулар өте қиын жүрді және жанға бататындай болды, әлі көп нәрсе істеу керек. Алайда, жүргізілген реформалардың басты нәтижесі азаматтарымыздың әл-ауқатын түбегейлі жақсарту болды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ІЖӨ-сі доллармен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс орны құрылды. Серпінді экономикалық өсім жағдайында біз табыстарда соншалықты бір айырмашылықтарға жол бермедік. Кедейшілік айтарлықтай деңгейде қысқарды. Егер 90-шы жылдардың басында әрбір үшінші адам Қазақстанда кедейшілік шегінің арғы жағында өмір сүрсе, бүгінде кедейшілік деңгейі 3%-дан да төмен. Экономикалық өсім өрлеп тұрған кездің өзінде де біз жалпыға бірдей тұтыну үрдісіне жол бермедік, деді сөзін сабақтаған Президент. Біз үшін адам капиталына инвестициялар салу, инфрақұрылымдарды дамыту, индустрияландыру және қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор жасау басты басымдықтар болды және болып қалып отыр. Тәуелсіздік жылдарында шамамен 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақтау нысандары салынды. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік сала шығындары ІЖӨ-нің 6%-ынан 10%-ынан астамға дейін өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге ұлғайды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың баспанамен қамтамасыз етілуі бір жарым есеге ұлғайды. Республикалық маңыздағы 10,5 мың шақырым автомобиль жолдары салынды және жөнделді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 6 жылда 3,8 триллион теңге сомасына 900 жоба қолданысқа енгізіліп, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Елдің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржыларын қоса алғанда, 95 миллиард долларды құрап, ІЖӨ-нің 50%-ына дейін артты. Біз жетекші трансұлттық корпорациялармен тиімді ынтымақтастықты жолға қоя білдік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл елімізге және жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімнің көрсеткіші болып табылады. Қазақстан қашанда интеграция мен өзара іс-қимылдың жақтаушысы болып келді, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын қолдады. Бүгінде ЕАЭО ақиқатқа айналды және 180 миллионнан астам халқы бар 5 елдің басын біріктіреді. 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болды. Қазақстан басшысы, сондай-ақ, өткен жылы елімізде аса маңызды бес институттық реформа жүзеге асырыла бастағанын атап өтті. Бұл жаңғыртулар заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат құруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өсімге, қазақстандықтарды болашақтың біртұтас ұлтына топтастыру мен мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қабылданып, оны жүзеге асыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізіліп үлгерілді. Бұл әлемде болып жатқан түрлі теріс трендтерге басты жауап болып табылады. Қазақстан басты мақсаты әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу болып табылатын 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясын жүзеге асыруда. Алдағы онжылдықтың шешуші міндеті – елді дамытудың қағидатты жаңа моделін қалыптастыру. Қазақстан экономикалық өсімді белсенді ету мен бәсекеге қабілеттілікті нығайту үшін орасан зор әлеуетке ие. Біз өзіміздің ұзақ мерзімді өсіп-өркендеуіміз бен орнықтылығымызды тек қана еліміз аса бай табиғи ресурстарға тәуелділікке байлап қоймайтын боламыз. Осыған орай негізгі міндет экономикалық өсімнің жаңа драйверлерін қалыптастыру, индустрияландыруды жалғастыру, халықтың жоғары деңгейлі табысы мен сапалы адам капиталы бар жеке секторға басымдық берілетін заманауи экономика орнықтыру болып табылады. Экономикалық өсім басым жағдайда еңбек өнімділігінің, жекеменшік инвестициялардың және бәсекелестіктің өсімімен қамтамасыз етілетін болады. Дамудың жаңа экономикалық моделін қалыптастыру барлық саладағы құрылымдық өзгерістерге негіз қалайды. Біз күш-жігерімізді мемлекеттік секторда жүргізіліп келе жатқан саясаттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша ІЖӨ-нің 15%-ына дейін төмендетуге жұмсайтын боламыз. Біздің экономиканың нақты секторындағы негізгі міндетіміз – нарықтық институттарды нығайту, еркін бәсекелестікті дамыту мен жеке іскерлік бастаманы ынталандыру. Біз әлеуметтік-қоғамдық салада адам капиталын дамытуды инвестициялауды белсенді жалғастырамыз, бірақ мемлекеттің, бизнес пен азаматтың жауапкершілігін нақты бөліп көрсететін боламыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Қазақстанның салыстырмалы түрде алғанда қысқа ғана тарихында көптеген экономикалық сілкіністерді – 90-шы жылдардағы толық ауқымды экономикалық коллапстан 2000-шы жылдардағы жан-жақты сыртқы естен тандыруларға дейінгі сілкіністерді еңсере алғанын көлденең тартты. Біздің басты қағидаттарымыз – экономикалық прагматизм, реформаларды жүзеге асырудағы дәйектілік пен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға екпін түсіру – бізге барлық қиындықтардан өтуге мүмкіндік беріп, біздерді күштірек ете түсті. Бүгінде барлық елдер қиындықтарды бастарынан өткеруде және ұлттық эгоизмге ерік бермей, әлем алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеруде бірлесіп жол таба білу маңызды. Халықаралық диалогтың түрлі пішімдері бар: G-7, G-20. Жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар, мәселен, Давостағы, Боаодағы, біздің Астанадағы секілді кездесулер өткізіліп келеді. Дайындалған шешімдерді практикалық пайдалануда келісушілік пен үйлесімділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл жерде барлық елдердің пікірі есепке алынуы тиіс. БҰҰ құрылымында немесе оның жанынан осындай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнайы комитет құратын уақыт жетті. Қазақстанда қолданылып келе жатқан, 140 елден 30 мыңнан астам сарапшының басын біріктіретін «G-Global» виртуалды интерактивті алаңын белсенді пайдалануды ұсынамын, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан басшысы сөзін аяқтай келе, форумның барлық қатысушыларына жемісті жұмыстары үшін ризашылығын білдіргісі келетінін мәлімдеді. Оның қорытындылары жаһандық дамудың ортақ қазынасына қосылатынын атап өтті. Сондай-ақ, форумның барлық қатысушылары мен қонақтарына зор денсаулық пен табыстар тіледі. Елбасынан кейін мінберге көтерілген Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо қазіргі кезең жаһандық экономиканың эвалюциялану дәуірін бастап бергендігін еске салды. Бұл ретте әлемдік сауданың маңызы артып отырғандығына тоқталды. Осыдан екі мың жылдай уақыт бұрын халықтарды жалғастырып, халықаралық сауданың рөлін атқарған көне Жібек жолы Қазақстан аумағын басып өтетін. Бүгінгі күні қайта қалпына келе бастаған сол көне жолдың жаңа белдеулері айқындалу үстінде. Ол бұрынғысынша Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Демек, осы арқылы біз тәуелсіз Қазақстанның халықаралық сауда-экономикалық қатынастарға мейлінше кірігетіндігін көріп отырмыз. Соның бір куәсіндей өткен 2016 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 162-ші мүше мемлекет болып қосылды. Бұл жөніндегі келіссөздер 20 жылға жуық уақытты қамтыды. Сонымен, бүгінгі күні Қазақстанды әлемдік бизнеске ашық ел ретінде тануға әбден болады. Былтыр Нұрсұлтан Назарбаев мырза аталған шараны ресімдеу үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтері орналасқан Швейцарияға келген кезде әңгімелесудің сәті түсті. Сонда Қазақстан басшысы Қазақстанның интеграциялау үдерісі мұнымен тоқтап қалмайтындығын айтқан еді, деп одан әрі қарай өз ойын Дүниежүзілік сауда ұйымының қазіргі кезеңде шұғылданып отырған ілгері жұмыстарын баяндаумен өтті. Соның бірі шағын және орта бизнесті цифрлық кеңістікке кіргізуге бағытталып отырғандығын айтты. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард форумға қатысушыларға жасаған бейне-жолдауын өзінің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында осындай құрметке ие болғандығына қуанышты екендігінен бастапты. Мен Қазақстанға сапарымда сіздерде құрылған керемет университеттің студенттерімен кездесу мүмкіндігіне ие болдым. Олар өте өршіл екен. Олардың бойында үлкен арман барлығын, сол арманға қол жеткізу мақсатын алға қойып, білім алуға барынша құлшыныспен кіріскендіктерін байқадым. Мен олардың бойынан Қазақстанның жақсы болашағын көргендей болдым, деді ол. Сонымен қатар, Қазақстанның өзінің ұлттық валютасы – теңгені еркін айналымға түсіргендігін дағдарыспен күрес жағдайындағы жетістік ретінде бағалапты. Енді фискалдық саясатты қайта қарастырудың да жөні келгендігін, ел экономикасын әртараптандырудың беретін пайдасы да үлкен екендігін жеткізген. Сондықтан, қысқа мерзімді саясатта экономиканы әртараптандыруға барынша мән беруді дұрыс деп есептейтіндігін жеткізген. Халықаралық валюта қорының Қазақстанмен әріптестігі лайықты жағдайда дамып келе жатқандығын атап өте келе, бұл әріптестікті тереңдете түсуге ықыласты екендіктерін айтып, форумның жұмысына табыс тілепті. Еуропа Қайта құру және Даму банкінің президенті Сума Чакрабарти қазіргі күні жаңа экономикалық жағдай кеңістігіне шығуға ұмтылып жатқан елдер арасында мұндай мүмкіндікке Қазақстанның ие екендігін айтты. Осы бағытта елде жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаның серпінділігін сақтауға қолдау білдіретіндігін жеткізді. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру мәселесінің маңызы зор. Ол экономиканы орнықты етіп, дағдарыс тудыратын сілкіністерден қорғайтын болады, деді ол. Сонымен қатар, Еуропа Қайта құру және Даму банкінің білім экономикасын қаржыландыра бастағандығына ширек ғасыр уақыт болғандығын айта келе, осы мәселеге көңіл бөліп жатқан Қазақстанның дұрыс бағытпен келе жатқандығын атап өтті. Бұл ретте байланыстарымызды жақсарта әрі жетілдіре түсудің жағымды жақтары бар. Орталық ақпараттандыру жүйесі қалыптасып отыр. Көп жолақты интернетті пайдаланып жатырсыздар. Оны енді ауылды жерлерге жеткізудің маңызы зор. Біздің көмегіміз арқылы Грузия бұл мәселеге мән берген еді. Оның ақыры ауылды жерлерге жаңа технологиялардың келуіне жақсы мүмкіндіктер туғызды. Осы ретте Қазақстанда жаңа технологияларға оқыту, кадрларды дайындау мәселесінің маңызды екендігін білемін. Біздің осы бағытта әріптестігімізді дамыта түсуімізге жақсы мүмкіндіктер бар екендігі анық, деді ЕҚДБ басшысы. Банктің білім экономикасын дамыту, әртараптандыру, жаңа технологиялар бағытында қолдау көрсете алатындығын жеткізді. Осыдан тура 17-18 жыл бұрын қазіргі кезде әлемдегі ең ірі компанияның біріне айналған Alibaba Group компаниясының негізі қаланған еді. Қазір мен бүкіл әлемге танылған осы компанияның негізін қалаушы және Alibaba Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Джек Ма мырзаға сөз кезегін бергенді жөн көріп тұрмын, деді пленарлық отырыстың модераторы Хэмиш МакРей. Бүгінгі жиынға қатысу мен үшін үлкен құрмет, деп бастады өз сөзін Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Джек Ма. Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім. Талай рет мен осы Ұлы Дала үстінен ұшып өттім, бірақ бір де бір рет қонудың реті келмеді. Міне, енді, АЭФ – жаһандық үнқатысу алаңының арқасында мен Қазақстанның суын ішіп, ауасын жұту құрметіне ие болдым. Мені таңғалдырған бір жағдай – даланың кәусар самалы адамның бойына жылылық пен жарасымдылық нұрын себеді екен. Тағы бір байқағаным, мұнда еуропалықтар да, азиялықтар да өздерін өте еркін сезінеді. Осыдан тура 2000 жыл бұрын осы Ұлы Дала төсімен Ұлы Жібек жолы тартылып, сансыз керуендер Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа қарай жол тартқан еді. Дәл сол кезеңде ешкім Еуропаны Азияның құрметтейтінін, Азияны Еуропаның құрметтейтінін болжап білген жоқ болатын. Жаһандық экономиканың алғашқы түренін салған сол Ұлы Жібек жолының дәл ортасында Қазақстан даласы жатыр. Бүгінгі қазақ жеріндегі кәсіпкерлік рухы сол бір дәуірлерден бастау алған. Міне, бүгін осы Ұлы Жібек жолы салған даңғыл бағытпен ғаламтор жолы әлемді байланыстырып жатыр. Өскелең ұрпақ өмірге әкелген интернет әлемді өзгертеді. Технология бұл – болашақ. Біз қаласақ та, қаламасақ та озық технологиялар негізінде жасалған роботтар адамнан да ақылды болуда. Сондықтан, бүгінгі таңда адам «компьютер ақылды ма, әлде адам ақылды ма?» деген салыстырмалы теңеуге жол бермеуі керек. Өмір адамзат ақыл-ойымен дамиды. Бірінші өнеркәсіптік төңкеріс нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды, екінші өнеркәсіптік төңкеріс одан да көп жаңа жұмыс орындарын ашып, адамның қабілеті мен білімін арттыра түсті. Міне, жаһандық ауқымда қозғалысқа түскен төртінші өнеркәсіптік төңкеріс те жаңа мамандар қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Атақты Марко Поло Италиядан шығып, Қытайға жеткенше төрт жыл уақытын жолда өткізген екен. Бүгін интернеттің арқасында бұл қашықтықты көзді ашып-жұмғанша еңсеруге болады. Осыдан 18 жыл бұрын біз өз компаниямыздың іргетасын қалағанда, дәл осындай межеге жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Озық технология қашанда табысқа бастайды. Енді бір 30-40 жылдың ішінде адамзат мәңгілік жастық сырын ашып, қатерлі ісік қасіретінің емін табатын болады. Біраз уақыттан кейін біз ақпараттық технологияның озық жетістіктері туралы тамсана айтатын боламыз. Осыдан біраз жыл бұрын адамдар әлеуметтік желілер туралы ойланған да жоқ. Ал бүгінде Google, Facebook, Twitter желілерінсіз өмірді елестету қиын. Ендеше, болашақ жаңа инновациялық технологиялардың заманы болмақ. Қазақстан ДСҰ-ға мүшелікке өту үшін 20 жылға жуық келіссөздер жүргізіпті. Енді осынау инновациялық ұйымның жемісін көретін болады. Келесі кезекте Колумбия университеті Жер институтының директоры Джеффри Сакс сөз алды. Мен осыдан тура 24 жыл бұрын Қазақстанда болған едім. Сол кезеңде Сізбен, жоғары мәртебелі Президент мырза, Алматы қаласында кездескен едік. Осы кездесу барысында болған әңгімеде мен Сіздің болашаққа деген көзқарасыңызды ұққан едім. Бүгінгі жаһандық жиынға шақырғаныңызға да рахмет. Еуразия болашақта бүкіл жаһандану үрдісінің орталығы болатынына сенімдімін. Осыдан 2000 жыл бұрын бұл даламен Ұлы Жібек жолы өткен болса, бүгінде Орталық Азия тағы да электронды технологияның орталығына айналуда. Бүгінде адамзат алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бірі жаһандық жылыну үрдісінің алдын алу болып табылады. Біз жерімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Осыдан ширек ғасыр бұрын жаһандық жылыну мәселесі туралы сөз қозғалған кезде біз бұл апаттың ауқымын болжап көрмеген едік. Ал бүгінде бұл адамзат алдында тұрған үлкен қатерлердің біріне айналуда. Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сіздің жаңағы айтқан сөздеріңіз бәрімізге керемет ой салды. Білім саласын дамытпай, біз алға жылжи алмаймыз. Бүгінде әлемде миллиондаған балалардың сауаты жоқ. Миллиондаған балалар аштықтан зардап шегуде. Бұл – қоғамды жайлаған қайыршылықтың кесірі. Сондықтан, Сіздің БҰҰ шеңберінде осы мәселелерге байланысты жаһандық ұйым құру туралы ұсынысыңызды жан-жақты қолдаймын. Сонымен бірге, пленарлық отырысты жүргізуші модератор оңтүстіккореялық экономист Ха-Джун Чангке сөз берді. Ол өз сөзінде бүгінде экономикалық сарапшылардың жаһандық үнқатысу алаңына айналған Астана экономикалық форумынан алған әсерлерімен бөлісті. Содан кейін пленарлық отырыстың модераторы Хэмиш МакРей отырысқа қатысушылардың атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сұрақ қойды. «Адам өміріндегі алғашқы 25 жыл жеткен жетістіктерді пайымдап, жүріп өткен жолына бір рет есеп беретін кезең сияқты. Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сіз Қазақстанның осы бір жүріп өткен 25 жыл кезеңіне көз тастап, алдағы 25 жылға қандай болжамдар айтар едіңіз?» – деген. Елбасы пленарлық мәжілісті жүргізушінің сұрағына жауап бере келіп: «Біз осы бір өткен 25 жыл ішінде қандай жұмыс атқарғанымыз туралы жаңа сөйлеген сөзімде біршама жауап бердім. Алға қойған реформаларды жүзеге асыру арқылы еліміз белгіленген жетістіктерге жетіп келеді. Профессор Сакс өз сөзінде Боливияда болған гиперинфляция мәселесін тілге тиек етті. 90-шы жылдары біздің елімізде де инфляция деңгейі жүздеген пайыздан асып кетті. Ең бастысы, біз реформаларды жүзеге асыра отырып, 130 ұлт, көптеген діни конфессия өкілдері тұратын елде татулық пен бейбітшілікті сақтай білдік. Мен 17 жыл ішінде осы жерде бүгінгі ел астанасының іргетасын қалап, осындай елорда салдым», – деді Елбасы. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің таяу болашақтағы даму бағдарламаларына тоқтала келіп, Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетін ерекше атап көрсетті. Астана экономикалық форумы аясында кеше түске дейін әртүрлі бағыт бойынша бірнеше сессия отырысы өтті. Онда әлемдік экономика дамуының негізгі қалыптары мен қиындықтары, сондай-ақ, жаңа экономикалық шынайылық жағдайында экономика өсуін қамтамасыз ету мәселелері одан әрі талқыланды. Бүгінде жаһан жұртын алаңдатқан әлемдік дағдарыстың зардаптары халықаралық қауымдастықтан экономикалық өсу бойынша жаңа тәсілдер мен жолдар іздестіруді талап етуде. Ал оның бірегей бағыты экономиканы барынша әртараптандыру үдерісі болып табылады. Тіпті, ұзаққа созылған экономикалық құлдыраумен күресу мүмкіндігі де осыған келіп тірелгендей. Міне, осы тұрғыда әлем ғалымдары жаһан экономикасын ілгерілетудің тиімді әдісін ойласуда. Шындығында, дағдарыс инновациялық тәсілдер және технологияларды енгізу есебінен, барлық елдерге жаңа нарықтарды игеру, еңбек өнімділігін арттыру бойынша қосымша мүмкіндіктер ұсынуда. АЭФ-2016 қатысушылары кешегі отырыстарда да осындай ойларын ортаға салды. Екінші күннің еншісінде оншақты сессия өткен болатын. Соның бірі «аймақтық және жаһандық іс-әрекеттер: жаһандық өсу үшін саяси батыл қадамдар қажеттілігі» деп аталды. Онда танымал көшбасшылар ашық пікірсайысқа шықты. Шараны Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы, 2008-2014 жылдардағы Армения премьер-министрі және орталық банкінің 1998-2008 жылдардағы төрағасы Тигран Саркисян жүргізіп отырды. Ал Ресей Ғылым академиясының академигі, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының үш шақырылымдағы депутаты Сергей Глазьев, 2007-2012 жылдардағы Франция премьер-министрі Франсуа Фийон, Италия премьер-министрі (1996-1998 жж., 2006-2008 жж.), экс Еурокомиссия Президенті Романо Проди, 2007-2008 жылдардағы Австрия федералдық канцлері Альфред Гузенбауэр, Польша Республикасының бұрынғы президенті Александр Квасьневски, 1999-2001 жылдардағы Израиль премьер-министрі, 2007-2013 жылдардағы Израиль қорғаныс министрі Эхуд Барак, Қырғыз Республикасының бұрынғы премьер-министрі Джоомарт Оторбаев сияқты саясаткерлер пікірсайысқа қатысып, экономикалық жағдайды түзеу үшін қабылдануы тиіс шаралар жайын талқылады. Мәселен, Ресейдің бұрынғы сыртқы экономикалық байланыс министрі Сергей Глазьев әлем экономикасына ықпал ететін бірнеше салаларды атап шықты. Мамандар оның пайымдары біздің елімізге де тиімді тұстары көп екендігін жеткізді. Біз жаһандағы түрлі оқиғаларға қарап отырып, экономикамызды дамытудың көптеген жолдарын қарастырғанымыз абзал. Себебі шикізат, табиғи ресурстар, пайдалы қазбалар заманы аяқталды. Осы жерде адами фактор кезеңі келді. Болашақта экономиканы, денсалық сақтау, білім беру мен ғылым саласын қарастыру керек, деді С.Глазьев. Форум аясында өткен тағы бір шара «Kazakhstan Privatization Forum» деп аталды. Онда елімізде жүргізіліп жатқан жекешелендіру үдерісіне қатысты мәселелер талқыланды. Жекешелендіру үдерісі тәжірибеде қалай және қандай жағдайда жүргізіледі? Қазақстанның энертегика саласының даму және өсу перспективалары қандай? Бұған жаһандық шикізат нарығындағы оқиғалар мен ақша саласындағы жағдай қалай әсер етті? Жекешелендіруге жатқызылатын ұйымдардың талдауы және бағалау көрсеткіштері мен перспективалары қандай? Осы сұрақтарға жауап іздестірілді. Жергілікті, аймақтық және шетелдік инвесторлар үшін инвестициялаудың жолдары және меншік нысандары, мемлекеттік қолдау мен ынталандырма бағалауы, жұтылу жөніндегі келісімдерді қаржыландырудағы үрдістер мен өзгерістер жайы әңгіме арқауына айналды. Шараны «Financial Times»-тың Мәскеу мен Орталық Азиядағы тілшісі Джек Фарчи жүргізіп отырды. Қазақстанның Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов қатысып, елдегі жекешелендіру бағдарламасына байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар жайын баяндады. Форум аясында өткен тағы бір маңызды шара – кәсіби мемлекеттік аппарат тақырыбындағы сессияға Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов, БҰҰ-ның Бас хатшысының көмекшiсi, Еуропа және ТМД елдерiне арналған аймақтық бюроның директоры Жихан Сұлтаноғлу, Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов және тағы басқалар қатысып, сөз сөйледі. Олар мемлекеттік қызметтегі инновациялар, мемлекеттік қызмет саласында инновациялық әдістемелерді енгізудің халықаралық тәжірибесі, мемлекеттік қызмет көрсетудегі заманауи технологиялардың рөлі, мемлекеттік қызмет көрсетудегі заманауи трендтер, мемлекеттік қызметкерлерді инновациялық оқыту сияқты тақырыптарды талқылады. Т.Донақов өз кезегінде мемлекеттің табысты дамуы үшін «жинақы» мемлекеттік аппарат құру қажеттігін айтты. Соңғы жылдары еліміз мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласында ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатқандығына тоқталған министр, Қазақстан Президенті бастамашылық еткен бес институттық реформаны еліміз іске асыруға кіріскенін, сондай-ақ, осы реформалардың арасында біріншісі мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға бағытталғаны символдық мәнге ие екенін атап өтті. Мемлекетті табысты дамытудың негізі – ықшам мемлекеттік аппарат құру. Мұндай аппарат экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды, сондай-ақ, сапалы мемлекеттік қызметтер ұсынуды қамтамасыз етеді, деді Т.Донақов. Осы ретте ол Мемлекеттік қызмет істері министрлігі мемлекеттік қызметтің жаңа моделін жүзеге асырудың локомотиві, сонымен қатар, барша мемаппаратты кәсібилендірудің орталығы мен тетігі болуы тиіс екенін атап өтті. Түзіліп отырған модель мемлекеттік қызмет, мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу тұрғысында шетелдік тәжірибеге баса мән береді, деді министр. БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі Жихан Сұлтаноғлу Астанадағы Мемлекеттік қызмет өңірлік хабы жайында ойымен бөлісті. «Астанада Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабты құру туралы Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ ДБ-ның бастамасын мақтан тұтамыз. Бұл хаб біліммен бөлісуге және әлеуетті кеңейтуге қажетті тұғырнама», деді Ж.Сұлта
•
27 Мамыр, 2016
Тараптарды тоғыстырған тағылымы мол басқосу
413 рет
көрсетілді