• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Бос жатпауы керек

404 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан – аграрлық жағынан қуатты облыс. Жалпы жер қоры 9804,3 мың гектарды құраса, ауыл шаруашылығына жарамдысы –7168,5 мың гектар. 3100 шаруа және фермер қожалығы мақсатты ауылшаруашылық алқаптарының 18 пайызын, 671 серіктестік 69 пайызын иеленеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдар­бек Сапаровтың қатысуымен өт­кен өңірлік қо­ғамдық кеңестің отырысын­да жер қатынастары басқармасының бас­шысы Есенгелді Кәрібаев хабарл­а­ма жа­сап, жұртшылық тарапынан үл­кен қо­ғам­дық резонанс тудырған Жер ко­дексіне қатысты Елбасы айқындап бер­­ген нақты тұжырымдар төңірегінде атқа­­рылып жатқан жұмыстармен таныс­тыр­ды. Соңғы үш жылда 7055,7 мың гектар ал­қап­қа түгендеу жүргізіліп, 278 мың гектар учас­кенің пайдаланылмай жатқаны анықталған. Нәтижесінде 35,9 мың гектар жер учаскелері бойын­ша жалдау шарттары бұзылып, 205 мың гектары ауылшаруашылық айналымына енгізілген. Ауыл­ша­руашылық мақсатындағы жерлер санатында айдалмалы жерлер үле­сінің төмендеуін болдырмау мақса­тымен оларды бо­сал­қы жерлерден ауылшаруашылық айналымына тарту, тыңайған жерлерді игеру жұ­мыстарына басымдық берілген. А.Сапаров жердің шетелдіктерге жалға ғана берілетінін, сатылмайтынын қадап айтып, қазіргі таңдағы өзекті мәселе Жер кодексіне енгізіл­ген өзгерістер мен түзету­­­­­лерді байып­тылықпен жан-жақты түсіндіру болып табылатын атап көрсетті. Жерді тиімді пайдалану, қоректік заттармен байыту, құнарлылығын жоғалтпау қажеттігін еске салды. Аймақта бір гектар егістік жердің бағасы 55 мың теңге, жайылым 12 мың теңгеге жуықтайды. Бонитеті жоғары, топырағы қара шіріндіге мол өңірге ұсыныстар аз түспесі анық. Сол себепті жерлердің сапасы мен саны жағынан есептеуге мониторинг жүргізу, жер қорын тиімді пайдалану өте маңызды. Мем­лекет ұсынып отырған мүм­кіндіктерді орайымен қолдана білсек, табы­сымыз да молая­ды, халықтың әл-ауқаты да артады, деді қоғамдық кеңеске қаты­сушылар. Бәрінің ойлары ауыл шаруа­шылығына арналған жерлер бос жатпауы керек деген ұсыныс-пікірлермен үндесті. Жер кодексіне енгізілген өзге­рістерге орай тұрғындардың ұсыныс-тілектерін білу мақса­тымен құрылған Gall-орталық жұмыс істегелі бірқатар пікірлердің жинақталып қал­ғанын аңғаруға болады. Солардың бірі Уәлиханов ауданы Қайрат ауылының тұр­ғыны Мәулет Айтмағамбетовтен түсіпті. Ол кезінде «Донское» ЖШС-нің иелігіне беріл­ген ауылшаруашылық жерлерінің игерусіз қал­ғанын қынжыла жеткізген. Оған шаруа­шылықпен жалға беру келісімшартты бұзу үшін сотқа талап арыз жіберілгені, іс оң шешіл­ген жағдайда жер учаскелері конкурс­тық негізде аукционға түсетіні жөнін­де жауап берілген. Тайынша ауданы Қара­ғаш елді мекенінің тұрғыны Досымхан Сырым­бет ауыл маңында жайылымдық жерлер қал­мағанына алаңдаушылық білдірсе, Ғ.Мүсі­репов ауданынан хабарласқан Сергей Пи­таев «Возвышенское» ЖШС-нен жарытып пай үлесін ала алмай жүргенін, көршілес шаруа­шылықтарда көп берілетінін алға тарт­қан. Петропавлдық Бекжан Есенов осыдан төрт жыл бұрын жер телімдерін алуға өті­ніш берсе де кезегі жылжы­майтынын жазған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы