Осыдан екі жыл бұрын Ресей үкіметі Норвегиядан, Канададан, Австралия, АҚШ, Евроодақ елдерінен бір жылға дейін құстың, сиырдың, шошқаның еттерін, балық, ірімшік, сүт, көкөніс өнімдерін өз еліне импорт жолымен әкелуге тиым салды. Сөйтіп, бұл елдерден келетін аталған тауарлар Ресейге жеткізіліп, ішке кіргізілуіне бөгет қойылды. «Иә, Ресей шеттен тасымалданатын тауарлар түріне эмбарго салды, бірақ Қазақстанға импорттық тағам түрлері Ресей шекарасы арқылы жетеді. Кеден одағы аясында біз Ресей тауарларын импорттап, тұтынуды бастадық. Бірақ бұл күндері Ресейдің ішкі нарығында құс еті тапшы болып тұр. Жылына 1 млн. тонна құс еті немесе 800 млн. тонна жұмыртқа қажет. Сондықтан да Ресей құс етін сыртқа шығарғаннан гөрі өз елдерінің нарығын қамтып алғанды жөн көріп отыр», дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов.
Міне, біз отандық өнімдермен өзімізді өзіміз қамтуға тырысуымыздың бір себебі осы, азық-түліктің дені сырттан келеді екен, дайынға ақша төлеп сатып ала саламыз деп отырған кезде, әртүрлі экономикалық-саяси жағдайлар бар, көршілердің өзіндік заң-талабы бар, шетелден тауар уақтылы келеді деп сеніп отыруға бола ма?! Ал сапалы жұмыртқа, құс еті деген ұзақ жолды, ұзақ мерзімге сақтауды көтермейтін, тез бұзылатын өнім.
Руслан Шариповтің айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде уақыт созбай, тездетіп шешетін мәселелер – республикаға шетелдік құс өнімдерін шамадан тыс әкелуді доғарту, құс етінің импортына талап, тарифтік квота қою. Сонда ғана еліміздің құс өсірушілері өз жұмыстарын жоғары деңгейде көрсете алмақ. Өйткені, Қазақстанның құс өнімдері нарығында шетелдік емес, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін молынан пайдалану керек. Еліміздегі құс шаруашылығының тұрақты дамуы үшін ол тұқымдық жұмыртқалармен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан тауар өндірушілерді арзан да сапалы тәуліктік балапандармен және инкубациялық жұмыртқалармен қамтамасыз ету үшін алдымен құс тұқымын асылдандыру жұмыстарын жолға қою керек. Жыл сайын еліміз тұтынатын құс етінің 70 пайыздан астамы шетелдерден сатып алынады екен. Ал бұған миллиондаған доллар көлемінде қаражат жұмсалады.
Құс өсірушілердің көтеріп отырған бір проблемасы, қазіргі уақытта елімізде отандық құс кростар жоқ. Құс кросы дегеніміз –бұл етті және жұмыртқа беретін бағыттағы құстардың асыл тұқымы. Қазақстан жыл сайын кростардың асыл тұқымды арғы тектік және аналық түрлерін және олардың инкубациялық жұмыртқаларын 8-10 млн. АҚШ доллары шамасындағы қаржыға шетелден сатып алады. Бұл еліміздегі құс өсірушілердің шетелден әкелінетін асыл тұқымға тәуелді болып қалуына бір себеп. Әлемдік және отандық генотиптер негізінде елімізде жоғары өнімді құстардың асыл тұқымды жүйесін құру үшін асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыру өте қажет. Ол үшін селекциялық-тектік орталықтар мен асыл тұқымды құс зауыттары ашылуы керек. Осылайша, біз құс тұқымы мен жұмыртқаны шетелден қыруар қаражатқа сатып алмай, бәсекелестікке тұрақты құс желілері мен кростарын өз елімізде шығарып, тіпті, көрші ТМД елдерін де қамтамасыз ете алатын болмақпыз. Бұл мәселенің шешілуі шетелдерден келетін құс өнімдерінің көлемінің қысқарып, отандық тауар өндірушілердің жұмысына және биоазықтық қауіпсіздігіне оң әсерін тигізеді. Және шетелден құс тасымалы кезінде келетін түрлі құс індеттерінің өтуіне шектеу қояды.
Ал бірақ қазірше, кәсіпкерлеріміз шетелден тауықтардың асыл тұқымдарын алып келіп жатыр. Израиль, Америка, Германиядан тауықтың түр-түрін әкелу арқылы құс етін өндіру жалғасуда. Бірақ шетелдіктер Қазақстанға тек асыл тұқымды өнімдерін беріп жатыр ма, әлде орташа тұқымды құстарын беріп жатыр ма, ол жағын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, осыдан біраз бұрын кейбір дерек көздерінде елімізге импорт ұсынатын шет мемлекеттердің біразы неше жыл бойы әскерлеріне сақтаған құс етін Қазақстанға жіберді деп те айтылды. Бағасы арзан, еті санитарлық талапқа сай болмаса да, әйтеуір тұтынуға болады.
Айта кету керек, құс етін адам ағзасы жеңіл қабылдайды, жұмыртқасы пайдалы тағам, ал мамығы – төсек-жастық. Және де қаз, үйрек сияқты құс еті көптеген отбасының қысқы соғымға дейін күздік тамағы. Бірақ қолға үйретілген және кәсіпорындарда мол өнім беретін құстардың ішінде ең кең тарағаны – тауық. Ұзақ жылдар бойы Семейдегі Прииртыш бройлер құс фабрикасын басқарып, осы саланың қыр-сырын терең меңгерген маман Бейсенғазы Тастекеев былай дейді:
– ДСҰ-ға кіруді Қазақстан ұзақ күтті, тіпті, 20 жыл бойы тостық деуге болады. Әрине бәсекелестікке орай құс өсірушілер бүгінде ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелге экспорт шығаруға да қабілеттері жетеді. Өйткені, Қазақстанның құс еті өнімдері санитарлық талапқа сай, экологиялық жағынан таза, ешқандай химиялық заттар қосылмаған. Бірақ отандық тауарды ішкі және сыртқы нарықта өткізу біршама қиын. Өз тәжірибемнен айтайын. 2014 жылы біздің фабрика шығаратын құс еті Ресейдің Барнаул, Омбы, Кемеров, Краснояр қалаларында керемет сұранысқа ие болды. Бұл өңірлерге біз 2 мың тоннадан астам құс етін жөнелтетінбіз. Бірақ, бір ескерерлігі Ресейде де құс еті шығарылады. Бағасы жаңағы біз жеткізген құс етінен әлдеқайда төмен. Сөйтсек, ресейліктер ешқандай консервант, қоспасы жоқ біздің құс етін қымбат болса да талап алады екен. Яғни, осының өзі қазақстандық құс еті шетелдік еттерден сапа жағынан әлдеқайда озық тұрғандығын көрсетеді. Осының өзі Елбасының Жолдауындағы тапсырмаларды орындағанымызды көрсетеді, яғни біздің қазақстандық өнім бәсекеге қабілетті. Бірақ, барлық құс өсірушілер жиналып, еліміздің нарығын тек 55-60 пайыз ғана қамтып отырғаны өкінішті.
Құс еті дегенде, жұмыртқа бағасы да тұтынушылардың қалтасын қағатыны рас екенін айта кету керек. Әрине, Қазақстанның әр облысында баға әртүрлі десек те, орташа баға бойынша еліміздің дүкен сөрелерінде 10 жұмыртқа 300 теңге көлемінде, ал Семейде 220-230 теңге. Бұдан да арзан болар еді, бірақ, арадағы делдалдар кінәлі дейді құс өсірушілер. Отандық құс өсірушілер одағы Үкімет пен кәсіпкерлер палатасынан делдалдар жұмыртқа бағасын өз құнынан асырмай саудалайтын заңнамалық негіз жасауды сұрап отыр.
– Мысалы, құс фабрикалары бірінші категориялы жұмыртқаны 18 теңгеден сатылымға жібереді, – дейді Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті Руслан Шәріпов, – дүкендерде оның құны ондығына 300-350 теңгеден тұр. Біз Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне, кәсіпкерлер палатасына делдалдар өнімнің өз құнына 20 пайыз ғана құн қоссын деген ұсыныс жасадық. Оны фабрикалар беретін есеп құжаттары бойынша қадағалап отыру оп-оңай. Өйткені, бұл күндері құс фабрикасынан арзан бағамен шыққан жұмыртқаға делдал бір баға, сауда орындары тағы бір баға, яғни қосымша құн қосып, соңында қарапайым сатып алушының қолына өнімнің ондығы екі есе қымбатқа түсіп жетеді.
Бірақ Астана, Шымкент базарындағы саудагерлер «қосатынымыз бір теңге ғана, әйтпесе өзіндік құны қымбат болып келетін жұмыртқа өтпей қалады», деген уәжді алға тартады. Бұндай даулардың барлығын сонау Кеңес Одағы кезінде тұтынушылар одағы деген үлкен жүйе бақылап, ревизорларын жіберіп қадағалап отыратын, қазір ешкім-ешкімді тексеріп жатқан жоқ. «Анау былай деп айтты, мынау олай айтты» деп, көтерілген проблеманың бәрі қалтарыста қала береді.
Нарықтың талабына орай құс шаруашылығы саласында да үнемі ізденіс қажет. Әсіресе, өнімді арттыру технологиялық жағынан жаңарып отыруды талап етеді. Ол үшін қомақты қаражат керек. Бұл да бір проблема, өйткені өндіріс құрал-жабдықтары мен оның қосалқы бөлшектері елімізде өндірілмейді. Тпті, құс шаруашылығына қажет жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала сақтану үшін қолданылатын дәрі-дәрмек те, құстарға берілетін азықтың қоректік сапасын жақсартатын биологиялық қоспа да сырттан әкелінеді. Дегенмен, отандық құс өсірушілер, нарық көшінен қалып көрген емес, мәселен, Қазақстан нарығында ширек ғасырдан астам жұмыс істеп келе жатқан «Прииртыш бройлерлік құс фабрикасы» ЖШС жақында «Восток-бройлер» кәсіпорнымен біріктіріліп, бәсекеге қабілетті болу үшін ірілендірілді. Тұтынушылар дүкендерден «Эко Бройлер» және «Ардагер» сауда белгісіндегі отандық өнімдерді төмен бағамен сатып алуда. Айта кетейік, қос фабрика біріктірілгеннен кейін, кәсіпорын «Восток-Бройлер» ЖШС атауымен қалды. Мұнда жылына 20 мың тоннаға дейін құс етін өндіру көзделіп отыр. Және жаңадан инкубатор мен құс соятын цехты іске қосу жоспарлануда. Жаңа цехтың ауданы 2500 шаршы метрді құрайды. Ал цех іске қосылғаннан кейін, мұнда күніне 4 мың бас құс союға мүмкіндік туады екен. Қос нысандағы қондырғылар заман талабына сай жарақталған. Жаңадан ашылмақ инкубатордың аумағы 2 000 шаршы метр. «Восток-Бройлер» ЖШС бас директоры Дәурен Айсариевтің айтуынша, жаңа нысандардағы құрылғылардың барлығы автоматтандырылған. Ел нарығында семейлік құс фабрикасы алдыңғы орында тұр, бұны да айта кеткен жөн.
Бүгінде дүниежүзі бойынша құс шаруашылығының сапасына талап қатаң қойылуда. АҚШ бастап, Бразилия қостап импорттық құс етін тасымалдауды өркендету туралы бағдарлама қабылдапты. Бағдарлама арқылы АҚШ Бразилиядан еліне тасымалдайтын құс етіне арнайы техникалық регламент енгізіп, өз тарапынан талаптар қойып жатыр. Сол тәрізді бұл ретте Бразилия елінің де АҚШ-қа өзіндік айтары бар. Бәрі де экологиялық таза құс етін жесек дегенге саяды. Ал бізде ше? Өзімізді өзіміз құс етімен толық қамту үшін енді қанша жыл керек? Сырттан құс, құстың жемі, жұмыртқа, асыл тұқымды тасымалдаудан қашан арыламыз? Бір сөзбен айтқанда, құс шаруашылығының бағы қашан ашылады?!
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист
Семей