Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Орталық және Шығыс Азиядағы ұйымның арнайы өкілі Кристин Муттоненмен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі
Тараптар өзара әрекеттестікті дамытудың бағыттарын талқылады. Бұл ретте Мәжілісте қайта құрылған ЕҚЫҰ ПА-мен әрекеттестік бойынша делегация құрамына маңызды міндеттер қойылады.
Б.Ізмұхамбетов пен К.Муттонен парламентаралық байланыстарды жетілдіру көпжақты қатынастарды тереңдету мен кеңейтуге қажетті шарт болып табылатындығын айтты.
Қазақстанның ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының маңызды бөлігі болып табылатындығына назар аударған Кристин Муттонен біздің еліміздің елдер, ұлттар және түрлі топтар арасындағы үнқатысу орнатудағы ерекше рөлін атап өтті.
– Біздің ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз және оны жалғастыруға ниеттіміз. Қазақстан бұл бағытта өте жақсы жұмыс жасап жатыр және осы аймақтағы басқа мемлекеттерге үлгі бола алады, – деді К.Муттонен.
Қазіргі заманның халықаралық қатерлері туралы сөз қозғаған Б.Ізмұхамбетов К.Муттонен қатысқалы отырған Астана қаласында өтетін «Діндер лаңкестікке қарсы» атты халықаралық конференцияның бұл қауіпке қарсы күш біріктіруге жағдай жасайтындығына сенім білдірді.
Кездесу барысында Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мәселелері талқыланды. Парламент Төрағасы бұл шараға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын өзіне ыңғайлы уақытта қатысуға шақырды.
– Мен сіздерді құттықтаймын. Парламенттік Ассамблея үшін бұл көрмеге қатысу өте маңызды деп санаймын, – деді К.Муттонен.