• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Мамыр, 2016

Сағи Жиенбаев. «Даламның иісі бұрқырап...». (Өлеңдер)

4190 рет
көрсетілді

Қазақтың тамаша лирик ақыны Сағи Жиенбаев біздің поэзиямызда ең алдымен сегіз буындық өлең жолдарының керемет шебері ретінде есте қалды. Сағи Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында туған. 1955 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітіргеннен кейін Жезқазған қаласында мұғалім болады. Келесі жылы әдеби қызметке ауысып, «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінде қызметкер, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1965-1984 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі болып істеді. Соңғы жылдары «Ақ Орда» журналының бас редакторы болды. Көрнекті ақын, нәзік сезімді суреткер, поэзия зергері және ақындардың әлденеше буынының ұстазы Сағи Жиенбаев 1994 жылы 15 мамырда 61 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды. Біз бүгін талантты сөз зергерінің бірнеше өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

БҮГІНГІ ДАЛА СУРЕТІ Жер менен көкті жалғаған — Ақ жолақ жатты тартылып... Адырда тұрған аруана Қарады бір сәт маңқиып. Майысып, Әлсіз бұралған, — Қамыстар үкі тағынып, Айдын көл аэродромдай, Құс келіп жатыр ағылып. Қалтырап, Қорқып, дүрлігіп, Құрбан боп кетпей теп-тегін,— Киіктер жонда иіріліп, Күтіп тұр газих өткенін... Сәулені кешіп, Жел желпіл, Көңілде үрей-дық қалмай, Дәуірдің барлық перзенті Бір-бірін үнсіз ұққандай...   ТАБА НАН Жас кеттім туған үйімнен; Көп кездім қала жатағын, Әйтеуір — бала күнімнен Басталды менің сапарым. Жататын - үйді жылытып, Жол қамын жасап анашым, Қып-қызыл шоқты үгітіп, Қыздырып қара табасын. Абдырап. Іштей сүйініп, Ұстатып нанды қолыма, Тұратын ұзақ Сыйынып Даланың қара жолына. Таба нан - анам пісірген Бір жүрді талай жолдарда, Аман-сау қайтып... Ішімнен Сыйынушы едім сол нанға. Жыл сайын — ұшып келем мен Ауылға барып, ойнақтап, Аспан ғой қанша дегенмен, Келеді түрлі ой қаптап. Отырам бірақ жайланып, Қызықтап таудың ақ басын, Анамның ыстық ақ наны Бірге ұшып келе жатқасын... * * * Әженің жайлы арқасы Секілді мамық құстөсек, Жабысып, Қолдар айқасып, Ертеден кешке түспес ек. Шешеге бір сәт ұнамай, Түнере қалса бұлт келіп, Әженің бауыры — ұядай, Кетуші ек соған зып беріп. Сәні еді Ауыл-үйдің де. Жүруші ек оны пір тұтып, Жеткізген бізді бұл күнге Жабағы жұлып, Жүн түтіп. Текемет басып, Тері илеп, Көрпеше құрап қиықтан, Әжелер — бізді жер үйде Саусағымен-ақ жылытқан. Тағдыр да Берген пейілді, Қолына қонған береке. Ол жүрген жерде — Көңілді, Ол жүрген жерде — мереке. Әжесіз күй жоқ, асылы, Әжесіз үйдің — аз әні. Аруана тектес асылым, Ақ әжем Елдің ажары. Ақ әжем — Асқар тауымдай. Шуданы тастап шумақтап, Жататын оның жанында Бозала бұлттар будақтап. Болмайтын қаяу, Кіршік те, Жатушы ем мен де жайланып, Үйірген әжем ұршықпен Дүние қоса айналып...   КЕМПІРҚОСАҚ Көктемде бұлттар асығып, Селдетіп өте шығатын, Артынан шайдай ашылып, Дүние балқып тұратын. Малшынып шилер нөпірге, Қайтадан гүрлеп ошақтар, Аспанға шығар көпірдей — Тұратын кемпірқосақтар. Тұратын ауыл шетінде, Жету де қазір оңай-ақ. Ұшушы ек алтын көпірге Жүйріктер кілең - желаяқ. Қазір-ақ қолға қонардай, Жетелеп, Сүйреп сан қырға. Тартатын Сиқыр бояулар Құбылып көздің алдында. Асушы ек зымырап белдерден, Қанша жер кеттік - аңдамай, Жақындап келе бергенде, Жылжитын тағы әрқарай. Тоқтамаушы едік қызынып, Бәйгеге қосқан аттарша, Қуалаушы едік қызығып, Сілеміз әбден қатқанша... Дүние Зымырап ұршықтай, Арбайды көзді, Дуалап. Құмардан әлі бір шықпай, Келеміз соны қуалап...   АНА ҚОЛЫ Атырдық танды көз ілмей, Арылдық біраз кірбіңнен. Сонау бір — Сәби кезімдей, Қолыңнан ұстап тұрдым мен. Көрінді жүдеу маған ол, Қалды ма келіп құрғыр жас. Қолыңның үсті — Қара жол, Қиыр да шиыр, Қым-қиғаш. Қиялмен жүріп сан жылым, Қолыңа — көптен қарағам. Мен жүрген жолдың барлығы Қолыңда тұр ғой, Жан анам. Бәрі тұр — Қайда барғаным, Түскенім қандай қыспаққа. Осы ғой мені, Ардағым, Жеткізген мына ұшпаққа. Жатыр ғой талай жол артта, Тұрады бәрі жаңғырып... Оралдың бір күн Орақтан Саусағың басын алдырып. Көруге батпай қолыңды, Көзімнен жасым тұрды ыршып. Онсыз да жарым көңілді Оңдырмай соқты бұл қырсық. Сауылмай қалды сиыр да, Жағылмай қалды жерошақ. Үйіріліп ұшты құйындар, Сыпырып күлді жел асап. Қабағы түннің салбырап, Дүние кенет қушиып, Жанарда тұрды жаудырап Жалғыз-ақ ұрттам тіршілік... Менің де сәби көңілім Сезді ғой — соның тұсында Тұрғанын барлық өмірім Бір ғана саусақ ұшында.   АУЫЛ ҚАРТТАРЫ Дүниеге келер бір рет, Дария-кеуде, Тау-мүсін, Құрыштан құйған құдірет – Қарттарым, аман-саумысың? Өздерің болсаң жанында, Ел іші жомарт, Еңселі,- Дән иісі жүрген қанында Даламның бір-бір бөлшегі. Арада жылдар жөңкіліп, Алыстап кеттім біртіндеп, Айта алмай ауыз толтырып, «Ассалаумағалейкум!» деп. Өзге бір менде жоқ тілек, Өздерің көзбен баққаным, Жайлы жер іздеп кетті деп, Жазғыра көрме, қарттарым. Ердім бір сиқыр қаламға, Шығардым белге жыр көшін. Болғам жоқ алаң, Даламда Әулие қарттар жүргесін. Жанды ғой бағы даланың, Сендерге қуат, дем берсін. Киесі де оның сендерсің, Иесі де оның сендерсің. Алдында жүрші көзімнің, Асылым, алтын қазынам. Ауыра қалсам, өзіңнің Пейіліңмен-ақ жазылам. Сағынтып талай жыр туар, Оралар әлі-ақ сан жыршы. Даламның иісі бұрқырап, Қарттарым, аман-сау жүрші!   ХАТ Қолыма қалам алғалы Екі-үш ай өткен арада... Хат жазу - барлық арманым — Майданда жүрген ағама. Қанша әріп білем, бәрібір, Сөз емес маған ол жағы. Әзірге білген әрібім Хатыма жетсе болғаны. Сәбиге біткен кәдімгі Күнәсіз әппақ көкірек... «Амандық хат!»— деп алдымен, Астынан сыздым екі рет. Содан соң, — әжем саулығын, Апамның аурып тұрғанын, Ағайын-тума - барлығын Бастарын қосып жинадым. Айтылмай қалса біреулер, Өкпелеп жүрер маған деп, Ауылда кім бар — түгелдей Аттарын тіздім... аман деп. Шұбырттым... Егін орғанын, Алғанын жинап шөптерін, Басқарма кімнің болғанын, Әскерге кімнің кеткенін. Тұрғанын аяз сақылдап, Түскенін қалың мұз-қардың, Аттарын айттым жақында Тұрмысқа шыққан қыздардың. Бұрышта қырау жылтырап, Азынап тұрса да үйіміз, Жатса да қарным шұрқырап, «Жақсы,— деп қойдым, күйіміз!». Үлкейдім деген мен енді... Бір сезім бар ма, күш кіріп, «Шөп тасып жүрмін...» дегенді Жібердім хатқа қыстырып. Жаздырмай жұртқа хатымды, Өзім-ақ жазар келді күн... Алғашқы... және ақырғы... Ең ұзақ хатым болды бұл. Не керек, Іштей маздадым, Көңілім сонау жүр көкте... Талайдан бері жазғаным Толмады бірақ бір бетке. Мейлі ғой, Сол-ақ жетеді, Толмай-ақ қойсын, несі бар, Әйтеуір, менің көкеме Айтпағым қазір осылар. Қалмады менің сабырым, Жеткендей ұлы мұратқа, Жанымның орап жалынын Жөнелттім Сталинградқа... Содан соң, «Сырын» біліп ап, Ұшырдым талай хаттарды. Хат жазып беріп ұлына, Қуанттым қанша қарттарды! Қадалып түнде... елеңдеп, Қарсы алып таңның арайын, Көкешімді ертіп келер деп, Өлеңмен жаздым талайын. Қайтпады бірақ жауап та, Хабарсыз кетті барлығы. Почташы қарттың — далақтап, Алдынан шығам әр күні. Алқынып, тулап жүрегім, Көзіме хаттар елестеп, Ойлаймын іштей — біреуі Таппауы мүмкін емес деп... Оралды бір күн... Даланың Сіңіріп жалын, аптабын, Сабылып майдан алабын, Сарғайып кеткен хаттарым. Сарғайып кеткен зар-мұңнан Секілді менің сыңарым, Бауырыма қысып алдым да, Құшақтап барып құладым...   МАЙДАННАН КЕЛГЕН АҒАЙЛАР Ентелей түсіп жан-жақтан, Көзімізді алмай, қиылып, Соғыстан келген солдаттың Аузына қарап үңіліп, Отырушы едік тізіліп, Әңгіме жырға қарық боп. Ағаймен бірге қызынып, Майданға біз де барып кеп... Сәбилер елтіп, сенгесін, Өзі де бір сәт елігіп, Көтере түсіп кеудесін, Кетегін ағай желігіп: — Айқасқа кірер шағымда Асығып ылғи тұрушы ем, Алдыңғы жақта - арындап, Ақбоз ат мініл жүруші ем. Найзағай ойнап көзінде, Сулығын шайнап, кеміріп, Думанды көрсе, — өзімдей Тұратын ол да еліріп. Құйғытып келіп құйындай Жалынға сұңгіп кететін, Қып-қызыл оқтар зуылдап, Құлағын тесіп өтетін. Жарадар болсам, кісінеп, Адамша бәрін ұғатын, Жануар өрттің ішінен Денемді сүйреп шығатын... Айтатын өзі беріліп, Қалың бір жауға кіргендей, Қалатын кенет тебініп, Ақбоз атқа ырғып мінгендей. Шығатын даусы жоғары, Жүргендей әлі ұрандап, Төсінде тұрған медалі Түсетін сонда бір аунап. ...Тыңдаушы ек ұйып жырын да, Басқадай бізде болар ма ой. От кешіп жүріп, шынында, Жау жеңіл қайтқан солар ғой!   СЕНБЕЙМІН Жанары күлді баланың, Жаумады зілдей тас көктен. Жаралы болған даланың Жарасын таңды жас көктем. Жайраңдап жасыл жер түлеп, Жасарды бүгін тағы да. Беймаза болған тентіреп, Бұлбұлдар қонды бағына. Кірпігі жастан тыйылды Қамкөңіл болған аспанның. Жауқазын гүлдей киінді Жетімдік көрген жас балғын... Жайқалып өсті бүлдірген Жайнатып ауыл маңайын. Асыға күтіп жүрдім мен Ағалар келер май айын. Достарым тосты ағасын, Болмады менің тілегім, Ағаңды қайдан табасың, Асыға күткен жүрегім! Пилотқа киіп жарқылдап, Шауып жүр досым дедектеп. Қоямын іштей: «Жақында Менің де көкем келет», деп... Оған да жиырма жыл өтті, Көкешім әлі қайтқан жоқ. Қаумалап келіп ешкім де Қаралы хабар айтқан жоқ. Жанымды мұңға малдым да, Жалтақтай бердім далаға. Қайтты ғой бәрі ауылға, Қайтпадың неге, жан аға? Өстім де қостым өлеңге, Тірі боп маған кетесің. Сені жоқ мәңгі дегенге Сенбеймін тіпті, көкешім! * * * Болса егер жұмбақ бір мықты Дүниені түгел шайқаған, Біз көрген барлық сұмдықты Көрсетсе соған қайтадан; Жүргізсе соны бірер күн Біз жүрген асу жолменен, Айдаса қалың дүлейге, Аяғын шандып көнменен; Жүрегін жаспен улаған Жетіммен бірге түн қатса, Бір жерге сосын жинап ап, Жесірдің бәрін тыңдатса!— Тірліктен безіп еркімен, Мекенін тастап мәңгілік, Азаптың улы дертінен Кетер еді өзі-ақ мәңгіріп!.. * * * Қалмайды менің жанымнан Жас кезде жүрген жерлерім, Көктемгі нұрды жамылған Балауса шағыл-белдерім. Көремін көкшіл даламды Өңімде де ылғи, Түсімде... Аспанға қадап жанарды, Жатамын шөптің ішінде. Батамын ойға не түрлі, Кеудеме көк пен жер сыйып, Шалғындар сипап бетімді, Башпайым басын жел сүйіп. Даламның алақанында Жатамын бір сәт дамылдап, Үйіріліп құстар маңымда, Үстімде бұлттар мамырлап. Тұрады шалғын, тал билеп, Бозторғай шырқап өлеңін... Жүргендей бәрі әлдилеп Әлемнің жалғыз бөбегін. Толтырып жырға кеудемді, Тербеткен еді белдер де... Өзім де қазір сол жерді Тербетіп жүрмін кеудемде. Шарладым қыр мен ой ішін, Жұпарын жұттым жал-құздың. Жалғызсың, далам, мен үшін, Сен үшін - мен де жалғызбын...   ОЙМАУЫТ Бір өзің жайлап жалғанды Жатырсың шалғай аймақта, Жастанып құба жондарды, Шаң менен шудан аулақта. Төбенің үсті, сай іші Даланың жұмсақ саздары — Көктемгі жаңбыр дауысы, Көктегі құстың назды әні. Шайқалып кеткен шалғыннан Көгілдір моншақ төгіліп, Көктемнен қалған айдынға Жатасың жаздай шомылып. Жөңкіліп сонау биіктен, Адырдан қарғып, алды орап, Барады заулап киіктер Артына тастап ақ жолақ. Шолып тұр байтақ даласын Аруана қырда желпініп, Аспан мен жердің арасын Бір өзі ғана толтырып... * * * Көрдім мен қанша тауларды Сапарлап алыс жақтарда. Шарладым қанша бауларды Жұлдыздар туып жатқанда. Аунатып асау желімен, Теңіздер қанша шайқаған... Шыр етіп түскен жеріме Соға алмай жүрмін қайтадан. Сездірмей оның қандайын, Әкетті бір құс мені іліп... Сұраймын елден бар жайын, Ертегі-жырдай егіліп. Ұшатын құстай қомданам, Кеудеме бір сәт жел қонып. Елестейді ылғи ол маған Ғажайып көркем жер болып. Көрінеді ылғи бір аймақ Көлінде қазы қаптаған, Тұнығын ешкім лайлап, Аққуын ешкім атпаған; Шағылып күнге күймеген, Шалғыны желмен ойнаған, Гүліне де ешкім тимеген, Жеріне тозаң қонбаған... Жүремін соған құмартып, Көремін жиі түсімде, Жап-жасыл болып мұнартып Жатады сағым ішінде. Ұшамын сол кез құлдырап, Қалмайын деп-ақ көз жазып. Жеткізбейді ылғи бұлдырап Көгілдір сәуле, көк жазық... * * * Жылы жел есіл тау жақтан, Бұлттардың өзі бусанып, Қабағын қалың қар жапқан Жартастың жүзі жұмсарып, Өзендер ойға жөңкіліп, Толқынын тартып ұзаққа, Аспанды күйге толтырып, Құс келіп жатыр бұ жақта. Жетті ме көктем Жемге де, Кетті ме қыстың ызғары – Жарқырап күміс теңгедей Жарылды ма екен мұздары? Қарлы жел ерте-кеш борап, Қасарып тұрған жоқ па екен, Жайсыздау еді бесқонақ, Бесқонақ қалай өтті екен? Құстардың кербез керуені Кешеулеп барсын, аз барсын, Елеусіз жатқан көлдерім Естіді ме екен қаз даусын? Ұрынбай қарлы мұздаққа, Жел тұрды ма екен оңынан? Көктемнің өзі біз жаққа Келетін ылғи соңынан... * * * Көп болды, бозаң белдерім, Өзіңнен ұзап кеткелі. Арамыз қазір жер менен Жұлдыздай сонау көктегі. Әлі де таңның алдында Мұнарға жүзіп тұрарсың... Төкті ғой нөсер жаңбырлар, Өзгеріп кеткен шығарсың. Өзгерген жоқпын әлі мен, Өтсе де талай жел-құйын. Өзіңде қандай сәби ем, Сәбимін әлі — сол күйім. Жерлермен талай достасам, Белдермен талай қоштасам. Өзіңе деген гүл-көңіл Өзгерер емес ешқашан. Жүздесіп бала күніммен, Өзіңмен күнде кездесіп, Белеңнен асып жүгірем, Бозала таңда боз кешіп.   БОЗТОРҒАЙ Әдейі мынау қыр үшін Оянып таңның алдында, Даланың сансыз дыбысын Көмейге құйып алдың ба? Самалдың жұтып мөлдірін, Шаншылып көкке шыққанда, Далаңның мына кеңдігін Айтасың ба ақша бұлттарға? Қарайлап темен сонда да, Көзіңді жерден жазбайсың. Өзің де кенет сорғалап, Құйылып кете жаздайсың. Тынбайды жырың толастап, Осынша қайдан бітті күш, Табиғат өзі о баста Далама берген құтты құс?! Жанымда бір күй дірілдеп, Тұрдым-ау балғын сезімде, Кеудеме сіңген бір үнді Қайталап айтқан кезіңде. Төгілте шырқап әніңді, Бозала таңнан құлшынып, Кеттің-ау қозғап қанымды, Күнәсіз құйттай тіршілік! * * * Жыл сайын — қырда гүл жүзіп, Жайнаған кезде дүние, Кеудемді желге сүйгізіп, Келемін туған үйіме. Сүйгізіп беттен, мұрыннан, Жарысып, иық қағысып, Артымнан ерген құлындар Аунайды маған жабысып. Қуанам — бойым көкке асып, Жан-жағым шуға батқанға, Ортайып қалған от басы Толысып келе жатқанға. Кездесе ме ылғи шақ мұндай, Көңіліне нұрлы жаз қонып, Ортада жалғыз аққудай Отырады анам мәз болып. Қалмайды мұңның ізі де, Ұмытқан оның барлығын... Сан рет қарап жүзіме, Сұрайды денім саулығын. Сұрайды сосын арнайы Жекелеп барлық досымды, Бүгінде қалай хал-жайы, Бөбектер қанша қосылды? Сұрайды жарын-жолдасын, Соларға деген құрметтей, Қажеті болсын-болмасын, Бір сұрап өту — міндеттей. Сұрайды өзі білетін – Бір үйдің жалғыз ерке ұлын, Өзіне келіп жүретін Көршінің ашық кемпірін. Айтамын бәрін қалдырмай, Жаққасын бұл жыр құлаққа. Ақыры — Жауған жаңбырдай Таусылады әбден сұрақ та. Қызарып ыстық шайменен, Қадалып үнсіз отқа көп, Қарайды бір кез жәйменен: «Әкеңнен хабар жоқ па?..»— деп. Таппаймын сөз де бұған түк, Тимейді оңай бұл маған, Көзімнің алды мұнартып, Кінәлі жандай қиналам. Соққандай суық жел бетке, Арылмай сол бір кінәдан, Мен де оны мынау жер-көктен Отыз жыл бойы сұрағам. Сұрағам - жасыл белдерден Ұядан түлеп ұшқаннан, Көгеріп жатқан көлдер мен Көктемде қайтқан құстардан. Жердегі орман-тоғайдың Талайын шар лап, таптағам. Бұл жәйлі бірақ олардың Біреуі бір тіл қатпаған... Анамның жүзі бұзылып Жарқылдап жүрген әлгіде, Тап осы жерде үзіліп, Тоқтайды барлық әңгіме... Жанымды менің шымшылап, Жауар бұлт құсап бүгін де, Жауапсыз қалған бір сұрақ Жатады көңіл түбінде... * * * ЖАҢБЫР Аңызақ соғып, шаң борап, Ақ тозаң басқан бар қырды. Аяулы далам әбден-ақ Аңсаған екен жаңбырды. Кептірген екен таңдайды Күйіп бір тұрған от күндер. Аспаннан көзін алмайды Ашылмай қалған көп гүлдер... Қанбаған шығар шөлі де, Қырларым қандай күйде деп, Әкелдім туған жеріме Алатау бұлтын сүйрелеп. Жалын боп көкке жайылды Жасылдың тілі жалақтай, Бұлттардың төсін айырды Батырлар тартқан садақтай. Балбырап қана сасқаннан Бауырын төсеп тұрды аспан. Сары уыз, сайғақ жас талдар Секірді-ау билеп тынбастан. Күндіз де түні шелектеп, Көл болып жерге ақты нұр. Жазықта балғын бөбектей Сүйдіріп бетін жатты гүл. Саябыр тауып шағылдың Суырып құмын қуған жел, Жаңбырдан кейін жаның бір Жайланып қалды-ау, туған жер. Жан ұлың аңсап келгенде, Жадырап гүлдер, күлсе бау... Жаңбыр боп келіп сендерге, Жайнатып кетіп жүрсем-ау!