• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

Ақтау неге алыс, Дубай неге жақын?

1407 рет
көрсетілді

Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Маңғыстау өңірі, облыс орталығы Ақтау қаласы – туризмді дамытуға қолайлы орын. Ақпараттық заманда алыс-жақын аймақтардан өңірдің өзіндік ерекшеліктері туралы естіп-білгендердің қызығушылығы артып келеді. Алайда... біз осы мүмкіндікті толықтай пайдаланып, өз дәрежесінде кәдемізге жарата алып жүрміз бе? Ақтауда теңіз жағалай қоныс теп­кен демалыс орындары аз емес. «Sunset», «Стигл», «Серебряные пески», «Комарова», «МАЭК Қаз­атомөнеркәсіп» ЖШС-на қарасты «Ивушка», «Қарақұдықмұнай» ЖШС иелігіндегі «Морячок», «Волна», «Бриз», «Монтажник», «Самал», «Золотое солнышко» және «Tree of life» демалыс орындары мен Жаңаөзен қаласынан 60-70 шақырым қашықтықтағы «Кендірлі» дем­алыс аймағы бар. Бірақ, осы тізім тек ауыз толтырып айту үшін ғана ма? Олай деуімізге себеп, бұл демалыс орындарындағы бағаның көпшілікке қолжетімді еместігі, сондай-ақ, бір­қатар орындарда сервистік қызмет көрсету деңгейінің жоғары сатысына әлі жете алмай келе жатқандығы көңіл қынжылтады. Зерделей қарасақ, осы екі себеп өз отандастарымыздың өзге елде дем алып, қыруар қаржыны шетелдердің қоржынына салып отыруларына негіз болуда. Діңкелететін демалыс орындары Мысалы, мақала дайындау барысында біз хабарласқан «Әлем Travel» агенттігінен Дубайға бару үшін бір адамға турпакет аталатын «дүниені» сатып алар болса, бару-келу әуе билеті, күтіп алуы мен шығарып салуы бар, қонақүйі мен таңғы асы бар – он күн мерзімге 300 мың теңгені құрайды. Ал, Анталияға осы күнде жоғарыда аталған жағдайлармен бірге 260 мың теңгедей шығындауға болады екен. Сондай-ақ, «Турист» ЖШС-ның турпакетімен Дубайға он күнге барған бір адам 220 мың теңгесін сарп етсе, оған бір апта мерзімге Түркияға бару үшін 205 мың теңгедей қажет болады. Қарт Көкшенің баурайындағы біздің мақтанышымыз саналатын Бурабайға Ақтаудан барып дем ­алып келудің турпаекті бір адам үшін он күнге 100 мың теңгені құрайды екен, ішінде тұратын жері, үш мезгіл тамақ және емдеу ісі қосылады. Жол көлігінің билеті пакетке енбеген, демек жоғарыда айтылған 100 мыңның үстіне шығын жамалады деген сөз. «Бурабайда дем алу арзанға түседі ғой?» дерсіз, алайда, мәселе сервистік қызмет көрсетуде екен. – 2015 жылы Бурабайда, артынша сәті түсіп Дубайда дем алып келдім. Бурабайдағы сервистік қызметті Дубайдағы өз әріптестерінің жұмысымен, деңгейімен салыстыруға келмейді, Анталияға бармасам да дәл осылай айта аламын. Бурабайдың табиғаты керемет қой, шіркін? Бірақ, бізде, яғни тек Бурабайда ғана емес, жалпы, қазақстандық демалыс орындарында бәрі өте қарапайым, адамның көңілін сергітіп, таңғалдыра өзіне тартып алып кететін ештеңе жоқ. Бурабайда кез келген жерде түтінін бұрқыратып кәуабын пісіріп тұрған кәдімгі көрініс. Қызықты ма? Түк те қызықты емес. Ал, оңтүстіктегі «Сарыағашқа» да жиі барамын. Төлеген қаражатыңа санаторийде дем алумен бірге, ванна, душ немесе массаж дегендей санаулы емделу қызметтері кіреді. Одан өзгелерін қаласаңыз қымбат құнға ақылы қызметке келісуге тиіссіз. Мен сол ақшаға Дубайға барайын деп шешкен едім. Алдымен, жер көріп, ел таныдым, екіншіден, ол жердің сервистік қызметімен өз еліміздегі қызметтің жер мен көктей айырмашылығына көз жеткізіп қайттым, – дейді ақтаулық Ләззат Әжіғұлова. Ақтауда демалыс орындарының бағасы екінің бірінің қолы жете бермейтіндей қымбат. «Стигл» дем­алыс орнында екі орындық үйшіктер бір тәулікке 10 мың, үш адамға арналғаны 14 мың болса, қонақүйдің бағасы тәулігіне 24 мың теңге. Қосымша таңғы аспен қамтылып, бассейн, монша, тренажерлік зал қызметтерін алуға болады. Ақтаудағы соңғы кездері іске қосылған су жаңа «Өмір ағашы» («Tree of life») дем­алыс орны облыс орталығынан 25 шақырым қашықтықта теңіз жағасында орналасқан. Демалыс орнына таңертеңнен кешке дейін болу үшін 4000 теңге қажет болса, екі адамдық эконом-сыныпты қонақүйге бір күн қону бәсі – 17 000 теңге. Бұл демалыс орнында аквапарк, бассейн қызметімен бірге таңғы ас ұсынылғанымен, демалыс орнының аумағына өзіңмен бірге тамақ алып кірмеу керектігі бірден ескертіледі. Демек, түскі, кешкі астарды дем­алыс орнының мейрамханасынан сатып алуға тура келеді. Дәл осындай қызметтермен бірге екі адамдық үйшік-бунгалдарды бір тәулікке 25 мың теңгеге, 5 адамға дейінгі үйшік-бунгалды 46 мың теңгеге алуға болады. 13 адамға есептелген VIP-қонақүйде бір тәулік болам дегендер 170 мың теңге төлеуі тиіс. Айта кететін жәйт, бұл орындардың құны бір адам барса да сол күйі сақталады. Тегін берілетін караоке, билъярд, жағажай, аквапарк қызметтерінен бөлек, мұнда сақ моншасы 1 сағатқа 15 мың теңге, су аттракциондары – парашют 10 минутқа 5 мың теңге, үлкен катермен теңізге серуендеу үшін 1 сағат 30 мың теңге, гидроцикл тебудің 15 минуты 5 мың теңге тұрады. Ақтаудағы соңғы үлгідегі, ең тартымды демалыс аймағы саналатындықтан, «Өмір ағашы» («Tree of life») демалыс орнында он күн дем алу үшін қанша ақша қажет екендігін есептей беріңіз... Жалпы, демалыс орындарының қай-қайсысының да бағасы жұртшылық үшін қолжетімді дей алмаймыз. Демек, Ақтаудағы демалыс орындарына барып алаңсыз дем алсаңыз құба-құп, бірақ қалтаңызды ортайтып діңкелеп қалуыңыз да ғажап емес. Мұндай қиындыққа ұрынбас үшін, қал­таңыз­дың қоңы қалыңдау болуы керек. Жағажайлар жанға жайлы ма? Ақтауда теңіз жағасында дем аламын деушілерге қызмет көрсететін тағы бір нысандар – жағажайлар. Таң­ер­тең­нен кешке дейін жұмыс істейтін жағажайларға келушілер аз емес. Олардың арасында қала тұрғындары да, қала қонақтары да бар. Бір қарағанда, қонақтар үшін демалыс орындарына барып, қымбат қонақүйлерде немесе үйшік-бунгалдарда жатқаннан гөрі, Ақтаудан пәтер жалдап, жағажайларда дем алған тиімдірек сияқты. Бірақ... Қазіргі таңда Ақтауда 6 жаға­жай жұмыс істеп тұрған болса, оның 4-еуі жекеменшік иелігінде және әрқайсысының көрсететін қызметтерінің құны әртүрлі. «Лада» сайтының жариялауынша, он сағат бойы адам қабылдайтын «Маракеш» жағажайына кіру тегін, жағажай аумағында 100 көлік сыятын арнайы орын, жазғы кафе мен мейрамхана, жуынатын бөлме мен бағасы 100 теңге тұратын киініп-шешінетін орын, әжетхана, құтқару мұнарасы мен дәрігерлік пункті, спорттық алаң, футбол және волейбол ойнайтын алаңдары бар. Жағажайда демалушылар үшін 400-дей шезлонг қойылған және әр шезлонгты жалға алу құны 1000 теңге. Ал, «Нұр Плаза» жағажайына кіру биыл тегін болғанмен, көлік үшін 500-1000 теңге төлеу қажет. Жағажай аумағында балалардың ойын алаңы, футбол, волейбол алаңдары, жазғы дәмханалар мен караоке-бар, сондай-ақ, құтқару мұнарасы мен дәрігерлік пункт орналасқан. Екі бөлікке бөлінген жағажай аумағының біріне барып демалушыларға өздерімен бірге тағам және сусындар алып кіруге рұқсат етілмейді. Шезлонгты 500 теңгеге жалдаса, киім ауыстыру орындары мен әжетхана 50 теңге тұрады. Сондай-ақ, мұнда төрт адамға арналған үстел мен мангалды жалға алуға болады, мұндай жағдайда тағамдар мен етті өзіңмен бірге ала келуге болады. Демалыс орындарын 2 мың теңгеге ұсынса, су аттракциондарына қызығушылық танытқандар ақылы қызметке жү­гінеді. «Достар» жағажайына кіру ақылы, өзгелерден айырмашылығы – бассейн, қытайлық және финдік моншалардың болуы. Сондай-ақ, «Достарда» биыл 16 және 24 пәтерлі хостелдер мен қонақүйдің ашылуы да аталмыш жағажайға ерекшелік береді. Иә, бірақ, демалушылар үшін бұл жағажайлар да көңілге қонымды емес екендігін «Лада» сайтында жарияланған пікірлерден аңғардық. Бірі бағаның қымбат екендігін алға тартса, екіншісі, сервистік қыз­метке өкпе артады, үшіншісі, теңіз жағалауындағы жерлерді жеке иеленіп, халықтың емін-еркін келуіне мүмкіндік бермеген жағажай иелерін кінәлайды. Ал, келушілердің теңіз жағасының ойран-топырын шығарып ластап, қалдық-қоқыстарын қалдырып кететіні келесі демалушылар тарапынан ыңғайсыздықпен бірге жиіркеніш сезімін тудырып тұр. Демек, жағажай аталатын бұл демалыс орындарында да мәселе бар. Көңілге қонымдысының құны көп, қонымсызының өзі көп болғандықтан, отандастарымыз қо­лында бар ақшасына Анталияға асып, Дубайда дем алып, Грузияға барып «гөләйттамағанда» қайтсін? Теңіз жағалауының барынша тайыз, балалардың суға шомылуы үшін қауіпсіз тұстарынан балаларға арналған жазғы лагерьлер ашылған. Ақтауда балалардың жазғы демалысы үшін теңіз жағасында 4 сауықтыру лагері жұмыс жасайды және Жаңаөзен қаласының қиыр даласында қоныс тепкен «Кендірлі» демалыс аймағындағы мұнайшылардың балаларына арналған «Ақбөбек» лагері бар. «Алау» ла­герінде 4 ауысымда 260 бала дем алса, «Фламинго» мен «Шағала» осы ауысым ау­қымында тиісінше 400 және 960 баланы демалыспен қамти алады, ал «Толқын» лагері 5 ауысымда 260 баланы күте алады. Әрине, Каспий теңізі жағалауындағы балалардың жазғы демалысы олардың теңіздің тұзды суына шомылуымен ерекшеленеді. Теңіздің басқа да тұстарында балалар лагерьлері үшін қолайлы жерлер бар. Ол жерлер тиімді кәдеге жаратылса, республикамыздың басқа өңірлерінен балаларды қабылдауға болар еді. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы  
Соңғы жаңалықтар