Әлемде өз халқына барынша жағдай жасап, тұрмыс-тіршілігін жеңілдеткен смарт-қалалар көп. Мәселен, Нью-Йорк осыдан 25 жыл бұрын-ақ компьютерлік басқару жүйесі арқылы әрбір тұрғынды интернетпен қамтамасыз етсе, Бостон ыңғайлы коммуналдық жүйесімен ерекшеленеді. Сан-Франциско қоғамдық көліктерге арналған тиімді бағдарламамен танылса, Рим көлік кептелісін түбегейлі шешу арқылы әлемге үлгі бола білді.
«Жақсыдан үйрен» демекші, бүгінде елордамыз смарт-қалалардың қатарынан көріну үшін Париж, Шанхай, Оулу, Ницца, Рига қалаларының тәжірибесіне сүйенді. Жаңа технологияларды енгізу арқылы тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуды, сапалы өмір сүруін көздейді. Осы ретте «Ақылды қаланың» жетекшісі «Astana Innovations» АҚ компаниясы қолға алынған жобалардың халық игілігіне айналғанын айтады.
Интеллектуалды байланыс орталығы
Биыл бас қалада интеллектуалды байланыс орталығы құрылды. «101», «102», «103» секілді жедел қызметтердің қатарына қосылған «109» нөмірі қарапайым азаматтарды қаладағы қызмет көрсететін мекемелермен тікелей байланыстырады. Яғни, коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелерді шешуге барынша көмек бермек. Орталық тек телефон арқылы ғана емес, байланыстың барлық түрлері, атап айтқанда «Smart Astana» мобильдік қосымшасы, smart.astana.kz web-порталы және әлеуметтік желілердегі «Astana 109» парақшалары бойынша келіп түскен өтініштерге жауап береді.
Жоба қолданысқа енген қаңтар айының өзінде тұрғындардан 130 мыңға жуық өтінім қабылданған.
«Open Wi-Fi»
Мойындау керек, осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл түгілі қалада жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізу мүмкіндігі болмады. Ақпараттық технологияның күн санап дамуы әрбір адамға мобильдік байланыстың қажеттілігін сездірді. Бұл мәселе «Open Wi-Fi» жобасы арқылы шешімін тапты.
Қазіргі таңда елордада қалалық желі қалыптасқан. Кез келген қоғамдық орындарда отырып әлемнің түкпір-түкпірімен байланыс жасауға болады. Елорданың барлық ойын-сауық орталықтары, қонақ үйлер, мейрамханалар, кафелер, спорт кешендері мен кітапханалар тегін интернет желісімен қамтамасыз етілген.
Соңғы уақытта қалалық автобустарды да интернетпен жабдықтау жұмысы жүйеленді. «Wi-Fi Bus Astana» жобасы аясында өткен жылдың шілде айында 100 автобусқа тегін интернет орнататын әлеуметтік жоба іске асырылды. Байланыс операторының қандай екеніне қарамастан жолаушылардың барлығы тегін интернетті пайдалана алады.
Қауіпсіз қала
Қала халқының тыныштығы қашанда қымбат. «Smart» қаланың негізгі бағытының бірі – елордалықтар мен қонақтардың қауіпсіздігіне назар аудару. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, құқық бұзушылықтың алдын алуда бейнебақылау камералары таптырмас құрал. Елорданың тыныс-тіршілігін кешенді қамтамасыз етуде бейнебақылау қанатқақты жобасы өз жемісін беруде. Ол бойынша қанатқақты аймақ ретінде таңдалған Қабанбай батыр – Алматы – Сығанақ – Сауран көшелеріне орналастырылған 120 бейнекамерадан орталыққа сигнал келіп түседі. Оның көмегімен әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеу, жүргізушілердің жылдамдық режімін анықтау, көше қиылыстарында жол жүру ережелерін сақтауды бақылауға мүмкіндік мол.
Алдағы уақытта жоба шеңберінде қоғамдық жерлерге – 12 000, көше қиылыстарына 3000 камераға дейін орнату жоспарда бар.
Ал, ақпан айында «Қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асыру шеңберінде 21 «Вокорд» аппараттық-бағдарламалық кешені қолданысқа берілген еді. Бұл жылдамдық өлшеуіштер жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін фото түрінде сол мезетте тіркейді. «Вокорд» кешендері ИК-прожекторлармен жабдықталған, яғни мемлекеттік нөмірлерді түнгі уақытта да дәл анықтай алады. «Вокорд-Циклоп» жаңа өлшеуіш аппараты қолданысқа берілген үш айдың ішінде 7 000 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған.
«Smart Astana» тегін мобильді қосымшасы
Жуырда тұрғындар үшін тағы бір пайдалы қосымша қолданысқа енді. Енді «Smart Astana» тегін мобильді қосымшасы барлық елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді. Кез келген адам ұялы байланыс телефонына «Apple Store» және «Play Market»-те ұсынылған қосымшаны тегін жүктей алады.
Бар болғаны бір-ақ қосымшада қалалық автобустардың қозғалысын онлайн режімде бақылау, жол қозғалысы ережелері айыппұлдарын тексеру, интеллектуалдық байланыс орталығына өтініш білдіру, халықаралық және ішкі әуе рейстерінің ұшу және ұшып келу уақытын, сондай-ақ, пойыз, электричка және қалааралық автобустардың кестесімен таныса алады.
Ал, «Smart tickets» айдарында «Бәйтерек», «Атамекен Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені, Жастар сарайы, С.Сейфуллин атындағы музей, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Мемлекеттік академиялық филармония, Қуыршақ театры, Жастар театры секілді тағы басқа мәдени орындарда өтетін іс-шараларға билетті онлайн арқылы сатып алуға болады. Жуырда спорттық шараларға да билет сатып алу мүмкіндігі ұсынылмақ. Қосымша, сондай-ақ, мектептердегі сабақтардың болмауы, тас жолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы жайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен ыңғайлы.
Бүгінде қосымшаның нұсқасын 60 мыңнан астам адам жүктеп алған.
«Smart мектеп»
Бала – біздің болашағымыз. Олардың аман-есен білім алуына ата-аналар ғана емес, ұстаздар да жауапты. Ал, «Smart мектеп» жобасы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, білім ұясындағы процестерді жеңілдетеді. Әзірге қанатқақты жоба ретінде елорданың № 3 мектеп-гимназиясы мен № 15 мектеп-лицейдің базасында жүзеге асуда. Мұнда әрбір оқушының ғимаратқа кіріп-шыққан уақыты ата-аналарына смс арқылы хабарланады. «Ақылды мектептің» оқушылары асханаға барғанда уақыт жоғалтпайды. «Е-асхана» жобасы бойынша электронды төлем арқылы тапсырыс береді.
«Е-кітапхана» жобасы – нағыз заманауи дүние. Оқушылардың бұрынғыдай кезекке тұруы, қалаған кітабын сағаттап іздеуі секілді қиындықтарды артта қалдырмақ. Өйткені, кітаптардың электронды мәліметтер базасы түзілген. Оқырмандардың электронды картотекасы жасақталып, оқулықты беру процесі тездетілген.
Жалпы, «Smart мектеп» арқылы ата-ана баласының қанша рет сабаққа кешіккенін, қандай кітаптар оқығанын және асхана мен буфетке кеткен шығындарын біліп отырады.
«Smart емхана»
Қала тұрғындарының күн санап көбеюі медициналық мекемелердің жұмысын едәуір қиындатуда. Ақ халаттылардың шамадан тыс жүктемемен қызмет көрсетуі – соның дәлелі. Алдағы уақытта бұл мәселе де байыппен шешілмек.
Айта кеткен жөн, «Астана Innovations» АҚ елорданы әлемнің 50 «ақылды» қаласының қатарына енгізу үшін осындай смарт-жобаларды біртіндеп игеру үстінде. «Smart емхана» жобасы №4 қалалық емханада қанат қақты. Басты мақсат – ішкі-сыртқы жұмыстарды автоматтандыру, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту. Кез келген науқас өз уақытын үнемдеу үшін дәрігерлердің қабылдауына веб-сайт арқылы онлайн режімде жазылады. «Smart емхана» – дәлелді медициналық ақпарат ұсынады. Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмек тобы күшейтілген. Диагноз қою барысында дәрігерлерге шұғыл түрде дұрыс шешім қабылдау үшін барлық қажетті элементтерді қамтитын құралмен жабдықталған.
Бірыңғай мәліметтер базасында науқасқа жүргізілген дәрігерлік талдаулар, зерттеу нәтижелері бар.
Жоба қазірдің өзінде тиімділігін көрсетті. Біріншіден, кезектердің саны азайды. Дәрігерлердің дәрі-дәрмекті тағайындауында қателікке жол берілмейді, диагностикалық зерттеулердің нақтылығы артты. Сонымен қатар, белгілі бір уақыт мерзімінде созылмалы аурулардың асқынып кету жағдайларын бақылау өз нәтижесін беруде. Ал, 2014 жылдан бері Бірыңғай ақпараттық медициналық «Call-орталығы» елорда тұрғындары мен қонақтары үшін (1300 қысқа нөмірі ) жұмыс істейді.
«Smart көше жарығы»
Астана – жарығы сөнбейтін қала. Күні-түні жанып тұратын қызылды-жасылды шамдар әсем шаһардың ажарын ашады. Десек те, энергияны үнемдеу қала билігінің назарынан тыс қалған емес. Тіпті, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде негізгі жобалардың бірі «Smart көше жарығы» болуы әбден мүмкін.
Жоба мақсаты – электр энергиясын тиімді пайдалану және көше жарығы шығындарын азайту. Ол үшін жұмыс режімдері реттелген. Жарықтың қосылу-өшу кестесін автоматты режімге ауыстыруға мүмкіндік бар. Қала шамдарының жай-күйі, жұмыс режімі туралы мәліметтер, жүйені басқару құрылғылары диспетчердің экран мониторында көрсетіледі.
Жарықты басқарудың реттеу функциясы ерекше. Арнаулы бағдарлама арқылы әр шамды өз алдына немесе бірнеше шамды қатар басқаруға болады. Осылайша, электр энергиясын 48 %-ға дейін үнемдеу көзделген. Реттеу режімі арқылы жарық беру қосымша энергияны 13,6 % -ға азайтады дейді мамандар. Көше шамдарының жай-күйі туралы ақпарат диспетчердің мониторында көрінетіндіктен, бұрынғыдай бригадалардың шығуы тексеру шығындарын төмендетуде.
«Smart Payments»
«Smart Astana» ең алдымен тұрғындардың уақытын үнемдейді. Қазір коммуналдық төлемдерді барып төлеудің өзіне мойын жар бермей жатады. Енді қызметтерді электронды форматта төлеудің қосымша сервисі арқылы коммуналдық төлемдерді бірыңғай жүргізуге болады.
«Smart Payments» – су және газбен жабдықтау, коммуналдық қалдықтарды шығару, тұрмыстық-пайдалану шығыны, электр энергиясы, жылу, телекоммуникация қызметтері ақысын төлеуге мүмкіндік береді.
Расында, бұл жобаның берері мол. Бірнеше жерге бармай-ақ, барлық төлемдерді электронды түрде бір мезгілде төлеу «Smart» қаланың негізгі көрсеткіштерінің бірі.
«3D технологиялар орталығы»
Мазмұны – сәулет өнері, құрылыс, машина жасау, медицина және тағы басқа салалардағы жобаларды интерактивті симуляциялау мен визуалдандыру. Сарапшылар жобаның тиімділігін жоғары бағалап отыр. Біріншіден, өндірістік және бюджеттік шығындар төмендейді. Екіншіден, экономиканың басым салаларында еңбек өнімділігін көтереді. Кез келген жобаны 3D-модельдеу, 3D-жобалау және 3D-құрастыру арқылы нақты нәтижеге жеткізу. Өндірістік кезеңнің уақытша шығындары мен құнын қысқартудың өзі тамаша жетістік.
Аты айтып тұрғандай, 3D инфрақұрылымдағы инновациялық өзгерістерді көрнекі көрсетуге, нақты іске асыруға дейін олардың тиімділігін, қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыруға 2000-нан аса француз компаниялары қатыспақшы. Қысқаша тоқтала кетсек, жоба бойынша тұрақты дамып келе жатқан қаланы одан әрі гүлдендіруге 348 «ақылды» шешім ұсынылады. Оның қатарында көліктік инфрақұрылымы, су қорлары мен қалдықтарды басқару, энергия өндіру, жоғары оқу орындары, ауруханалар, спорт кешендері, эко-орамдар мен ғимараттар бар. «Ақылды» шешімдердің барлығы елорданың климаттық және географиялық жағдайына байланысты мақұлданбақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана жас болғандықтан, «Smart» қалалардың алдыңғы қатарынан көрінуге мүмкіндігі өте жоғары екенін айтқан болатын. 2014 жылғы көрсеткіш бойынша Астана әлемдегі ақылды қалалардың рейтингісінде 21-орынды иеленді.
Астана әкімдігі Үкіметпен бірлесе отырып «2050 жылы Астананы әлемнің үздік қалаларының ондығына енгізу» тұжырымдамасын әзірлеп, бекіткені белгілі. Тұжырымдама дамудың экономика, әлеуметтік, қоғамдық қауіпсіздік, инфрақұрылым секілді салаларын қамтитынын ескерсек, «Smart Астана» жобасы ауқымды шараларды рет-ретімен жүзеге асыруда. Ендеше, елордамыз еңселі болу үшін «ақылды» жобалардың әлі талайына куә болатынымыз анық.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
журналист