• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

Жер телімдерін сату үшін заңды мықтау, нықтау керек

741 рет
көрсетілді

Алдымен анықтап алайық Жер мәселесін түсіну үшін алдымен оның мақсаттарын білу керек. Бізде жер жеті түрлі мақсатқа қолданылады.  Атап өтетін болсақ: 1.Ауыл шаруашылығына қолданатын жерлер. Егіс егетін, мал жаятын, шөп шабатын жердің бәрі осы. 2.Елді мекендердің жерлері; оған қала, кент, ауылдық елді мекендер тұрған аудандар енеді, картасы өкілетті орган мен жергілікті әкімдіктерде сызулы. 3.Өнер­кәсіп, көлік, байланыс, ғарыш, қорғаныс және т.б. ауыл шаруашылығы үшін қолданылмайтын жерлер; олардың да біразының билігі орталық атқарушы органдар мен өкілетті органдардың құзы­ретінде. 4.Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері. 5.Орман қо­рының жері. 6.Су қорының жері. 7.За­пастағы жерлер. Осылардың бәрінің картасы бар, егер жерді бір мақсаттан екінші мақсатқа ауыстыру керек болса, оны аудандық, облыстық әкімдіктер мәслихатпен келісіп, Үкімет өзінің арнайы өкімімен өз құзыреті шегінде іске асырады. Әркім жалға жер алса, оны өз қалауынша көрсетілмеген мақсатқа қолдануға заң рұқсат етпейді. Алайда, осының да кейбір кереғарлықтары бар. Мысалы, алыста мал жайылымын жалға алған бір шаруа малына қора салғанымен өзіне тұратын мекен сала алмай қиналғаны бар. Өйткені, бұл жердің мақсаты тек мал жайылымы үшін ғана екен. Адам мекенін салу заңда қарастырылмаған деп жергілікті шенеуніктер оған қысастық жасаған... Әйтеуір бұл дау тұрғын үйді малшының үйі емес, адам тұратын мал қорасы деген сөзге ауыстырылып қана күлкілі жағ­даймен шешілген еді. Бүгінгі күні де, бұрын да бізде дау туғызып жүрген ауыл шаруашылығына қолданылатын жерлер. Оның жалпы ауданы 272 млн. гектар болғанымен егістікке жарамдысы 94 млн. гектардай ғана. Қалғаны жайы­лым мен шабындықтар. Осы жерлер сатылып кете ме деген халықтың түн ұйқысы төрт бөлініп жүргені сол. Ғасырлар бойы осы жерде туған, ата-бабаларымыздың қаны мен тері сіңген, өзіміздің де кіндік қанымыз тамған жерлер қазақ өмірінің ажырамас бөлігі, денесінің бір бөлшегі сияқты. Оны жәй ғана жер емес, Жер-ана дейміз. Енді сол жерлерді жат біреулер меншіктеніп кете ме деп халықтың оған алаң болып жүргеніне риза болу керек. «Бұл болмаса күл болсын» деп немқұрайлылық білдірсе қайтер едік? Ең жаманы сол ғой. Президент Н.Назарбаев та осы жайтты күн тәртібіндегі өзекті мә­селелерге арналған Ақордадағы 5 мамырда өткен кеңесте атап өтті. Қазіргі нарық талабы бойынша біз жерді барынша тиімді пайдалануымыз керек. Әйтпесе, жәй жатқан жерден немесе өнімділігі өте төмен егістен нарықтық көзбен қарағанда не пайда? «Шөп қорыған төбет» құсап, жердің игілігін не өзіміз көре алмай, не біреуге бере алмай, қарап отыру әрекетсіздік болады. Бүгінгі күні біздің экономикамызда ауыл шаруашылығы саласы ІЖӨ-нің 5-6 пайызын ғана құрайды. Академик К.Сағадиев оны 15-16 пайызға жеткізуге болар еді дейді. Осының өзі ұлан-ғайыр жерімізді тиімділікпен пайдалана алмай жатқанымыздың көрінісі. Жерді тиімді пайдалану ісімен мемлекет тәуелсіздік алған жылдардан бері айналысып келеді. Үлкен пікір қақ­тығыстарынан кейін 2003 жылы Жер кодексі қабылданды. Соған сәйкес жерді пайдалану құқы  сатылатын болды. Сайып келгенде бұл жер сатуға рұқсат болды деген сөз еді. Ауылдың барлық тұрғындарына бұрынғы кеңшарлар тарап, жеке­ше­лендірілгенде оның барлық егістік, жайылымдық және шабындық жерлері актымен («көк қағаз» аталып кеткен) бөлініп берілді. Кейбір ауыл тұрғындары 5-6, кейбірі тіпті 9-10 гектардан егістік жер үлесін алып, мәз болып қалды. Отбасында 6-7 адам болса 60-70 гектар жеріміз бар деп ауызын толтыра айтып жүргендер сол кезде көп болып еді. Жайылым мен шабындық та солай бөлінді. Алайда өздерінің жері нақты қайсы екенін, қай маңнан алғанын ешкім де білмейтін. Тек қолдарында жері бар деген қағаз ғана бар. Содан әрі, 2003 жылғы Жер кодексі қабылданғанда әркімге тиесілі участокты (телімді) нақтылау процесі басталды. Қолындағы актінің негізінде жерін карта бойынша нақтылап, қолдарына 49 жылдық «жерді пайдалану құқы» деп аталатын жаңа қосымша құжат берілді. Енді ауыл адамдары өздерінің жері нақты қай жазықта екенін біліп, ен тағып, жіп байлап жүретін болды. Бірақ солай болғанымен ол жерге егіс салуға күші жоқ еді, сондықтан оны астық егетін компанияларға сата бас­тады. Ал арендаға беру құқы болмады, өйткені өзі мемлекеттен арендаға алып тұр ғой, субарендаға беруге болады деген сөз кодексте қарастырылмаған еді. Астық компаниялары бағасына келі­сіп, ауыл тұрғындарына ақшасын санап берген екен ғой деп ойласаңыз қатты қателесесіз. Ауылдықтардың аң­қау­­лығын, заңға жүйрік еместігін пайдаланған олар жердің құнын бірнеше жылға (10-15) созып сатып алу туралы келісімшарт ұсынған. Онда да тұр­ғындарға ақша емес, егіс өнімділігіне байланысты пай деп аталатын астық үлесін беріп отырмақшы болған. Мұның өзі іс жүзінде жалдау ақысы еді, бірақ соны жердің ақысына беріп отырған төлем деп ауылдағы аңқау ағайынның ауызын аңқитып кеткен. Шаруаның жерлеріне еккен астықтан 15 жыл бойы шөкімдей үлес беріп отырған жалдаушы ақырында жерді иелену құқығына ие болып шыға келетін мүмкіндік туды. Осындайды көзі ашық адамдар көр­сеткен соң көптеген ауылдарда дау туып, сот арқылы әлгі келісімшартты бұзғызып, жер иелену құқығын қайтарған елді мекендер де болды. Сондайдың бірін осы жолдардың авторы бастап, туған ауылының жерін «Голден грейн» деген алпауыт астық компаниясынан сот арқылы қайран ана тіліміздің көмегімен тартып алуға мұрындық болған еді. «Мәміле тек орыс тілінде толтырылған, ал заң бойынша алдымен мемлекеттік тілде толтырылып, басқа тілдерге қажет болса ғана аударылуы керек» деген заң нормасына сүйеніп, қарсыласымызды бұлтартпаған едік. Бұл туралы кезінде «Егеменде» бірнеше рет жазылған. Артынан ауылдастарымыз біршама әділеттікпен қабылдаған астық компания­ларына бәрібір сол жерлерін қайтадан берді. Өйткені, өздері егуге техникалық, қаржылық және т.б. әлеует керек, ондай күш ауыл адамында қайдан болсын? Осындай әдіспен жер иелену құқын 49 жылға алған компаниялар, фермерлер, ЖШС-лер бірнеше жыл астық егіп келеді. Бірақ көбінің өнімділігі төмен. Өйткені, жаңа технологиялар енгізе алмайды, жерді құнарландыру жұмыстарын жүргізбейді. Жаңа технологиялар демекші... Жуырда ауыл шаруашылығы ісінің ірі маманы, ғылым докторы Әйіп Ысқақовпен әңгімелескеніміз бар. Сол кісі Қостанай облысында Бәтима Бірімжанова деген қарындасымыздың Австралия фер­мерлерінің озық технологиясын елімізге енгізу бағытында үлкен жұмыстар атқарып жүргенін айтты. Дақылдарды себудің бұл озық әдісінің ешқандай құпиясы жоқ. Біз әдетте тұқымды 6-8 см. тереңдікке сеуіп келдік. Ал оның топырақтағы ылғалды қабатқа жеткен-жетпегеніне ешкім де көңіл аудармайды. Әйтеуір себебіміз, сосын аспаннан жа­уын күтіп, тұқымның тезірек өнуін тосамыз. Мұндай жағдайда лабораториялық зерттеулер бо­йынша тұқымның 84-85 пайызы ғана өнеді екен. Сондықтан тұқымды артығырақ себуге де мәжбүр болып жүргенбіз. Ал авс­тралиялықтар технологиясының артықшылығы сол, олардың дәнсепкіш­тері тұқымды то­пырақ­тың ылғал қа­ба­тына дейін апарып, бір-бірлеп қадайтын көрінеді. Соның нәтижесінде отырғызылған бидай тұқымы 100 пайыз өнеді. Бұл әдіс артық тұқым себуді азайтқан. Егер біз бір гектар жерге 160 кг. тұқым себетін болсақ, осы әдісті қолданатындар оның көлемін 60-80 келіге дейін түсіріп жатыр. Екіншіден, олар тез өніп, арамшөптер шыққанша көтеріліп, гербицид себуді қажет етпейтінін айтты ғалым. Үшіншіден, деді ол, ерте бой жеткен қыз сияқты бидай да тез жетіліп, гектар өнімділігі жоғары болады екен. Төртіншіден, табиғаттың қасаң (құрғақшылық немесе үнемі жауын болу) жағдайына қарамастан осы әдіспен егілген егін бәрібір белгілі дәрежеде өнім бере алатын көрінеді. Сондықтан Б.Бірімжанованың бастамасын Қостанай ғана емес, көршілес басқа облыстардың фер­мерлері де өздеріне енгізіп, бірі­гіп австралиялық сепкіштер алып жатқан көрінеді. Осындай жоғары әдістерге, озық тех­но­логияларға тек қана астықпен тұрақты айналысатын, фир­малар ғана қол жеткізе алады. Ал олар­ды ынталандыра түсу үшін жерді жеке меншігіне беру керек, сонда оның құнарлылығын арттыруға да көңіл бөлетін болады деген пікірлер көптен айтылып жүр. Мәселенің мәнісі Жер жекеменшікке сатылсын деген әңгімені тудырған жерді пайдаланушылар емес. Өйткені, 49 жылға жалға алғандар осынау уақыт ішінде де жердің бергенін де, беретінін де түгел алып үлгеретініне сенімді еді. Жердің кейбір учаскелерін 15 жылға дейін жалға алған шетелдіктер де алған телімдеріміз жекеменшікке сатылсын деп айта алмайды. Жер сатуды былтырғы қараша айында кодекске енгізілген өзгертулердің биылғы шілде айында күшіне енуіне орай алғашқы болып шенеуніктер көтерді. Әлемді дағдарыс қамыты құрсаулай түскен ке­зеңде Ұлттық қорды қаражатпен толтыруды мақсат еткен болуы керек, әйтеуір олар арендаторларға жалға алынған жерлеріңді сатып алыңдар деп талап қоя бастайды. Рас, шенеуніктердің әрекетін де түсінуге болады. Кейбіреулер жалға ал­ған жерін дұрыс пайдаланбай, біраз бө­лігін арамшөпке бастыртып, қараусыз қалдырған. Арамшөп басып жатса  жер ты­нықпайды, керісінше  құнары кететінін мамандар үнемі айтумен келеді. Арендаторлар арасында қолданатын жерінің өзін құнарландыратындар да аз, ауыспалы егіс сияқты бұрыннан келе жатқан технологиялық әдістер де қол­данылмайды. Ал жер өзінікі болса, бәлки жанашырлық білдірер, оның болашағына алаңдаушылық жасар деген ой да жер ресурстарын басқару қызметінің бір бүйірінде жатқан секілді. Сондықтан да олар әлгіндей, 1,7 млн гектар жерді тізімдеп, енді шілде айында аукцион арқылы өз отандастарымызға сатпақшы болған еді... Бұл туралы бұрынғы Ұлт­тық экономика министрі Е.Досаев 30 наурызда ресми түрде мәлімдеген болатын. Осы кезде шу көтерілді. Алғаш рет оны Мәжіліс депутаты В.Косарев бастады. Ол тізімдегі жер учаскелерін аукцион арқылы сатпас бұрын жер алушыға жасалатын шарттарды анықтаған заң қабылдап алайық деді. Бұл алушыны жердің құнарын түсірмеуге, химиялық улы заттарды шектен тыс қолданбауға және т.с.с. міндеттерді қарастырған заң болуы керек, жерді сосын ғана сатайық деген ұсыныс еді. Осындай орынды, дұрыс ұсынысты жұрт қолдады деп айта аламыз. Алайда... Халық арасында жер сатылайын деп жатыр екен, соның ішінде шетелдіктерге сатылғалы жатыр екен деген дақпырт қаулап кетті. Оны үрлеп жібергендер Қазақстанның тыныштығы мен тұрақтылығын шайқалтуды көздеп жүргендер де сияқты. Ештеңені түсінуге, байыпты талқылауға құлақ қоймаған бір топтың бой көрсеткенін де көрдік... Әрине, елдің, жердің тұтастығын ойлап, түн ұйқысы төрт бөлінетін патриот отандастарымыз да үнсіз қалмады. Олардың қанын қыздырған басты мәселе – жерді шетелдіктерге жалға беру жайы еді. Алдымен айтарымыз, кодекстің 24-бабының 1-тармағында былай жа­зылған: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұл­ғалар, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адам­дардың, шетелдік заңды тұлғалар­дың үлесі елу пайыздан асатын заң­ды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады». Демек шетелдіктерге  сатылмайды. Ал жалдау мерзімінің бұрынғы 15 жылдан 25 жылға дейін ұзартылу себебін мамандар былай түсіндіреді: «Ауыл шаруашылығы бизнесі көп қаржы салуды талап етеді және өзін өзі ақтауына ұзақ мерзім қажет етеді. Сондықтан жобаларға салынған қаражаттардың өзін өзі ақтауына 13-15 жыл қажет. Ин­вес­тордың салған қаржысын өндіріп, алдағы 10 жылда табыс табуы үшін жалға беру мерзімі ұзартылды», деседі. Бұған қарсы уәж айту қиын. Инфрақұрылымы төмен, астық немесе басқа дақылдар егу тәуекелі өте зор ел­дің ауылшаруашылық бизнесіне мил­лиондаған доллар ақшасын салған адамның табыс тапқаны да дұрыс. Бізде, астық шығатын солтүстік аймақтарымыздағы шаруаның көрген күнін итке берсін десек артық емес. Алдымен көктем жайлы бола қоймайды, жиі жағдайда ылғалы өте мол  болады, ондайда егіске трактор кіре алмайды, уақыт болса қысып бара жатады, 30 мамырға дейін сеуіп үлгеру керек. Ал ылғал тіпті жоқ болатын жылдар да жиі кезігеді, ондайда еккен тұқым өнбей қалмас па екен деп түн ұйқың төрт бөлінеді. Одан... жаз бойы арамшөпке қарсы гербицид, пес­тицид дегендерді себесің. Қазір оның сапалысын табу да оңай емес, алаяқтар ондайдың жасандыларын сатып, талай шаруаны отырғызып кеткенін де жиі естідік. Амал жоқ, бәрібір себуің керек, олай етпесең арамшөп басып, қара қурай қаптап кетеді. Осы жұмыстарға да ауа райы жиі қолбайлау жасайды. Алдымен жаңбыр тілесең, артынан астық пісу үшін жаңбыр жаумай күннің ыстық болуын тілеп, әйтеуір ала жаз  бойы диқан ұйқы көрмейді ғой. Одан, әупіріммен күзге жетесің. Алла­дан күннің ашық болуын күндіз-түні тілеп, ораққа кіріседі. Жайлы күз болса жақсы ғой, жауыны тоқтамай себелеп, еш жұмыс істетпей, орақты қарашаның қара суығына дейін созатын жылдар да жиі болады. Ол ол ма, көздің жасы, маңдайдың терімен еккен астықтың қар астында қалып қоюы да соңғы жылдары жиі қайталанып келеді. Астық егудің осындай соры барын зерттеген (ал зерттемей олар кіріспейді) шетелдіктер біздің жерімізге аңдап басады. Әлемде астық егуге жайлы жүз­деген елдерде жер учаскелері саты­лады, ақшасы бар адам солардан-ақ сатып алмай ма? Жуырда жазушы, ауыл шаруашылығы­ның білгірі, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемелдің «Егеменде»  жазған мақаласында алыс шетелдер түгіл Ресей, Украина, Армения, Латвия, Литва, Эстония сияқты посткеңестік елдерде де ауылшаруашылық жерлері жекеменшікке берілетіндігі айтылған. («ЕҚ», 13.05.2016 ж). Демек, осылардың бәрінде жер сатылады. Қытайда жер мемлекет меншігі болып есептелгенімен пайдалану құқы саудаға салынады. Ол жақтан келген талай оралман ағайын­дары­мыз осы құқықтарын қытай­лық­тарға сатып, қалталарын нықтап келгендерін де білеміз. Жердің сатылуын ойлағанда халқы­мыз­ды алаңдататын ең басты мәселе – елдің қауіпсіздігі. Жер сатылып, оны басқа мемлекеттің азаматтары иеленіп кетсе, олар көбейіп алып, елімізді басып ала ма деп халық қорқады. Өте заңды, өте орынды алаңдаушылық. Енді осы алаң­даушылықтарға өз білгенімізше жауап беріп көрелік. Алдымен, Қазақстан Республи­касының барлық жері тұтастай мем­лекеттікі екенін ескерткіміз келеді. (Жер кодексінің 3-бабы). Қазақстан жерінің тұтастығын, оған қол сұғылмаушылығын және бөлін­беушілігін мемлекет қамтама­сыз етеді. Бұл туралы Конституцияда жа­зыл­ған. Ал егер ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалынатын жеке телімдер, яғни бөліктер жеке азаматтардың мен­шігіне сатылса, ол Қазақстан мемл­екетінің тұтас аумағынан шықпайды, сол жерге иелік еткенімен ел заңының шең­берінде еңбек етеді. Тіпті, басқа елдің азаматы сатып алса да ол жерге өз елінің туын тігуге қақысы жоқ. Олай істесе Қазақстанның тұтастығына қол сұққан болып табылады. Қазақстан Республикасының тұтас­тығын, жерінің бөлінбейтінін БҰҰ таныған, оған сырттан қол сұғылатын болса осы ұйым оны агрессия деп танып, оған қарсы әрекеттер жасайды. Одан басқа аймақтық Ұжымдық қауіп­сіздік шарт ұйымының мүшелері (ҰҚШҰ) қатарындағы Армения, Бела­русь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттері сырттан агрессия болса бірлесіп қорғанады. Осыны да кейбіреулер біле бермейтін сияқты. Ұйымның күшеюіне, ықпалының артуына Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қосып жүрген үлесі де өте зор екенін айта кетуіміз керек. Сондықтан ауыл шаруашылығы жер телімдерінің сатылуынан қорқып-үркудің қажеті жоқ. Егер өзіміздің азаматтарға жекеменшікке сатылса, оны қожайыны түрлі жолдармен, қаласа шетелдіктерге сатары сөзсіз. Мысалы, өзіміздің бір іскер азамат ЖШС ашып, оған 1 млн. га. ауылшаруашылығы мақсатындағы жер алған екен дейік. Біршама уақыттан кейін сол ЖШС-тің 50 пайыз үлесін шетелдікке сатса, соның ішінде жерінің 50 пайызы да болса, оған кім қарсы тұрады? Өйткені, шетелдік адам жерді мемлекеттен емес, жеке тұлғадан сатып алып жатыр ғой және мәміледе жер сату деп емес, ЖШС-тің 50 пайызын сату деп көрсетеді ғой... Ал жекеменшік иесі кімге не сатқысы келсе де өзі біледі. Осындай қитұрқы жолдардың мың түрлісін табуға болады. Сондықтан сату бір басталса алушы оны алатын мың түрлі жол табады. Бірақ «алғысы келсе» дегенді, сонымен қатар барлық жер емес нақты «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі» дегенді ұмытпайық... Жоғарыда келтірілген уәждер де аз емес екенін көріп тұрмыз. Сатуға рұқсат берілген 2003 жылдан бүгінгі 2016 жылға дейінгі 13 жылда 1,3 млн. га жер ғана сатылғанын да ескерейік. Осының қаншасын шетелдіктер иеленіпті деген дерек ешқайда көрсетілмеген. Әрине, алаңдаушылық бар. Жерді тиімді пайдаланамыз деп шетелдіктерге жаппай өткізіп жіберіп, жер сипап қал­маймыз ба деген қауіп үнемі бір бүйірге қадалып тұрары анық. Сондықтан... сондықтан тек қана заңды мықтау, нықтау керек. Сатылатын жер телімі көлемінің шектеулігі, бір ауданда 2 немесе 3 телімнің ғана шетел­дікке сатылуы, агротехникалық шара­лардың сақталуы, химияның шектен тыс қолданылмауы, құнарының төмендемеуі, сатылған кездегі бонитеттік балы түсіп қалса, дереу қайтарылатыны, жұмысшылар арасындағы шетелдік азаматтар санының шекті болуы, және т.б. нақты көрсетілуі керек. Әрине соңғы, сырттан келетін жұмысшылар квотасы біздің заңдарда қарастырылған, бірақ нақ ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерде жұмыс істейтіндер саны нақтылан­баған. Ондай­лар 1 мың га жер алғанға осынша, 10 мың га жер алғанға осынша деп нақтылануы керек. Өйткені мұн­дағы жұмыстар маусымдық сипатта болғандықтан күз бен көктемде сырттан келетіндер дереу қаптап кетуі мүмкін... Қорыта айтарымыз, өңештегендердің сөзіне өрекпімей, санаға салып салмақ­тасақ, оң шешілмейтін мәселе жоқ екенін ұмытпайық. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар