• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

Микродүниенің өмірлік өлшемдері

1004 рет
көрсетілді

Егемен еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелерінің бірі, отандық биология ғылымының айтулы көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Микробиология және вирусология институтының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Бүгінде Институт микробиология және вирусология саласында іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізетін Қазақстандағы бірден-бір бірегей һәм маңдайалды ғылыми мекеме болып табылады. Оның жетістіктері, әсіресе, соңғы бес-алты жыл бедерінде тек біздің елде ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танымал. Институттың қазіргі таңдағы жетістіктері мен қарқынды дамуға бетбұрысы – оның бас директоры, еліміздегі белгілі ғалым-микробиолог, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Садановтың ғылыми қайраткерлік, іскерлік басшылығымен жүзеге асырылуда. Мерейлі белесі қарсаңында біз мекеме басшысын әңгімеге тартуды жөн санап едік. – Аманкелді Құр­­­­­­­банұлы, ең әуелі мерейтой құтты болсын. Екіншіден, Елбасы алға қойған орасан зор міндет – әлемнің дамыған озық 30 елінің қатарына тезірек кі­ру­ге септігін тигізер ғылыми әле­­уеттің құрамдас бөлігі ре­тінде микробиология мен ви­ру­со­­логияның мән-маңызы, алар ор­ны қандай? – Рахмет. Дұрыс айтасыз. Ма­ңызды міндеттерді мереке үстінде де қаперден шығармаған жөн. Микробиология және вирусология салалары әлемдегі қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғы­лымдардың қатарына кіреді. Себебі, молекулалық биология мен генетикадағы көптеген тың жаңалықтар (ДНК кодын ашу, нуклеин қышқылдары мен белок молекулаларының құрылымын анықтау және т.с.с.) микроағзалар мен вирустарды зерттеу кезінде ашылған болатын. Сондықтан да ғалымдардың бұл салаларға, яғни микродүние мәйегіне деген қызығушылығы айрықша. Одан басқа, микроағзалар та­биғи бірлестіктердің (биоценоз) бірден-бір ажырамас бө­лігі. Демек, экожүйелер мен та­­би­­ғаттағы биологиялық алуан түрліліктің тұрақтылығы, сон­дай-ақ топырақ құнарының сақталуы да микроағзаларға тіке­лей тәуелді. Ал вирустар болса, популяцияның санын шектеу мен түрлі ағзалар арасындағы генетикалық материалдардың тасымалы тақылеттес, табиғатта болып жатқан эволюциялық үде­рістердің негізгі қозғаушы күші. Олай болса, микробиология мен вирусология жетістіктерінің өндірістік маңызы орасан зор. Тарқатып айтар болсақ, ол – жаңа вакциналар, дәрілік және диагностикалық препараттар жа­сау, қоршаған ортаны тех­ногенді ластанудан тазартатын микробиологиялық әдістермен қатар, микроағзалардың кө­ме­гімен органикалық, бейор­ганикалық қосылыстарды бө­ліп алу және оларды қайта өңдеу, биологиялық белсенді заттарды микробиологиялық жолмен синтездеу бағытын­да­ғы жетістіктермен си­патталады. Бұлар қолданбалы ми­к­ро­биологиялық және ви­рус­о­логиялық зерттеулердің тек бір парасы ғана. Бұған қоса, атал­ған ғылым салаларының, әсіресе, жұқпалы аурулармен күрестегі рөлін ерекше атап айтқан жөн. Себебі, кейінгі уақытта жұқпалы аурулардың саны мен олардан келе­тін зардаптар күрт артып келеді емес пе. – Ендеше, әңгіме бетін сіз­дер айналысатын ғылым сала­сының өмір мен өндірістегі нақ­ты қолданбалылық сипатына аударсақ қайтеді? – Бірнеше миллиардтаған пай­да түсіретін Батыстың био­тех­нологиялық және фар­ма­цев­тикалық өнеркәсібінің 80 па­йызы микроағзалық және ви­рустық нысандармен байланыс­ты. Сондықтан да отандық био­технологияға негіз болуы және өз фармакологиялық өндірісі үшін микробиология мен вирусология салалары бойынша жұмыстарды қарқынды түрде дамыту – кезек күттірмес міндет. Сонымен қатар, Қазақстанның басқа да көптеген экологиялық проблемалары осы заманауи микробиологиялық жа­ңа технологиялардың көмегіне сүйе­не отырып шешімін таба­тын­­ды­ғына ешкім де шүбә келтір­мейді. Институттың ғылыми зерт­теулерінің ауқымы кең және ол ең алдымен Қазақстан эконо­микасының дамуына бағытталған, яғни қоғамның әлеуметтік сұра­ныс­тарына жауап бере алатын заманауи ғылыми технологияларды пайдалана отырып, медицина, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаның өзекті мәселелерін шешуге арналған жаңа отандық биопрепараттар жасауды көздейді. Жоғарыда атал­ған салалар бойынша инс­титут ғалымдарының әзірлеген, тиімділігі өте жоғары биопрепараттары бүгінгі таңда республика өңірлерінде кең сұранысқа ие. – Қазір қандай жобаларды іске асырып жатырсыздар? – Мәселен, экологиялық проб­лемаларды шешу үшін институтта микроағзалардың қасиет-сапа­ларына негізделген жаңа биопрепараттар көмегімен қоршаған ортаны тазарту, нақтырақ айтар болсақ, әртүрлі себептермен құ­нары төмендеген топырақ пен ластанған суды қайта қалпына келтіретін бірқатар кешенді іс-ша­ра­лар атқарылуда. Оның үстіне, медицина мен ветеринария үшін адам мен малдың ішек ауруларының алдын алуға және оларды емдеуге арналған, сондай-ақ көп тараған дисбактериоз ауруы­на қарсы про­био­тиктер жасалынып, оларды өн­діріске енгізіп те үлгердік. Жаңа антибиотиктерді зерттеумен қатар, белгілі анти­биотиктер продуценттерінің бел­сенділігін одан әрі арттыру бағытындағы ғылыми ізденістер де жүйелі түр­де іске асырылуда. Институт ғалымдары жүр­гіз­ген зерттеулердің ішіндегі топ жар­ған жаңалықтардың бірі тері аурулары (зең) мен вирусқа қарсы кең ауқымды жаңа отандық розеофунгин антибиотигін әзірлеп шығару болып отыр. Осы антибиотик тері ауруларына ұшыраған адамдарды емдеуге арналған, тиімділігі өте жоғары отандық «Розеофунгин-АС» медициналық дәрілік препараты әзірленді. Бұл арада ескере кететін жайт, тері аурулары тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылатындығы баршаға мәлім. Соңғы уақытта бұл жұқпалы аурудың көбейіп, қарқын алып бара жатқандығы байқалады. Осы­ған жауап ретінде институтта бұл дәрілік биопрепаратты жоғары сапалы жақпа май түрінде шығаратын, бүгінгі күннің талап-сұранысына толық жауап беретін өндірістік желі де сақадай-сай да­йын тұр. «Розеофунгин-АС» – рес­публикада медициналық мақсатта қолданылатын алғашқы әрі әзірше отандық жалғыз антибиотик. Микробиологиялық зерттеу бағытындағы жұмыста өнер­кәсіптік тұрғыдан өте құнды ми­кро­ағзалар штамдарын ұзақ уақыт сақтау, олардың бел­сен­ділігі мен сапасын арттыру және де тұрақты түрде коллекциялық қорды толықтырып отыру ерекше орын алады. Бүгінгі таңда институттың коллекциялық қо­рында микроағзалардың әртүрлі таксономиялық топтарының (бак­­­териялар, актиномицеттер, мицелилі саңырауқұлақтар, ашыт­қылар) 300-ден астам штамдары бар. Сондай-ақ, елдің Ұлттық па­тенттік мекемесімен бірлесе отырып, «Өнертабысқа өтінім беру үшін микроағзалар штамдарын тіркеу ережесі» әзірленді. Оған қоса, өнеркәсіптік-құнды штам­дар туралы мәліметтер ен­гізілген микроағзалар каталогы шығарылды. –  Ал енді ғылым ордасындағы микробиологияның қанаттасы – вирусология саласында жүр­гізіліп жатқан зерттеулер туралы не айтасыз? – Институттың вирусолог ға­лымдары Қазақстандағы адам мен жануарлардың және құс тұмауы вирусы ауруларының таралуына ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Осыған байланысты вирустардың генетикасы мен түрлерінің үнемі эволюциялық өзгерістерге ұшы­рап отыратындығына, жаңа штам­­­дардың пайда болуына және оларға қарсы вакцина­лық, диагностикалық препараттар жасап шығару үшін штамдарды іріктеп алуға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі де жоспарлы түрде атқарылады. Көп жылғы зерттеулер нәтижесінде, адам мен жануарлардан, үй мен түз құстарынан тұмау вирусының 200-ден астам жаңа штамдары бөлініп алынып, зерттелінді. Жаңадан бөлініп алынған тұ­мау вирусының штамдарына жүргізілген молекулалық-гене­тикалық зерттеулердің нәтижелері арқасында олар тіркеуге алынып, халықаралық деректер қорына енгізілді. Институтта вирустық ауру­лармен күресу орайындағы им­мунитетті көтеретін және де вирусқа қарсы жаңа препараттар әзірлеу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, еліміздің өте бай жасыл әлемі ескеріле отырып, препараттардың құрамына өсімдік тектес, зиянсыз биологиялық қосылыстарды пайдалануға ерекше мән беріледі. Әрине, мұндай препараттардың құндылығы жоғары болатындығы сөзсіз, ол ағза үшін де қауіпсіз әрі вирустардың оларға мүлдем бейімделе алмайтындығы ғылыми дәлелденген. – Зерттеулердің қолмен ұс­тап, көзбен көретін нақты нәти­желері бар ма? – Институт ғалымдары хи­миялық құрылымы әртүрлі 250-ден астам өсімдік тектес қосындылардың вирустарды тежейтін және ағзаның имму­нитетін көтеретін қабілетін зерт­теді. Нәтижесінде, полифенолдар мен үштерпендер негізінде вирустардың өніп-өсуін тежеп қана қоймай, иммунитетті де көте­ретін, вирусқа қарсы бір­қатар препараттар жасалынды. Қазақстан өсімдіктерінен вирусты бейтараптандырушы белсенділігі жоғары «Иммувир»®, «Вироспан» және «Флавовир» препараттары алынып, патенттелінді. Олардың ви­­русқа қарсы белсенділігі ше­тел­­дік танымал дәрілік пре­па­рат­тардан да жоғары. Вакци­на­лардың тиімділігін едәуір жо­ғарылататын өсімдіктерден да­йын­­далған және де иммуни­тет­­­­ті көте­­ретін «Асгипан-им­муно+»®, «Глабилокс-иммуно+»®, «Са­­па­­­нокс-иммуно+»® препараттары дайындалып, олар да тиісті патенттерге ие болды. Қазіргі кезде осы препараттарға жүргізіліп жатқан клиникаға дейінгі сынақ­тар да аяқталуға таяу. Осыған байланысты жақын арада Институт ғалымдары әзір­лемелерінің арқасында еліміздің нарығында импорттық препараттардан кем түспейтін, тіпті, тиім­ділігі жағынан олардан озық, вирустық аурулармен күресуге арналған жаңа отандық вакци­налар мен дәрілік препараттар пайда болады деп күтілуде. – Осы игі істердің бәрін ат­қарып жатқан ғылыми кадр­лардың біліктілігін арттыруға да баса назар аударатын шығар­сыздар? – Әлбетте, онсыз бола ма? Қазіргі таңда институт қыз­мет­керлерінің жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі жас маман­дар. Келешегі зор жастар магис­тратура, PhD докторантурасын­да білімдерін ұштап жатыр. Оны­мен қоса, жас ғалымдарға жыл сайын әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда өз кәсі­би біліктіліктерін арттыру мүм­кіндіктері де қарастырылған. Институт қабырғасындағы талантты жас ғалымдарға арналып бюджеттен тыс қаражат есебі­нен академиктер А.Н.Илялетдинов пен Х.Ж.Жұматов атындағы атау­лы стипендиялар тағайындалған. Ерекше назар аударатын жайт, институттың халықаралық байланыстары да артуда. Айтар болсақ, Ресей Ғылым академиясының Микробиология институтымен (Мәскеу), Мәскеу мемлекеттік университетімен, Ресей Ғылым академиясының Скрябин атын­дағы микроорганизмдер биохимиясы және физиологиясы институтымен (Пущино, Ресей Федерациясы), Ресей Медицина ғылымдары академиясының Гаузе атындағы жаңа антибиотиктерді талғау жөніндегі институтымен (Мәскеу), Беларусь Ұлттық академиясының микробиология институтымен, Әзербайжан Микробиология институтымен, Ресей Медицина ғылымдары академиясының Д.И. Ивановский атындағы вирусология институтымен (Мәскеу), Ресей Медицина ғылымдары академиясының Тұмау институтымен (Санкт-Петербург), АҚШ Ауылшаруашылық де­пар­таментіне қарасты Ауыл­шаруашылық зерттеу­лер орта­­лығымен, АҚШ Ауыл­шаруа­шылық депар­таментінің Оңтүстік-Шығыс құс аурулары зертханасымен, АҚШ Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі агенттігімен, АҚШ Оңтүстік Флорида универ­ситетімен бір­лесіп ғылыми зерттеулер жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда Микробиология және вирусология институты Қа­зақстанның микробиологиялық және вирусологиялық ғылым­да­рының орталығына айналды. Институттың барлық жетістіктері еліміздің экономикалық, тех­но­ло­­гиялық және әлеуметтік игі­ліктерін нығайтуға қосқан салмақты үлесі мен нақты қайта­рымы екендігі анық. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»