• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Өзгеленді бұл ғалам

520 рет
көрсетілді

Мектеп реформасы туралы толғаныс  Қазір қоғамда қызу талқы­ланып жатқан мәселенің бірі – елімізде басталғалы отырған білім реформасының жайы. Оны біреу­лер қолдаса, екінші біреулер қарсылықтарын білдіруде. Қарсы пікірлер көбінесе аптасына бес күндік оқу мен үш тұғырлы тілді жалпы орта мектептерде енгізуге қатысты айтылуда. Әдетте, білім саласындағы реформаның ұзақ мерзімдік сипаты болып келетіндігі белгілі. Бұл салада реформа жүргізу кез келген ел үшін жеңіл емес. Мұны біз алысқа бармай-ақ өзіміздің соңғы 25 жылдық тәжірибемізден жақсы білеміз. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде экономика мен тұрмыстың барлық саласын қамтыған реформалар өз сүресіне түсті. Ал солармен бірге басталған білім саласындағы өзгерістер әлі аяқталып біткен жоқ. Осыған қарап-ақ білім саласындағы реформаның шағылуы қиын жаңғақ екендігін аңғаруға болады. Бірақ, солай бола тұра, бұл мәселеде Үкімет пен оның Білім және ғылым министрлігі енді неліктен батыл қадамдарға барып, мектеп реформасына бел шеше кіріспек? Әлде біз білім саласындағы шынайы реформаға кешігіп кірісіп жатырмыз ба? Мектеп шәкірттеріне ерте бастан ағылшын тілін оқытуға ұмтылудың сыры неде? Мұндай жағдайда ана тіліміз зардап шекпей ме? Жалпы, әлемдік білім саласында қандай өзгерістер бар? Басқа елдер бұл салада қандай шешімдер қабылдауда? Неліктен біз Кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан, әбден жетілдірілген білім беру стандарттарынан бас тарттық? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп, интернетті бірнеше күн бойы ақтардық. Сөйтіп, одан өз білгенімізді саралай келе, көңілге түйгенімізді оқырмандарымызға жеткізуді жөн көрдік. Еңбек нарығының революциясы Мәселені зерттей келе бір жағдайға анық көзіміз жетті. Қазіргі күні әлем елдерінің қай-қайсысы болмасын білім саласының болашағына өте бір алаң көңілмен қарап отыр екен. Өйткені, соңғы жылдары бүкіл әлемде, әсіресе, жаңа технологиялармен қаруланған Батыстағы елдерде білім саласына қойылатын талаптар күрт өзгерген. Бұл талаптарды қойып отырған сол елдердің үкіметтері де емес, білім саласының білікті мамандары да емес, жылдан-жылға жылдам өзгеріске түсіп келе жатқан өмірдің өзі болып шықты. Өйткені, соңғы 10-15 жылдың ішінде білім беру саласының негізгі тапсырыс берушісі болып есептелетін еңбек нарығындағы жағдай тым өзгеріп кеткен. Мұндағы өндірістік жұмыстардың үлкен бөлігін машиналар мен автоматтар, роботтар атқаруға кіріскен. Олар енді өнеркәсіптік өндіріс орындарын былай қойып, бұрын тек қана адамдардың еншісінде болып келген көптеген қызмет көрсету салаларына екпіндей еніп, үйдегі тұрмысқа дейін араласа бастады. Оның жарқын мысалы – үйдегі тұрмыстық техникалар. Осыған қарап, енді көп уақыт өтпей машиналар мен автоматты құрал-жабдықтар, роботтар өндірістегі адамдарды толық алмастыратындығын, сөйтіп, зауыттар мен фабрикаларда қол еңбегін қажет ететін жұмысшы мамандықтарының жойылмаса да айтарлықтай азаятындығын аңғаруға болады. Сарапшыладың пікірінше, еңбек на­ры­ғындағы осынау тосын өзгеріс­терге байланысты алдағы уақыттары мүлдем жаңа мамандық пен кәсіп түрлері өмірге келуі мүмкін. Бірақ олардың қалай аталатындығына, сол кездері адамдардың қандай қызметпен шұғылданатындығына әзірге білікті мамандардың өзі жауап бере алмай отырған көрінеді. Тек мұндағы бір анықталған мәселе, қол еңбегі экономика мен тұрмыстың кез келген саласында қысқарып, ой еңбегінің басым сипатқа ие бола беретіндігі. Демек, Білім және ғылым минис­тр­лігінің мектептерге енгізуге ұмтылып отырған үш тұғырлы тілге қатысты жаңа білім бағдарламасы және бұл талаптың осы уақытқа дейін қазақ, орыс мектептері деп бөлініп келген білім беру мекемелерінің барлығында бір­дей тегіс қатысты болуы – заман та­лабынан туындаған дүние. Бұл шын­дықты мойындамау – жас ұрпақтың болашағына балта шабумен бірдей. Мектеп қабырғасындағы қазіргі шәкірттер енді біраз жылдардан кейін біз келбетін әлі айқын ұғып болмаған белгісіз бір білім әлемінің ішінде жүретін болады. Ол әлемнің билігі үкіметтің де емес, үйреніп қалған әкімнің де емес, ата-ана, туған туыстың да емес, талабы тым қатал, ешкімге мойынұсынбайтын еңбек нарығы атты мықтының қолында болады. Біздің ойымызша, тоғыз жол­дың торабы болуға айналған Қазақ­стан жағдайында ол нарықта ағыл­шын тілін білмейтін қызметкер мен жұ­мысшыға жақсы өмір бола қоймайды. Біздің бұлай дейтін себебіміз, мұ­ның мысалын алыстан іздеп қажеті жоқ. Бұл біздің өз басымызда бар. Кешегі Кеңес өкіметінің құшағында болған жетпіс жылдық өмір осындай қауіптің басымызда әркез болатындығын бізге айқын көрсетіп беріп кетті. Ал ағылшын тілінің маңызы болса, біз үйренген орыс тілі­нен әлдеқайда зор. Сондықтан, бұл тіл­ді ешкім зорламай-ақ қазақстандық жас­тардың өздері-ақ оқып үйренуге кірісті. Оның үстіне, бүкіл әлем бір интернет шырмауығына қазірдің өзінде бірігіп қойды. Білім, ғылым іздеген жастар үшін оның негізгі тілі ағылшын тілі болып отыр. Енді бүкіләлемдік еңбек нарықтарының бірігуі де басталып кетті. Бұл нарықтың негізгі тілі де ағылшын тілі болатындығы әбден анық. Ендеше, дүниені интернеттей шырмай бастаған ағылшын тілін білмей, болашақта жақсы өмірден қалай дәметуге болады?! Білім реформасына бүкіл әлем кірісті Гарвард университетінің профес­со­ры Дэниел Белл өзінің «Келесі пос­тиндустриялық қоғам» атты еңбегінде адамзат қоғамының дамуын­ үш сатыға бөлген. Оның тұжыры­мын­ша, бірінші сатыда аграрлық (индустрияға дейінгі) қоғам қалыптасты. Оның бас­ты са­ласы – ауыл шаруашылығы, бас­ты құры­лымдары – шіркеу мен әскер болды. Бұл кезде де қоғамның дамуы үшін білімнің маңызы зор болғанымен, ол адамдардың барлығы үшін жаппай қажеттілікке айнала қойған жоқ. Яғни, әріпті танымай, есепті меңгермей-ақ өмір сүре берудің мүмкіндіктері мол болды. Мұнан кейін индустриялық қоғам келді. Оның бас­ты саласы – өнеркәсіп, бас­ты құры­лым­дары – корпорациялар мен фирмалар болды. Алайда, бұл кезде де білім қоғамның басты қаруына айнала қойған жоқ. Көптеген адамдар үшін зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істей алатындай бастапқы кәсіптік білім мен жұмыс дағдысының болуы жеткілікті деп есептелді. Енді адамзат қоғамы өз дамуының үшін­ші сатысы – постиндустриялық қоғамға өтуі тиіс. Оның басты саласы – теориялық білім, ал басты құрылымдары университеттер мен зерттеу инс­титуттары болмақ. Демек, «білімдінің беті жарық, білімсіздің беті көңшарық» дейтін заман енді келді. Көптеген оқымыстылар Дэниел Беллдің постиндустриялық қоғамға қатысты осы тұжырымымен келісіп отыр. Әрине, әлемнің көптеген елдерінде тұрақты еңбек рыногы кезінде қалып­тасып, әбден стандартталған дәстүрлі білім жүйесін күрт өзгерту, оны жаңа жағдайға барынша жедел бейімдеу оңай емес. Батыста кейбір мектептер осыны түсіне отырып, оқу бағдарламаларына жаңа дағдылар мен пәндерді енгізу үстінде. Соның ішінде компьютерлік бағдарламалау көптеген мектептерде оқытылатын болды. Бірақ жаңа технологиялардың жылдам дамып келе жатқандығы сондай, қазіргі оқушылар мектеп қабырғасынан шығып, жұмыс іздей бастаған кезде бұл мамандықтың өзі де ескіріп үл­геруі әбден мүмкін екен. Аталған мәселе бойынша кітап жазған Кетти Девидсон атты зерттеуші өз еңбегінде бүгінгі бастауыш сыныптарда отырған оқушылардың 65 пайызы ержеткен кезде қазір өмірге келіп үлгермеген беймәлім кәсіптермен шұғылданатындықтарын айтады. Бұл жерде әңгіме алыс болашақ туралы емес, таяудағы 10-15 жылдың ішінде болатын өзгерістер туралы болып отыр. Мәселен, Singularity University жастармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Бретт Шилке қазіргі дағдылар мен машықтардың, адамдар қолынан келетін еңбек түрлерінің енді бір 5-10 жылдан кейін қайсыларының кәдеге жарап, қайсыларының жарамай қалатындығын кесіп айтудың өзі қиын екендігін жеткізген. Осы жағдай әлемнің алдыңғы қатарлы елдерін мектептегі оқу бағдарламаларын қайтадан қарап, болашақты болжай отырып мұқият сүз­гіден өткізуге мәжбүрлеуде. Тіпті, бұрын-соңды болмаған батыл реформаларға бел шешіп кірі­сіп кеткен елдер де жоқ емес. Мә­селен, Финляндия өзінің мектеп бағдарламаларын толықтай өзгертіп, «феноменальді оқыту» (ерекше оқыту, ғажайып оқыту десе де болады) атты мүлдем жаңа тұрпатты модельді қабылдаған. Осы бойынша 2020 жылы Финляндияда дәстүрлі мектеп пәндерін «төрт К» (коммуникация, креативность (жаңа идея мен әрекетке шығармашылық бейімділік), критическое мышление (сыни ойлау) және коллаборация (бір мақсат жолында бірлесіп әрекет ету) аталатын жаңа тақырыптармен алмастыратын болады. «Бұл төрт пән командалық жұмыста орталық орынға ие болуы тиіс және бір желіге біріккен қазіргі әлемді білдіретін болады» деп жазады Singularity Hub бас редакторы Девид Хилл. Хил, сондай-ақ, ХХІ ғасырда – адамның оқып үйренген кәсібі, алған мамандығы ол диплом алып шыққан кезде ескіріп үлгеретін осынау жедел өзгерістер ғасырында бұл төрт К арқылы берілетін білім оны алып шыққан жас қызметкердің үмітін ақтап, оны табысқа қарай бастайды деп есептейді. «АҚШ-та және әлемнің басқа да дамыған елдерінде тұрақты экономика, тұрақты жұмыс нарығы тұсында әбден қалыптасып жетілген, бірақ ендігі кезең үшін мүлдем жарамсыз бола бастаған дәстүрлі білім беру моделінен бас тарта отырып, Финляндия болашаққа қарай маңызды қадам жасады», дейді ол. Сондай-ақ, Финляндиядағы іс­кер­лер қауымдастығының өкілдері оқу­шыларға жаңаша дәріс берген кезде бұл төрт К-ге тағы үш нәрсені қосу қажет екендігін айтқан. Олар – өмір өзгерістеріне жедел бейімделгіштік, тұрақты түрдегі, яғни өмір бойы оқуға деген ынта мен төзімділік. «Өзгерістерге бейімделе білу икемділігі оқушыларға олардың алдынан кез болатын күтпеген проблемаларды шешуге көмектеседі, олар өмір сүруге тура келетін құбылысқа толы әлемде жедел дағдыланудың маңызы артатын болады», дейді білім саласындағыларға осындай кеңес берген кәсіпкерлік сала өкілдері. Сондай-ақ, Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрестегі кейбір мек­теп­терде де жаңа білім беру бағдар­ламалары қабылданған. Мұнда жоғары сыныптың оқушысы бастапқы екі жылда білім алады, сонан кейін үш жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысады. Буэнос-Айрестің білім министрі Эстебан Булрич осы өзгерістерге байланысты Singularity University-ге берген сұхбатында «Балалар мектеп қабырғасынан шығысымен өздері қалаған болашақты өздері орнатуға кірісе бастауы қажет. Олар мектептен алған білімдері мен кәсіптік дағдыларының көмегіне сүйене отырып, өмірді өзгертетін болады», дейді. Булричтің айтуынша, бұл жаңа бағдарламаның мәні – оқушыларға өзгеріс үстіндегі әлемге бейімделуге көмектесу. Буэнос-Айрестің кәсіп­кер­лермен жұмыс жөніндегі басқар­масының директоры Мариано Мейер оқушыларды ерте бастан кәсіпкерлікке оқыту және үйрету олардың прогрестен кейін қалмауына, есейген шақтарында алдарынан кездесуі мүмкін кез келген жұмысқа икемді болуына ықпал ететіндігін айтқан. Жуықта Давос қаласында болып өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда «Білім беруге жаңа көзқарас: технологиялар әлеуетін аша отырып» деген тақырыппен жарияланған Boston Consulting Group есебі бұл пікірді одан әрі қуаттай түсті. Бұл есепте ХХІ ғасырға ең қажетті білім мен дағды үш санатқа бөлінген. Олар – іргетастық білім мен қабілет, білік­тілік және адамның жеке басының сапасы, біздіңше айтқанда қасиеті. «Бұл үш дағдыға адамдар өмір бойы үйренетін болады. Яғни адамның білім алуы әртүрлі жолдар арқылы өмір бойы жалғасады», дейді Бүкіләлемдік экономикалық форум сарпшылары. Жүйткудің өзі жеткіліксіз Білім саласын мұндай өзгерістердің шарпи бастауы кез келген елдің интернетті пайдалана білетін адамдары үшін қазірдің өзінде шындыққа айналып келеді десек те артық емес. Мәселен, қазіргі күні интернетті күнделікті түрде пайдалануға мәжбүр болып отырған біздер, журналис­тер қауымы, сол интернеттегі іздеу жүйесін шарлай отырып, өзіміз жазатын мақалаға қатысты белгілі бір деректерге қол жеткіземіз. Қарапайым тілмен айтсақ, мұның өзі де білмекке ұмтылыс. Бірақ мұның өзі жүйелі білім емес. Жүйелі білімге қол жеткізу үшін арнайы оқу бағдарламасы және білікті ұстаз қажет. Міне, нақ осы мәселеге келгенде көптеген елдердің білім жүйесі тұйыққа тіреліп отыр. Өйткені, заман жедел өзгеруде. Ал алдымыздағы заманға қандай білім қажет екенін білім саласын ұйым­дас­тырушылардың өздері де дұрыс біле бермейді екен. «Әлемде бұл мәселенің сыннан өткен тәртібі мен тәжірибесі әлі қалып­таспаған. Сөйтіп, біз қазір білім саласындағы реформалар мен экс­пе­ри­менттер кезеңіне тап келіп отыр­мыз. Әркім әртүрлі ой айтады, әркім әртүрлі идея ұсынады. Ол идея­лар дұрыс па, жоқ бұрыс па? Дұрыс болса, оны қалай жүзеге асырамыз? Мі­не, барлық қиындықтар осы жерден өрбиді. Шамасы, жоғарыдағы сұрақ­тарға жауап беру үшін білім берудің мойындалған жалпыға тән стандарт­тарын сақтай отырып, оқыту үдеріс­теріндегі мектептер дербестігін арттыра түсуіміз керек шығар», дейді кейбір сарапшылар. Singularity University-дің бас директоры Роб Нейл қазіргі білім беру жүйесінің проблемасы туралы өз ойын былайша тұжырымдайды: «Сен диплом аласың – оқу мәселесі осымен бітті, енді өзіңді жұмысқа әзірмін деп есептейсің. Бірақ, шындығында, енді олай емес. Себебі, бұл тұжырымның күні өтті. Қазіргі әлем бұрынғымен мүлдем сәйкес келмейді. Демек, қазіргі білім беру жүйесінің өзі өзгерген қазіргі әлемге сәйкес келмей отыр», дейді. Осы ретте көптеген сарапшылар ендігі кезекте үздіксіз оқу жүйесіне назар аудару керектігін айтады. Өйткені, қазіргі еңбек рыногы білім саласынан осыны қажет етіп отыр. Өмір бойы білім жинау, өмір бойы өзін өзі жетілдіру – қалыптасып келе жатқан жаңа еңбек нарығының адамдарға қоятын басты талаптарының бірі. Сарапшылардың айтуынша, бұл модельді қабылдаған академиялық мекемелер алдағы әлемде өз құндылықтарын сақтап қалуға мүмкіндік алатын болады. Дегенмен, әлемнің көптеген елдерінде білім саласына қойылатын осы жаңа талаптарға үрке қараушылық әлі де болса басым екен. Осыған орай сарапшылар терең де жүйелі және түбегейлі өзгерістерге үрке қараушылық, алдағы келе жатқан заман талаптарының алдында үрейге берілу – қазіргі білім беру саласының үлкен проблемасы және бас­ты кедергісі болып табылатындығын атап көрсетуде. «Нақ осы өзгерістерге үреймен қарау, жаңа ұсыныстар мен иннова­ция­лардан бас тарту біздің дамуы­мызға тұсау салуда. Былай қараған­да, біз қазір бүкіл әлем болып өзіміз жүргізіп үйреніп қалған маши­наны қайтіп өзгертеміз, оны қалай жаңар­тамыз деген мәселені талқылап жат­қан секілдіміз. Әрине, қазіргі қалпы­мызбен біз ол машинаны жаңартып шығатынымыз әбден анық. Бірақ, түптеп келгенде, ол машинаның аты да, заты да – машина ғой. Ол ұша алмайды. Ал, қазіргі білім жүйесіне енді жүгіру де емес, жүйтку де емес, самғау қажет. Демек, шын мәнінде, бізге енді машина қажет емес. Бізге оны енді ұшаққа айырбастауға тура келеді. Міне, осыны түсінгенімізбен, біздің қазір оны ойлауға батылымыз барар емес. Өзіміз әбден үйреніп қалған ескі машинамызды қимай қиналып отырмыз», дейді Эстебан Булрич. Әрине, мұның қазіргі білім беру саласындағы проблеманың ауқымын көрсету үшін бейнелеп айтылған сөз екені анық. Бірақ, бұл сөздің астарында шындық та жоқ емес. Қоғамда неге қорқыныш басым? Сондықтан, Қазақстанның жалпы білім беру жүйесінде, оның орта мектептерінде басталғалы отырған кең ауқымды реформаның терең мәнін түсіндіру жағын мықтап қолға алу керек. Бұл іспен ол реформаның барлық ауыртпалығын мойнына ала отырып, белсенді әрекетке бел шеше кіріскен еліміздің жаңа Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қана шұғылданбауы керек. Осынау өте маңызды іске басқа да азаматтар, соның ішінде зиялы қауым өкілдері белсене атсалысуы керек. Сонымен қатар, алдымызда басталғалы отырған білім саласындағы реформаға қоғамның елеулі бөлігінің үрке қараушылығын түсінуге болады екен. Бұл қазіргі кезде тек бізге ғана емес, бүкіл әлем елдеріне тән ортақ құбылыс болып отыр. Өйткені, орта мектептердің басшылығы мен мұғалімдер қауымы жаңа реформаға қатысты өз мойындарына қосымша жауапкершіліктің түсетіндігін біледі. Ал ата-аналар болса, сабақтан көз ашпай, мұрындарына су жетпей жүрген балаларымыздың басын одан әрі қатырар ма екен деп алаңдайды. Бұл алаңдаушылықтың себебі жоқ емес. «Аспандау» ғылыми-ағарту қорының президенті Қанат Нұровтың айтуынша, мектеп оқушылары үшін оқу жүктемелерін бірте-бірте және тиімді түрде арттыру талабы бізде сақтала бермейді. Мәселен, 5 сыныпта оқу жүктемелері күрт артады екен. Бірақ, бұл артық жүктемелер өздерін ақтамайтындықтан сыныптағы білім сапасы құлдырайды. 9 сыныпта да осындай жағдай орын алады. «Батыста жалпыға ортақ міндет­тел­ген пәндер саны – 7, ал бізде – 18. Демек, ауыртпашылық үш еседей артық. Біздің балаларымыз көп мәселемен шұғылданады. Әрине, бұл бір есептен жақсы. Бірақ осының көпшілігі мәнсіз, пайдасыз жүк­темелер. Өкінішке қарай, біздің ақ­параттық революциялар ғасырымыз­да ақпараттандырудың құрамдас бөліктері күрт артып отыр және оларды қуып жетудің өзі мүмкін емес. Сондықтан, қазіргі уақытта негіз­гі проблема ақпараттардың құнды­лығында емес, оларды өңдеу, түрлен­діру (генерациялау), сонан кейін пайдалану мәселесінде тұр», дейді Қанат Нұров. Осы уақытқа дейін білім мен ғы­лым саласына талай министр келіп-кетті. «Әр кәллада бір қиял» деген­дей, олардың көпшілігі мектептерге өз идеяларын тықпалады. Осыдан барып мектептегі білім беру бағдарламалары өте ауырлап кетті. Қазіргі мектеп оқушыларының мектеп бітірген кезде одан әбден шаршап-шалдығып, қажып шығатындығын көріп жүрміз. Шынайы оқыған бала­лардың оқуларын одан әрі жал­ғас­тыруда беттері қайтып қалатын жағдайлар да аз кездеспейді. Мұның бәрі оқу сағаттарындағы артық жүк­темелердің салдары. Бұл артық жүк­темелер мұғалімдерді де, оқушыларды да шаршатады. Сондықтан, олардан арылатын кез жетті. Еліміздегі бірқатар білікті мамандардың айтуына қарағанда, шын мәніне келгенде, мектептегі білім беру ісі оқушыға базалық білім берумен ғана шектелуі керек. Ал тереңдете білім беру – жоғары және орта арнау­лы білім беретін мекемелердің шаруасы. Бұл пікірмен біз де келісеміз. Оның үстіне көптеген дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, алдағы уақыттары адамдардың білім алуы өмір бойы жалғасатын болады. Ендеше, тал шыбықтай тербеліп жаңа өсіп келе жатқан жас өскіннің бойына қажеттіні де, қажетсізді де ерте бастан тықпалап, оның балаң шағын, жас өмірін азапқа айналдырудың қандай қажеті бар?! Біз қозғап отырған бұл мәселе мектептерге енгізілгелі отырған білім реформасында да қарастырылған екен. Онда оқушыларға артық салмақ салатын қосалқы маңызы бар пәндерді бір-біріне кіріктіру, осылайша артық жүктемеден арылу көзделген. Сондықтан, қолға алынып отырған мектеп реформасына үреймен қараудың ешбір қажеті жоқ деп есептейміз. Аталған мәселелер жайында айтар ойымыз бен келтірер дәлелдерімізді біз осы тақырыптағы келесі мақаламызда жалғастыратын боламыз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»