• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Алты жыл арпалысқан әке

330 рет
көрсетілді

қызының өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді Тәуелсіздік жылдарында елімізде туберкулезбен сырқаттану – 9, ал оның салдарынан орын алатын өлім-жітім 66 пайызға төмендеген. Бұндай көрсеткіш, әрине, көңілге қуаныш, болашаққа деген сенім ұялатады. Алайда, осындай оңды көрсеткіштер бедерінде бауыр еті баласынан айырылып, қайғы шегіп жүрген азаматтарымыз да жоқ емес. Солардың бірі Қостанай облысы Арқалық қаласының тұрғыны Темірбек Омаров  қызының өліміне қатысы бар дәрігерлерді және оларға ашылған қылмыстық істі ілгерілетуге тиісті органдарды алты жыл арпалысса да жауапқа тарту мүмкін еместігіне көзі әбден жеткендіктен редакцияға хат жазып, осы мәселенің түйткілін тарқатып беруді сұрапты. Қызының туберкулезден көз жұмуына байланысты оған кі­нәлілерді анықтап, жауапқа тарту мәселесінде Т.Омаровтың жаз­баған жері жоқ екен. Өйткені, қызының өлімінен кейін арада алты жыл өтсе де кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілік­ке тарту мәселесі әлі күнге алға жыл­жымай, ауада ілініп тұр. Неліктен? Қылмыстық істі жылжытпай отырған құқық қорғау органы ісі дұрыс па? Осыған орай біз Астана қаласы Ад­вокаттар алқасының мүшесі Аманжол Мұхамедияровтың пікірін білген едік. Оның айтуынша, алдымен адам өлімі мен дәрігерлер тарапынан жүргізілген емнің арасындағы байланысты анық­тап алған жөн көрінеді. Осы екеуінің бірі орындалмаса, онда қылмыстық құрам, одан туындайтын жауапкершілікті жүзеге асыру оңай болмайды екен. Егер қылмыстық істі жүргізетін тергеуші сот-медициналық са­раптамаға қажетті барлық мәліметтерді жеткізіп бергенде, онда оның нәтижесі де дұрыс бағытта өрбитін еді. Осының барлығын қаперге алған адвокат Т.Омаровқа об­лыс­тық прокуратураға, Бас прокуратураға, тіпті, болмаса БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бюросына арыздану керектігін ерекше атап көрсетті. Жалпы, елімізде туберкулезбен күрес мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды әрі басым бағыттарының бірі саналады. Сондықтан да, өңірлерде туберкулезбен сырқаттанған адамдарға көрсетілетін әлеуметтік көмекті қаржы­ландыру ұлғайып келеді. Мәселен, 2015 жылы әлеуметтік қолдауға 714 млн. 97,2 мың теңге бөлінсе, ал 2014 жылы бұл сома 553 млн. 600,8 мың тең­гені құрағаны белгілі. Бірақ соған қарамай, өңірлерде бұл аурудың алдын алу шаралары әлі де толық шешімін тауып отыр деуден аулақпыз. Оған он алты жасқа келген шағында Гауһар Темірбекқызының 2010 жылдың 22 желтоқсанында іш қуысына екі рет жасалған ота­дан көз жұмғаны мысал бола алады. Қыз мәйітіне дер кезінде патологоанатомиялық зерттеу жүргізілмегендіктен, қыздың өлімі мен дәрігерлер емінің арасындағы байланыс­ты анықтау да мүмкін емес­ке айналған. Эксгумация өткізу үшін Арқалық қаласындағы сот-сараптамалық бюросының сарапшысы Ю.Курносовтан жау­ап алынған кезде, ол мәйіттің жерленгеннен бері көп уақыт өткендігін, сондықтан да ішкі органдарының шіруіне байланысты тиімді диагностика қою мүмкін еместігін алға тартыпты. Осыны қаперге алған Арқалық қалалық прокуратурасы қыз әкесі Т.Омаровтың 2016 жылдың 11 сәуірінде келіп түскен шағымын қанағаттандырусыз қалдырған. Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен барлығы неден басталғанд­ығын атап көр­сеткеніміз орынды. О бас­та, өз қызының денсаулығына алаңдай бас­таған әке оны Ар­қа­лық туберкулезге қарсы диспансерінің балалар дәрігері Г.Қойшығұловаға ертіп апарған көрінеді. Алайда, дәрігер баланы  емханаға көрсету керек деп шығарып салыпты. Егер сол жерде баланың деңсаулығына дұрыс диагноз қойып бергенде, бәлкім, мұндай қайғылы жағдай орын алмас па еді. Содан қызының солғын тартып бара жатқан жүзін көрген әке оны Арқалық өңірлік емханасының балалар дәрігері Л.Котоваға апарған. Дәрігер Гауһарды қазан айынан бастап қарашаның соңына дейін екі ай күндізгі стационар жағдайында емдеген. Бірақ ем қонбай, бала керісінше күннен-күнге жүдеп, тамаққа тәбеті тартпай сола бас­тайды. Диагнозын дұрыс қоймай, әртүрлі дәрілермен емдегендіктен бала қатты ауы­рып қалады. Осы ретте тағы бір жайтқа назар ау­дарта кету керек. Қыз ауруынан айыға қоймаған соң оны Қос­танай облыстық жүйке ауру­лары маманына консультацияға жіберген. Ол ол ма, 28.11.2010 жылы сағат 19:45 кезінде жедел жәрдеммен жеткізілген Гауһарды Арқалық өңірлік ауруханасының хирургі баланың құрсақ қуысы органдарының өткір хирургиялық ауруының белгілерін жоққа шығарып, аурухананың жұқпалы аурулар емдейтін бөліміне жатқызыпты. Бұл ретте бала ата-анасының Гауһардың дене қызуы көтерілгеніне, әлсіздігіне және ішінің қатты бүріп ауырғанына назар аудартқан шағымдары да қаперге алынбаған. Сондай-ақ,  науқасқа орта түрдегі өткір энтероколит, жеңіл түрдегі гипохромиялық анемия диагноздары қойылғандығы белгілі болып отыр. Тек 2010 жылдың 29 қарашасында ғана ста­ционарлық науқастың медициналық картасында сырқаттың іші ауыратыны, жағдайы орташа екендігі көрініс тап­қан. Сонымен қатар, баланың терісі ақ, құрғақ, іші кепкен, қатайғандығын, тіпті, баланың ішін ұстаған кезде ауырғаннан жылағаны да жазылыпты. Тек төртінші күні дегенде, яғни 1 желтоқсанда хирург Д.Әлмағанбетов «Көк еттің талау­рап ауруы» (перитонит) диагнозын қойып, содан кейін ғана қызды хирургия бөліміне ауыстыру мүмкін болған. Содан балаға лапаротомия жасалып, биопсия алынып, гистологиялық зерттеу жүргізу үшін тексеріске жіберілген. Жансақтау бөлімінде ем қабылдаған баланың бо­йында туберкулез процесі жүріп жатқандығы 2010 жылдың 8 жел­тоқсанындағы гистологиялық тексе­ріс нәтижесінде анық­талып отыр. Сол күні Гау­һарға то­лық­­қанды химиятерапия та­ғайындалғанын фтизиопе­диатр С.Каргинаның берген жауабы айқындап берді. Бұл орайда дәрігерлер тарапынан баланы емдеу үшін арнайы дәрілер қажеттігін айтқан сөздерін де қаперге сала кеткен жөн. Оны алу үшін бала әкесі «Арқалық қаласы туберкулезге қарсы диспансер» ММ бас дәрігерінің орынбасары М.Спандияровқа жүгінеді. Бұл сараптама қорытындысы әлі да­йын болмаған кез. Сондықтан да, бас дәрігердің орынбасары дәріні тек гистология қорытындысының нәтижесі бойынша ғана бере алатынын алға тартыпты. Ал баласына дәрі берілмей жаны қиналып жатқанына шыдай алмаған шарасыз әке дәрігерлерді райынан қай­тармақ болып «Нұр Отан» партиясына арызданады. Сонда да туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері С.Мұ­хамеджанов орынбасарының жауа­бын қай­талайды. Партия алдына екінші рет барғаннан кейін, араға төрт күн салып қажетті дәрілер беріле бастапты. Бірақ бұл кезде бала денсаулығы тіпті, нашарлап кеткен. Содан Гауһарды 2010 жылдың 11 желтоқсанында Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне сан­авиациямен жеткізгенімен дәрігерлер қыздың өмірін сақтап алып қала алмады. Егер дәрігерлер дер кезінде ауруды анықтап, емдеген кезде бала жанын сақтап қалуға болады екен. Оны Қазақстан Республикасы Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі Меди­циналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті анықтап беріпті. Сөз реті келгенде ескере кетер жайт, 2012 жылы тіркелген туберкулезбен сырқаттанған адамдарды емдеу тиімділігі 75,1%-ды құраса, ДДСҰ бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш барлық Еуропалық одақ ел­дері арасында жоғары екен. Алайда, елімізде бұл мәселе әлі де ақсап келеді. Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті келтір­ген дәйектеріне қарағанда, Гауһардың жағдайында кезінде бірқатар емдеу-диагностикалық шаралар өткізілмеген. Тарқатып айтқанда, «Арқалық өңірлік туберкулезге қарсы диспансері» ММ-нің фтизиопедиатр дәрі­гері Г.Қойшығұлова баланы қабылдағаны жөнінде оның медициналық картасына ештеңе жазбапты. Лапаротомия арқылы анықталған (01.12.2010 жылы) туберкулездік перитонитке қарсы емді фтизиопедиатр С.Каргина тарапынан тағайындалмағаны өз алдына бөлек әңгіме. Ал «Арқалық өңірлік емханасы» КМК-нің дәрігері Л.Котова туберкулез процесінің бас­талуына орай фтизиатр дәрігермен кеңес­пей, өзінше әрекет еткен. Сол сияқты «Қос­танай облыстық ауруханасы» МКҚК гинеколог-эндокринолог дәрігері тарапынан 2010 жылғы 24-25 қарашада баланың іш құрылысына ультрадыбыстық зерттеу нәтижесі бо­йынша шолу рентгенография­сы жасалмағаны, хирургпен кеңесілмегені атап көрсетіледі. Сондай-ақ, «Арқалық өңірлік ауруханасы» МКҚК 28.11.2010 жылы ауру стационарға түскен кезде хирург іш құрылысына қосымша зерттеу жүргізу амалдарын (іш құрылысын удз және диагностикалық лапароскопия) қарастырмағаны белгілі болып отыр. Міне, байқасаңыз осыншама қа­­теліктерге жол берілген. Қайтыс болу туралы куәлікте 22.12.2010 жылы Г.Темірбекқызы өкпе-жүрек жетіс­пеу­шілігі, іш (құрсақ) қуысының ту­беркулезі және шектің жабысып жүрмей қалуынан үзілгендігі нақты көрсетілген. Денсаулық сақтау министрінің №466 бұйрығымен бекітілген алғашқы медико-санитарлық көмек жүйесінде және туберкулезге қарсы күрес ұйымдарында туберкулезді анықтау, тіркеу, емдеу және диспансерлік бақылау нұсқауының талаптары бұзылғаны нақты дәйектермен дәлелденіп отыр. Осыған сәйкес Арқалық өңірлік емханасының дәрігері Л.Котоваға ескерту жасалған. Сондай-ақ, Арқалық өңірлік ауруханасының хирург дәрігерлері Д.Әлмағанбетов пен Ю.Матейге жазбаша түрде ғана сөгіс жарияланған. Ал кісі өліміне сөгіс деген не? Содан баласының қазасына орай жан азабын тартып ке­ле жатқан және алда да санасында мәңгі қалып қоятын естеліктермен өмір кешетін әке Темірбек Омаровтың сотқа жүгінбеуге амалы қалмайды. Сөйтіп, ол «Арқалық өңірлік ауруханасы» КМК-дан, Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Арқалық өңірлік туберкулезге қарсы диспансері» ММ-ден, сондай-ақ, «Арқалық өңірлік емханасы» КМК-ден моральдық зиян өндіру арқылы олардың баласының өліміне кінәлі екендігін дәлел­демек болған. Онысы нәтижесіз де емес. Қалалық сот шешімімен Темірбек Қалықұлы Омаров пайдасына «Арқалық өңірлік ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан 300000 теңге;  Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Арқалық өңірлік туберкулезге қарсы диспан­сері» мемлекеттік мекемесінен 250000 теңге; «Арқалық өңірлік емханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан 350000 теңге моральдық зиян өндіріліп отыр. Талапкер бұл ретте дәрігерлердің кінәлары дәлелденгенмен, әлі күнге дейін олар тарапынан кешірім сұралмай, қайта сот шешімін даулап, өз кінәларын мойындамай отырғандығына наразы. Өйткені, о баста дұрыс дәрігерлік көмек көрсетілгенде баланы аман қалып қалуға мүмкіндік болған көрінеді. Сондықтан да, апелляциялық сот алқасы медициналық ме­ке­мелердің апелляциялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды. Сол сияқты Қостанай облыстық сотының кассация­лық алқасы да бұған дейінгі сот шешім­дерін күшінде қалдырып, медициналық мекемелердің кассациялық шағымдарын қанағаттандырмай тастады. Сондай-ақ, істі тергеуді сөз­бұй­даға салғаны үшін Арқалық қаласы ІІБ тергеушісі Р.Асқарды, мекемелік бақылау тиісті дәрежеде болмағаны үшін Арқалық қаласы ІІБ тергеу бөлімшесінің бастығы Д.Нұртайды және Арқалық қаласы ІІБ бастығының орынбасары А.Мадьяровты тәртіптік жауаптылыққа тарту мақсатында тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы қаулы қабылданып, қарауға Қостанай облыстық ІІД-нің бастығына жолданған. Арқалық қаласы прокурорының м.а. 1 сы­ныпты заңгері А.Сағынаев Г.Темірбекқызының қайтыс болуы фактісі бойынша құрсақ қуысы туберкулезі процесінің уақтылы диагнос­тикасы және білікті медициналық көмек болған жағдайда қызды аман алып қалуға болатындығымен келісе отырып, бірақ мәйіттің патологоанатомиялық зерттеуі болмағандықтан өлім мен жүр­гізілген емнің арасындағы тіке­лей байланысты анықтау мүмкін емес дегенді жеткізген. Бұл арада ескере кететін жайт, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ме­дициналық және фармацевтикалық қыз­метті бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті қызының мәйіті­не патологоанатомиялық зерттеу әкесінің арызы негізінде өткізілмегені көрсетіліпті. Қы­зының қазасы жанына батып жүрген әке сол мезет дұрыс та шешім қабылдай алмағаны түсінікті де. Алайда, осының барлығы тергеушілер тарапынан ескерілмеген. Сондықтан, қызының өлі­міне се­бепші болған жандарды жауапқа тарту үшін алты жыл бойы арпалысқан  Т.Омаров Арқалық қаласы ІІБ тергеу бөлімінің тергеушілерін, қызын ажал аузынан құтқаруы тиіс ақ халаттыларды қылмыс­тық жауапкершілікке тартуды ғана сұрап отыр. Ал міндетіне салғырт қараған дәрігерлердің ісі дәлелденіп тұрғанда неге олар қылмыстық жауапқа тартыл­майды? Соған сай адам өліміне байланысты дәрігерлерді қылмыстық жауапқа тартпаған тергеушілер ісі нені білдіреді? Бұған тиісті орындар не дейді? Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»