Қазақстан бұдан 25 жыл бұрын тәуелсіздік алып, даңғыл даму жолына түсті. Алғаш рет әлемдік қоғамдастық мойындаған, ресми ресімделген егемен мемлекет мәртебесін алды. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осынау елеулі дәуір оқиғасы ата-баба мен талай ұрпақтың орындалған үміт-армандары еді.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда Қазақстан әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кірді. «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын орындап, 5 институттық реформаның «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен болашаққа бағдарланған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын орындауға кірісті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры мен БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты бірлесіп өткізген «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы осының айқын дәлелі болды.
Конференция барысында Польшаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Владыслав Соколовскидің ғылыми редакциясымен дайындалған «Хандықтан республикаға дейін: Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи және заманауи шарттары» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жиынды тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жүргізіп отырды. Аталған шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұрахановтың құттықтау сөзімен ашылды.
Содан соң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Ұлттық мұрағаттың бас директоры Марат Әбсеметов, шетелдік қонақтар қатысып, аталған тақырып аясында сөз сөйледі.
Конференцияға жетекші шетелдік ғалымдар: Назарбаев Университеттің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының ассоциацияланған профессоры, PhD докторы Чарльз Салливан (АҚШ); Мәскеу мемлекеттік облыстық университеті Стратегия және талдау институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виталий Ершов (Ресей); И.Джавахишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік университеті жанындағы Тарих және этнография институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Важа Кикнадзе (Грузия); Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айдарбек Кочкунов (Қырғызстан); Гази университеті Гуманитарлық ғылымдар факультеті қазіргі түрік зерттеулері департаменті солтүстік-батыс (қазақ-қырғыз) зерттеулері бөлімінің профессоры, ғылым докторы Гүлжанат Ерджиласун (Түркия); Корвинус университеті Халықаралық қатынастардың көп пәнді докторлық мектебінің (Будапешт) ғылым докторы Михай Добрович қатысты.
Түпкі мақсат – елдің 25 жылдан бергі толағай табыстарын түйіндеу; Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін құру мен нығайтудағы, республиканың көпбағытты саясатын жасау мен жүзеге асырудағы, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастырудағы, Қазақстанның тарих ғылымын жандандырудағы рөлін зерттеу; тарих ғылымының өзекті және қазіргі ұлттық тарихнаманың түйінді мәселелерін «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының аясында зерделеу.
Конференция 2 секциядан тұрады: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және оның Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудағы рөлі»; «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және отандық тарих ғылымын жаңғырту».
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»