– дейді шаруа қожалығының басшысы Ботагөз Баймолдаева
«Егеменнің» облыс орталығындағы тілші қосынына арнайы келген әйел өзін Ботагөз Баймолдаева деп таныстырды. Ол Қособа ауылы аумағындағы «Оңғарбай» шаруа қожалығының басшысы екен. Әңгімесінің ұзын-ырғағы төмендегідей болып шықты. Яғни оның айтуы бойынша, өткен жылдың маусым айында қожалықтағы сиыр малының бруцеллезбен ауыратынын немесе ауырмайтынын анықтау үшін қан алынады. Оны ауылдағы мал дәрігері аудандық зертханаға апарған. Соған сәйкес Баймолдаеваға зерттеу қорытындысы берілген.
Мұнда анау-мынау емес, 70 бас ірі қара бруцеллезге шалдыққан болып шығады. Оның 11 басы ғана бойдақ мал, қалғандары бұзаулағанына көп бола қоймаған сиырлар екен. Күн сайын ай қарап отырған жоқпыз, мал қарап отырмыз ғой. Мен бұл қорытындыға келісе алмадым. Сондықтан, қайтадан анализ алынуын сұрап арыз жаздым. Әйтсе де, облыстық ветеринарлық инспекцияның өкілдері бұған рұқсат бермепті. Содан соң ол басқа амалының жоқтығынан малдарын етке тапсырыпты. Ең бір өкініштісі, осы аралықта жетім қалған бұзаулар өліп қалыпты.
Ботагөз Оңғарбайқызының бруцеллезге шалдықты деген малдың орнына өзге сау ірі қара алайын деген ниеті де болған екен. Бұл ойы да іске аспапты. Өйткені бруцеллезге шықты деген малына мемлекет есебінен төленуге тиісті 5 миллион 568 мың теңге көлеміндегі төлемақысы әлі күнге дейін берілмей келеді. Бұл жағдайды Б.Баймолдаева қожалыққа жасалып отырған қиянат деп есептейтінін айтты. Сонымен бірге, ол баламалы түрде тәуелсіз зертхана неге құрылмайды, егер ондай құрылым болса, мүмкін, мұндай сергелдеңге ұшырамас па едік деген ойын қоса жеткізді.
Екіншіден, оған қырық тоғыз жылға жалға алып отырған жеріңе малыңның саны сәйкес келмейді, сондықтан жеріңнің артығын қайтадан үкіметке тапсыр деушілер де болыпты. Мұның өзі де қожалық басшысының заңды да орынды наразылығын туғызыпты. Мен қожалыққа тиесілі жалға алған жерімнің салықтарын уақытында төлеп отырмын. Менде бір ғана мақсат бар. Бұл қайткенде де мал санын көбейту. Соның ішінде оны өзінің төлі есебінен өсіру. Ал жоғарыдағыдай қысымға тап болып отырған жағдайда мен оны қалай көбейтемін деп қынжылады ол.
Қожалық иесінің сергелдеңге тап болу жағдайы тек осымен бітпепті. Мысалы, 2012-2014 жылдары қожалықтың шабындық жері өртенген екен. Осы кезде Б.Баймолдаева өрттің неден шыққанын анықтауын сұрап ауылдағы полиция өкілінің атына арыз жазады. Алайда, оның бұл шағымы аяқсыз қалып қойыпты. Алғашқы өртті олар ауыл адамдарын алып барып өз күштерімен сөндіріпті. Ал 2014 жылы болған өрт кезінде аудандық өрт сөндіру кәсіпорнынан көмек сұрапты. Бірақ, аталған кәсіпорын жетекшілері тарапынан аудан орталығынан бес шақырым алыс жерге бармаймыз деген жауап алады. Ауыл әкімдігі жанында ерікті өрт сөндіру жасағы бар емес пе, солармен сөйлес депті олар.
Әйтеуір не керек, көрші қожалықтардың су таситын техникалары көмекке келіп, көптеп-көлемдеп, бәрі жабылып, қожалық ғимараты мен мал қорасын өрттен аман сақтап алып қалыпты. Рас, аудан орталығынан өрт сөндіретін машина келіпті. Алайда, бұл кезде өрттің жалыны қайта бастаған екен. Құдай сақтағанда, қожалық «Өлеңті» өзеніне жақын орналасқан болатын. Әйтпесе, сау тамтығымыз қалар ма еді, қалмас па еді, деп егіледі шағым иесі. Тағы бір өкініштісі, өрт кезінде кейбір электр бағаналары жанып кетіпті. Бұдан соң қожалық жетекшілеріне жаңа бағаналарды өздері табуларына тура келген.
Б.Баймолдаеваның «Егеменнің» тілшісіне тағы бір айтқан мәселесі, Қособа ауылы аумағында электржарығы жиі сөніп қала береді екен. Оны қостыру үшін қожалық мүшелері алтын уақыттарын сарп етіп, электриктерді арттарынан қуып, іздеп жүреді екен. Оларды тауып алғаннан кейін, өз көліктеріне отырғызып, межелі жерге әкеліп, іс біткен соң қайтадан әкелген жеріне апарып тастайды. Сөз түйінінде «Егеменге» елден келген «Оңғарбай» шаруа қожалығының басшысы Ботагөз Баймолдаева бруцеллезге шықты деп есептелген малының төлемақысының төленуінен әлі де үмітті екенін жеткізді.
Сонымен бірге, жоғарыда аталған жергілікті мемлекеттік мекемелер өздеріне тапсырылған іске қазіргісінен гөрі сергектеу әрі жауаптырақ қараса бұған тек риза болар едік деген өкпе-назы аз, үміті үлкен ой-ниетін білдірді. Егер осы зілі мен зәрі жоқ ұсыныс-тілектерім «Егеменнің» бетінен көрініс тауып жатса, мүмкін, қай-қайсысы да ойланар деген оймен арнайы келіп отырмын, деді Ботагөз Оңғарбайқызы.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы,
Қособа ауылы