• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2016

«Өзіме жетіп жатыр өз биігім»

632 рет
көрсетілді

Арпалысты өмір үшін өр ақын, Елді ойлады, ойламады өз атын. Ер еді ғой, арыстандай айқасып, Ар жолында айға қолын созатын. Кәкімбек Салықов Сайын даласы мен самал таулары, саялы орманы мен шалқар көлдері ән салып тұратын қазақта екінің бірі өлең шығарады. Бірақ бір ғажабы, өлең өзен болып тасып, жыр дария болып шалқып жатса да, ақын, әсіресе, шын ақын сирек кездеседі. Ақындық ананың ақ сүтімен, атаның хақ күшімен даритын қасиет болғанымен, оның күніне жүз ойлантып, мың толғантып жаныңды жай таптырмайтын алапат азабына ілуде бір жанкешті жампоз ғана шыдайды. Тіл өнерінің миды меңдеген дертіне, бойды кернеген өртіне төтеп беріп, шабыт тұлпарынан түспей, ақтық деміне дейін жыр жазатын ақын тым санаулы болады. Саусақпен санарлық сондай ақындардың бірі жалт-жұлт етіп ортамызда жүрсе, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығатын Есләм Зікібаев еді. «Кешегі Абай, Мағжан, Қасымдардың, Артында қалған ұшқын жасыннанмын. Тасынған кім, ақынды басынған кім? Айдынға ақ маржан боп шашылғанмын. Сынығымын алмастай асылдардың Тұнығымын тұңғиық ғасырлардың», – деп тебіренуге толық қақысы бар Есләм артында өзін жоқтатпас, сөз қалдыру үшін тірлігінде түн қатып, түс қашып өлеңді, өзі айтқандай, жылап та жазған, жаратқаннан жалынып сұрап та жазған, күліп жазған, ай жарықта түндігін түріп жазған, ең бастысы – жырлары өзін ғана емес, өзгелерді де жылататынын, жұбататынын, қуантатынын біліп жазған сенімі берік, сезімі сергек ақын болатын. Асылы, әрбір жақсы ақында екі ғұмыр болса керек: бірі пенделік те, екіншісі періштелік ғұмыр. Артына өлмейтіндей сөз қалдырған шынайы шайырлар пәниден бақиға көшкен соң өнердегі, өлеңдегі өмірі басталады. Есләмнің де сол екінші өлмес өмірі басталып, қарымды қала­мынан туған жалынды жырларына жіті­рек зер салып, зерде елегінен өткізер шақ туға­нында шәк жоқ. Зерделі зерттеушісі тап келсе, оның кіндік қаны тамған Есіл өңірінен бастал­ған ой өрнектері кең-байтақ қазақ даласына ерке толқындай есіліп, қалай тарағанын бірден байқайды. Өз басым, оның өлеңдерін оқы­ғанда туған жерінің, соққан желінің, жұтқан ауасының, жайсаң даласының иісін бірден сезетінім әсте де, тегін болмас. Ақын болмауға, Батыр болмауға қақы жоқ, Өскен жандардың төсіңнен сенің нәр алып. Осынау жолдарды оқығанда туған жерді ақынша сағынып, ақынша сүю керек-ау деп ойлайсың. «Өрнектен» өрбіген жыр өрнектері осындай түйін жасауға тәнті етеді. Шынайы ақындық шабыттан туған жырлар әманда осылай ғой, өзі! Шын ақын алдымен ақын болып тууға тиіс, ал оның қаламгер болып толысуы қабілет-қарымына, жүрек жалынына, қайрат-қажырына байланысты. Ақындыққа тақтайдай тегіс, даңғырап жатқан даңғыл жол және жоқ. Ол инемен құдық қазғандай аса қиын өнер. Құдайдың құтты күні бейнет шегіп, тер төгіп, еңбек етпесе, тума таланттың да тұма көзі ашылмай қалып қоюы кәдік. Ақынның әулетін танытып, дәулетін паш етер шабыт та талмай ізденіп, танбай үйреніп, тапжылмай табандап отырып еңбектенгенде ғана келеді. Есләмнің де: «ақын менен шабыттың жаны бірге, шабыт сөнсе, ақын да өлді дей бер», деуінде осындай мән бар. Оның өзі де бүгінгі мерейлі биігіне ақындықтың қияметтің қыл көпіріндей қиын тар жол, тайғақ кешуінен түгел өтіп кеп жеткен ғой. Жалпы, Есләм жырға сапары ұзақ созылған ақын. Өлең жазуды ерте-ақ бастағанымен, шын ақын екенін отызды еңсергенде ғана сезіп, жырсыз күні жоқтығына көзі алғашқы жинағы жарық көріп, оқырман ілтипатына ие болғанда барып бір-ақ жетті. Әйтпесе, Атығайдың Арыстанбай, Зілқара, Шал сынды атақты ақындарының жыр-дастандарын жатқа айтып, өзі де орынды жерінде бірер шумақты суырып салатын зергер әкеге еліктеп, қаршадай күнінен өлең құрастыратын. Одан Алматыдағы атақ-даңқы мен мансабын махаббатқа құрбан қып Иранбақтай Алатау бауырайынан бір қиыр шеттегі шағын ауылға мұғалім болып келген белгілі ақын, Сәбит, Ғабитпен үзеңгілес жүріп, қазақ кеңес әдебиетінің шаңырағын көтеріскен көрнекті қаламгер Ғалым Малдыбаевтан мектепте дәріс алуы арманы қанатты баланың жүрегіне жыр тамыздығын тастағандай болады. Бәрін, бәрін ұмытсам да өңгенің, Әлі есімде, әлі есімде ол менің, Қиялымда ақын болсам деп жүріп, Тұңғыш рет тірі ақынды көргенім», – деп қуанған жыр құмар бала елге, жерге деген ұлы махаббаттың не екенін ақын ағаның қаракетінен ұғынып, өлең өнеріне ат қойды. Ой екшеп, сөз саралап, жалын атып «өлең жазу әрі азап, әрі бақыт» екенін ерте сезінгенімен Есләмнің ақындыққа бірден ден қойып, басы бүтін беріліп кетпей, ұзақ ойланып, көбірек толғанып жүріп қалуының да өзіндік себеп-салдары бар. Әдебиет сияқты қасиетті ғимараттың қақпасын біз келіп қаққан алпысыншы жылдардың басында «дарынды», «дарынсыз» деген далбаса дырду шығып, тай жарысына қосқан жүйрігін белді атпен келіп демеп жетелеп кететін шабармандай жас ақындардың біразын сәт сапар айтып, қабырғалы қаламгерлер бөліп-бөліп әкетті. Қолдаушысы күшті жастар жыр айдынына періп кетіп, бірден құлаштай жүзіп жүре берді де, ондай құдіретті қолы жоқтар жағада қалып қойды. Сол жылдары университет бітіріп еңбек жолын енді ғана бастаған, әлгіндей мейірімнен мақұрым Есләмнің нан тауып жеп жүрген журналистік жұмысын күйттеп, қаламын газет-журналда шыңдауына тура келді. Газет жұ­мысының отымен кіріп, күлімен шығып, күйіп-жанып жүріп қарапайым хабардан бас­тап, сындарлы бас мақалаларға дейін жазды, тіпті, сурет те түсірді. Құдайға шүкір, жұмысы жеміссіз де болған жоқ. Үлкенді-кішілі газеттерде бөлім меңгеріп, жеке бір басылымның редакторы да болды. Баспасөз комитетінде бөлім басқарып, баспагерліктің де дәмін біраз татты. Бірақ қайда жүрсе де, қай жерде қызмет етсе де өлеңі есінен екі елі шыққан емес. «Қанатын бер сұңқардың самғайтұғын, Тұяғын бер тұлпардың талмайтұғын. Қалпым бар ұлы өмірдің бәйгесінде Бір озбасам құмарым қанбайтұғын», – деп, ақыры жетпісінші жылдардың басында белді бекем буып ақындыққа бұлтармастай бет бұрды. Жұртқа шынын айтып, сырын жайып, көлдария көңілді қотару үшін жырды аңсап, шөліркеп келген ол айналасы он-он бес жылдың бағдарында сегіз өлең кітабын шығарып үлгерді, оның біреуі және орыс тілінде жарық көрді. Қай кітабын алып оқысаң да өлеңдерінің өзіндік әуезі мен әуені, ақтарар сыры, айтар ойы бар. Оқырманын жалықтырмай, желпінтіп жетелеп отырады. Ол кейбіреулердей қайтсем жаңалық табамын деп әсіре жаңашылдыққа бармай, тіпті, тың тақырыптар да іздеп жатпай, күнделікті тыныс-тіршілігіміздің бір сәтін алып, содан өзіндік ой түйіп соны пікір туғызады. Соны кезінде ақындардың ағасы, абыз жыршы Әбділда Тәжібаев тап басып: «Есләм тақырып жағынан кілең жаңалық айтады деу қиын. Бірақ бізге мәлім тақырыптардың өзі де Есләмша жырлап, жадырап отырады. Өйткені, талантты ақынның өлеңді поэзиялық дәрежеге көтеретін өнері көп, аспаптары мол», деп тауып айтқан-ды. Расында да, оның әрбір өлеңінен өзіндік әуезі ғана емес, Есләмнің өзіне тән мінезі де менмұндалап тұрады. Мәселен, «Сәл сабыр ет, мен десең, қасиеттім, Ақтарылса тоқтамас тоғандаймын. Ақ түтек, Алабүлік борандаймын, Бір буып басылатын, Заматта шайдай боп ашылатын», – деген жолдарында бұрқ ете қап тез қайтатын тетігі тілінде тұратын ақынның өз мінезі андағайлап-ақ тұр. Ал: «Әлдеқалай ренжісем, егерде, Бәрін, Бәрін... былай қойып басқаның, Сезбесе екен деп тілеймін қас жауым, Еңсем түсіп, мерейі өссе олардың, Аласарып кететіндей аспаным», – секілді шумақта арына жанын садақа қылатын намысқой қайтпас қайсар Есләмнің өзін көресің. Ақын мейлі анасына хат жазсын, мейлі әпкесін айтып мақтансын, мейлі жарына жыр арнасын, мейлі ұлына ақыл-кеңес берсін немесе нағашысына базына қылсын, соның бәрінде де сындарлы ой, салиқалы пікір жатады. Оның сырлы сезімге толы жүрек қылын шертетін ойлы-күйлі махаббат жырларының біразына ән жазылып, радиодан айтылып, сахнадан шырқалып жүргені сол қасиетінен де болар. Жалпы, Есләм – жинақ сайын өресі биіктеп, жыр сайын өркені өсіп отырған ақын. Оған оның «Дүние жалған», «Жыр-тағдырым», «Армандай ғұмыр» деген кейінгі кітаптары куә. Біздің бәріміз де жылап жүріп-ақ «бақыт­тымыз», деп бетбақтырмаған, барға қанағат, жоққа салауат айтқан буынбыз ғой. Тегімізді айта алмай, төрімізге шыға алмай шерменде болдық. Соны Есләм былай әдемі айшықтапты: «Абылайлардың, Ағыбайлардың ұрпағы, Көкірегі – кеніш, Жаны байлардың ұрпағы Кемістік көрген кедейден тудық деп жүрдік, Шалғайымызға жармасар деумен кім тағы... Тегімді танып шүйліксе болды – Құртады». Бір шоқып екі қарауға мәжбүр еткен қаты­бас қатал қоғамның қасаң тәртібінің сұрқы осы. Атамыз тұрсын, әкеміздің атын атауға қаймық­тық қой. Бұл біріміз емес, бәріміз де бастан кешірген жайт. Әлбетте, баурайында тұрған таудың биіктігі көрінбейді, жанында жүрген жанның ұлықтығы білінбейді. Биіктіктің де, ұлылықтың да қадірі алыстағанда ғана. Сол сияқты тай-құлындай тебісіп, тете өскен, әзіл-қалжыңымыз жарасып, жұбымыз жазылмай бірге жүрген Есләмнің де қадіріне енді ғана жеткендеймін. Баяғыда Алматының облыстық газетінде ол әдебиет бөлімін басқарып, мен редактордың орынбасары ретінде жетекшілік жасап жүрген кезде мінезі қызбалау, басынан сөз асырмайтын Есләмнің шап етіп шадырайып шыға келетіні болатын. Сонда редакторымыз Әбекең, кәдімгі Әбдуәли Қарағұлов осылар түс шайысып, бірін-бірі көрмей кете ме деп қауіптене ме: «Айтпады деме, күні ертең екеуің де қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ортаңқолдай өкілі боласыңдар. Сондықтан сөзге келмей, бір-біріңді жебеп-желеп, демеп жүрсеңдерші!» дейтін. Көпті көрген көзі қарақты кемеңгер қарияның өзіме қарата айтқаны келген-келмегенін білмеймін, ал Есләмнің казақ әдебиетінің белді өкілі болғанында дау жоқ. Кейде кейбіреулердің еліміздің солтүстік өңірі орыстанып барады, қазақ мектептері құрып бітуге таяу, сол себепті одан енді жазушы шығуы неғайбыл деген пікірі қылаң беріп қалады. Бірақ қасиетті орын құр тұрмақ емес. Киелі топырақ талант туғызбай тұра алмайды. Кешегі Мағжан мен Сәбиттің, Ғалым мен Ғабиттің ізбасары сынды кейінгі Сафуан мен Кәкімбекке серік солтүстіктің дарынды бір перзенті алғыр ақын Есләм Зікібаев деуге толық хақымыз бар. Қырық жылға жуық дәм-тұзымыз жарасып, отбасымыз мидай араласып бірге жүріп, біте қайнасып кеткендіктен Есләмді онша елей бермейді екенбіз. Жаңа өлеңдерін оқып бергенде: «О, бәрекелді, дұрыс екен!» деп мақұлдағанмен оның тұтас поэзиясын зейін қоя зерделемеппіз. Міне, енді өзі болмаса да, бізге аманат сөзі қалды-ау деп, бұрын-соңды жазған жырларын қайтадан оқып, ой елегінен өткізгенде, оның ақындық деңгейі биікке көтерілгеніне көз жеткізіп, өзім үшін тың бір дарын ашқандай, жаңа бір ақын тапқандай боламын. Шынында да, Есләмнің еті қызып, тері шыға келе бауыры жазылып, шабысы үдей түсетін жүйріктей, тәжірибесі толысқан сайын шабытты шарықтай түскен еді. Әсіресе, соңғы жылдары оның шығармашылық екінші тынысы ашылғандай көрінетін маған. Қазіргі қоғамды да, адамды да толғандырып отырған күрделі мәселелер төңірегінде жиі тебірентетін-ді. Және жырларының тілі айшықты, ойы айқын, пікірі батыл еді. Енді соларды оқи отырып, бүгінгі ауылдың, қазіргі қауымның қалт-құлт еткен кембағал жай-күйін көріп, ақынмен бірге қабырғаң қайысады. Тағы да көз алдыңа оның өз «Өрнегі» келеді. «Үйімнің шыға беріп іргесінен, Алқа ілген таң шығынан гүл кешіп ем. Бұл күнде сол жерлердің бәрі тақыр, Жалғасқан бабалардың мүрдесімен. Армандай көзді арбаған жұмақ мекен. Тағдырдан осы күнді сұрап па екен? Аяныш халін көріп келген сайын, Қайтарда ебіл-себіл жылап кетем», – деуі тіпті де тегін емес. Қарақан бастың ғана қамын күйттеп, әркім өз құлқын тамағын ғана ойлап, бір-біріне қасқыр көзденіп, бірін-бірі жұтып қоюға құдайдан емес, заңнан ғана қорқып отырған мынау заманда «Адамдар бүгін хайуаннан бетер қауіпті. Тәні жалаңаш. Жаны жалаңаш. Араны аш!..» екені айдай ақиқат қой. Сондықтан да ақынның келешек үшін өзін жауапты санайтын көзі ашық, көкірегі ояу замандастарының атынан: «Ескексіз қайық – Еркіміз желде, желкенде... Ойлаған кім бар – Шынында ез бен ер тең бе? Бүгін күн өтер бұқпалап ғұмыр кешірген, Не бетімізбен қарар екенбіз ертеңге!» – деген қиналысына болашақтан ұялып бетімізді басып қол қоямыз. Ертеңгі күніңді көз алдыңа елестете алмай, болашағың буалдыр тартып бұлдырап бара жатқан аумалы-төкпелі мынау алмағайып кезеңде қол қусырып қарап отырмай, елдің еңсе көтеріп, оянуына атсалысу керек. Өйткені, ақынша айтқанда, «Оянатын еліңнің күні келді, оята алса жарады жырым елді!». Елді оятып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ іске жаппай жұмылғанда ғана күнәдан пәк келер ұрпақ құлдық дертін сілкіп тастап біз көрмеген, біз білмеген жақсылыққа шүйгиді. Ақын Есләмнің ой-өрнектері осыған үндейді. Осы орайда халық жазушысы айтулы ақын Тұманбай Молдағалиевтің: «Есләм жырлары елдікті, еркіндікті, парасатты марапаттайтын терең мазмұнды текті жырлар. Ол маған ертеден шапса кешке озған жүйріктей де, ой көтерген от ауызды, жалын көкіректі терең қарияны да елестетеді», дегені еске түседі. «Ақиқат» журналында қызмет еткен кейінгі жылдары Есләм Зікібаев арынды ақын ғана емес, пайымды публицист екенін де танытты. Қазіргі заман, қоғам және адам жайындағы толғамы терең, талдауы тиянақты публицистикалық мақалалары оқырман жүрегіне жол тауып жылы қабылданып жүрді. Бүгінгі күн тақырыбындағы сондай публицистикалық толғаулары мен замандас қаламдастары Олжас, Герольд, Қабдікәрім, Кәкімбек туралы эсселері, абзал ағалары, қабырғалы қайраткерлер Еркін, Мақтай жайындағы естеліктері бейнелі бояуымен, бекем дәйегімен баурайды. Әлбетте, ақынның өмірі – өлеңі, өлеңі өмірі ғой. Есләмнің де қызығы мен шыжығы, қуанышы мен қайғысы қат-қабат өмірі оның өлең жолдарында сайрап жатыр. «Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын», деп армандаған ақын: «Қайыстай қандырам деп сөздің иін, Ойлаумен озды күнім, тозды миым. Шыңдарға шыға алмасам өз күйігім, Өзіме жетіп жатыр өз биігім», – деп шыққан шың, жеткен биігін болжай біліп, бүгінде бізге сол шырқау биігінен қарап тұрған сияқты. Өзі кеткенмен, артында өлмес сөзі қалған азамат әсте осылай болса керек. Сарбас АҚТАЕВ