• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2016

Айшықты «Астана кештері»

449 рет
көрсетілді

Маусым айының алғашқы күні басталған «Астана кештері» халықаралық фестивалі мәреге жетті. Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған ізгілікті шараға таланттарымен топ жарған әлемнің таңдаулы өнерпаздары қатысты. Әлемдік деңгейдегі фестиваль Айтулы өнер фестивалі 2012 жылы елорданың туған күніне тарту ретінде тұсауы кесілген еді. Ұйымдастырушысы – «Дег­дар» гуманитарлық қоры мен «JTI» компаниясы. Дәлірек айт­қанда, «Дегдар» қорының Қамқорлық кеңесін басқарушы Д.Назарбаеваның бастамасымен дүниеге келген жоба. Ән әлемінде айшықты қолтаңбасы бар Дариға Нұрсұлтанқызының өзі де фес­ти­валь концерттерінде бірнеше рет өнер көрсеткен. Әлемдік деңгейдегі фестивальдың тізгінін алғашқы жылдары әйгілі музыкатанушы, тележүргізуші, Ресей халық әртісі Святослав Бэлза ұстаған. Көркемдігі жоғары концертке Елбасы да екі рет көрермен ретінде қатысқан. Бүгінгі таңға дейін аталған фестивальда сайдың тасындай талай сахна саңлақтары көпшілік көзайымына айналды. Олардың есімдерін тізбелесек, ұзаққа кетеміз. Әрі атақтарымен дүйім елді аузына қаратқан дүлдүлдерді бөле-жарғымыз келмеді. Осы төрт жыл ішінде бас қаламызда фестиваль аясында 14 концерт өткен. Оған 600-ден астам әр­тістер атсалысқан. Олардың өнерін 20 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Осыдан-ақ өрелі өнер додасының көркемдік көк­жиегі мен асқақ абыройын байқауға болады. Астын сызып тұрып айта кетер­­лігі, концерттердің барлығы елорданың ең бір салтанатты сарайларында өтті. Қайырымдылық жобасы болғандықтан, билет­тердің барлығы тегін тараты­лады. Сондықтан болар, тыңдар­мандардың барлығы жасы-кәрісіне қарамай, әсем ән мен тамаша саз өрілген кештерге қызығып келеді. Оны өзіміз де аңғардық. «Астана Опера» театрындағы музыка мере­кесіне келген көрермендерде қи­сап болған жоқ. Бекзат өнердің биігі Жалпы, музыкадан хабары бар жұртшылық бекзат өнердің биігін классика деп бағалайды. Жөн-ақ дейсіз. Бүгінгідей жеңіл-желпі әуендерден запыс болғанда, өзіңіз де бір сәт классикалық музыкаға құлақ түрсеңіз, жан-дүниеңіз жадырап сала береді. Содан шығар, ғасырлар бойы қалыптасқан ға­жайып өнерге деген құрметіміз де ерекше. Осы орайда игілікті шараның ұйымдастырушысы, өзі де талантты өнерпаз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевке жолығып, аз-кем пікірін білген едік. – Биыл біздің халықаралық фестивальға бес жыл толып отыр. Алғашқы мерейтойымыз десек болады. Там-тұм болса да өз тарихымыз бар. Біздің жобаға елорда тұрғындарының ілтипаты ерекше. Биылғы фестиваль өте жоға­ры деңгейде ұйымдастырылуда. Оған әлемнің әйгілі жұлдыздары қатысуда. Олардың өнерін жұрт­шылық жақсы біледі. Алғашқы жылдары фестиваль аясында біз көрермендерге үш концерт өткізіп жүрдік. Биыл бес бағдарлама ұсындық. Ол бір аптаға ұласты. Әрбір концерт аншлагпен өтіп жатыр. Оған біз қатты қуаныштымыз. Бұл өнерпаздарға шабыт, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Расын айтар болсақ, халықаралық шараның жылдан-жылға қанаты қатайып келеді. Осы жобаны тікелей қолдап отырған «Дегдар» гуманитарлық қорына үлкен алғыс айтамыз. Аталған қордың қамқорлығы ар­қасында өнерлі өрендер шетелдерде білім алып, тәжірибелерін шыңдауда. Мәселен, белгілі опера әншісі Медет Шотабаев Италияда білім алды. Осындай-осындай атқарылып жатқан ізгі істер көп. Классикалық музыкаға қойылатын талап қашанда жо­ғары. Сондықтан, біздің концертке қатысатындардың барлығы өз өнерлерімен өрге жүз­ген жам­поздар десек те болады, – дейді фестивальдың көркем­дік жетекшісі. Тимур – шебер пианист және көпшілікке кең танылып қалған отандық «FORTE-TRIO» тобының жетекшісі. Халықаралық өнер фестивалінің шымылдығы 1 маусымда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залындағы «Камералық музыка» кеші де аталған топтың өнерімен ашылды. Олармен бірге Мемлекеттік камералық оркестрінің «Солистер академия­­сы» тобының өнерпаздары да қатысты. Талантты топ мүшелері аса көрнекті композиторлар­дың классикалық шығармаларын орындап, көрермендерге әдемі әсер сыйлады. Талайларды тамсандырған тарландар Үшінші маусымда «Астана Опера» театрында өткен «Клас­сикалық музыка» кешіне Ре­сей­дің әйгілі әртісі, пианист, П.Чайковский атындағы IX байқаудың жеңімпазы Борис Березовский қатысты. Он сау­сағынан сиқырлы саз саулаған дарынды пианистің есімі дүние жүзіне жақсы таныс. Ол әлемдегі ең үздік оркестрлермен және дирижерлермен жұмыс істейтін бірегей дүлдүл саналады. 2006 жылдан бері Мәскеуде, Екатеринбургте және Владимирде өтіп келе жат­қан Н.Метнер атындағы халық­аралық фестивальдың көр­кем­дік жетекшісі. Осындай сан алуан жұ­­мысты атқарып жүрсе де жүйріктігінен танбаған талантты тұлғаның шеберлігі еш­кімді бей-жай қалдырмады. Америкалық Филипп Квинттің атағы да жер жарып тұр. Ол АҚШ  скрипкашыларының алғашқы үштігіне кіреді. Мәскеуде Ан­дрей Корсаковтың, содан соң Аме­риканың Джульярд мектебінде оқыған. 2001 жылы алғашқы альбомын жазып, «Грэмми» атындағы сыйлықты иеленген. 2010 жылдың тамыз айынан Филипп Квинт Чикагода Страдивари қоғамы берген «Ру­би» скрипкасында ойнайды. Сиқырлы саз төгетін скрипканың үніне елтімеген жан жоқ. Жексенбі күні де дәл осы театр­да «Опералық музыка» ке­шінің байрағы желбіреді. Оған ресейлік сопрано дауысты ән­шілер, Осетияның халық әртісі Вероника Джиоева мен Мәскеу үлкен театрының солисі Анна Аглатова қатысты. Ресейлік баритон Василий Ладюк бар­ын салып бақты. Қазақстанның  ең­бек сіңірген қайраткері Медет Шо­табаев та тыңдармандарды тәнті ете білді. Бұдан кейін фестиваль Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залында жалғасты. Оған Германиядан арнайы ат арытып келген, Еуропа органистерінің ішіндегі көшбасшысы деп танылған Кристиан фон Блон мен ресейлік «Московская оператта» театрының бас дирижері Конс­тантин Хватынец қатысты. Ке­ше фестиваль шымылдығы Бей­бітшілік және келісім сарайында «этно-джаз» кешімен жабылды. Онда Әзербайжаннан келген «Jangi» тобы мен қазақстандық «Magic of Nomads» этно-фьюжн тобы шабыт шалқытты. Азамат ҚҰСАЙЫН