• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2016

Мазасыз әлем. Аумалы-төкпелі дүние

338 рет
көрсетілді

«Ұлы Британияны» «шағын Англияға» айналдырмайық «Еуроодаққа көңіл толмаушылық оның құрамынан шығуға себеп емес. «Ұлы Британияны» «шағын Англияға» айналдырып қажеті жоқ». Ұлыбритания тәуелсіздігі партиясының жетекшісі Найджел Фараджбен өткізілген дебат кезінде ел премьер-министрі Дэвид Кэмерон осылай деді. Дэвид Кэмерон өз отандастарын «шағын Англия» үшін дауыс бермеуге шақырды. «Брюссельге реформа жүргізу қажет пе? Иә. Еуроодақ институттары­на не­ғұр­лым ашық жұмыс істеу керек пе? Иә. Бұл жерде мәселе бізге Еуропар­ламенттің ұнайтындығында немесе ұна­майтындығында тұрған жоқ. Менің жеке өз басыма ол ұнамайды. Бұл жерде мәселе біздің қаншалықты қуатты бола алатындығымызда. Сондықтан, бізге бұл ұйымда бола отырып, британ мүддесі, британ жұмыс орындары үшін күресу керек. Біз өзімізге ұнамағандығы үшін ғана кете беретіндер қатарында болмауымыз керек» деді ол. Мұнан әрі Дэвид Кэмерон өз сөзінде одақ құрамынан шығу ел экономикасына зардабын тигізетіндігін, өйткені осы арқылы ел өзі үшін өте маңызды рыноктан айырылатындығын айтқан. «Мен Ұлы Британия үшін Еуропалық одақ құрамында бола отырып күресуіміз керек, Найджел Фарадждың «шағын Англия» туралы ұсынысын қабылдамауымыз керек деп есептеймін», депті Кэмерон. Ол, сондай-ақ, көптеген экономикалық сарапшылардың Ұлыбританияның еуро­одақ құрамынан шығуы оның қаржылық гүлденуіне кері ықпалын тигізеді деген пікірлеріне назар аудартқан. «Әрине, қандай жағдайға болса да біз төтеп береміз. Бірақ гүлдене аламыз ба? Әрине, біз өз жолымызды таба аламыз. Бірақ біз үшін ең сенімді жол Еуроодақ құрамында қала отырып, өзіміздің жарқын болашағымыз үшін күрес жүргізу болып табылады», деді премьер-министр. Дэвид Кэмеронның қарсыласы Найд­­­жел Фарадж болса, өз тарапынан Еуроодақ қазіргі уақытта терроршыларға жол ашып отырғандығын айтқан. Оның пікірінше, елдің одақ құрамынан шығуы Ұлыбританияның тәуелсіздігін нығайтып, мигранттар проблемасын шешуіне мүмкін­дік береді. Мамыр айының соңында 600-ден астам британиялық экономист Біріккен Корольдіктің еуроодақ құрамынан шы­ғуына қарсы екендерін білдіріп, мәлімдеме жасаған болатын. Олар елдің бірлестік құрамынан шығуы оның экономикасына кері әсер ететіндігін мәлімдеген. Бірақ, соған қарамастан, елдің іскерлік және өнеркәсіптік саласының 300-ге жуық ірі өкілдері 16 мамыр күні ел тұрғындарына ашық хат жариялап, оларды алдағы референдумда Еуроодақтан шығуды жақтап дауыс беруге шақырған. 17 мамыр күнгі са­уал­дама қоры­тын­дысында көптеген бри­тандықтардың 23 маусым күніне белгіленіп отырған референдумда Еуроодақ құрамынан шығуды жақтап дауыс беруге ниетті екендіктері мәлім болды. Ел үкіметі Біріккен Корольдіктің ЕО құ­рамынан шығуы әрбір британдық отбасына жыл сайын 4,3 мың фунт стерлинг (6,1 мың доллар шамасында) шығын әкелетіндігін есептеп шығарған. Сөйтіп, Д.Кэмерон әуелдегі өз бастамасынан басына бәле тілеп алғалы тұр. Ел ЕО-дан шықса, ол отставкаға кетуі тиіс. Еурокомиссия мигранттар барған елдерді қаржымен қызықтырмақ Еурокомиссия бірқатар Африка елдеріне миграциялық проблеманы шешуге үлес қосқан жағдайда қаржы көмегін беретіндіктерін мәлімдеді. Олар мұндай көмекке аталған мәселені шешуде өздерімен ынтымақтастық орнататын мемлекеттер ғана ие бола алатындықтарын жариялаған. Еурокомиссия жаңа миграциялық дағ­дарыстан шығу мақсатында босқындарды Еуропаға қарай жөңкілтіп жатқан бірқатар елдерге қаржы арқылы қысымды күшейте түспек ниетте екендіктерін білдірді. Мұның мәнісі мынадай: Брюссель аталған мәселеде өздерімен ынтымақтастыққа келген мемлекеттерге үлкен қаржы көмегін бөлмек. Ал мұндай ынтымақтастыққа ниет білдірмеген елдерге осыған дейін болып келген көмек пен әріптестік қарым-қатынас көлемін қысқартпақ. Осы жайында мәлімдеген Еуроко­миссия төрағасының орынбасары Франс Тиммерманс Еуропалық одақтың мұндай шараға баруына Жерорта теңізінен өтеміз деп көптеген босқындардың суға кетуі себеп болғандығын және аталған шараның миграциялық ағымды басқару үшін қа­жеттігін айтты. Брюссель бірінші кезекте мұндай көмек көрсету жөніндегі келісімді Сириядан шыққан көптеген босқындарды өздеріне қабылдап алған Иордания, Ливан секілді елдермен жасаспақ. Бұл келісімге мигранттарды қайтару мен қабылдаудың шарттары белгіленетін болады. Мұнан кейін осындай келісімді Нигерия, Сенегал, Мали және Эфиопия секілді елдермен жасасу жос­парлануда. Мұның сыртында Еуропалық одақ Тунис және Ливанмен миграциялық саясат саласындағы өзара іс-қимылды күшейте түсуді жөн көріп отыр. Мұндай қадамға баруға кейбір мемлекеттердің өздерінен шыққан босқындарды қайта қабылдауға ниет танытпауы себеп болуда. Еурокомиссия алдағы уақытта мұндай елдермен сауда қарым-қатынастарын жасауға шектеу қойылатындығын мәлімдеді. Еуроодақ қазірдің өзінде босқындарды қайта қайтару жөнінде 17 мемлекетпен келісім жасасып үлгерді. Мәселен, үс­тіміздегі наурыз айында Түркиямен келісімге қол жеткізілді. Осы келісім бойынша Түркия өзіне теңіз жолдары арқылы келген жасырын босқындарды Грекияға жібермей ұстап қалды және қайта қайтарды. Алайда, аталған мәселеде орын алған проблемаларды реттеу ісінде Брюссель мен Анкара арасында әлі де болса келіспеушіліктердің бар екендігін айта кеткен абзал. Босқындарды түрмеге отырғызуға тыйым салды Люксембургтегі Еуроодақ соты мигранттарды елдің ішіне заңсыз жағдайда енгендіктері үшін түрмеге қамауға болмайтындықтарын мәлімдеп, осы жөнінде тиісті қаулы қабылдады. Аталған шешімге заңсыз мигранттарды түрмеге қамаудың орнына оларды өздерінің келген елдеріне қайта жіберу қажеттігі айтылған. «Қайта қайтару туралы директива ЕО құрамына кірмейтін елдерден келген азаматтарды, егер олар елден шығарып жіберу үдерісіне бұрын ілікпеген болса, тек одақ елдерінің аумағына заңсыз кіргендері үшін түрмеге қамауға жол бермейді» деп жазылған Люксембургтегі сот шешімінде. Сондай-ақ, бұл шешімде егер мигрант Шенген аумағынан шығып кеткен жағдайда да оны ұстап, түрмеге қамауға болмайтындығы мәлімделген. Соттың бұл қаулысы Шенген аймағына кірмейтін Британия мен Ирландияға және Еуроодақ сотының шешімін орындамайтындықтары туралы өз құқығын қорғап қалған Данияға қатысы жоқ екен. Мұндай шешімнің қабылдануына мына бір жағдай түрткі болыпты: Француз полициясы жалған белгиялық құжатты пайдаланғаны үшін африкалық мигрант әйелді Ла-Манш қасындағы тоннельден ұстап, оны елге заңсыз кірді деп айыптап, түрмеде қамауда ұстаған. Селина Аффум деп аталатын әлгі әйел ЕО директивасы негізінде полицияның жоғарыдағы әрекетіне шағым жасаған. Директива бойынша заңсыз мигрантқа ел аумағын тастап шығуға 30 күн уақыт беріледі екен. Сондай-ақ, директивада ел аумағынан шығарып жіберу шектен тыс күш қолдану арқылы жүргізілмейтіндігі және мигранттың өміріне қатер төндіруге болмайтындығы жазылыпты. Француз кассациялық соты Аффумның шағымын Еуроодақ сотына жолдаған. Міне, осы шағым нәтижесінде ЕО-ның жоғары сот органы болып табылатын Люк­сембургтегі сот жоғарыдағыдай қаулы қабылдап, мәлімдеме жасаған. Жерорта теңізінде үш күннің ішінде 700 қоныс  аударушы суға кетіпті БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі агенттігінің мәліметі бойынша Жерорта теңізінде жүзуге жарамсыз саналатын үш ірі кеменің суға батуы салдарынан кем дегенде 700 мигрант ажал құшқан. Аталған агенттік соңғы күн­­дері Жерорта теңізінде үш кеменің суға батуына байланысты ең аз дегенде 700 адамның қаза тапқандығы туралы мәлімдеме таратты. Агенттіктің баспасөз хатшысы Карлотта Сэми мамырдың соңында өткізген баспасөз мәс­­лихатында бұл жерде әңгіме Еуропаға суға жүзуге жарамсыз кемелері арқылы жүзіп жетпек болған босқындар туралы болып отырғандығы туралы айтты. Оның айтуынша, осы үш кеменің бірі суға батқаннан кейін 100-ге жуық адам хабарсыз кеткендер қатарына қосылған. Бұл оқиға үстіміздегі жылдың 25 мамыры күні болған. Мұнан бір күн кейін тағы бір кеме суға кеткен. Оқиға куәгерлерінің мәлімдеуінше, Ливияның батыс жағалауындағы порттардың бірінен шыққан бұл кемеде 670-тей жолаушы болған. Кеменің моторы болмағандықтан оны адамдарға толы екінші бір кеме тіркеп алған. Кеме су бетінде келе жатып аударылып кеткен. Сол сәтте одан тек 25-ке жуық адам ғана алдындағы моторлы кемеге жүзіп жеткен. Мұнан кейін тағы да 79 адамды күзет қызметі құтқарып қалған. Демек, қалған адамдардың бәрі суға кетіп, қаза табуы әбден мүмкін. Үшінші кеменің суға кету оқиғасы 27 мамыр күні болған. Бұл кемеден 135 адамды құтқарып қалудың сәті түскен. 45 адамның су ішіндегі өлі денесі табылған. Қалған суға кетушілердің нақты саны әлі белгісіз. «Сонымен, егер осы үш оқиғаға байланысты біздің есебіміз бо­йынша ең кем дегенде 700 адам суға кетіп, қаза тапқан. Нақты қанша адамның суға кеткендігін әзірге айта алмаймыз», деді осы оқиғаға байланысты баспасөз хатшысы. Тірі қалғандар Италияның Та­ранто және Поццалло портты қалаларына жеткізіліпті. Мұның алдында биылғы жазда Ливиядан шығып, Жерорта теңізі арқылы Италияға жүзіп бара жатқан адамдардың да суға кеткені туралы хабар таратылған болатын. Осы оқиғаға байланысты Еуро­палық одақ Ливия жаға­лауларына заңсыз миграция­ның алдын алу үшін өз әскерлерін жіберуге ниеті екендіктерін мәлімдеді. Сондай-ақ, Ливияның жаңа үкіметімен бірлесіп, мигранттар мен бос­қындар қа­был­дауға арналған уақытша лагерьлер құруды жос­парлап отырғандарын хабарлады. Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар