• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2016

Ешімбеттің еңбек сүрлеуі

487 рет
көрсетілді

Еліміздің Ұлттық ғылым академиясының және Қазақ ауылшаруашылық академиясының академигі, Қазақстан ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, ғылым докторы, профессор Ешімбет Байбарақовтың да өмір жолы, еңбек сүрлеуі қиын күрмеулерді айналып өтпеді. 1962 жылы мал дәрігері мамандығын алып шыққан бетте еңбек жолын Кеген ауданындағы «Қызыл ту», Ше­лек ауданындағы «Таусүгір» қой кең­шар­ларында бас мал дәрігерлігінен бастады. Жас маманға талай мәрте кеңшар дирек­торының міндетін де ат­қаруына тура келді. Ал бұл жас маман­ның кәсіби даярлығын арттыруға, білім деңгейін көтеруге деген ынта-құлшынысын туғызды. Шаруашылық жетекшісі болу үшін экономиканы білу қажеттігін ұғынды. Сөйтіп, Ешімбет Байбарақов өндірістен қол үзбей, Қазақ ауылшаруашылық институтының экономика факультетін «агроном-экономист» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Одан Шелек аудандық партия коми­­тетінде ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып істеді. Ал 1968 жылы Алматы облыстық партия комитетінің ұсынысымен Қаскелең ауданындағы «Абай» құс кеңшарының партком хатшысы болып сайланды. Ешімбет Байбарақов партия жә­не қоғам жұмысына белсене араласып, іскерлігімен, ұйымдастыру қабіле­тінің молдығымен және азаматтық қасие­тімен көзге түсті. Оның экономика мәсе­лелеріндегі және ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастырудағы терең білімі мен білігі өзге әріптестеріне өнеге болды. Мұндай маман ол кезде назардан тыс қалмайтын. 1973 жылы Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен Ешімбет Байбарақов Іле аудандық ауыл­шаруашылық басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл жұмыста да ол өзін адамдармен тіл табысып жұмыс істей алатын жақсы ұйымдастырушы, талапшыл басшы ретінде көрсете білді. 1974 жылы бүкіл Қазақстан бойынша құс өсіретін бірлестіктер құрылды. Ет бағытындағы және жұмыртқа бере­тін үлкен екі бірлестік болды. Байба­рақов жұмыртқа өндіретін Абай құс ша­руа­шылығы бірлестігінің бас дирек­торлығына бекітілді. Ата-бабаларымыз ескіден құс ша­руа­­шылығымен айналыспағаннан ба екен, әйтеуір сол жылдары құс шаруа­шылықтарының басында емге бір қазақ табылмайтын. Бұл мәселені сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, атпал азамат Асанбай Асқаров шешіпті. Ол кісі: «Осындай үлкен облыстағы алып өндірісте неге жергілікті халық өкілінен бір басшы жоқ?» деген сұрақты Дорохов Иван Ива­нович деген партия комитетінің хатшысына қояды. «Алматы облысында ауыл шаруашылығының ішіндегі ең байы да, іргелісі де – осы құс шаруашылығы. Ал енді құс шаруашылығында бірде-бір қазақ жоқ. Ертең шетелдерден, жоғарыдан делегациялар келеді. Барлық уақытта Талғар, Есікке апарып жүрміз», – деп Асекең қатты ренжиді. Дорохов кеңсесіне келіп өндірістің айналасында жүрген партия мүшелерінің тізімін қарайды. Тізімдегілердің көбісі басқа ұлт өкілдері. Солардың ішінен бұрын партия комитетінің хатшысы болған, қазір ауылшаруашылық басқармасының бастығы болып жүрген Ешімбет Бай­барақовқа көзі түседі. Мамандығы да келіп тұр. Дереу іздестіреді. Осы үлкен бірлестікке қалай келгендігі туралы Ешекең өзі төмендегіше баяндап берген еді: «Дорохов маған қоңырау шалып: «Байбарақов жолдас, Асанбай Асқаровтың тікелей тапсырмасы. Біз, партия комитеті барлық тізімді қарай келе сіздің кандидатураңызды дұрыс деп таптық. Бұл – партияның тапсырмасы, сіз бас тарта алмайсыз» деген. Мен болсам кешірім сұрап, қазіргі қызметім өзіме ұнайтынын, партияның берген нұсқауларын толығымен атқарып келе жатқанымды айттым. Дегенмен де келісімімді беруге тура келді. Мені қызметке алу туралы ұсынысты обком Қазақстан Орталық Партия коми­тетіне жіберді. Бірақ Галышкин деген бастық алғысы келмейді. Обком шешкеннен кейін оның хақысы да жоқ, әрине. Сонда да мені алты күн кідіртті. Маған қолдаухат жазбайды. Оның ойында – бұрын ұсынылып қойған неміс жігіті. Алты күннен кейін Галышкинге Орталық Комитеттен хабарласып: «Неге ұстап отырсыңдар?» деген сұрақ қояды. Сөйтіп, Галышкиннің маған қолдаухат жазуына тура келді. Ауыл шаруашылығы министрі Моторико бұйрық шығарды. Содан Абайға бірлестіктің бас директоры болып келдім. Бұл бірлестікке Еңбекшіқазақтағы «Абат» құс фабрикасы, Іле ауданындағы «Чапаев» құс шаруашылығы, Қаскелең ауданындағы «Абай» құс фабрикасы, асыл тұқымды репродукторлар қарады». Сол кездегі Іле аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Заманбек Батталханов, Рақымжан Мақашев, Құсайын Бижановтар Ешімбет Байбарақовқа үлкен сеніммен қараған. Оларды сенімдері алдамапты, Байбарақов өте ілкімді басшы, үлкен ғалым, Қазақстанда алғаш рет жұмыртқа бағытындағы «Алатау» кросын шығарушы авторлардың бірі болды. Ауылшаруашылық өндірісінің тәжірибелі ұйымдастырушысы, парасат-пайымы мол әрі өз ісіне тыңғылықты маман ретінде ол аудан жұртшылығының құрметіне бөленді. Кейін бірлестік акционерлік қо­ғамға айналды. Оның президенті болып сайланған Ешімбет Байбарақов бір­лестіктің, береке-ырысын тасытып, абыройын асыра түсті. Жемісті еңбегі үшін акционерлік қоғам прези­денті Ешімбет Байбарақов әлденеше рет (1977,1980,1984,1988) бүкілодақтық жарыс жеңімпазы атанып, КСРО халық шаруа­шылығы жетістіктері көрмесінің дипломдарына, алтын және күміс медальдарына ие болды. Ғалым басшы өзінің ғылыми жұмысын жалғастыра отырып, «Агроөнеркәсіп кешенінің құрамындағы құс шаруашылығының тиімділігін арттыру проблемалары» тақырыбындағы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Қалыптасып келе жатқан агроөнер­кәсіптік кешен жүйесіндегі жаңа эко­номикалық және ұйымдық байланыстарды мұқият зерттеу негізінде Ешімбет Байбарақов оның салаларын дамытуға жаңа талаптар қойды, ондағы ғылыми-техникалық прогрестің бағытын белгіледі. Бұл еңбекте Қазақстан жағдайында құс шаруашылығының қалыптасуы мен дамуы тұңғыш рет баяндалып, саланы индустрияландырудың ғылыми негіздері мен кезеңдері анықталды. Республикамыздағы құс өсірушілер оның монографиясындағы  «Өнеркәсіптік құс шаруашылығы», «Өнеркәсіптік негізде жұмыртқа өндіру», «Құс шаруа­шылығындағы өнімдердің резерві» мәселелерін жақсы біледі ,әрі бүгінгі күнге дейін ұтымды қолданып келеді. Ол басшылық еткен жылдарда Абай ауылы тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық және экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылды. Мәдениет үйі, көп салалы дүкен, емхана, Тұрмыс үйі, жаңа монша, балабақша, спорт кешені, ауылдық дайындау мекемесінің цехы салынып, пайдалануға берілді. Көптеген тұрғын үйлер бой көтерді, ауылдың барлық көшелеріне асфальт төселіп, жарық түсірілді, кәсіпорынның үлкен аумақтағы тұрғын және өндірістік аймағы көгалдандырылды. Бірлестіктің басқа елді мекендерінде де осындай шаралар атқарылды. Ешімбет Байбарақов ғылыми ізденісін қоғамдық және мемлекеттік жұмыстармен ұштастыра жүргізді. Соның нәтижесінде ол бірнеше дүркін Алматы облыстық және Қаскелең аудандық партия комитеттерінің мүшесі болып, облыстық және аудандық кеңестердің депутаттығына сайланды. 1990 жылы профессор атағын алды, 1991 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Іле-шала оған ҚР ауыл шаруашы­лығының еңбек сіңірген қызметкері құрметті атағы берілді. Ал жаңа ғасырдың басында Е.Байбарақов Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі (академигі) атанды. 1997 жылдан көрнекті ғалым, академик Ешімбет Байбарақов Қазақ экономикалық университетінің әлеуметтік-экономи­калық мәселелер жөніндегі проректоры болып істеді. «Табиғат пайдалану экономикасы және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының профессоры ретінде тағылым танытты. Академик Ешімбет Байбарақовтың жетекшілік етуімен бес экономика ғылымының кандидаты мен докторы даярланды. Ұзақ жылдар бойы экономика ғылымдары бойынша докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңестің (диссертациялық кеңестің) мүшесі болды. Аспиранттарға, докторанттарға және студенттердің диплом жұмысына жетек­шілік етті, кандидаттық және докторлық диссертацияларды бағалауға, сараптауға қатысып, құнды пікірлерін айтты. Академик Ешімбет Байбарақов жасы сексенге келгеніне қарамастан, қоғамдық өмірден, тәуелсіз елдің бүгінгі тіршілігінен бейхабар қалған жан емес. Оның кеудесі бейнебір алтын сандық, құнды қазынаға толы. Ашып қалсаң ақтарыла кетпек. Елімізде алғашқы Социалистік Еңбек Ері атағын алған жылқышы әкесі жайында сұрайсың ба, өзі ширек ғасырға жуық басқарған құс бірлестігі хақында сұрайсыз ба, болмаса әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу елдің қатарына кіру жолын­да тер төгіп жүрген тәуелсіз еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сұрайсыз ба, қарт академиктің бәріне жауабы дайы­н. «Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы» деп, төрт түлік туралы айтқанда төгіліп кетеді Ешекең. Туған жері, Жетісу, Қулық тауының баурайы, Ұзынбұлақ пен Кеген туралы толғанғанда толқып отырады академик ағамыз. Құс өсіру мен оның өнімін көбейту жайында былайша әңгімеледі: «Біз тәуелсіздік алмай тұрған жылдарда еңбек еттік. Сол кездегі құс шаруашылығы мен бүгінгі кездегі құс шаруашылығына баға берер болсам, арасы жер мен көктей. Құс шаруашылығы өнімдері қай кезеңде болмасын үлкен сұранысқа ие екенін бәріміз білеміз. Бүгінгі күнге дейін елімізде құс жұмыртқасы мен етін өндіру арқылы халықты құнарлы тағаммен қамтамасыз ету осы шаруашылық арқылы жүзеге асырылып келеді. Құдайға шүкір, елімізде құс шаруашылығы қарқынды дамып, жұмыртқа, ет өндіру бағытында түрлі құс фабрикалары мен репродукторлы шаруашылықтар, инкубатор станциялары іске қосылып, білікті мамандардың арқасында жұмыс жасап жемісті нәтиже беруде. Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа Жолдауында халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығына баса назар аударып, олардың бәсекеге қабілетті өнім өндіруін тапсырған болатын. Еліміздегі осы саланың одан әрі қарқынды дамуына Қазақстан нарығын шетел өнімдерінің толықтыруы кедергі келтіреді. Сол үшін өз елімізде құс өнім­дерін өндіріп, оны арзан бағаға сатып, халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету арқылы өз шаруашылығымыздың өркендеуіне үлес қосуымыз керек. Құдайға шүкір, біз қазір бейбіт ел­дің тұр­ғындарымыз. Бізде бар жағдай жасалған. Шаруашылық ашып, жұмыс жасаймын десең де, еңбек етіп, ісіңді өрге домалатам десең де – бәрі бар. Тек ерінбей еңбек ету керек...». Ешімбет Байбарақов өзінің өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында білікті басшы, білгір ғалым, ұлағатты ұстаз, сенімді әріптес, отбасында қадірлі жан, асқар таудай әке және сыйлы ата. Сексеннің сеңгірінде сабаттанған ағаның еңбек сүрлеуінің ғибраты осындай. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы