Кеше Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бейнеконференция байланысы режімінде халық алдында есеп беру жиыны өтіп, оған жұртшылық көп келді. Ғимарат дәлізіне қойылған арнайы құралдардың көрмесі есептік кездесудің маңызын арттырды.
Ақтөбедегі оқиға ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Осыған қатысты сөзінде министр қару сататын дүкенде орнатылған бейнекамералар арқасында лаңкестердің қалай әрекет еткендері туралы толық мағлұмат ала алғандығымен бөлісті. «Сондықтан біз елде бейнекамераларды орнату бойынша істі дамытудамыз. Соңғы оқиғаларға байланысты жергілікті билікпен бірге осы істі қолға алмақпыз. Біз заңнамалық тұрғыда барлық ғимарат иелерін, көшелерде тұрған дүкендердің, мейрамханалардың, жанармай құю стансаларының иелеріне бейнекамералар орнатуды міндеттеуді жоспарлаудамыз», деді Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы.
Министрдің пайымынша, бұл камералар орталыққа шұғыл ақпарат жеткізе алатын техникалық талаптарға сай болуы керек. Тағы атап көрсетерлігі, қазіргі кезде елімізде жедел орталық басқару жүйесі шеңберінде 3 900 бейнекамера орнатылған. Сондай-ақ, «қауіпсіз үй» жобасы аясында 19 мың камера орнатылыпты. Ақтөбедегі жағдайға байланысты толық мәлімет берген министр терактіге қатысқандардың барлығы ұсталып, кейбірінің көзі жойылғандығын жеткізді. Тергеу амалдары жүргізілуде екен. Мәлім болғандай, бастапқыда лаңкестікке 45 адамнан тұратын топ дайындалыпты. Әйтсе де солардың 20-сы жиһадқа қатысудан бас тартқан.
Қ.Қасымов халыққа есеп беру барысында «Резеңке үйлер» деп аталып кеткен бір пәтерге 200-300 адамды тіркеген деректердің барлығын тілге тиек ете келіп, аталған проблеманы заңнамаға сәйкес жөнге келтіру қажеттігіне назар аудартты. Олай болса, «тіркеусіз тұрғаны үшін» және «пәтерге көп азаматтарды тіркеу» бойынша жаза қарастырылады. Яғни тіркеуде тұрған азаматтар сол үйде тұрмаса, онда пәтер иелері жауапқа тартылатын болады.
Сондай-ақ, министр 2015 жылы және үстіміздегі жылдың бес айында полиция қызметкерлеріне бағынбау фактілері бойынша 700-ге тарта қылмыстық іс қозғалғандығымен де бөлісті. «Қазақстанда өз қызметтерін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне қарсылық таныту фактілері артып отыр. Әрине, полиция қызметкерлеріне бағынбаған, жәбір көрсеткен және тіл тигізген кінәлі азаматтар қатаң әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуда» деді министр. Қ.Қасымов, керісінше, өз құзыреттерін асыра пайдаланған полицейлер де қатаң жауапкершілікке тартылғандығын жеткізді. Белгілі болғандай, биыл ішкі істер қызметкерлерінің үстінен 10 мыңға жуық арыз бен шағым түскен. Қызметтік тергеу барысында өрескелдіктер анықталып, 65 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 279-ы тәртіптік жазаға іліккен, соның 10-ы қызметтерінен босатылған.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты сөзінде Қ.Қасымов олардың заңды салық төлеуінен ел қоржынына 1 миллиард 300 миллион теңге түскендігінен хабардар етті. «Біз қабылданған шешімге сәйкес егер салығын төлесеңіз, онда Қазақстанның әрбір азаматына 1-ден 3 айға дейінгі уақытта 5 шетелдікті жұмысқа шақыртуға рұқсат береміз. Әрі қарай сөйтіп 1 жылға дейін ұзарта беруіңізге болады. Егер отбасыңызда үш ересек адам болса, 15 шетелдікті шақыртуыңызға болады», деді ведомство басшысы. Министр тұрмыстық жағдайы нашар отбасылармен жұмысты жолға қоймаған учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысын сынға алды. Соның салдарынан тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мүмкін болмай отырған жайы бар. Өткен жылды қоса алғанда, биылғы жартыжылдықта осындай тұрмыстық жанжалға қатысты 100 адам өлтіру оқиғасы орын алыпты. Айта кетерлігі, ауыр қылмыстардың 10 пайызы алкоголь өнімдерін тұтынудан кейін болады екен.
Министрдің пайымынша, учаскелік қызметкерлердің материалдық жағдайының нашар болуы, олардың дұрыстап жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеуі де мүмкін. «Бірқатар өңірлерде учаскелік қызметкерлердің еңбек етуіне дұрыс жағдай да жасалмаған, әсіресе, ауылдық жерлерде. Еліміздегі бар 2700 полиция учаскелік орталықтарының 1400-і жөндеуді қажет етеді, қосымша 430 жаңа пункт салынуы қажет. Бұдан басқа, әрбір үшінші учаскелік қызметкердің баспанасы жоқ, осыншама ауылдық учаскелік қызметкер автокөлік пен радиостансаға мұқтаж», деп атап кетті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы.
Және де министр жүргізушілер мәселесін де айналып өтпеді. 2016 жылдың басынан 16 мың жүргізуші автокөлік жүргізу құқығынан айырылғаны атап өтілді. Жыл басынан бері жолдарда 11 700 жүргізуші мас күйінде ұсталса, соның 1600-і тұтқындалыпты. Министр елімізде автокөлік саны 3,1 миллионнан 4,5 миллионға дейін артқандығын жеткізді. Дей тұрғанмен, жол-көлік оқиғасы – 7 пайызға, өлім-жітім – 5 пайызға, ал жарақат алу 7 пайызға төмендеген.
Сондай-ақ, Қ.Қасымов жыл басынан ІІМ 940 мың қылмыс туралы ақпарат пен арыз қабылдағанын, соның 168 мыңы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты. Адам өлтіру – 13,5 пайызға, тонау – 13 пайызға, қарақшылық – 10 пайызға, алааяқтық – 15 пайызға және бұзақылық 40 пайызға төмендегенін де көлденең тартты. Әзірге ұрлық елімізде жасалған қылмыстың 60 пайыздайын құрайды екен. Сонымен бірге, автокөліктен, қалтадан азаматтардың заттарын ұрлап кету сияқты ұрлықтар белең алып тұрғаны айтылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»