• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2016

ҰБТ: бақ шапты ма, бап шапты ма?

457 рет
көрсетілді

Он күн бойы ата-аналардың да, мектеп бітіруші түлектердің де көңілін күпті еткен ҰБТ өз мәресіне жетіп, көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Иә, он бір жылдық білім сапасын анықтайтын бәсеке күңгейдегі бас қаладағы түлектер үшін жеңіл болған жоқ. Биыл алып шаһардағы 211 мектепте білім алған 5208 түлек тест тапсырып, бақтарын сынаған. Ендеше, ҰБТ қорытындысы бойынша алматылықтар қандай жетістіктерге қол жеткізді, биылғы тестілеудің ерекшелігі мен кемшілігі қандай деген сауалдарға жауап алу үшін Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВАҒА жолығып, әңгімелескен едік. – Биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу 13-ші мәрте өтіп отыр екен. Осы жылдары ҰБТ төңірегінде қо­ғамда әртүрлі – жақсы да, келеңсіз де пікірлердің қалыптасқаны рас. Биыл қандай ерекшеліктер байқадыңыз? – Биыл тек Алматы қаласында ғана емес, республиканың басқа өңірлерінде де өрескел, келеңсіз жайттар болған жоқ. Оның үстіне ҰБТ-ны өткізуде енгізілген өз­герістер мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарына сабырлық, үміт дүниесін әкелгендей. Мәселен, биылғы жылы 50 балдан төмен балл жинақтаған түлектерге ақылы жоғары оқу орнына түсу үшін ағымдағы жылы тамыз айының 1-і мен 8-і аралығында қабылдау комиссияларына өтініштерін тапсырып, қайтадан кешенді тестілеуден өтулеріне мүмкіндік берілді. Әрине, мұндай мүмкіншілік бұрын-соңды болып көрген жоқ. Бұл – әрбір түлекке Қазақстанда ақылы жоғары оқу орындарында оқуға үлкен мүмкіндік берілген жағдай. Бұл енді биылғы ҰБТ-ның артықшылығы деуге болады. Сондай-ақ, министрліктің өкіл­дері түлектерге түсіністікпен қарап, сабырға шақырып, оларды қобалжу, үрейлену жағдайына түспеуіне мүмкіндік жасады. – Ал кемшілігі... – 2016 жылы Алматыда ҰБТ-ны өткізу кезінде қандай да бір өрескел кемшіліктер кетті деп айта алмаймын. Жылдағыдай ұйымдасқан түрде өтті. Тестілеу өтетін пункт­терде мектеп бі­тірушілерді аудиторияларға кіргізу барысында металл іздегіштер, рамалық детекторлар қолданылды. Соны­мен қа­тар, аудиториялардың барлығында ұялы байланыс дабылын анықтайтын қондырғылар, бейнебақылау камералары, бейне­тіркеуіштер, т.б. техникалық құ­ралдар қолданылды. Сондықтан, Алматы қаласында ҰБТ ережеге сай өз деңгейінде өткізілді. – Сонымен, нәтиже қалай болды, үміттеріңіз ақталды ма? – Алматы қаласы былтырғы жылмен салыстырғанда, негізгі көрсеткіштер бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Орташа балл – 96,2, былтырғы жылмен салыс­тыр­ғанда 4,1 балға жоғары (республика бо­йынша 81,2), соның ішінде қазақ тілінде оқыған мектеп бітірушілердің көрсеткіші – 98,6 балл. орыс тілінде оқығандардың көрсеткіші – 93,7 балл. 61 мемлекеттік және жекеменшік мектептердің түлектерінің орташа балы 100-ден жоғары. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша қала мектептерінің арасында ең жоғары нәтижені №90 мамандандырылған мектеп-лицей (118,5б) алса, 100 балдан жоғары 2313 (44,4 пайыз) түлек жинақтады. Бұл республикалық көрсеткіштен 24,7 пайызға жоғары. Жалпы, орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатына иегерлер саны 244 түлек, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға жоғары. 50 балдан төмен 130 (2,5 пайыз) түлек жи­нақтады, республикалық көрсеткіштен 14,5 пайызға төмен. – Мыңнан оза шауып, ең жо­ғары балл алған түлектеріңіз бар ма? – 125 балды республика кө­лемінде 19 мектеп бітіруші жинақтаса, соның 6-ы (№12, 159 (2), 169, 175, 178 мектептер) Ал­маты қа­ласынан. – Қаланың бас мұғалімі ретінде Алматыдай үлкен ша­һарда биылғы білім нау­қанының нәтижелі болуына нен­дей жағдайлар себеп болды деп ойлайсыз? – Бір ғана мысал айтайын, 2016 жылы Алматы қаласының командасы жалпы білім бе­ретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада 11 рет, республикалық ғылыми жарыстарда 14 жыл қатарынан, 11 сынып оқушылары арасында өткен Президенттік олимпиадада (математика, физика, химия, биология пәндері бойынша) 3 жыл қатарынан бірінші орындарды иеленіп келеді. Ерекше атап кететін жайт, ҰБТ алғаш өткізілген жылдары мектеп бітірушілердің 30-40 пайызы мамандығы бойынша география пәнін таңдайтын, ал соңғы жылдары керісінше, басым көпшілігі физиканы таңдауда. Яғни, бұл түлектердің техникалық бағыттағы жо­ғары оқу орындарына көбірек түсуінің көрінісі. Әрине, мұндай жетістік оңайлықпен келмейді. Бұл қаладағы әрбір мектеп басшысының, әрбір ұстаздың қыруар еңбегінің жетістігі. Алматы қаласында мектепішілік бақылау жүйелі түрде ұйымдастырылған. 1-11-ші сынып аралығында оқу­шылардың білім-бі­лік дағдыларын зерделеу мақсатында мектеп әкім­шілігі тарапынан оқу жы­лы бойы тоқсанына бір рет тестілеу, ба­қылау жұмыстары өткізіледі. Соның қорытындысына толық сараптама жасалып, жіберілген олқылықтар бойын­ша оқушылармен әрі қарай жұмыстар ұйымдастырылады. Осындай тестілеу өткізу арқылы балалардың қай пәнге деген бейім­ділігін анықтап, болашақта ма­мандықты дұрыс таңдауына мүмкіндік беріледі.  Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Алматы
Соңғы жаңалықтар