• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2016

Баламалы энергетикаға ынта зор

325 рет
көрсетілді

Кеше Сыртқы істер министрлігін­де Қазақстанның Израильдегі ел­шісі Дулат Қуанышев БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізіп, Астана мен Тель-Авив арасындағы ынтымақтас­тық пен қарым-қатынас туралы баяндады. Брифингте израильдік инвесторлардың Қазақстандағы тиімді жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде елдегі баламалы энергия көздерін қарышты дамыту үшін инвес­тиция құюға қызығушылықтары зор екендігі айтылды. Алдымен екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық турасында баяндама жасаған Дулат Оразбекұлы Израильдің әлемдік экономикада әлеуеті артып келе жатқан мемлекеттердің бірі екендігін баса айтты. Соңғы 13 жылда бұл елдің экономикасы тұрақты өсіп, мемлекеттік тұрғыда қарышты дамыған. Өткен жылы ІЖӨ көлемі 305 млрд. АҚШ долларын құрап, халық санына жаппай ұлттық кіріс деңгейі 36,5 мың АҚШ долларына тең болған. Ал Израиль Қаржы министрлігінің болжауынша, елдің биылғы жылдағы ІЖӨ-сінің өсімі 2,8 пайызды құрайды деп күтілуде екен. Мәселен, Израиль үкіметі әлемдік экономикалық дағдарыстың теріс әсерін ең алдымен жоғары технологиялық салалар экспорты мен осы секторға шетелдік инвес­тицияларды тарту есебінен азайта отырып, әлеуетін арттырған мемлекет көрінеді. «Соңғы жылы Израильдің кибер-экспорт көлемі 3 млрд. долларға бағаланып отыр. Бұл әлемдік нарықтың 5 пайызын құрай­ды. Кибер-экспорт саласы болса, бұл елге қару-жарақ экспортына қара­ған­да көбірек – шамамен 6 млрд. доллар кіріс әкелген. Ал кибер-өнімнің әлем­дік нары­ғының 10 пайызын қамти отырып, кибер-әзірле­ме­ге салынған инвес­тиция­лар көлемі жаһан­дық нарықтың 15 пайызын алып отыр», деді Д.Қуанышев. Сондай-ақ, елші өз сөзінде Израиль мемлекеті әскери-өнеркәсіп пен әскери авиация және техникалық қызмет көрсету, қару-жарақ пен оқ-дәрі, тағы басқа да әртүрлі радиолокациялық жүйелер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары секілді технологиялық тұрғыда дамудың даңғыл жолына түскен ел екенін атап өтті. Бұл бағыттарда Қазақстан осы елмен етене жақын қарым-қатынас орнатып жатқанын айтқан елші қызметтік ерекшелігіне сай, мәселеге егжей-тегжейлі тоқталмайтындығын тілге тиек етті. Сондықтан да онымен ендігі әңгіме екі ел арасындағы жалпыхалықтық қарым-қатынас бағытындағы сауалдарға жауап алумен өрбіді. Оның алғашқысы Қазақстан мен Израиль арасындағы әуе қатынасы туралы еді. «Естеріңізге сала кетсек, 1992 жылы «Алматы – Тель-Авив» бағытында тікелей әуе рейсі болған. Кейіннен ол түрлі жағдайларға байланысты тоқтап қалды. Қазір біз осы әуе қатынасын орындау жолында ұшу жиілігін жаңартуға бағытталған келіссөздер үдерістерін жүргізу үстіндеміз. Жыл соңына дейін сәтті аяқтай алсақ, тікелей әуе рейсін жүзеге асыратын компанияларды тарту аса қиын шаруа бола қоймас деген ойдамын. Сол сияқты, «Болашақ» бағдарламасы аясында Қазақстан мен Израильдің медицина саласындағы мамандар біліктілігін арттыру тетігі де тиімді шешімін тауып келеді. Әсіресе, науқастарға аса күрделі операция­лар жасауда екі ел дәрігерлері өте тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибелерін шыңдауда. Айналып өтуге болмайтын тағы бір мәселе – ауыл шаруашылығы саласы. Жерді барынша тиімді пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы саласына озық технологиялар енгізуде израильдік тәжірибені енгізуді Елбасының өзі жиі ескертіп келеді. Бұл ретте біздің Израильдегі серіктестеріміз өз технологияларымен бөлісуге әркез дайын. Тіпті, осы күндері Оңтүстік Қазақстан облысындағы егін шаруашылықтарында осы ел тәжірибесі қолданысқа енгізіліп жатқанынан хабардар шығарсыздар», деді Дулат Оразбекұлы. Израильдік кәсіпкерлер ендігі жерде Қазақстанда баламалы энергия көздерін кеңінен қолданысқа енгізуге де зор ынта танытып жатқан көрінеді. Тіпті, олар осы бағытта жұмыс жүргізу үшін Ақмола және Қарағанды облыстарында 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға әзір екен. Жалпы, бұл ел жаңартылған энергия көздерін пайдалану саласында 1950-жылдардан бас­тап әлемде алғаш жол ашқандығын ескерсек, еврейлердің ел энергетикасының дамуына қосар үлесі қомақты болатындай. Әрине, біз мұны олардың мол тәжірибесіне сүйене отырып айтамыз. Жалпы, Израиль көптеген позициялар бойынша өзін өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге қысқа мерзімде қол жеткізіп үлгерген ел десек, бүгінде олар өздерін тамақ өнімдерімен 95 пайыз қамтамасыз етеді екен. Сондықтан көп жағдайда өзге салалардағы тауар өндіру көрсеткіштерін экспорттауға мүдделілік танытады. Брифинг барысында Израиль өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақ аясының нарығына шығару жайы да сөз болды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар