• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2016

Өңір тіршілігімен танысты

257 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді.Үкімет басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге қаланың жаңа «Батыс-2»  шағын ауданындағы коммерциялық көп қабатты үйге атбасын тіреді. Бұл жерде олар тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындыларымен танысты. Кәрім Мәсімовке мемлекет және жеке құрылысшылар тарапынан тұрғын үй құрылысы саласына қатысты жасалып жатқан инвестициялық саясаттың өңірде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін төмендетпеуге мүмкіндік беріп отырғаны туралы баяндалды. Мысалы, өткен жылы барлық қаржы көздері есебінен 536,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 4629 отбасы баспаналы болған. Биыл 580 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деп жоспарланған, оның 141,9 мың шаршы метрі барлық қаржы көздерінен іске қосылмақшы. Облыс әкімінің орынбасары Жаңа­бай Бексары Премьер-Министрге «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен облигация шығару арқылы тұрғын үй құрылысын салу қарастырылғанын жеткізді. Бұл мақсаттарға облыста 2016 жылы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында 6 жоба құрылысын бастап кету үшін 4,5 млрд. теңге қарастырылған. Барлық жұмыс 2017 жылы аяқталады, 75,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, 1278 отбасы бас­паналы болады. Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр «Азаматтарға арналған Үкі­мет» мемлекеттік корпорациясы» ком­­мер­циялық емес акционерлік қоға­­мының Ақтөбе облысы бойынша фи­лиалы – зейнетақы төлеу жөнін­дегі ор­талығы» департаменті кеңсе­сінің жұ­мысымен танысты. Аталған жоба өңірде Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық ре­фор­масын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына сәйкес іске қосылған болатын. Қазіргі таңда мұнда 530-дан астам қызмет көрсетіледі. 2018 жылға қарай  мұнда бір терезе қағидасы бойынша 709 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Премьер-Министр «Нұр Отан» пар­тиясы облыстық филиалында өңір­дің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді. Іс-шараға бірқатар мемле­кеттік органдар және ұлттық компаниялар басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, жұртшылық өкілдері қатысты. Б.Сапарбаев әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты өңірде өнер­кә­сіп, инвестиция және құрылыс жұмыс­тары көлемінің сәл төмендегенін жет­кізді. – Қазіргі таңда біз экономиканы тұрақтандыру бойынша шараларды қол­ға алудамыз. Бюджет 2,3 млрд. теңге­ге оңтайландырылды. Аталған қара­жат әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалды. Сонымен бірге, салық салы­натын базаны 2 млрд. теңгеге кеңей­ту жоспары бекітілді, оның 1,3 млрд. теңгесі бюджетке түсті. Бүгінде бюд­жеттің кіріс бөлігі 113,3 пайызға, шы­ғыс бөлігі  98,5 пайызға орындалды,  – деп атап өтті облыс әкімі. – Еліміздің оңтүстік облыстарымен кооперацияны дамыту жөнінде жұ­мыстар белсенді жүргізілуде. Мысалы, Қызылорда облысымен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін жет­кізу жөнінде құны 3,3 млрд. теңге бола­тын 36 келісімге қол қойылды. Кей­бір өнім түрлеріне аймақаралық коо­перацияның арқасында баға 20-30 пай­ызға арзандады, – деді Бердібек Мәш­бекұлы. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстары және трансұлттық «Inalca­Eurasia» компаниясы арасында еттік бағыттағы мал шаруашылығында өңір­аралық кооперация құру, инвести­ция­лық құны 100 млн. еуро  болатын бордақылау алаңдарын салу жөнінде келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, аймақта шағын ферма құру жө­нінде жоба табысты түрде жүзеге асырылып келеді, аталған жоба аясында 1,4 млрд. теңге игерілді. Өңір басшысы Үкіметтің қолдауын қажет ететін бірқатар мәселелерді ал­ға тарта сөйледі. Суармалы жер­лер­ді 11 мың гектарға арттыру, пилот­тық жобаны жүзеге асыру үшін және рес­публикадағы бірінші «Мал бир­жасы­ның» құрылысына инвестиция­лық субсидия бөлу, жеке тұрғын үй құры­лысына жер бөлу мәселелерін шешуде өңірдің Үкімет көмегін қажет ететіні әңгіме өзегіне айналды. Алқалы жиында шығып сөйле­ген­дер жер, мектеп, онкологиялық ау­ру­ларды емдейтін аурухана, жол мәсе­лелеріне қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Ке­ңес қорытындысы бойынша К.Мәсі­мов әлеуметтік мәселелерді шешуге, еңбекпен қамту, мектептер мен бала­бақшалардың құрылысы, жастар­мен жұмыс мәселелеріне баса назар аударды. Кәрім Қажымқанұлы көте­рілген бірқатар мәселелердің шеші­мін табатынын жеткізді, тиісті министр­ліктерге тапсырмалар берді. Үкімет басшысы түстен кейін «Ақ­тө­бе­құрылысхиммонтаж»  ЖШС-інде болды. Зауыт іске қосыл­ғаннан бері 22 мың тонна полиэтилен құбырын шы­­ғар­ды. Мұнда қазір 90 адам еңбек етеді. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» және «Даму-Өндіріс» мем­лекеттік бағдарламаларының игілі­гін көрді, қаржылай қолдауын пайда­ланды. Премьер-Министр Ақтөбе рельс арқалықтары зауытының жұмысымен де танысты. Зауыт директоры Андрей  Кузьмин кәсіпорынның өткен жылы пайдалануға берілгенін, жылына 430 тонна өнім өндіретінін, оның 200 мың тоннаға жуығы теміржол рельсі, қалған 230 мың тоннасы бір қалыпта құйылған прокат екенін жеткізді. Премьер-Министр Ақтөбедегі са­па­рының соңында өңірдегі тамшыла­тып суару жүйесін қолданып жұмыс істейтін ірі шаруашылық – «При­го­род­ное» ЖШС-інде болды. Се­ріктестік директоры Ермек Жұмағазин үстіміздегі жылы 150 гектарға картоп, 15 гектарға көкөніс өсіріп жатқанын мәлімдеді. Сплинкерлік және тамшылатып суару технологиясының  соңғы буындарын пайдаланып жатқанын, сол арқылы сапалы да мол өнім алып жүргенін жеткізді. Өткен жылы шаруашылыққа егіншілік саласы бойынша 15,9 млн. теңге субсидия төленген. Соңғы үш жылда серіктестікке 700 милион теңге инвестиция салынған. Серік­тестік «Қазагроқаржы» АҚ және «Агро­сервис» ЖШС арқылы жалпы сомасы 56,6 миллион теңгеге техника және 3 мың тонналық осы заманғы көкөніс қой­масын салған. Шаруашылық об­лыс­тың тұрақтандыру қорын қамта­ма­сыз етуге қатысады. Үкімет басшысы өңірдегі жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы
Соңғы жаңалықтар