• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2016

Ауласында мал семіртеді

770 рет
көрсетілді

Қазір Үкімет жұмыс­сыздықты жоюға, отбасылық кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ, аула шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуде. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған­дарды жұмыспен қамтамасыз етуде бұл тиімді бола түсуде.  Кімде-кім қолынан келетін шаруаны жүргіземін десе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы ар­қылы өз ісін ашуына әбден болады. Міне, осындай қаржылай қолдау көріп, ауласынан шағын мал бордақылау алаңын ашып, жұмыс жасап жатқандардың бірі – Алға ауда­ны Бестамақ ауылының тұрғыны Руслан Жиеналин. Бестамақ ауылы қаланың ірге­сінде орналасқан. Русланның үйі ауылдың шет жағында болып шықты. Біз келгенде ол қаладан құрамажем әкеліп, түсіріп жатыр екен. Қорапты «ГАЗель» ма­шинасының жанында жем түсіріп жатқан жас жігітпен амандық-сау­лықтан кейін, әңгіме ауанын бұл кәсіпке қалай келгеніне бұрдық. – Жалпы, мен Ойыл ауданы Тайсойған ауылында туып-өстім. Еңбек жолымды механизатор болып бастадым. Ауылда жұмыс болмағандықтан, қалаға жақындауды шештім. Шыны керек, қала маңындағы қай ауылға табан тіреймін дегенде осы ауылды көңілім қалады. Шағын үй сатып алып, қоныстандым. Он үш жыл «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-та жұмыс істедім. Кішкентайымыздан еңбекке етене өскендіктен вахтадан келген соң бос уақыт өткізбей бір шаруамен айналысуды жөн көрдім, Сөйтіп, ауылдардан мал сатып алып, бордақылап семіртуге кірістім. Бала кезімізден мал жайлап, бағым-күтіміне араласып өстік қой. Сөйтіп, мал семіртіп, етін базарға шығарып, көтерме бағамен өткізіп жүрдім, – дейді Руслан ініміз. Шаруамен көзі ашылған ауыл баласы алғашқыда бір-екі бас баспақты бордақыға қойып келсе, келе-келе оның санын көбейтіп, союға келетінін сойып сатып отырған. Семіртуге қоятын малды ауыл арасынан емес, Батыс Қазақстан, Қостанай облысынан сатып алып отырған, себебі бұл өңірде етті бағыттағы қазақтың ақ бас тұқымды ірі қарасы өсіріледі. Ал, біздің ірі қара тез қоң жинай қоймайды, салмағы да жеңіл болып келеді. Жас та болса ірі қараның тез салмақ қосатын тұқымын танитын ауылдың малсақ баласы емес пе? – Шаруам жүрген соң мұнай саласындағы жұмысымды тас­тап, бірыңғай мал өсіруге шық­тым. Ол үшін несие алу керек болды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніме екінші жыл. Бас­тапқыда бордақылауға 13 бас қойдым. Қазір 27 басқа дейін жетті. Енді қора-қопсымыз тарлық ете бастады. Сөйтіп, көршімнің қорасын уақытша пайдаланып отырмын. Болашақта 100 ірі қара бордақылайтын шағын мал бордақылау алаңын салуды ойластырудамын. Ол үшін ауыл әкімі жер бөлуге уәде беріп отыр. Сәті түссе, шаруашылығымды кеңейт­пекпін, – дейді ол. Руслан Жиеналин өз шаруасын дөңгелентіп жүргізу арқылы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта жер бөлініп, 100 ірі қара бордақылайтын алаң ашып жатса, тағы да бірнеше ауылдастарына жұмыс тауып бермек. Алға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақбөпе Әбдуалиеваның айтуынша, ауданда жұмыссыздықты жою және отбасылық шаруашылық түрлерін дамыту мақсатында 2016-2018 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, оны іске асыру жоспары бекітілген. Бұл бағдарламаға қатысуға 171 ауыл тұрғыны өтініш білдіріпті. – Біздің аудан бұл жобаны осы жылдың бірінші тоқсанында өңірде алғашқы болып бастады. Бүгінгі таңда 108,6 миллион теңге қаражат игерілді. Жобаға облыстық бюджеттен «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несие ұйымы арқылы 30 миллион теңге қаражат бөлініп, 7 жеке кәсіпкерге берілді. Оның ішінде бесеуі алған қаражатын шағын мал бордақылау алаңын ашуға, екеуі сауын сиыр алуға жұмсады. Жеті кәсіпкер барлығы 156 бас мал алды. Сондай-ақ, 14 жаңа жұмыс орны ашылды. Республикалық және облыстық қаражаттан бөлінген қаржыға, яғни «Ауыл кәсіпкері» бағдарламасы және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өз қаражаты есебінен 31 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтарына 78,6 миллион теңге қаржы бөлініп, 195 ірі қара, 94 ұсақ мал алынып, 59 жұмыс орны ашылды, – дейді ол. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша І траншқа 39,0 миллион теңге бөлінгенін, қазіргі таңда несие алу үшін 25 адам Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына құжат­тарын тапсырып қойғанын жет­кізді. Сондай-ақ, ІІ траншқа қа­ралған 178,0 млн. теңгенің 114,0 млн. теңгесі «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несие ұйымына бөлініп, бұдан үміткер 20 адам құжаттарын тапсырып қойыпты. Осы бағдарлама жүзеге асқан жағдайда аудан бойынша 220-240 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Алға ауданы