• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Қазақ генералдар Олар кімдер?

2237 рет
көрсетілді

Ағымдағы 2016 жылды Елбасы Қазақстан Республика­сы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығының жылы деп жариялады. Бұл – біздің мем­лекетіміз үшін ерекше атаулы мереке. Ол қазақ халқының жүріп өткен ширек ғасырдағы бар­­лық жетістіктерінің бастау көзін біл­діреді. Келесі жылы да мерей­­той­лар болады. Солардың бірі – тәуел­сіз Қазақстанның Қарулы Күш­­тері­нің құрылуының 25 жыл­ды­ғы. Былтыр Қазақстан маңызды тарихи мереке – Қазақ хандығы­ның 550 жылдығын атап өтті. Кез келген мемлекет секілді Қазақ хандығы тұрақты негізде болмаса да, жасақтау қағидаттарына сәйкес өзінің әскерін ұстады. Әскер дұшпандардың шапқыншылығы кезеңінде құрылып, халық батыр­лары – Қабанбай батыр, Наурыз­бай батыр, Бөгенбай батыр, т.б. басқарды. Олардың ешқандай әскери атақтары мен шендері болған жоқ, тек саны кейде 30-40 мың адамға дейін жететін әс­керге басшылық жасаушы, басшы «қолбасшы» анықтамасы болды. Бұл заманауи дивизиядан да әлде­қайда үлкен еді. Соғыс тарихында қазақ әскери құрылымдарының 1804-1812 жыл­­­дардағы орыс-иран соғысына қатыс­қаны жөнінде деректер бар. Наполеон жорығына қарсы 1812-1813 жылдары орыс армиясының құрамында 4 кавалерия полкі соғыс­ты. Оларға кім басшылық жасады, қан­дай әскербасы басқарды? Әрине, алғашқы қазақ генералдар туралы мәліметтер ХІХ ғасырға жатады. Қазақ арасынан шыққан алғашқы генерал Бөкей ордасының ханы – Жәңгір Бөкеев болды. Оған осындай әскери атақты 1840 жыл­ғы 1 желтоқсанда император І Николай берді. Ол ерекше қабілетті жан бо­латын, әскери қызметтен бас­қа ол ағартушылықпен айналыс­ты, мектептер мен медреселер салды, қайы­рымдылықпен, ғылыммен ай­­на­­лысты. Оның ғылымға қосқан жеке үлесі үшін 1844 жылы Қазан ун­и­­­вер­ситетінің ғылыми кеңесі Ж.Бөкеев­ке профессор атағын берді. ХІХ ғасырдың 50-60-жылдары орыс армиясында қызмет ететін тағы екі қазақ офицерге генерал-майор атағы берілді. Олар – Бай­мұхамед Айшуақов және Мұхамед­жан Баймұхамедов. Бірақ орыс армиясындағы ең атақты генерал қазақ, тіпті, заманауи шама бо­йынша да, инфан­терия генералына дейін жеткен немесе сол кезде аталғандай «толық генерал» болған Ғұбайдолла Жәңгіров еді, бұл атақ заманауи жіктемеде армия генералына теңестіріледі. Ол Санкт-Петербургтегі Паж корпусын алтын медальмен бітірді, оның есімі Мәскеу Кремлінің Георгиев залын­дағы Құрмет тақтасында алтын әріппен қашалған. Ол қызметін табысты өтеді және 28 жасында полковник атағын алады. 1874 жылы Санкт-Петербург телеграфының департамент бастығы болып тағайындалды. Жәңгіров, әсіресе, 1877-1878-жылдардағы Балқан соғы­сы кезінде ерекше көзге түсті. Оған ерекше ерлігі үшін 1878 жылы генерал-майор атағы беріледі, 1888 жылы генерал-лейтенант ата­ғын алады, ал 1894 жылы инфан­терия генералы атағы берілді. Ол 1905 жылы император ІІ Нико­лайдың қабылдауы кезінде қазақ депутациясын басқарып барды және көптеген өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуге ықпал етті. Кеңес тарихындағы ең алғашқы қазақ генерал Шәкір Жексенбаев болды. Ол қызметін Ордадағы қазақ атты әскер полкінде курсант болып бастап, кейін РККА-ның кавалерия курсын бітірді, қызыл командир атағын алып, взвод басқарды, эскадрон командирінің көмекшісі болды. Жас командирдің қабілеттері баға­ланып, оған Мәскеу қаласын­дағы РККА академиясына оқуға жолдама берілді. 1925 жылы Ш.Жексенбаев академияны үз­дік аяқтап, М.В.Фрун­зенің өзі­нің қолынан диплом алады. 1930 жылы оған әскери-химия­лық әс­кер қызметіне ауысуды ұсы­на­ды, сөйтіп, ол 1931 жылы РККА Жоғарғы химиялық курсты аяқ­тай­ды және соғысқа дейін химия­лық қызмет бойынша түрлі лауазымдарда қызмет атқарады. Соғысты ол Ленинград әскери округінің хи­миялық қызметінің бастығы болып қарсы алды. Ленинград шебі­­нің құрамындағы аласапыран со­ғыс­тан кейінгі екі жылдан соң Ш.Жек­сенбаевқа 1943 жылғы қазанда генерал-майор әскери атағы берілді. Соғыс жылдарындағы екінші генерал атқыштар дивизиясы­ның командирі Сабыр Рахимов болды. Ол бұл атақты 1943 жыл­дың соңында алады. Ұзақ уақыт бойы генерал С.Рахимовты Өзбек­стан­­ның өкілі деп есептеп келді. Кейін оның ұлтының қазақ екені анықталды. Соғыстан кейінгі жылдары тағы 9 қазақ генерал атағын алды. Бұл жерде тек әскери генерал ата­ғы ғана есептеліп отырғанын атап өту қажет. Үшінші генерал 1960-1980-жылдары Қазақ КСР-інің әскери комиссары болып қызмет еткен Нұрлы Байкенов болды. Оған генерал-майор атағы 1962 жылы берілді. Тәуелсіз Қазақстанның алғаш­қы Қорғаныс министрі болған С.Нұрмағанбетовтің рөлін ерекше атап өту қажет. Ол кеңес тарихын­дағы төртінші генерал қазақ болды. С.Нұрмағанбетов генерал-майор атағын 1964 жылы республиканың Азаматтық қорғаныс штабының бастығы кезінде, генерал-лейтенант атағын 1969-1989 жылдар аралығында атқарған САВО әскер­лері басшылығының орынбасары лауазымында 1972 жылы алды. Генерал атағын алған бесінші қазақ К.Ботаев болды. Ол рес­пуб­ликаның ДОСААФ ОК-нің төрағасы болды. Оған генерал-майор атағы 1965 жылы Ұлы Отан соғы­сындағы жеңістің 20 жыл­дығы қарсаңында берілді. Алтыншы генерал САВО авто­бас­қармасы бастығының орынбасары С.Д.Сыртанов болды. Оған генерал-майор әскери атағы 1968 жылы берілді. Жетінші генерал 1948 жылы Ленинград шекаралық әскери училищесін бітірген Баһадүрбек Байтасов болды. Кейін ол шекара әскерлерінде шекара отряды бастығының орынбасары, Зайсан шекара отрядының бастығы қыз­меттерін атқарды. 1968-1971 жылдары Шығыс шекара окру­гінің штабы бастығының орын­басары, 1971-1987 жылдар аралы­ғында рес­­публиканың ДОСААФ ОК төраға­сы болды. Генерал-майор әскери ата­ғы Б.Байтасовқа 1972 жылы берілді. Әскери иерархияда жоғары биіктерге жеткен генералдардың бірі – генерал-лейтенант Жансен Кереев. Ол 1930 жылы дүниеге кел­ді. Сол уақыттағы есеп бойынша бі­р­шама кеш, яғни әскерге 20 жасын­­да шақырылды және Курил арал­дарына қызметке түсті. Жақсы жады мен каллиграфиялық жазуға ие ол командирлер арасында беделге ие болды. Жедел қызметті аяқ­тамастан Благовещенск әскери учи­лищесіне түсіп, оны 1955 жылы үздік бітіріп шықты. Училищені бітір­геннен кейін Моңғолия мен Қытай шекарасында 7 жыл бойы взвод командирі болып қызмет етті. Кейін Германияға ауысу бойын­ша танк дивизиясының рота командирі лауазымына ауыс­тырылды. 1962 жылы ол М.Фрунзе атындағы Әскери академияға оқуға түсіп, оны 1965 жылы алтын медальмен бітіріп шығады. Одан әрі ол Ленинград әскери округінде батальон командирі, полк командирі және дивизия командирінің орынбасары болып қызмет атқарады. 1973 жылы КСРО Қарулы Күштері Бас штабының ака­демиясын бітіріп, осы оқу орнын бітірген алғашқы қазақ болды. 1974 жылы Ж.Кереевке генерал-майор әскери атағы берілді. Одан әрі ол мотоатқыштар дивизиясын басқарып, әскер басшылығының орынбасары болды. 1979 жылы Кереевті Приволжье әскери округі басшылығының бірінші орынбасары – штаб бастығы етіп тағайындайды. Сол жылы оған генерал-лейтенант атағы беріледі. 1982 жылы оны Вьетнамға әскери кеңесші етіп тағайындайды. Генерал Ж. Кереев үлкен үміт күттірген еді, бірақ оған тағдыр жазбады. Ол 1983 жылғы сәуірде 53-ке қараған жасында Мәскеу қаласындағы госпитальде қайтыс болды. Оның кенеттен ауыруы мен тез қайтыс болуы жұмбақ күйінде қалды және осы күнге дейін түсініксіз. Осы жоғарғы әскери атақты алған тоғызыншы қазақ Есет Қалиұлы Әлібеков болды. Ол 1925 жылы туған. 1944 жылы Фрунзе қаласындағы жаяу әскер учили­щесін бітірді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1954 жылы КСРО ІІМ Әскери институтын бітірді. 1956 жылдан бастап республиканың Аза­маттық қорғаныс саласында жұмыс істеді, Азаматтық қорғаныс шта­бының бастығы болды, 1978 жы­лы генерал-лейтенант атағын алды. Генерал атағын алған оныншы қазақ та жарқын тұлға – Б.Ес­мам­бетов болды. Ол әскери учи­ли­щені, М.Фрунзе атын­дағы Әскери академия­ны бітір­ген кәсіби әскери қызметкер еді. Взвод командирінен дивизия командиріне дейінгі барлық офи­церлік лауазымдарда қызмет еткен. Дивизия командирі лауазымынан Б.Есмамбетов Бас штаб академиясына түсіп, осы әйгілі оқу орнын аяқтаған екінші қазақ болды. Бас штаб академиясын бітірген соң оны Қазақ КСР Әскери комиссары лауазымына жібереді. 1980 жылы оған генерал-майор әскери атағы беріледі. Кеңес кезеңінде осы жоғарғы атаққа ие болған он бірінші қазақ республиканың Әскери комиссары А.Жармұхамедов болды. Оған генерал атағы 1984 жылы беріл­ді. Осылайша, 1917-1992 жыл­дар аралығындағы 75 жылда жоғары әскери атаққа тек 11 адам ие болған. С. Рахимов ол кезде Өзбекстан өкілі болып саналатын, сонда 10 адам қалады. Әрине, көп емес. Қазақстан тәуелсіздік алып, 1992 жылғы мамырда өзінің Қарулы Күштерін құр­ғаннан бас­тап 2000 жылға дейінгі 7,5 жыл ішінде әскери ге­не­рал­дардың саны 90 адамнан асты.  Манас МАҒҰЛОВ, запастағы полковник  АСТАНА Суретте: генерал-майор Ш.Жексенбаев (оң жақтан екінші)
Соңғы жаңалықтар