Былғары қолғабын арқалап бокс залына беттеп бара жатқан әйел затын көріп қазір ешкім таңғалмайды. «Бокс – ерлерге арналған спорт түрі» деген түсініктің қазір архаизмге айналған кезі. Себебі, жаны нәзік болса да, жұдырығы жуандаған қыздар шаршы алаңның шаңын қағып қана қоймай, тартымды өнерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, тіпті, елінің абыройын асқақтатып жүр.
Әлемдік үрдістен біздің бұрымдылар да қалыс қалып жатқан жоқ. Төрткүл дүние алдында Көк туды желбіретіп тұрған шынашақтай қызға қарап қуанасың да, оған бұл жеңістің қандай қиындықпен келгенін ойлағанда, көңілің құлазиды. Мұндай атақ-даңқтың да, төгілген тердің де ибалы қазақ қызының табиғатына жат әрі болашақ ананың денсаулығын тәуекелге тігуіне тұрмайды дейтіндер де көп. Сонда қай салада болсын ерлерден қалыс қалмай, темірді де балқытып, көліктің де түр-түрін тізгіндеп жүрген қаракөздеріміз үшін бұл спорт түрі біз үрейленетіндей соншалықты қауіпті ме?
Жалпы, әйелдер боксы бастауын XVIII ғасырдан алады. Лондонда пайда болған бұл жекпе-жек түрі талай рет сын мен сынақ нысанына айналса да, бүгінге дейін жетіп қана қоймай, ресми түрде мойындалды. Британдық бойжеткендердің бұл әуесі біртін-біртін өзге елдерге «жұғып», алғаш рет 2012 жылы Тұманды Альбиондағы Олимпия ойындарының бағдарламасына енді. Бұл ресми дәреже боксқа деген қыздардың қызығушылығын тіпті арттырып жіберген тәрізді.
Олимпиада комитетінің өзі әйелдер боксын төртжылдықтың басты додасының бағдарламасына қосқан соң, оның артық-кем тұсын енді түгендеп отыру артық та шығар. Себебі, оның пайдасы мен зияны таразыдан өткен. Десек те, бұл шешімге спорт жанкүйерлерінің ғана емес, білікті мамандардың арасында да көңілі толмайтындары бар. Кезінде кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болған Марат Мәзімбаев күш қолданылатын спорт түрлеріне нәзік жандылардың баруын құп көрмейтінін айтқан: «Бокс болсын, ауыр атлетика болсын, әйел затына жат сала. Әсіресе, табиғатынан нәзік келетін қазақ қызына. Спортта адам ағзасына орасан күш түседі. Ал әйел адамның алғашқы парызы – өмірге бала әкелу. Осы тұрғыдан алғанда спорттың берері көп болмаса керек».
Мәзімбаевтың пікірін қолдайтындар аз емес. Бірақ бұл сөздер қыздарға тоқтау болып жатқан жоқ. Өйткені, бұрымды боксшылардың сынайтындарға айтатын өз уәждері бар. Ата-анасының кеңесімен алдымен күреске барып, сонан соң бапкерлердің шақыртуымен қолына былғары қолғап киген Ләззат Күнгейбаева денсаулыққа қалай күтім жасауың өзіңе байланысты, дегенді алға тартады. «Спорттың денсаулыққа зияны болу-болмауы адамның өзіне ғана байланысты. Бокстағы жарақат ұлдарда көбірек кездеседі, ол дулығаны шешкендіктен. Ал өзім білетін қыздар арасында ауыр жарақат туралы естіген жоқпын. Негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, аяқта жақсы қимылдасаң, жарақаттан да аман боласың. Боксты өнер дейтіні де сондықтан. Әзірге өз басым бокстың пайдасы болмаса, зиянын көрген жоқпын», дейді Әлем чемпионы.
Жалпы, бокс та ақылдыларға арналған спорт түрі. Мамандар жаттығу кезінде әрбір қимылыңның нақтылығына математикалық формула секілді көз жеткізіп отыру арқылы соққының күшін және қарсыласыңның әрекеттерін логикалық түрде болжауды үйрететінін айтады. Бұл – пайдалы тұсы. Дегенмен, дәрігерлер медальдің де екі жағы болатынын ұмытпауды ескертумен келеді. Оның салдары ағзадағы гормоналды ауытқулардың, тиісінше мінездің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Кей боксшы қыздардың нәзіктікті ұмытып, түр-әлпеті де, киім киісі де ұлдарға ұқсап кетуі осыған байланысты көрінеді. Біз құрамадағы қыздардың денсаулығы қалай бақыланып, олардың мұндай өзгерістерден қаншалықты сақтандырылғанын білу мақсатында республикалық Бокс федерациясының ғылыми-кешенді тобы бойынша үйлестірушісі Ғалия Біләловамен тілдестік. Ғалия Нұрбекқызы ұлттық құрама сапындағы қыздар тұрақты түрде толық медициналық тексерістен өтіп тұратынын, сондықтан, уайымдауға еш себеп жоқ екендігін айтып сендірді. «Көптеген спорт түрі секілді əйелдер боксына да ресми рұқсат берілген. Бұл шешімге жауапты мамандар мәселені бүге-шегесіне дейін зерттеп барып келіп отыр. Медицинаның дамуы, рациондық үдерістің жүйеге қойылуы көпшілік ойлайтын қауіп-қатерден сақтайды. Оның үстіне, бокс адам бойында сенімділік, мақсатқа ұмтылу, ерік-жігер, өмірге құштарлық секілді қасиеттерді тәрбиелейді. Медициналық үйлестіруші ретінде бокстың залалсыз спорт болуын қадағалап отырамын. Ол үшін тұрақты түрде медициналық тексерістер өткіземіз.
Бізде ғылыми-кешенді топ жұмыс істейді. Оның құрамына мықты дәрігерлер, зертханашы, физиолог кіреді. Бәрінің біліктілік дәрежелері бар. Біз спортшыларымыздың тым көп жаттығу жасамауын да есептеп отырамыз. Бұл дегеніміз, ағзаның функциялық дамуы дегенді білдіреді. Физикалық қана емес, эмоциялық тұрғыда да ауыртпалықтар барын байқасақ, жаттығуды азайтып, тепе-теңдікті сақтауды қолға аламыз.
Əлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарындағы аруларымыздың көрсеткіштері бокстың еліміздің барлық өңірінде қарқынды дамуына серпін берді. Назым Қызайбай не Валя Хальзованы алайықшы, кім оларды ауру не ұл секілді деп айтады?! Нəп-нəзік, әрі сондай сұлу бола тұрып ел мерейін асқақтатып жүр», дейді Ғалия Нұрбекқызы.
Елімізде әйелдер боксына жол ашқандардың бірі, бүгінде өзі шәкірт тәрбиелеп жүрген Наргүл Әбутәліпованы сөзге тарттық. Наргүл жұбайы әрі белгілі боксшы Қанат Әбутәліпов екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Қазақтың санын әлі де көбейтуді көздейді.
«Біз үйде төрт апалы-сіңліліміз, бәріміз де спортқа, жекпе-жек түрлеріне үйір болып өстік. Сонда «болашақ анаға бұл жат спорт, қыз бала секілді жүргендерің дұрыс», деген сөздерді талай рет естідік. Ал қазір бәріміздің отбасымыз, бала-шағамыз бар, әпкелерім төрт баладан өсіріп отыр, менде ғана әзірге екі ұл, сәтін салса, қазақ санын көбейткіміз келеді. Бокспен шұғылдансаң, бұлшық ет, дене қалпың, ойың – бәрі қалыпта болады. Әрине, нені болсын уақытпен, шегімен істесең, жарақаттан да, қиын жағдайлардан да қорғана аласың. Уақтылы тамақ, ұйқы, жаттығу қадағаланып отыруы қажет», дейді Наргүл.
«Ал сыртқы келбетке келетін зияннан қалай қорғанады?» деген сауалға ол былай деп жауап берді: «Біздің қолғаптармен мұрын бұзбақ түгілі, ауыр жарақат келтіре алмайсың. Әдетте қабақ жарылу мен мұрын сыну баспен соқтығысқанда не шынтақпен ұрғанда болады. Қыздардың соққылары да соншалықты ауыр емес. Боксты күш сынасу дегеннен гөрі, ойынға көбірек келеді дер едім. Мұнда кім кімді алдап өтіп, жылдамдық танытатыны маңызды. Боксқа қарағанда каратэ мен таэквондоның зияны көбірек, өзім үшеуімен де шұғылданған соң айтып тұрмын.
Ал болашағынан зор үміт күттіретін Назым Ищанованың анасы Светлана Ищанова қызының болашағы үшін алаңдамайтынын, қайта бокспен шұғылданғалы оның ауру-сырқауды мүлде ұмытқанын айтады.
– Бастапқыда қызымның боксқа барып жүргенін білген жоқпын. Назым әкесі екеуі менен мұны жасырып жүріпті. Бір күні әкесі шындықты айтқан соң, қызыммен жақсылап сөйлестім. Оның өз-өзіне сенімді екендігіне және алған бетінен қайтпайтынына көзім жетті. Ал қарсы болу себебім оның денсаулығына алаңдағандықтан емес, басқа салаға барғанын қалағандығымнан еді. Спортшыларды білемін ғой, үнемі оқу-жаттығу жиындарында жүреді, үйіне анда-санда бірнеше күнге ғана келеді. Ал жарақатқа келсек, мен бұл туралы ойламаймын. Шүкір, осы күнге дейін ауырып дәрігерге қаралып көрген жоқ. Медициналық кітапшасында бірде-бір жазба жоқ. Бұл осы спорттың арқасы шығар. Оның үстіне, құрама сапында тұрақты тексерістен өтіп, мамандар денсаулығын бақылап отырады. Қазір оның нақты мақсаты бар, ол соған жету үшін тырысып бағуда, – дейді Назымның анасы.
Қарап отырсаңыз, қыздар үшін спорттың бокс түрі соншалықты қауіпті емес екен. Оның үстіне, әйелдер құрамасы болмаса, әлемде атой салып жүрген күрзі жұдырықты жігіттеріміз дүниежүзілік додаларға қатыса алмайды. Бүгінгі бокстың заңы сондай. Дегенмен де, қыз баланы алақанға салып әлпештеу қанына сіңген қазақы түсініктің бір түкпірінде «осы қалай?» деген қарсылықтың жататыны да рас. Осы тұрғыдан келгенде, қыздарымызға жанымыз ашиды, әрине. Ал спорттың саясатымен санасар болсақ, қыздар боксының болашағы алда дегенмен амалсыз келісесің...
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист
АСТАНА