• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2017

Чехия – сенімді әріптесіміз

398 рет
көрсетілді

Қазақстанның Чехиядағы елшілігі Президент Н.Ә.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін және «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Аталған шараға Чехия Үкіметінің, Сыртқы істер министрлігінің, алдыңғы қатарлы талдау орталықтарының, іскерлік топтарының өкілдері қатысты. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Еліміздің Чехиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Сержан Әбді­кәрімов жиынға қатысушыларға елі­міздегі демократиялық өзгеріс­терге және Қазақстанның алдағы перс­пективадағы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық реформаның мақсаттары мен биылғы Жолдаудың мазмұны туралы толық айтып берді. Сонымен қатар, С.Әбдікәрімов Қазақстан мен Чехия арасындағы сер­пін­ді дамып келе жатқан ынты­мақтастық туралы да баяндап, елі­міздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің тұрақты емес мүшесі қыз­метіндегі іс-қимылы, Иран ядро­лық бағдарламасының, Украина, Ресей-Түркия және Сирия дағ­да­рыс­т­ардың шешілуіне қосқан үлесі туралы егжей-тегжейлі ақпа­рат беріп, қатысушылар көңілін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саясаттағы рөлі мен беделіне аударды. Басқосу барысында чехия­лық әріп­тестер әлем елдерінің және Чехия­ның Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне қатысуға дайындығына, биылғы 1 қаңтардан бастап ЭЫДҰ-ға мүше елдер үшін 30 күндік визасыз режімнің енгізілуіне байланысты қызығушылық танытты. Чехияның Қоғам және саясат инс­титутының директоры Я.Махачек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік би­лік өкілеттіктерінің бірқатарын Парламент пен Үкіметке бөліп беру жөніндегі дана шешімін жоға­ры бағалап, мұның Қазақстан сая­си жүйесінің тұрақтылығына зор әсер ететінін атап өтті. Оның пікі­рінше, бұл өзгерістер азаматтық институттардың дамуына оңтай­лы әсер етіп, нәтижесінде бүкіл қазақ­стандықтардың әл-ауқатын арттыруға жағдай туғызады. «Вацлав Клаус институтының» директоры И.Вейгл Қазақстанның энергетикалық және өнеркәсіптік-экономикалық зор әлеуетке ие екенін, еліміздің еуразиялық кеңіс­тікте маңызды рөл ойнайтынын, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лығының арқасында республи­камызда орнықты даму мен тұрақ­тылық сақталып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, атқарылып жат­қан игілікті істер әлемдік қоғам­дас­тықтың Қазақстанға деген сені­мін нығайта түсуде. Чехия Сыртқы істер министр­лігі Азия-Тынық мұхиты аймақ­тық департаментінің директоры М.Клепетко Праганың сыртқы сая­са­тында Қазақстанға баса назар аударылып келе жатқанын сөз етті. Ол бұл сөзінің дәлелі ретінде соңғы кездері Чехияның жоғары ресми тұлғаларының Қазақстанға жасаған сапарларын атады. Чехия Ғылым академиясы Шығыс­тану институты дирек­торы­ның орынбасары О.Климеш еліміздің бүкіл әлемдегі орны мен беделін атап көрсетті. Бұдан бөлек, ол Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы көшбасшы­лық рөліне тоқталды. Сонымен қатар, О.Климеш Қазақстанға Чехияның сенімді әріптес болып табылатынын жеткізді. Сон­дай-ақ, институт директоры Қазақ­стан үшін Чехия Батыс әлемін­дегі «қақпа» рөлін ат­қаруға дайын екенін де қозғады. Чехия Халықаралық қатынас­тар институтының өкілі Н.Одинцов Президент Н.Ә.Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасындағы қаты­нас­тарды реттеудегі ерекше рөлін атап өтті. Оның пікірінше, Ресей мен Түркияның өзара түсі­нісуі сириялық дағдарыстың шешілуіне мүмкіндік туғызып, Таяу Шығыстағы ахуал­дың шие­ленісуін төмендетуге әсер ететін болады. Сонымен бірге, Н.Один­цов Астананың әлемдік дер­жа­ва­лардың барлығымен жақсы қарым-қатынасын сақтай отырып, Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ, сондай-ақ, ШЫҰ мен Қытай арасындағы интег­рациялық үдерістердің таптыр­майтын буынына айналып келе жатқанына екпін берді. Басқосуға қатысушылар бастама­ларын қолдап, чех азаматтары үшін визасыз режімнің енгізілгеніне алғыстарын айтты.