Қазақстанның Чехиядағы елшілігі Президент Н.Ә.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін және «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Аталған шараға Чехия Үкіметінің, Сыртқы істер министрлігінің, алдыңғы қатарлы талдау орталықтарының, іскерлік топтарының өкілдері қатысты. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еліміздің Чехиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Сержан Әбдікәрімов жиынға қатысушыларға еліміздегі демократиялық өзгерістерге және Қазақстанның алдағы перспективадағы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық реформаның мақсаттары мен биылғы Жолдаудың мазмұны туралы толық айтып берді.
Сонымен қатар, С.Әбдікәрімов Қазақстан мен Чехия арасындағы серпінді дамып келе жатқан ынтымақтастық туралы да баяндап, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіндегі іс-қимылы, Иран ядролық бағдарламасының, Украина, Ресей-Түркия және Сирия дағдарыстардың шешілуіне қосқан үлесі туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, қатысушылар көңілін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саясаттағы рөлі мен беделіне аударды.
Басқосу барысында чехиялық әріптестер әлем елдерінің және Чехияның Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға дайындығына, биылғы 1 қаңтардан бастап ЭЫДҰ-ға мүше елдер үшін 30 күндік визасыз режімнің енгізілуіне байланысты қызығушылық танытты.
Чехияның Қоғам және саясат институтының директоры Я.Махачек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік билік өкілеттіктерінің бірқатарын Парламент пен Үкіметке бөліп беру жөніндегі дана шешімін жоғары бағалап, мұның Қазақстан саяси жүйесінің тұрақтылығына зор әсер ететінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістер азаматтық институттардың дамуына оңтайлы әсер етіп, нәтижесінде бүкіл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға жағдай туғызады.
«Вацлав Клаус институтының» директоры И.Вейгл Қазақстанның энергетикалық және өнеркәсіптік-экономикалық зор әлеуетке ие екенін, еліміздің еуразиялық кеңістікте маңызды рөл ойнайтынын, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында республикамызда орнықты даму мен тұрақтылық сақталып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, атқарылып жатқан игілікті істер әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанға деген сенімін нығайта түсуде.
Чехия Сыртқы істер министрлігі Азия-Тынық мұхиты аймақтық департаментінің директоры М.Клепетко Праганың сыртқы саясатында Қазақстанға баса назар аударылып келе жатқанын сөз етті. Ол бұл сөзінің дәлелі ретінде соңғы кездері Чехияның жоғары ресми тұлғаларының Қазақстанға жасаған сапарларын атады.
Чехия Ғылым академиясы Шығыстану институты директорының орынбасары О.Климеш еліміздің бүкіл әлемдегі орны мен беделін атап көрсетті. Бұдан бөлек, ол Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы көшбасшылық рөліне тоқталды. Сонымен қатар, О.Климеш Қазақстанға Чехияның сенімді әріптес болып табылатынын жеткізді. Сондай-ақ, институт директоры Қазақстан үшін Чехия Батыс әлеміндегі «қақпа» рөлін атқаруға дайын екенін де қозғады.
Чехия Халықаралық қатынастар институтының өкілі Н.Одинцов Президент Н.Ә.Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасындағы қатынастарды реттеудегі ерекше рөлін атап өтті. Оның пікірінше, Ресей мен Түркияның өзара түсінісуі сириялық дағдарыстың шешілуіне мүмкіндік туғызып, Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуін төмендетуге әсер ететін болады. Сонымен бірге, Н.Одинцов Астананың әлемдік державалардың барлығымен жақсы қарым-қатынасын сақтай отырып, Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ, сондай-ақ, ШЫҰ мен Қытай арасындағы интеграциялық үдерістердің таптырмайтын буынына айналып келе жатқанына екпін берді.
Басқосуға қатысушылар бастамаларын қолдап, чех азаматтары үшін визасыз режімнің енгізілгеніне алғыстарын айтты.