• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2017

Елдер арасын мәдениет жалғайды

446 рет
көрсетілді

Мәдениеттер жақындасуының Халықаралық онжылдығы аясында мәдени, рухани мұраларды, кітаптарды дәріптеуді басты мақсат тұтқан «Кітап – халықтар достығының ұйытқысы» атты акция барысын академия­лық кітапханаға шет ел елшілері өз мемлекеттерінің мәдениеті мен руханияты турасындағы кітапта­рын сыйға тартты. «Ұлттық акаде­мия­лық кітапхана» республика­­лық мем­ле­кеттік мекемесінің директоры Үмітхан Мұңалбаева өз елде­рін­дегі кітапханалардан Қазақс­тан­­ның мәдениеті мен руханияты­­нан сыр шертетін кітап бұрышын ­аш­қан елшілерге зор алғысын біл­дір­­ді. «Көп ұлтты мемлекетпіз, әр­бір дамушы мемлекеттердің кітап­та­ры біз­дің кітап­ха­намыздан орын алса нұр үстіне нұр болмақ. Біздің ­оқыр­ман­дар шетел әдебиеті, мәде­­­н­ие­ті ту­ралы тереңірек білгісі келе­­­ді. Осы­­ған байланысты көптеген ел­­дер­­дің кітапханаларымен бай­ла­нысы­­­мыз бар», дейді Үмітхан Мұңалбаева. Германия Федеративтік Респуб­ли­касының Қазақстандағы Төтенше жә­не өкілетті елшісі Рольф Мафаэль мы­рза Гетені қазақша сөйлеткен ұлы Абайдың өзі екі елдің арасына достық көпір салып кеткен десе, Македония Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Илия Псалтиров мырза өткен жылдың қыр­күйек айында Будапешттегі Абайға қойылған ескерткішті көргенін және бүгінде венгр ертегілерінің қазақ тіліне аударылып жатқанын қуанышпен жет­кіз­ді. Ал, Италия елшілігі миссиясы­ бас­шы­­сының орынбасары Маттео Петрини 2015 жылы Миланда «ЕХРО-2015» көрмесінің өткенін және ең белсенділік танытқан мемлекеттердің бірі Қазақстан екенін айтып, екі ел арасындағы рухани байланыс жылдан-жылға нығая беретініне сенім білдірді. Рухани әлемнің қайнар көзі саналатын кітапханада өткен бұл кездесу соңында немістер қоғамының «Видергебурт», «Шпетте блюмен» ансамбльдері ұлттық нақыштағы әуендерін шырқады. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА