Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтабу Дамирчилуды қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесуде екіжақты қарым-қатынаспен қатар, парламентаралық үнқатысуды нығайтудың маңызды мәселелері талқыланды.
Мәжіліс Спикері елшіні аталған мемлекеттің ұлттық күні – Ислам революциясының 38 жылдығымен және екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуымен құттықтады. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға және Иран Президенті Хасан Руханидің Қазақстанға өткен жылғы ресми сапарлары екі ел байланысының нығаюына айрықша серпін берді.
Иран елшісімен халықаралық мәселелерді талқылау барысында Н.Нығматулин Иранмен тату көршілік қатынастарды дамыту біздің еліміздің ең маңызды сыртқы саяси басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер төңірегіндегі белсенді және сындарлы ұстанымына тоқталды. Нақтылай кететін болсақ, Елбасының бастамасымен Қазақстанның Иран ядролық бағдарламасы аясында келіссөз алаңын ұсынуы әңгіме өзегіне айналды.
Мәжіліс Спикері, сондай-ақ Қазақстанның бастамасымен Астана қаласында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының құрылуын қолдағаны үшін Иран мемлекетіне алғысын білдірді. «Қазақстан Президенті 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астанада ғылым және технология бойынша ИЫҰ саммитін шақыру туралы бастама көтерді. Біз осы жоғары деңгейдегі маңызды іс-шараға Тегеран белсенді түрде қатысады деп үміттенеміз», деді Н.Нығматулин.
Сириядағы жағдай туралы айта келіп, Мәжіліс Төрағасы оның аймақтық проблемалар шеңберіне сыймайтын, әлемдік деңгейдегі күрделі дағдарыстардың бірі екенін айтты. «Қазақстан бұл жанжалды реттеуге бағытталған халықаралық қоғамдастық қабылдаған шараларды қолдайды», деді.
Өз кезегінде М.Дамирчилу, Иранның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық және аймақтық мәселелерді шешу жолындағы барлық бастамаларын құптайтындығын жеткізді.
Парламентаралық деңгейдегі жұмыс жайын сөз еткенде, Мәжіліс Төрағасы осы сессия соңына дейін Парламенттің алдында маңызды реформаларды заңнамалық қолдау бойынша ауқымды жұмыстар тұрғанын атап көрсетті.Кездесу иелері парламентаралық тиімді байланыс екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенімді.